Ақжайық ауданында мемлекет-жекеменшік әріптестігінің мысалдары мол
Ақжайық ауданының нағыз тоғыз жолдың торабындағы орталығы – Чапаев ауылынан кәсіпкерліктің сан түрін көруге болады, ал осында сәбилерді тәрбиелейтін жекеге тиесілі тұңғыш мекеме өткен күзде есік ашты. Заманның өткір бір сұранысына сай, тәжірибелі педагог, мамандығы балабақша әдіскері Жанар Бердәлиева батыл шешімге келген-ді. Жұбайы Мәлік Тұрсынұлымен, ол да мұғалім, жауапты істерде шыңдалған жан, тиісті мекемелердегі мамандармен ақылдаса отырып, бизнес-жоспарын жасап, іске кіріскен оған көпшілік «бәрекелді!» десті. Чапаевта балабақша кезегіндегі бүлдіршіндер қатары ондап-жүздеп саналады, демек, мұны сейілтуге атсалысқандарға жұрт риза болмағанда ше.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына сай өзінің 3 миллион теңге несиеге қол жеткізуіне аудан әкімдігі, мүдделі басқа да мекемелер қолдау көрсеткені педагогтың ұмтылысын ұштады. Ауылдың дәл ортасындағы дерлік тұрғын үйін тиісті талапқа сай жабдықтады, қосымша бөлме салғызды. Сөйтіп, 1,5-3 жастағы балапандар үшін 15 орындық «Аяна» бөбекжайы өмірге келді. Өткен азғана уақыт оның кішкентайларды 1,5 жастан қабылдайтыны, 8.00-ден басталатын жұмыс сағатының 20.00-ге дейін болуы, сенбі күні де жұмыс жасайтыны ата-аналарға әбден қолайлылығын көрсетті.
Жас ұрпақтың келешек кемел тағдырына мемлекеттен мықты назар күшейе түспесе, ешқашан кемімейтіні мәлім. «Аяна» иесінің жоспарына байланысты, бөбекжайдың үлкен ғимаратын тұрғызуға ыңғайлы тұстан жер де белгіленіп, қазір құжаттар ресімделуде. Ал наурызда өткен аудандық мәслихаттың сессиясы бала санына қарай көмек қаржысын бөлді. Енді ата-аналардан осыған дейінгі 15 мың теңге төлем 8 мың теңгеге түседі. Мемлекет пен жекеменшік әріптестігінің бір қырынан мысал деген осы.
«Жақсылық жақсылыққа ұлассын!», – деген жәмағаттың толайым тілегіне орай, жаңа жыл есік қағып тұрған сәтте ауылда тағы бір осындай мекеме салтанатты жағдайда өз қызметін бастады. Зарина Нұрматова жетекшілік жасайтын бұл «Жібек» бөбекжайында қазір 1-4 жастағы 20 сәби тәрбиеленуде. Бала санын көбейте түсуге мүмкіндік те жоқ емес. «Жібекке» де аудан бюджетінен демеу қарастырылған.
Балаларды мектепке дейінгі ұйымдар қызметімен қамту жөнінде облыс республика бойынша ілгері көрсеткішті иеленушілердің бірі болып табылады. Жеке балабақшалар көбейе түсетін нышан байқалады. Білім саласындағы мемлекет пен жекеменшік әріптестігі де осыған салмақты үлес қосатыны сөзсіз.
Болат ЕСҚАЛИЕВ,
журналист
Суретте: Ақжайық ауданындағы тұңғыш жеке бөбекжайдың иесі Жанар Бердәлиева тәрбиеленушілермен бірге
Батыс Қазақстан облысы