• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
10 Мамыр, 2016

Баукеңнің келіні – өнеге өрімі

400 рет
көрсетілді

Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының Қарағанды облысы бойынша хатшылығының қолдауымен, Жезқазған қаласында Аналар кеңесінің көшпелі мәжілісі өткізіліп, отбасынан басталатын тәлім-тәрбиенің өзекті мәселелері талқыланды. Алқалы басқосуға қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы, қайраткер ана Зейнеп Ахметованың арнайы келіп қатысуы игілікті шараның шоқтығын биіктете түсті. Өз жұмысын қалалық тарихи-археологиялық мұражайда бас­таған Аналар кеңесінің мәжілісіне Жезқазғаннан бөлек, Қаражал қаласының, осы төңіректе орна­ласқан Сәтбаев қаласы мен Ұлытау ауданының Аналар кеңесінен өкілдер келіп қатысты. Жиында, ең алдымен, бүгінгі қоғамдағы ұрпақ тәрбиесі, оның көкейкесті проблемалары сөз болды. Аналар кеңесінің жиынын Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова құттықтау сөзімен ашты. Одан кейін сөз алған ҚХА мүшесі, «Ал­тын жүрек» сыйлығының иегері, қаладағы Қо­ғамдық ке­лісім кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков осынау алқалы жи­ынға қазақ халқының қаһарман тұлғасы Баукеңнің – Бауыржан Мо­мышұлының келіні, ұлт тәр­биесінің үлгісіне айналған «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты» сынды кітаптар жазған ұлт анасы Зейнеп апайды арнайы шақырып, ол кісінің қазір мәжіліс төрінде отырғанын хабарлады. – Егер Атаның келіні болмасам, ол кісінің ғибратты аманатын халыққа жеткізбесем, мені кім білер еді, – деді сөз алған Зейнеп Ахметова. – Ол кісінің намысы, өмірі туған халқына арналған. «Халықпен бірге болыңдар, адас­­пайсыңдар», – деп отыратын еді үнемі. Әділетті сүйетін, әділетсіздікке төзбейтін. Бақытжан екеумізді де күн сайы­н қайрап, жігерімізді шыңдап, мықтылыққа бейімдей білді. Естіген әңгімемді құймақұлақ ретінде асүйдегі дәптерге жаза беріппін. Айтып жүргенім де, жазып жүргенім де сол Атаның айтқан аманаты, бабалар сөзі... Келелі шара сол күні Халықтар достығы мен мәдениет үйіндегі ұлағатты кездесуге ұласты. Жез­қазған жұртшылығының Зейнеп Ахметовамен «Аманатқа – адал­дық» атты кездесуінде зерделі әңгіме одан әрі өрбіді. – Мені халықтың өзі тәрбиеледі, – деп сабақтады сөзін Зейнеп апай. – Жарым Бақытжан жас күнінде нағашылары қаракесек елінде тәр­биеленіпті. Мен әуелде сол на­ға­шы апасының қолына келін болып түстім. Атаның өмір­лік қосағы қай­тыс болған соң, сол кісінің қолына баруымыз керек болды. Студияда істеп жүрген қызметімді тастап, атам­­ның күтімімен ай­налысуға 25 жы­лымды арнадым. Атамыз екі жа­ғы бірдей қайралған қанжар сияқ­ты, өте күрделі адам екені бел­гілі. Олай бұрылсаң да, былай бет­тесең де кесіп түседі. Ол кісі ашу­ланғанда үндемей құ­тылуды үй­рендім. «Алдыңда қазулы көр тұрса да шындықты айт», – дейтін. Негізі, келін ененің уни­верситетінен өтуі керек. Ал мен Ата­ның ака­демия­­­сынан өттім ғой деп ойлаймын... Иә, халқымыздың Бауыржан Момышұлындай біртуар ұлы тұлғасының ұлағатымен өсіп, қазақ келіндерінің эталонына айналған абзал ана келін, ана тұлғалары туралы ой толғады. Келін – бір әулеттің ұрпағын жалғайтын тұлға, ененің өмірін одан әрі жалғастырады, ұрпақ өсіреді. Қазақтың ұлттық қасиетін, бабалар өнегесі мен аманатын Баукең зейінді келініне жеткізсе, ол өз шығармалары мен әңгімелері арқылы өнеге өрісін кеңейтіп, халыққа жеткізіп келеді. «Атадан қалған өнеге жастарға жұғысты болса екен», дейді Зейнеп апай. Ұлағатты кездесуге ұйытқы болған белгілі меценат Бекзат Ал­тынбеков Баукең шаңырағының шырақшысы болып отырған аяулы анаға құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы