• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2016

Конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі

845 рет
көрсетілді

Нью-Йоркте аса жоғары бағаланды Бұған дейін хабарланғанындай, АҚШ-қа арнайы сапармен барған Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Нью-Йоркте амери­калық діни басшылардың, АҚШ әкімшілігі, сараптамалық және іскер топтар өкілдерінің қаты­суымен жыл сайын өтетін кешкі ас шарасына қатысты. Діни төзімділік, конфессияаралық түсіністік, сонымен бірге, Мемлекет басшысының 2015 жылы БҰҰ Бас Ас­самблеясының 70-ші сессиясы барысында және «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде көтерген халықаралық бастамалары аясында зорлық терроризмге қарсы тұру мәселелерін ілгерілету кездесудің басты тақырыптарына айналды. Е.Ыдырысов өзінің сөзінде бүгінгі кездесу дінаралық қатынастарда ғасырлар бойы қалыптасқан таптаурындардан арылу жолдарын талқылап, ХХI ғасырда жаһанды толеранттылық пен өзара түсінушіліктің тиімді формуласын шығаруға мүмкіндік беретінін айтты. Министр зорлық экстремизм бейбітшілік пен қауіпсіздікке зор қауіп төндіретінін көлденең тарта келіп, осы тақырыптағы Мемлекет басшысының бағдарламалық сөздерінде көрсетілген тапсырмаларына сай Қазақстан сыртқы саясатының негізгі басымдықтарына тоқталды және ортақ қауіпке қарсы БҰҰ туы астында «біріккен майдан» құрылуының маңыздылығын ерекше атап өтті. Осы орайда Қазақстан сыртқы сая­сат ведомствосының басшысы кешкі асқа қатысушыларды «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде Мемлекет басшысы ұсынған соғыс пен шиеленістер вирусын жоюдың жаһандық стратегиясының негізгі қағидаларымен таныстырды. Е.Ыдырысов 2015 жылы маусымның соңында Астанада зорлық экстремизмге қарсы Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің өңірлік конференциясының өткенін айта келіп, зорлық экстремизм мен халықаралық терроризмді жоюға бағытталған ұжымдық талпыныстарға Қазақстанның беріктігін кезекті мәрте растады. Сонымен бірге, Азия қауым­дастығы саясат институтының президенті, Австралияның бұрынғы премьер-министрі Кевин Радд пен АҚШ Демократиялық пар­тиясының салмақты өкілдерінің бірі, Нью-Йорк штаты­нан конгрессмен Стивен Израэл қатысушылар алдында сөз сөй­леді. Ол өзінің  сөзінде түрлі діндер мен мәдениеттер арасындағы өзара түсіністік пен сыйластық орнату ісіндегі Қазақ­станның рөлін жоғары баға­лады. С.Израэл Қазақстан тара­пына түрлі конфессиялар мен мәде­ниеттер арасындағы үнқаты­судың жалпыәлемдік үдерісіне қос­қан үлесі мен танытқан баста­ма­шылығы үшін Америка халқы­ның атынан алғысын білдірді. «Ар ұраны» қорының прези­денті раввин Артур Шнайер­дің жалынды сөзі іс-шар­а­ға қатысушылардың қызығу­шылығын тудырды. Американың діни басшыларының бірі Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың шақыруымен Қазақ­станға сапармен барғанын, Аста­на мен Алматыдағы синаго­га, мешіт және католик шір­кеу­лерін көргенін әңгімелеп берді. «Дінаралық және кон­фес­сияаралық келісімнің қазақ­стандық моделі – бейбітшіліктің іргетасы. Сол үшін де Қазақстанға тәнтімін», – деп атап өтті өзінің сөзінде еврейдің дін басшысы. Азия қауымдастығының пре­зиденті, АҚШ басшысының бұрынғы орынбасары Джозетт Ширан Қазақстан қоғамының толеранттылық қағидалары жанына аса жақын екендігін атап өтті. «Алматыға сапарым барысында Қазақстан қоғамы мен билігінің барлық деңгейінде антисемитизмге жол жоқтығына толық көзім жетті», – деді Дж. Ширан. Іс-шараға қатысушылар 2015 жылғы маусымда өткен Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­лардың V съезі мәселелері мен шешімдері бойынша пікір алмасып, толеранттылыққа, өзара сыйластық пен ынтымақтастыққа негізделген әлем құруда дін­басылардың рөлі айтарлықтай жоғары екенін атап өтті. Олар түрлі діндер мен өркениеттер уағыздаушыларының арасында үнқатысу қалыптастырғаны үшін Қазақстан мен оның басшысына алғысын білдірді. Іс-шараға танымал аме­ри­калық дінбасылар, атап айт­қанда, имам Фейзал Абдул Рауф, «Intersections International» үкіметтік емес ұйымының негізін қалаушы Роберт Чейс, АҚШ-тың халықаралық діни бостандық бойынша бұрынғы елшісі Сьюзен Джонсон Кук, АҚШ Православие шіркеуінің сыртқы істер бойынша директоры Леонид Кишковски, Солтүстік Америка Индуизм ғи­ба­датханасы қоғамының прези­денті Ума Майсорекар, Солтүстік Америка Зороастризм ассоциациясы федерациясының президенті Хоми Ганди, Обама әкімшілігінің өкілі, АҚШ мемлекеттік хат­шысының көмекшісі және қайта құру мен тұрақтылық мәселелері бойынша үйлестіруші Дэвид Робинсон, үкіметтік емес ұйым­дардың жетекшілері мен америкалық бизнесмен-филантроптар қатысты. Жалпы, кешкі асқа АҚШ-тың протестантизм, православие, мормонизм, индуизм, ислам, иудаизм және т.б. түрлі діни ағымдарынан 30-дан астам өкіл келді. Американың дінбасыларымен 2008 жылы  негізі қаланған жыл сайынғы кешкі ас АҚШ діни және саяси топтары арасында зор қолдауға ие болып, Қазақстан мен Америка қоғамдары арасындағы өзара қатынастарды одан әрі нығайту бойынша тиімді форумға айналды. Сәулебек БІРЖАН