Ресей ормандарынан Қазақстан даласына «қоныс аударды»
Биыл Өскеменнің маңайы ұшатын тиіндерге толып кетті. Бір қызығы, бұл жануардың бұрын мұнда мекені жоқ болатын. Ресейден жүздеген лекпен келген олар енді осы арадағы орман мен жаңа кеуектерді қоныстана бастады. Облыс орталығына жақын орналасқан Тархан ауылының оқушылары ұшатын тиіндерге көмек көрсету мақсатында кішкене ағаш үйшіктер жасап жатыр. Ал жергілікті орманшылар күтпеген «мигранттар» үшін алабөтен қуанышты.
– Егер ұясын салып, азығын қамдап беруге жағдай жасасақ, әрі қарай көше бермей, бізде қалады деп ойлаймын. Сондықтан, біз кішкене жануарға жағдай жасау үшін жасанды кеуектер оюдамыз, – деді орманшылардың бірі Алексей Черепанов.
Мамандар ұшатын тиіндердің жаппай қоныс аударуы тіршілікке қолайлы жер іздеуден шыққанын айтады. Олар Қазақстан аумағына балқарағай түйінін іздеп келгенге ұқсайды. Ресейге қарағанда, Өскемен маңындағы ормандарда балқарағай, самырсын жаңғақтары мол түседі. Зоологтардың пікірінше, орманды жаңадан мекендеушілер көп пайдасын тигізуі мүмкін. Ұшатын тиіндер орманның бос жатқан азықтық белдеуіне орналасып қана қоймай, жергілікті фаунаның дамуына ықпал етеді әрі табиғатқа ерекше көрік береді.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН