Жасыратыны жоқ, Жамбыл өңіріне кеңінен танымал «КнауфГипсТараз» ЖШС өткен жылы 383,3 млн. теңгенің гипс өнімдерін шығарып, өндіріс көлемін біршама төмендетіп алды. Бұл Семей және Бұқтырма цемент зауыттарының гипс алудан бас тарту салдарынан орын алды. Алайда кәсіпорын осы өңірдегі Хантау цемент зауытымен келісімшартқа отырып, 6,2 мың тонна гипс жөнелтті және басқа да өнім өткізу мүмкіндіктерін іздестіруде.
Өндірістің бұл саласында тыңнан түрен салу қажет екенін түсінген «КазУпакТрейд» ЖШС Жамбыл ауданының Бектөбе ауылында гипс зауытын салу жобасын қолға алды. Зауыттың жобалық құны – 1 млрд. 022 млн. теңгені құрайды. Жылдық қуаты – 180 мың тонна немесе тәулігіне 450-500 тонна құрылыс гипсін және 100 мың текше метр гипсокартон өндіреді. Бүгінде зауыт құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамасы екінші кезеңнен өтті. Зауыттың іргетасы қаланып, металл құрылымдарын құрастыру жұмыстары жүргізілуде.
Қазір табыс кілті өндіріске жаңа технология енгізуде болса керек. Облыс орталығымен іргелес жатқан Жамбыл ауданында «Aса-DAMU» ЖШС заманауи құс фабрикасын салып, жұмыстарын осы бағытта үйлестіріп жатыр. Көлқайнар ауылдық округі аумағында орналасқан бұл кәсіпорын бір мезетте 316 мың бас тауық және 84 мың бас балапан өсіріп, жылына 90 млн. данаға дейін жұмыртқа шығарып, 280 тоннаға дейін құс етін өндіруді көздеуде.
– Осының арқасында «КазУпакТрейд» ЖШС – 70, ал, Aса-DAMU» ЖШС 95 жаңа жұмыс орнын ашады, – дейді Жамбыл ауданының әкімі Мәден Мұсаев. – «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде өндіріс инфрақұрылымына құны 574,4 млн. теңгенің жобалық-сметалық құжаттары мен мемлекеттік сараптамасы әзірленіп, облыстық аумақтық үйлестіру кеңесінің қарауына ұсынылды. Өткен жылы ауданда жалпы тіркелген 4581 кәсіпкерлік нысандарында 6652 адам жұмыспен қамтылған. Барлық шағын кәсіпкерлік саласы бойынша өндірілген өнім көлемі 22 млрд. 905,3 млн. теңгені құрады.
Сондай-ақ, «Жасыл экономиканы дамыту» тұжырымдамасы шеңберінде Түрксіб ауылында «Көгенхан» ЖШС 100 МВт-лық күн электр стансасының құрылысын бастап кетті. Қазіргі таңда инвестор тарапынан электр энергиясын өндіруге квота алынған. Жобаның құны 153,0 млн. еуроны құрайды. Келесі жылдың мамыр айында пайдалануға берілетін бұл стансада 70 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы