• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
05 Мамыр, 2016

Серіктестіктің жаңа кезеңі

291 рет
көрсетілді

Жақында 2015 жылғы 21 желтоқсанда қол қойылған Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімінің (КӘЫК) кейбір ережелерінің уақытша қолданылуы басталды. 2016 жылғы 25 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойған болатын. Еуропа тарапының ресми хабарландыруына сәйкес, уақытша қолданысқа тек Еуропалық комис­сия­ның құзыретіне жататын ережелер енеді. Олардың арасында сырт­қы саясат пен қауіпсіздік, демократия­ландыру және заң үстемдігін қам­та­масыз ету, экономикалық және тұ­рақты даму, сауда, энергетика, көлік, қоршаған ортаны қорғау, ауыл ша­руашылығы және басқа салалар бо­йынша ынтымақтастық мәселелері бар. Келісім толық күшіне Еуро­палық одаққа мүше барлық 28 мемлекеттің ұлттық парламент­терінде ратификациялаудан өткен­нен кейін енеді. Оған дейін 1995 жылғы Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім өз күшін сақтайды. Қазақстан – Еуропалық одақ­пен осындай екінші буындағы келісімге қол қойған Орталық Азиядағы бірінші мемлекет. Жаңа келісім әрекеттестіктің шегін 29 салаға дейін кеңейтіп, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуын және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше ел болуын ескерумен қатар, Қазақстан мен Еуроодақ ара­сын­дағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынты­мақ­тас­­тықтың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуы Қазақстан мен ЕО арасындағы қарым-қатынастарды дамыту мен  нығайтудағы маңызды қадам болып, ынтымақтастықтың жаңа деңгейге өткендігін айқын­дайды. Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов 2016 жылғы 29 сәуірде «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған өзінің мақаласында атап өткендей, «Еуроодақпен жаңа келісім еуропалық институттармен де, Еуропа мемлекеттерімен де барлық деңгейде әрі қарай ынтымақтасуды тереңдетудің берік негізін қалайды, сондай-ақ, Қазақстанның одан әрі саяси және экономикалық дамуының қозғаушы күші болады». «Егемен-ақпарат»