• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
12 Мамыр, 2016

Қайырсыз әке – қадірсіз

2750 рет
көрсетілді

Ұл-қыз өсіріп отырмыз. Әкелік міндетімізді қалай атқарып жүргенімізді бір Алла біледі. Дегенмен, көзімізге оғаш көрінетін, санамызға сыйдыра алмайтын қылықтары бар, перзенттеріне мейірімін оята алмай, өз нәпсісінің жетегінде кеткен кейбір өресіз замандастарымыздың қылықтарын байқағанда, ойланып қаласың...  Қазақ баласы әкені асқар тауға, алып бәйтерекке теңе­ген. Бұл бізге әке қадірінің қан­шалықты биік екенін аңғартса керек. Алайда, кейінгі кезеңдерде қоғамымызда аталған қауым­ның беделі төмендеп, еңселері түсіңкірегенін байқататын көріністер қылаң беріп жүр­гендей. Сондықтан да, кешегі аталарымыздың өнеге-тағы­лымын еске ала отырып, олар­дың жүріс-тұрысын, болмыс-бітімін, тұлғалық қасиеттерін аңсайсың, сағынасың. Көркем мінез-құлқымен, жүріс-тұрысымен баласына үлгі-өнеге болуы тиіс жандар кей­бір әрекеттерімен өз қадірін түсіріп жататыны рас. Бірде, дұрысы, осыдан оншақты жыл бұрын жұмыстан үйге қайтып келе жатып мынадай келеңсіз көрініске куә болғаным бар. Жасы қырықтан асқан жігіт ағасы өлесі мас. Көпқабатты үйдің қабырғасына сүйеніп әрең тұр. Жанында 10-11 жасар бала оның қолынан тартқылап, «Папа, папа, үйге кіріңіз, мамам шақырып жатыр», – деп жалына үн қатады. Анау оған мән берер емес. Түсініксіз сөз­дерді былдырлап, қолын сермеп қояды. Шашы өсіңкілеу, киімі жұпыны бала жан-жағына жалтақтап, әкесінің қылығы үшін қысылатындай. Сол сәтте мен олардан қашы­ғырақ тұрған 13-14 жасар қыз баланы аңғарып қалдым. Ол анадай жердегі талдың тасасынан шығар емес. Шамасы, әлгілер оған бөтен емес секілді. Жүрегім шымырлап кетті. Қыз тал тасасынан мой­нын созып маған қарады да, көзін тайдырып әкетті. Оның әкесі үшін намыстанып, жерге кірердей күй кешіп тұрғанын анық байқадым. Екі балаға да жаным ашып кетті. Мен олардың қасынан өте бер­дім де, кенет тоқтай қалдым. Ая­ғым ілгері басар емес. Содан, әлгі жігіттің қолтығынан демеп, екінші қабаттағы үйіне кіргіздім. Әйелі есікті ашқан сәтте, «Өстіп ішкізесіңдер де үйге өліктей сүйреп әкеліп тас­тайсыңдар», – деп маған дүрсе қоя берді. Іле бізбен бірге есік алдына еріп келген қызы мен баласына қарата орынсыз, «Сендер де әкелеріңмен қосыла ішіңдер. Қаны бұзылған хайуаннан жаралғандар», – деді. Мен сыртқа зыта жөнелдім. Осы көрініс, дәлірегі сол бір бейкүнә қыз бен баланың бей­несі, олардың айналасына ұяла әрі жасқана қараған көз­дері жадымнан әлі күнге өшер емес. Тағы бір мысал. Пойызбен Алматыға кетіп бара жатып, әр нәрседен хабары бар, жөн біле­тін бір кісімен сұхбаттас бол­дым. Көптеген тақырыптар қозғалды. Бір кезде әңгімеміз ұрпақ тәрбиесіндегі әке рөліне қатысты өрбіді. Осыған орай ол кісі өзі куә болған бір жағдайды айтып берді. «Менің бір танысым бар еді. Кезінде табысы мол, әжептәуір қызмет істеп жүрді. Бірде ол түлен түрткендей әйелі мен кәмелетке толмаған бес ба­ла­­сын тастап, әлдебір беті жыл­­тыр жас қызға үйленіп кетті. Кейіннен қызметінен босап, дәулеті кемігендіктен оны кейінгі алғаны үйінен қу­ып шықты. Осылайша, араға жеті-сегіз жыл салып бұрынғы отбасының есігін амалсыздан қайта ашты. Ол кезде ұл-қыз­­дары өсіп, қолдары ауызда­рына жетіп қалған. Олар қаңғып келген әкелеріне ренішті болғанымен, қатты кетпей, үйлеріне кіргізді. Бірақ, оның баяғыдай қадірі болмады. Сүтке тиген мысықтай күй кешіп, төменшіктеумен, өзін отбасының толық мүшесі сезіне алмай өмірден озды. Кезінде өз отбасына қайырын көрсетпей, күші қайтқанда күні үшін оралған әкеде қайбір қадір болсын?» – деп түйіндеді ол өз әңгімесінің бір бөлігін. Шынында, жеңілтектік жа­­­­­сап, нәпсінің ноқтасынан бұлқынып шыға алмай, соның салдарынан перзенттерінен безген, олардың өзі дегенде алып-ұшатын жүрегін жаралап, қарамай кеткен әкеден не үміт, не қайыр? Қазір біздің қоғамда әке мен баланың соттасуы, шеше мен қыздың жұлысуы, тіпті, бірін-бірі өлтіруі арагідік болса да кездесіп жатады. Бұлардың барлығы Ис­лам дініне негізделген ұлттық тәрбиені босаңсытып алған­дығымыздың нәтижесі. Осы арада Сахих Мүсілім риуат еткен «Барлығың бір үйірдің бағушысы секілдісіңдер. Ба­ғушы үйірін қорғағаны секілді сендер де үйлеріңдегі және қол астыларыңдағы адам­­­дар­ды жаһаннамнан қор­ғауға тиіс­сіңдер! Олар­ға мұ­­­сыл­ман­дықты үйрет­пе­сеңдер олар үшін жауапты бо­ласыңдар!» – деген хадис бар екенін айта кетелік. Қазіргі таңда алимент тө­леуден қашып, заң орын­да­рының жұмысын күр­делендіріп жүрген талай замандастарымыз ортамызда жүр. Әрине, бұл «қашқындарды» жаппай қаралаудан аулақпыз. Олардың өз отбасыларынан ажырауының түрлі себептері де бар шығар. Кейбіреулеріне түсіністікпен қарауға да болар. Дегенмен, әкесіз өсіп жатқан тірі жетім­дердің болашаққа алып барар жолы көбіне бұралаңды, соқпақты болатыны жан ауыртады. Ал кейбір жігіттердің алимент төлеп келе жатқандарын алға тартып, тастап кеткен пер­зенттерінің алдында өздерінің әкелік парыздарын өтеп жүр­гендей сезінетіндерін де біле­міз. Бірақ олардың әкенің орнын алимент толтыра алмайтынын ұқпайтыны өкінішті. Ауыл қарияларының, әке­міз­­дің тәрбиесін көріп өстік. Бұл түсіне білгенге Алланың берген үлкен нығметі ғой... Бізге ауыл-аймаққа беделі бар, жастарға айтар ақыл-кеңесі мол, үйінің іші перзентке толы, жастары елуден асып алпысқа өрлеген, қарттықтың алғашқы баспалдақтарына өкше тигізген талай ағаларымыздың өзі әке­лерінің алдында жас баладай именіп, барынша әдеп сақтап отыратын кезеңнің соңғы тұсын көру бұйырды. Тұржан деген ағамыз түскі ас үстінде сексеннен асқан, тәнінен еті қашып, қолынан қуаты кеткен шынашақтай әке­сінің өзіне жақтырмай қара­ғанын аңғарып қалады. Содан, ол сол күні әкесінің көзіне түс­пей, не үшін өзіне қабақ тыр­жит­қанының себебін біле алмай әрі-сәрі күй кешеді. Қай жерден жаза басқанын, неден сүрінгенін есіне түсіре алмаған ол ақырында әкесінен мәселенің мәнісін сұрауға мәжбүр болады. Сөйтсе, әлгі ағам асығыс кетіп бара жатып, өзінен әлде­қайда қашықта тұрған бір қарияға бұрылып амандаспай кеткен көрінеді. Сол кездің өлшемімен алғандағы бұл өрес­кел әдепсіздік әке құлағына же­тіп, әлгі реніштің туындауына себеп болған. Ал әке ренішін ба­ласы өте орынды деп есептеген. Осылайша қария артық ауыз сөз айтпастан, өзінің со­ңын алып келе жатқан, егде тартқан баласын қабағымен-ақ «қағып» тастаған. Міне, әке қадірінің рөлі, күші. Әрбір адамның өзіне тән қадірі болуы тиіс. Ал түрлі себептермен өзінің қадірін қа­шырып алған жанның өз ортасынан алар орны қашанда төменде болмақ. Сондықтан, біздің ата-бабаларымыз қадірін кетірер қандай да бір іс-әрекетке өте абайлап қараған. Осы тұста ел ішінен естіген бір мысалды келтіре кетейін. Бір үлкен жиын үстінде ауыл қарялары әңгіме-дүкен құрып отырады. Арғы-бергі шежіреден сыр шертіліп, кешегі колхоздастыру кезеңін­­дегі ел­дің тыныс-тіршілігі айтылады. Әңгіме барысында төрде отырған Сәмен қария бұрыннан әзілдері жарасқан, өзара сый­ластықтары бар жанындағы құрдасы Сартай­дың колхоз тойында көрші ауылдан келген жігітпен күресіп, жеңі­ліп қалғанын айтып қала­ды. Сол сәтте әңгіме кейіпкері бол­­ған қария ләм-мим демес­тен төрдегі орнынан атып тұрып, есікке таман барып жай­ғасады. Сартай қарияның бұл әрекетінің төркінін түсін­беген көпшілік аңтарылып қа­лады. Сонда ол құрдасына қатулана қарап: «Әй Сәмен, сенің есің әлі кірмеген екен. Бұл өз ортамызда айтылатын әңгіме еді ғой. Мына жағалай жайғасқан жастардың алдында қай-қайдағыны қозғап қор еттің ғой. Қадірімді кетірдің. Енді менің орным төрде емес, есікте. Әттең, дастарқанды сыйлағандықтан шығып кете алмай отырмын, әйтпесе...», – деп қызына сөйлейді. Іле өз кінәсін түсінген Сәмен қария «мен бүлдірдім, бүлдірдім», – деп орнынан тұрып, құр­дасынан жұрт алдында ке­шірім сұрап, төрдегі орнына әрең әкеліп жайғастырады. Міне, осыдан-ақ кешегі баба­ларымыздың өз қадірі­нің төмендемеуіне барынша мұқият болғанын ұғынасың. Кезінде қазақтың әрбір ша­­ңырағының төрінде тек мал айдауға, жауын сабап не жасқауға ғана емес, ұр­пақ тәрбиесі, отбасы берекесі үшін сес ретінде қолданылған қасиетті қамшы ілулі тұратын. Оның осылайша ілініп тұрып-ақ талай тентекті тәубесіне тү­сіргені белгілі. Мұны асыл дініміз де қолдайды. Оған ат-Та­барани риуат еткен «Үй халқын тәрбиелеу үшін таяқ­тарыңды олар көретін жерге іліп қойыңдар!» деген хадис дә­лел. Ал қазір төрімізден қам­шы көрінбейді... Онымен бірге әкелер қадірі де «ілесіп» кеткен жоқ па екен? Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»