• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2016

Ғарыш перзенті

436 рет
көрсетілді

Я есть море,

и море во мне

Жак-Ив Кусто

Ұлы физика ғылымы аш­қан, тегінде, анық дерек, ай­қын жайт, қала берді, асыл ақиқат бар. Баяғы бір бағзы замандарда, піл сауырлы қара Жер, жеті қат көк аспан, жұлдыздар салған Құс жолы, тіпті, тарыдай шашылып жатқан қисапсыз ғаламшар, саны жоқ есепсіз ғарыштар, шексіз ны­ғыз­далған қара ноқат дақ, ақтық нүкте ішінде өмір сүргенде, кенет бір сәт – тосын құбылыстан – дү­ние шалт өзгереді: тау қопарған орасан зор жарылыстан ұшан-теңіз әлем түзіледі. Зады, Олжас қазақ, түркі, адам­зат кеңіс­тігінде, ұлт, халық, нәсіл рухания­тында, жаңа әлемді сомдаған алапат жарылыс болды. Франция ақыл-ойына – Рене Декарт, Блез Паскаль, Шарль-Луи де Монтескье, Виктор Гюго, Марсель Пруст, Андре Бретон, Борис Вион, Жан-Поль Сартр; Германия ақыл-ойына – Эм­мануил Кант, Георг Вильгельм Фридрих Гегель, Фридрих Виль­гельм Йозеф Шеллинг, Ио­ганн Готлиб Фихте, Иоганн Вольфганг Гете, Христиан Иоганн Генрих Гейне, Фридрих Вильгельм Ниц­ше, Макс Планк, Мартин Хайдеггер; Британия ақыл-ойына – Уи­льям Шекс­пир, Майкл Фарадей, Уильям Батлер Йейтс, Сэмюэл Батлер, Джеймс Клерк Максвелл, Стивен Хокинг ықпалдары тәрізді Олжас түркі-славян ой-санасына да қатты әсер етті. Билеп-төстеді. Атомды жарған Резерфордтай Олжас таңбаларды жарды. Жарып, сырын оқыды. Дегдар ғалым атом құпиясын ашты, ойшыл ақын таңба жұмбағын шешті. Рас, Олжас қазақ, түркі, адам­зат кеңіс­тігінде, ұлт, халық, нә­сіл руханиятында, жаңа әлемді сомдаған алапат жарылыс болды. Жарылыстан соң, ғаламзат тари­хын­­дағы алапат кезеңде, ға­рыштардан құ­ралған жаңа әлем жаралды, адамзат шежіресінде жаңа заманды баяндаған алапат дәуір басталды. Ел-жұртты таңғалдырған таң­сық құ­­бы­­лыс ғарыштай шексіз – Ұлы Дала бесігінде бөленіп өсті. Олжастың масштабы да, та­қырыбы да, Отаны да космос бол­ды. Космос қазақ жерінен бас­талады. Қазақ топырағы – кос­мостың қақпасы. Кіріп-шығатын есі­гі. Сондықтан, космосты жыр­лаған, тұң­ғыш ғарышкерді жырға қосқан ақын, кос­мостық мас­штаб­тағы шайыр Қазақ елінде туды. Батырына ақыны сай еді. Га­гариндей тұңғышқа Олжастай біртуар ақын керек еді. Танымның патшасы тұр­лаусыз дү­ниеде, айнымалы көзқараста, сан алуан пікір нұс­қа­ларында, көшпелі ойда, қысқа күнде қырық құбылған салыстырмалы шындықта тұрақ­тылық қа­лыптастырды. Құндылығын та­нымаған қауіпті заманда елге пана болды, халқына ес жидырды. Бұл құбылыс бүкіл әлемдік ой-сана дамуына енші, жалпы­адамзаттық руханиятқа тиесілі, ғаламдық өркениет жүйелеріне ортақ тосын жайт еді. Әуелден, жазғаны елдің қа­мы, атба­сын­дай мұңы еді, таңба­ланып қаламынан төгіліп түскенде алтын-күмістей жарқы­рады, шоқ­тай жайнап төңірегіне, самаладай ойнап жан-жағына – молынан жарық шашты, майы тоқ білте шамдай нұрға бөледі, жарық – оттан, жанған от – білімнен тараған еді. Қара түнек ғарышты жарып шыққан сәуле, сызат берген таң Тәңір жарат­қандарды ел­ең-алаңда ойсаң оқиға­ның куәсіне айналдырды. Шайырдың жүрегін жарып шыққан, қаламынан теніздей тасыған өлеңдер арғы­мақтардай асау, сұңқардай қанатты, арыс­тандай айбатты, көкжалдай сұсты (рухты), жолбарыстай қайратты, нөсер жауындай ағыл-тегіл еді, інжу-маржандай құйылды, гау­һартастай шашылды. Оқығанда, қағазда таңбаланған ой-па­йым, ой-сана, ой-толғаныс, ой-ырғақ Хазар теңізіндей тулап жатты. Ойы да, өлеңі де телегей теңіз­дей ақын, парасаты да, патша көңілі де асып-тасқан абыз­дай падиша Олжас – табиғаттың сы­йы еді. Қазаққа ырыс дарыды, бақ қон­ды, үйге береке кірді, ша­­­­ңырақтың абыр­ойы асты, ауылдың беделі артты, ұлттың маңдайы жарқырады. Ғарыш перзенті космос жайлы түс көріп, қиялында Құс жо­лына қол соз­ған арманшыл, жұл­дыздарға сапар ше­гіп, аспанды бағын­дырған ғарышкер адам­заттың жорық жырына айналды. Таным көкжиегін кеңейткен ХХ ғасырдың туы болды. Ғасыр ақыны ойдың асқақ шыңына шықты, танымның терең қой­науына түсті. Қаныштай білім алды, Мар­ғұландай қыз­мет етті. Сыздық төре армандаған мұ­ратқа Олжас жетті. Қыпшақтың жиені Игорь­дің қарулы жасағы туралы дастанды меншігіндей көрген қалың елдің қалыптасқан ой-пікірін орда бұзғандай дүр­ліктіріп майдан салды, Бір Діңгір тәңіріне табынған, жұртынан адасқан Шумерді бағыт сілтеп еліне қайтарды. Жоңғар батырын аттан түсіріп Абы­лай­лап жауға қарсы жалғыз шапқан Әбілмансұр тәрізді ел басына күн туған қиын сәтте топ жарған Олжас, шынымен – ғарыш өзегін жарып шыққан алапат жарылысты құбылыс еді. Асыл жұртын сүйді, түркі ха­лықтарын әлемге танытты, оғ­ыз-қыпшақ, қала берді, қарлұқ жырын ұшпаққа шығарды. Олжас түркітілдес ұлыстар­дың жолсапар, жортуылдардағы ұра­­нына, Тұран жас­тарының үміт шырағына айналды. Әсілі, Олжастың жазғанда­рын­­да ат тұя­ғының ескіден келе жатқан дабы­сы, тұл­парлардың шабысы, жекпе-жектердегі алып жүректердің дүрсілі, кең жазық­тардың дүбірі, жорықтарға толы боз даланың сарыны, кіреу­келі тархан батырлардың арыны бар. Сайыпқыран Шыңғысхан заманында туса, Олжас қол бастаған түменбасы болар еді. Көп жазды. Қаламы тоқтаған жоқ, ойы сарқылған жоқ, сөзі тау­­сыл­ған жоқ. Ол­жас­тың қашан жазатыны жұмбақ, сосын, қанша оқығаны жұмбақ. Үнемі ел алдында, жұрт көзінде, халық ортасын­да. Бірақ, бәрін біледі. Түгел оқы­ған. Еңсегей ақын ежелгі грек пәл­сапашылары, Ұлы Дала абыздары, көрші дао ой­­шыл­дары тә­різді алып: ойы да, бойы да, со­йы да. Жазғаны тегіс санатта, бірақ, оқыған кіта­бына сан жетпейді – елге беймәлім. Шынында, Олжастыкі – қай­рат­­ты поэ­зия. Алғашқы алапат жарылыстан жаралған ғарыш перзенті қазақ жеріндегі соңғы жарылысты тоқ­татуға дем берді. Шайыр жоғалған халықтар туралы қалам тартты. Жоғалып бара жатқан белгілерді ашты. Талай ғасыр үнсіз жатқан түркі таңба­ла­ры оғыз-қыпшақ тілінде сөйлей бастады. Құпия белгілердің сырын аш­қан данышпан құпия сырдың белгісі еді. Құпияны Ол­жастан та­ныдық, сырын Олжастан ұқтық. Олжас шығармаларының оқыр­­мандары да өзіндей ақылды, зерделі, оқыған-тоқыған болуы шарт. Абай айтқандай, ақыл – бі­лімде. Білімсіз – ақын туындыларына жол, қақ­пасына кілт таппайсыз. Демек, Олжастың жалғыз түс­­кен соқпағы – Абай жүріп өт­кен жолдың сілемі. Гуманистік сарындағы хакім ғақ­лияларының жал­ғасы. Мағжан тұтатқан түр­кілік рух алауы. Ол кез келген мәселені тұтас ойлайды. Тұтас пайымдау үшін ғарыштай кеңдікті қамту қажет. Ғарыштай кеңдік білімде, сосын, адамгершілікте. Ел белгілі бір бөліктерді (детальдар) ғана көрсе, алып Олжас ойға салғанда, барлық ірілі-ұсақты бөлшектерді (детальдар) бірін қал­дырмай тү­гел ескереді, ешкімнің несібесін ұмытпау қажет, басқаның ризы­ғына қия­нат жасамаған абзал. Олжас үшін бұл өте маңызды, себебі, гуманизмнің бастауы – әділет, шырқауы – әділеттен де жоғары – кешірімділік, қайы­рымдылық және біреудің қай­ғы­сын өз басының жеке қай­ғы­сындай көру. Елдің қамын жеу, халық жағ­дайын ойлау осыдан туды. Олжас – азамат. Данышпан Мемлекет құрылысшысы. Ол мем­лекет­тердің тарихын жете зерттеді. Сан­даған империялардың берік қабырғалары қақырап шаң-тозаңға айналып құла­ғанын, гүлдеп-жайнап тұрған та­­лай өр­кениеттердің қапылық пен күйрегенін, көптеген мәде­ниет­­­тердің – адамның күй­­ген ба­қытындай – ойрандал­ға­нын, ша­ңы­рақтары ортасына түскенін көрді. Бәрі үстем еді, ақырында жермен-жексен бол­ды. Бір ескілері сақталды, бір жаңа­лары ор­нық­ты. Бірақ, неге тарихта елдің бірі де, біре­гейі де із-түзсіз жоғалды, екін­шісі, еншілестері – қалды? Неліктен? Олжас мәңгіліктің шартын іздеді, жұрт­тың мәңгі жасауына не кепіл екен­дігін тап­қысы келді. Жаугершілікте, қиын-қыстау күн­дерде, бабаларымыз кімге сүйініп, қандай құді­ретті күшті сүйеу көріп жорыққа шықты? Күрес әніне, жорық жырына қо­сып шырқаған олардың жарқын мұраты туралы не білеміз? Тегінде, Олжастың сұрақтары көп еді. Ницшенің көше кезген мәңгілік сауалдары ХХ ғасырда Олжастың есігін қағып тұрды. Бұл арысы Еңкі, Шумер, берісі оғыз-қыпшақ замандарынан келе жатқан, далада қаңғып жүрген сансыз жетім сұрақтар еді. Ата-тегін, шежіре сырын із­деген сұрақ белгілері Олжастан белгілі жауап күтті. Кейін, көне қыпшақ дәуірін терең зерттей отырып, Шумерге жетті, одан әрі алғашқы адам­зат­тың бастау тіліне жету қиын емес-тұғын. Ол, тегі, ойдың бастауын, адам­­­­заттың түп ана ті­лін іздеді. Су іздеген тәжірибелі құдық­шыдай қай жерден құдық қазу қажеттігін адас­пай дәл тапты. Құдықтың суындай таза, мөлдір, анық білім ғана қоғамды алға сүйрейтінін түсінді. Рас, бейнеті асқан елдің тарихы да кезінде бейнет көрді. Кешелері, тар есік, тар боса­ға­дан өткен, тар жерден майдан ашқан, ат үстіндегі – ат жалы, түйе­нің қомындағы, аумалы-төкпелі замандар сырын шерткен қастерлі шежіресі бұрмаланып, мехнат шегіп, азапқа түсті. Рас, ата-бабаларымыз түркі перзенті мәң­­­гілік өмір сүрсін, ұрпағы үзілмесін деп өсиет айтып, тауға барып, жартастарға терең таңбалар ойып салған екен. Баяғының халқы жақсы таны­ған, қазіргі­нің елі оқи алмайтын мәтіндер тағдыр кешті. Тұлға мінбеге шық­ты. Жұрт ау­зына қарады. Олжас заманында түркология мен этимология, тіпті, Шыңғыс­хан жорықтары, оның шыққан тегі сәнді тақырыптарға, жұрт қы­зық­қан ғылыми салаларға айналды. «Аз и Я» кітабының «Шумер-наме» атты екінші бөлімінде Олжас Сүлейменов шумер мә­тіндерінен алпыс тюркизм тапқанын жария етеді. Кейін оның шәкірті, әзербайжандық ғалым Айдын Ма­медов тюрко-шумеризмдер санын сегіз жүзге жеткізеді. Бірақ, олар 1915 жылы неміс ассиролог-ғалымы Ф.Хоммель түркі сөздерімен қабысатын екі жүзге тарта шумер сөзі туралы жазған­дығын кеш біледі, кешігіп танысады... Америкалық «Коммунизм мәселелері» журналы 1986 жылы «Аз и Я»-ны Сол­же­ни­­цын­ның «ГУЛАГ Архипелагы» атты ең­бегінен кейінгі Қайта құруды да­йын­­даған екінші кітап деп баға берді. Олжас жаққан шырақ, сөй­тіп, қараңғы дәуірде сілемдене бас­­­таған соқпақ жолға жа­рық түсірген шам болды. «История наша – нес­колько вспышек в ночной степи», деп жазды ол. Даналыққа құштар, адам­гер­шілік қа­сиет­­тердің қорғау­шысы, ұлы ойшылдың ізденістері әділеттен де биік гуманизмге толы, мұрасы – кемінде екі-үш тілді біле­тін көзіқарақты, сұңғыла, полиглот оқыр­мандарға арналған терең шығармалар, ақын­дық тағдыры – қазақ­тың еншісінде, ол – ғарыш философиясына елтіген, өмір сүрген, қасиетін бойына сіңірген көшпелі жұрт – Алаштың төл перзенті. Сан ғасырлық таңбалардың жұмбағын шешіп жүріп Олжас өз ғасырының жұм­бақ таңбасына айналды. Енді келер ұрпақтың алдында бұл жұм­бақты шешу міндеті тұр. Олжас сол кезде толық түсінікті болады. Дидар АМАНТАЙ, жазушы Алматы