• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2016

Сыр тұнған Сырымбеттің саласында

1816 рет
көрсетілді

Ауылың қонған Сырымбет саласына,

Ғашық болдым ақсұңқар баласына.

Дариға, қайрылмадың, қалқа бала,

Жүректің енді ем жоқ қой жарасына...

Ақан сері

Сырымбет! Сырғалы сұлудың сырмінез сұңғатты си­патындай, ұлы ақын Мағжанның мұңмен әдіптеліп, әдемі өрнек тапқан талантты жырларындай, бір кездері аспан жүзін аралап кетіп, көпке дейін жерге қонбай қалықтаған өр мінезді мінсіз тектілігімен тәнті етер Ақан серінің ғажап әндеріндей әсем Сырымбет қой бұл өңір. Кезінде Сырымбет өрісті өнердің Арқа алабындағы шын мәнісіндегі алтын діңгегі болғандығын тап бүгінгі Сырымбеттің жадау да жұтаң, жұпыны қалпын көріп оты­рып орны толмас өкінішпен еске алуға тура ке­леді. Кемеңгер Шоқанның адал досы болған Г.Н.Потанин: «У хана Вали были две зимовки – одна на ханском озере, на востоке от Кокчетава, другая на Сырымбете. Потомки от первой жены Аблая Сайман живут и теперь там (т.е. на Боровом). Дети Айганым (младшей жены хана Ва­ли) на Сырымбете», – деп жазғандығын ескерсек, атақ-даңқы өзімен бірге кетіп, даңқынан дақпырты басымдыққа айнала бастаған Бурабай баурайындағы Абылай ордасының басынан ауған бақ-талайы Сырымбет саласындағы Айғаным ордасына келіп аз-кем аялдағанын жоққа шығара алмаймыз. Бала Шоқанның топшысы бекіп, қанат сермер қиясының биіктей түсуіне, арман­ды аңсарының қазақтың қазыналы топырағынан тепсіне самғай көтеріліп, әлем хикметтеріне ой салуына жол ашуы, сөз жоқ, осы Сы­рымбет, тамылжыған Құм­дыкөл маңы бол­ғандығы даусыз. Дәлірек айтып, ойымызды одан әріге сала сөйлесек, әжесі Айғаным төңірегінен табылған және сан түрлі табиғи өнерлерінің балақ бауын ағытуға мол мүм­кіндік алған небір өнерпаз өкілдерінің болғандығы бала Шоқанның зерделі зерек сезімін ерте есейткендігін мойындау керек болады. Туған жұртының ағыл-тегіл, аста-төк ауыз әдебиеті үлгілерінің кәусәрлі тұмасынан молынан сімірген Шоқан үшін бұл тағылым далалықтар академиясын тәмамдағаннан бір мысқал кем болмағандығы ақиқат еді. Сырымбеттегі «Хан ордасы» атанған Айғаным мекеніне көш-керуені үзілмей келіп, тоқайласып жататын небір дүлдүл жыраулар мен шешендер, толғауы тоқсан ақындар мен бал бармақты күйшілер шоғыры Шоқанның балаң ғұмырына шырайлы шапағат нұрын себезгілете төккен қайталанбас құбылысқа айналып еді. Әжесі Айғанымның орыс мәдениеті мен тұрмыс-тірлігін жатсынбай өз жанына жақын тұтуы, орыс патшасынан алған қалтқысыз қамқорлығы бала Шоқанға оң әсер етпей қалған жоқ. Сол Шоқанның шын мәнісіндегі ұлық тұтар ұлағатты ортасы Сырымбеттегі екінші «Хан ордасы» болса, оның бастауында көзі ашық, көкірегі даңғыл Айғаным әжесі тұрғандығын еш­кім жоққа шығармақ емес. Сол аяулы әже қазақ жұртынан шық­қан небір өнерпаздарға ордасының есі­гін ай­қара ашып қойды. Бала Шо­қан кезінде Күрлеуіт Қыпшақ Жаманқұл жыр­лаған «Едіге» жырын тыңдап, атығай Арыстанбай Тобылбайұлының жырлауында «Ер Қосай» мен «Ер Көкшені» тыңдады. Зерек көңілді бала Шоқан туған жұртының жазу-сызуды білмесе де ауыздан ауызға жалғасып келе жатқан жыр-дастан, хисса-жыр үлгілерін санасына сіңіре білді. Ол жай ғана құлақ тігумен шектелген жоқ. Өзі тыңдаған туындыларды ақ қағаздың бетіне төгілтіп түсірген тұңғыш қазақ ғалымы болды. Мәселен, Шөше Қаржаубайұлынан естіген «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жы­ры­­ның ең көркем де үздік нұсқасын қа­ғазға түсіріп алды. Қаракесек Жанақ Са­ғын­дықұлынан ел шежірелері мен ауыз әдебиетінің ескілікті үлгілерін тыңдап, қа­нығып өсті. Әкесінің ағасы Ханқожаның қара қобыздан зарлата төккен нелер бір күйлердің ботадай боздауын тыңдады. Туған халқының осыншалықты сарқылып бітпес ұлан-ғайыр жыр мен сазды мұра­ларынан қайталанбас ғажап сырларды санасына сіңірді. Өз құралыптастары, асқақ әуенді Біржан сал әндерін, терең сезім­нің селдеткен көзіндей қотарылған Ақан сері әуездерін, ащы да ашулы Жаяу Мұса тебіреністерін терең толқыныс үстінде тыңдаушы еді. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті өнердің сырын біл» деген қазақи қағидаттың со­ңынан шырақ алып түсе қалсақ тағы да бала Шоқан, дана Шоқанның нұрлы сипаты алдымызды орап шыға келеді. Туған халқының толайым болмыс-бітімін толық танып, білуді көксеген Шоқан өнер мен өмірге, ел мен жерге, уақыт пен тылсым кеңістікке деген өз көзқарасын білдіріп, «Халықтың рухы дегеніміз – оның ақыл-ой әлеміндегі жетістігі» деген текті тұжырым жасайды. Ал, ол тұжырымның астарында терең ақыл толғап, кемелді ой иесі атану керектігі деген кесек пайым жатқан жоқ па. Тап осы парасатты пайым тәуелсіз елі­міздің тап бүгінгі қажетсінуіне толық жауап берер аса құнды, әрі құндылығын еш уақытта да жоймайтын пікір десек, асыра айтқандық болмаса керек. Сырымбет дәуірі кезінде жасөспірім Шоқан шығыс әдебиетінің нұсқаларын үйренуге әрі игеруге ерекше ықыласты болды. Болашақ ғалым араб, шағатай тілдерін де жете меңгеріп алды. Онысын зерттеу еңбектерінде еркін қолданысқа қосып, ғылыми айналымға еркін енгізіп отырғандығы дәлел. Кезінде көрнекті ғалым Н.М.Ядринцев: «Шоқан шығысқа тән ұшқыр қиялды әрі ақынжанды адам еді. Ол араб өлеңдерін қатты ұнататын әрі ол ұстазы Костылецкиймен бірге сол өлең­дерге рахаттанып, тамсанып отыратын» деп жазды. Жолымыз түсе қалса қайта қалпына кел­­тірілген Айғаным қонысының қолатты қойнауына жиі аяқ басып, ұлы Шоқан да мына соқпақпен Сырымбет биігіне сан рет көтеріліп, анау қойтастың үстінде отырып, ақ қағазға әжесінің қонысын өрнектеп салған еді-ау дейтін бір ғажап тебіреніске толы күйікті сезімге бөленетініміз бар. Шоқан кәсіби шебер суретші болмаса да көз алдынан өткерген нысанды тура сол қал­пында түсіре алатын, болашақ топограф ғалымның алғашқы сәтті қадамдарын аңдауға, аңғаруға әбден болады. Оған дә­лелдікке артында қалған мұралары толық айғақ болмақ. Мәселен, «Сырымбеттегі Айғаным ме­кен­-жайы» суретінің нұсқасы арқылы бүгінгі ханшаның қайта қалпына келтіріл­ген қонысы дәлел. Мұнда тұрғын үй, медресе, мешіт, қора-қопсылар аса дәлдікпен өз орындарын тапса, мұны да бала Шоқанның сызбаларының арқасы деуіміз керек. Бұдан басқа, Шоқанның «Мекен-жайдың шығысынан қарағандағы көрінісі», «Сы­рым­бет ауылында чиновникті қар­сы алу», «Ханшаның ескі үйінің сипа­ты», сондай-ақ, «Сырымбет тауы», «Сы­рым­бет тауы мен оның төңірегінің схе­­ма­лық картасы», «Сырымбет тауы төңі­регін­дегі қазақтардың қыстаулары мен жай­лау­ларының схемалық картасы» деген топо­графиялық жұмыстарын білеміз. Шоқан өмірінің озық білгірі Әлкей Марғұлан: «Сырымбет тауының басын­дағы биік жартас ел аузында көп айтылады. Шоқан сол төңіректегі тау көріністері мен ормандардың, өзінің туған ауылының суреттерін, әдетте, осы жартастың үстінде отырып бейнелейді екен. Сырымбетте болған кездерінде ол туған жерінің табиғат сәулетін: тау төскейлерін қаптай өскен қарағайлы ормандар мен шоқ-шоқ қайың ағаштарын, айнадай жарқыраған ғажайып сұлу көл айдындарын қызықтаған» деп еске алады. Шоқан есімін Сырымбет саласымен орай­лас сөз етсек, бір-бірінен әсте бөліп қарас­тырудың мүмкін еместігін аңғарамыз. Өйткені, Сырымбет саласында өткен Шоқан әкесі Шыңғыс, әжесі Айғаным, нағашысы Мұса, көкесі Ханқожа, орыс зиялылары мен қазақ жұртының ақын-жыршысы, әнші-күйшісі, аңызшы-ер­тегі­шісі, қобызшы-сыбызғышысы Шо­қан ой-қиялының кемел­денуіне зор әсер етті. Ә.Марғұланның сөзі­­­мен айт­­­­сақ: «сана-сезімі ерте оянып, ой-пікі­рін үл­кен­дерше тұжырымдайтын» деңгейге жеткен. Сырымбет кезеңінде Шоқан қа­зақ халқының мәдениеті мен тарихы, оның ішінде тұрмысы мен салты, әдеті мен ғұрпы, өнері мен өлең-жы­ры төңірегінен университеттік білім жи­нақ­тай алғандығын басымырақ айтуға хақылымыз. Саласына сыр тұнған Сырымбеттің тоқсан тараулы тарихынан әсте бөліп алуға келмейтін Шоқан Уәлихановтан кейінгі тұлға ол, сөз жоқ, Ақан сері. Осы орайда бір көргенде көзге пәс, қораштау көрінер Сырымбет шоқысының атақ-даңқын әлемге жайып, еңсесін еселей биіктетіп әкеткен ұлы құбылыс «Сырымбет» әні еді. Тап осы тұста осынау ғажап әннің сөзін күні бүгінге дейін бұрмалап айтушылықты еске сала кетуді жөн санаймын. Ермек Серкебаевтан бастап «Ауылым қонған Сырымбет» деп шырқайтындығы еш жасырын емес. Алайда, ән иесі Ақан сері Сырымбет саласына қоныстанбаған, оның ауылы, яғни әкесі Қорамсаның қо­нысы Қоскөл екендігі баршаға аян. Ал, Сырымбет Айғаным ханша қоныс тепкен, оның ұрпақтары Әбден, Мәмке, Шепе(к), Ханқожа, Әлжан есімді алты ұл, Рақия, Нұрилә атты екі қызы Сырым­бет төңірегін иеленген. Сондай-ақ, басқа да төрелер осы мекенді қоныс еткен. Сол төрелердің бірі Жақып болса, оның Ақан сері ғашық болғаны Жамал есімді қызы еді ғой. Ендеше, Ақанның ауылы Сырымбетте отырған сүйгеніне арнап «ауылым қонған» емес, «ауылың қонған Сырымбет» деп ән салуы заңдылық емес пе екен. Әрине, дұрысы осы ғой. Қыздың ауылын өзіне теліп ауылым деуге Ақан, сөз білсе, бара қоймайды. Біз бұл оң пікірімізді ұлы Мағжан Жұ­мабаевтың «Ақан сері» атты тарихи зерттеу ғылыми еңбегін оқығанда көзімізді то­лық жеткіздік. Өйткені, Мағжан да «Ауы­лың қонған Сырымбет» деп жазып, біздің дәлелімізді дәйектендіріп шегелей түседі. Хош. Сонымен Ақан сері қожым Тінәлі қажының қызы Ұрқиямен көңіл қосып, шаңырақ көтергенімен алған жары ұзақ жасай алмай өмірден озды, қам көңіл Ақан жас ару Жамалға назар құлатты. Өзінен көп кіші болса да сері көңіл сезімді билеп, ет жүрегін жетекке алып кетті. Ақан ғашық болды. Қыздарды мен не қылам, қылам-сылам? Қалайша ғашық отқа сабыр қылам? Жаңартқан өмірімді қалқа бала, Басы – жұм, ортасы – мим, аяғы – ләм, – деп жұртқа жұмбақтай жария етеді. Зерек­тігі елден ерек Ақан сүйген Жамалы­ның есімін араб ғарпының заңына ла­йық­тап: «жұм», «мим», «ләм» деп тұс­пал­дайды. Сауат­ты қа­зақ оның Жамал екендігін бі­леді, қараң­ғылары Ақанның мұнысы несі екен деп аңтарылады. Кейін Жамал ұзатылып кеткенде де терең күңіреніске түскен сері «Сырым­бет» әнін шығарады. Саумалкөл, Қоскөл, Сырымбет саласы ғашықтықтың мұң-за­­рына оранған осы бір ғажап әнді шыр­қайды. Теңін таппаған сандаған ғашық егіледі, шал-кемпірлер жоғалған жастығын аңсап күңіренеді. Ұлы Мағжан осы бір ән күйігін былайша төгілте жырлайды: «Жердің жүзіндегі мұң, адам баласының барлық зары сол «Сырым­бетке» жиналғандай. Жамал ұза­­­тылатын күндерде Ақан күндіз-түні күңіреніп «Сы­рым­­бетін» шырқайды да жүреді. Ақан түн­дерде «Сырымбетті» шырқағанда кім ғана жыламаған, қа­лың қарауыл жылаған. Жас пен кәрі жыла­ған, әсіресе, нәзік жанды жас Жамал жы­лаған...». Аулың қонған Сырымбет саласына, Ғашық болдым ақсұңқар баласына. А-а-а-ау сәулем. Қарындас-ау, енді есен бол... Бидайыққа лайық қалқа бала, Бөктергіге қор болып барасың да... Ауылың қонған Сырымбет саласына, Ғашық болдым ақсұңқар баласына. Дариға, қайрылмадың, қалқа бала, Жүректің енді ем жоқ қой жарасына... Алтын қайық жарасар күймесімен, Назым тартпас бұлбұл құс сүймесімен. Қоскөл жаққа таныса киіп барған Бешпентіңді бер, қалқа, түймесімен. А-а-а-ай... сәулем. Қарындас-ау, енді есен бол... «Сырымбет тауы – Жамалдың әкесі Жүсіп төренің қонысы. Ақанның Жамалға ғашық­тығын жүйрік жүректің соңғы соғылуы, «Сырымбетті» Ақан жыр­ла­рының ең соңғы сұлу жыры деуге болады. Жамал ұзатылған соң Ақан тұңғиық қайғысын құшақтап, қалың елдің ішінде жалғыз қалады. Ақанның мұнан соңғы өмірі сырттан гүлсіз, үнсіз, жырсыз, түрсіз өмірге айналады. Бұрынғы жат мінез­дері, тіпті жат, ұғымсыз түрге кіреді. Бірақ, дариға, жүйрік жүректің қайғысымен жылынып, сөнгенін, терең жанның оймен уланып өлгенін кім ұққан?!». Ұлы Мағжан ұлы Ақан ағасының бар қай­ғы-наласын осылайша қабылдап, осылайша ой түйіндейді. Біздіңше, бұл ұлы Ақан ағаның қасі­ретін қабылдай білген Мағжанның өзі де зар шеккен ұлы өмірімен астасып, шен­десіп жатқан шерменде зар сипатындай емес деп кім айта алар. Әрине, солай! Біз қос тұлға – Шоқан мен Ақанның Сырымбетке тікелей қатысын жанамалап болса да айтуға талаптандық. Әрине, бұл талпынысымыздан аңызды Сырым­беттің асқақ тұлғасы танылды ма, жоқ па. Ол арасы өз төрелігіңде, ағайын. Біздің айтпағымыз – қазақтың қай же­рінде де тап осындай аты аңызға ай­налған елді мекендер, сол елді мекендер өмірге әкелген ең­селі тұлғалардың барлығы. Соны бүгінгі білмекке құштар ұрпақ танып, білсе деу ғой. Кезінде Сырымбет ауылында ақ мәр­мәр­ден соққан 300 орындық Мәдениет сарайы бар еді. Қазір соның шаң басқан жұрты ғана жатыр. Жекешелендірудің желігіне ер­ген­дер тас-талқан етті. Ұлы Шоқанның ес­керт­­кіш бел­гісі ғана сол жұртта жетімсіреп тұр. Ақанның Қоскөлі жаңа жобадағы сәу­летті үйлермен жасанып, орта мектеп, мә­дениет са­райы бой көтеріп еді сол Қоскөл де азып-тозып, тоналып жатыр. Обал-ақ! Аяулы ар­хи­тек­тор досымыз Тө­леген Досмағамбетов соққан ескерткіш кешені ол тұр Ақан серісін жоқтап. Екі елді мекенде де ие жоқ. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Ежелден өз құндылықтарына құнсыз қазақ жұрты осы тұста да берекесіздігін танытып алды. Тек күйкі тұрмыстан күйі кеткен Сырымбет тауы тұр тұлсыз тұлпардай бір оқшау қалыпта. Ақанның «Сырымбеті» оқта-текте шыр­­қалады. Онда да сөзі бұрмаланып...  Төлеген ҚАЖЫБАЙ, жазушы КӨКШЕТАУ