• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
05 Мамыр, 2016

Мәскеу төрінде

277 рет
көрсетілді

Қазақстан азық-түлік өнімдерінің дүкені ашылды Мәскеуде Қазақстан елшілігінің және Қазақстанның Ресейдегі сауда өкілдігінің қолдау көрсетуімен Қазақстан азық-түлік өнімдерінің «Бауырсақ» деп аталатын сауда желілері дүкені есігін айқара ашты. Бұл бөлшек саудадағы бесінші сауда нүктесі болып табылады. Дүкеннің ашылу салтанатына елшіліктің, сауда өкілдігінің, қазақ диаспорасының өкілдері жә­не Мәскеу ЖОО-ларында оқи­тын қазақстандық студенттер қатыс­ты. «Бауырсақ» желісінің құ­рыл­тайшысы Елена Кондакова былай дейді: «Мен Қазақстанда туып-өскенмін. Бірақ Мәскеуде тұрғаныма 20 жылдың жүзі болды. Осында қоныс аударғалы бері Қазақстанда жеген кейбір тағамдардың дәмі аузымнан кетпей, сол шақтарымды сағынышпен жиі-жиі еске алатынмын. Қазақстанға әр барған сайын осында азық-түлік алып келетінмін. Содан соң басыма бір идея келді, Қазақстанның азық-түліктерін астанада неге сатпасқа деген. Әуелде көрмелерде сата бастадық, ал кейін тұтынушылар азық-түлікті тұрақты негізде жеткізіп тұруды өтінді. Сөйтіп, міне, біз дүкендер аша бастадық. Сұраныс уақыт өткен сайын өсе түсіп отыр. Біздің басты ережелеріміздің бірі – тек қана Қазақстанның азық-түліктерін сату. Жылына біздің тауар айналымымыз шамамен 50 млн. рубльді құрайды. Енді біздің жоспарымызда жаңа жеке дүкендерімізді ашудан бөлек, барлық қалайтындарға біздің маркамызбен сауда-саттық ұйымдастыруды ұсыну бар. Сөз ретінде айтар болсақ, «Бауырсақ» бірте-бірте брендке айналып келеді. Адамдар бізді бүгінде Қазақстаннан азық-түлік әкелушілер деп қана емес, атауымыз бойынша,  яғни «Бауырсақ» деп іздейтін болды». Енді Қазақстан Респуб­лика­сының Ресей Федерациясындағы сауда өкілінің орынбасары Гүлжан Бодықованың әңгімесіне құлақ түрейік. «Соңғы кездері Елшілік және Сауда өкілдігі тараптарынан Қазақстан тауарларын Ресей нарығына ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізіле бастады. Біздің тауарларымыздың үлкен сұранысқа ие екенін айта кеткеннің артықтығы жоқ. Сұраныс пен сату көлемі бойынша өте жақсы серпін  байқалады. Қазақстандық кәсіпкерлерге Ресей нарығына шығудың осындай жақсы мүмкіндігін жіберіп алмаңдар, ал Сауда өкілдігі бұған оң ықпал етуге әр кез әзір екенін айтқым келеді», – дейді Г.Бодықова. «Бауырсақ» сауда желісі Мәскеу қаласы мен облысына Қазақстаннан азық-түлік өнімдерін жеткізумен және сатумен 2012 жылдан бастап айналысып келеді. Ресей нарығында төрт жыл жұмыс істеген компания Қазақстанның «Рахат», «Баян Сұлу», «Алматы өнімі», «Кон­дитерлік бұйымдар», «Цес­на», «Лия», «Кэмми», «Куб­лей», «Семей ет комбинаты», «Оме­га дәмдеуіштері», «Белес», «Рах­мет», «Иманов өнімдері», «Трапе­за», тағы басқа, шамамен 30 шақты қазақстандық өндіру­ші­лермен табысты ынтымақтастық қалыптастырып үлгерген. Сәулебек БІРЖАН