21 Мамыр, 2016

Мұрағат мұзбалағы

433 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Хасанаев фото-1-2Архив деректері арқылы ел тарихының ақтаңдақ беттерін ашуға айтарлықтай үлес қосқан ғалым Марат Хасанаевтың өнегелі өмірі туралы не білеміз? Алматыда Абай даңғылы бойында орналасқан еліміздің Бас архиві – Орта­лық мемлекеттік мұрағатқа мен 1980 жылдардың соңында жұмысқа тұрдым. Бұл мекеме еліміздің XVIII ғасырдан бү­гінгі күнге дейінгі тарихын сақтап отыр­ған ең ірі мұрағат қоры болып саналады. Онда негізінен архив саласын өте жетік білетін, өз ісінің нағыз иелері – Қ.Қожамұратов, Е.Кошарная, Т.Митропольская, Б.Бай­ға­лиев, Л.Кушнарева, О.Жұбандықов, Г.Сан­дыбекова сияқты көпшілігі Мәскеу­дегі мемлекеттік-тарих институтын бітір­ген, білікті мамандар жұмыс істеді. Алғаш­қы еңбек жолымның осындай орта­дан бастау алуы мен үшін үлкен қуаныш еді. Бас мұрағат директоры Марат Жақсы­байұлының ерен еңбегін сол уақыттан бастап жақсы білемін. Ал абзал ағамыздың өмірбаяны туралы қысқаша тоқтала кететін болсақ, ол кісі 1946 жылы мамыр айында Алматы облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген. Дегерес орта мектебін алтын медальмен бітірген. Мәскеу мемле­кеттік тарих институтын (қазіргі Ресей гума­нитарлық университеті) үздік бітіріп, 1974 жылы еңбек жолын Қазақ КСР Орта­лық мемлекеттік мұрағатында ғылыми қызметкер болып бастаған. Кейін Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Бас архив басқармасының инспекторы, аға инс­пекторы, 1979-1994 жылдары Орта­лық мемлекеттік мұрағаттың директоры, 1994-1996 жылдары Архивтер мен құ­жаттама басқармасының басшысы сияқты бірталай лауазымды қызметтер атқарған. Кісілік келбетін айтсаңызшы! Жүзінен қашанда жылылық лебі есіп тұратын, білікті әрі әділ басшы болатын. Жұмысқа жұрт­ты жұмылдырып алып кететін, қызмет­керлердің тұрмыстық жеке мәселе­лерін шешуге уақыт табатын. Оның адам­гершілігі мен азаматтығы туралы әріптес­терінің әлі күнге дейін жыр ғып айтып жүруі осы сөзімізге айқын дәлел болмақ. Архив бірде Министрлер Кеңесіне, бірде Ішкі істер министрлігіне, енді бірде Білім, Мәдениет, Байланыс министрліктері қарамағына берілуінің, тіпті, Ғани Мұ­ратбаев, Ілияс Жансүгіров, Қаныш Сәт­баев, Бауыржан Момышұлы, Сергей Кал­мыков, Өзбекәлі Жәнібеков сияқты, т.б. тарихи тұлғалардың әрқайсысының жеке архивтерін мемлекеттік сақтауға қабылдаудың өз алдына қызық тарихы мен сыры бар. 80-жылдардың соңы, 90-жылдардың басы үлкен өзгерістер кезеңі екенін жақсы білеміз. Әсіресе, Алаш арыстарының жағалай ақталып, ұлт қайраткерлерінің еңбектері мен зерт­теулерінің жарық көріп жатқан кезі. 62 жыл тыйым салынып келген Нау­рыз мерекесі заңды түрде тойлана баста­ған мерейлі шақ. Жер-жерде «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, халықтың рухы көтерілген кез. Соған орай Марат Жақсыбайұлының телеарналар арқылы, радиодан өз ойларын ашық білдіре алғандығы, баспа­сөз беттерінде публицистикалық мақала­ларымен, архивтің ашылмаған сыры мен архив деректері туралы толассыз жарияланымдарымен жарқырай көрінгені жадымызда жаңғырып тұр. Мұрағат мұзбалағы 90-жылдардың басында Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамын құруға атсалысып, сонымен қатар, «Жаппай сая­си қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңды іске асыру мақсатында жаппай қуғын-сүргіндерді қолдануға және адам құқығына қол сұғуға негіз болған заң актілерін, үкімет, партия және басқа органдардың шешімдерін, сон­дай-ақ құрамында М.Қозыбаев, О.Сүлей­менов, Ш.Уәлиханов, С.Байжанов, С.Жан­досов бар ведомстволық актілер­ді құпиясыз­дан­дыру жөніндегі ведом­ство­аралық комиссияның мүшесі ретінде талай игі істердің қозғаушысы, қолдаушысы болды. «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының атқарған жүйелі жұмысының арқасында 1937-1946 жылдар аралығында сая­си айыппен атылған 4 мыңнан аса отан­да­сы­мыздың сүйегі жатқан жер табылды. Алматы облысындағы Жаңалық ауылы маңында жерленгендердің тізімі «Азалы кітапқа» енгізілді. Марат Жақсыбайұлы «Алаш» ұлттық демократиялық партиясы мүшелерінің, «Алашорда» мемлекеттік мекемелерінің қарулы күштерінде белсенді қызмет атқарған азаматтардың тізімін, XX ғасырдың 50-80-жылдары тіркелмеген қоғамдық және саяси ұйымдар, партия­лар мен топтар болғанын айтып берді. Ол өзі басқарып отырған архив қорын жақсы білетін және өз мүмкіндігін орынды пайдалана алатын. Архивистер арасында энциклопедиялық білімімен, тарихи тақырыпты зерттеудегі тереңдігімен, адалдығымен ерекшеленетін, заманның айқын айғағын құжаттармен жайып салатын. Оның ізденістерінің де ауқымы кең: Шығыс Түркістан тарихы, 1916 жылғы көтеріліс, саяси қуғын-сүргін, аштық мәселесі, тіл саясаты, Желтоқсан оқиғасы туралы, Шоқан Уәлиханов, Исатай Тай­манов, Абай, Әлихан Бөкейханов, Мұс­тафа Шоқай, Қажымұқан, Бауыржан Момыш­ұлы, Мәншүк Мәметова және т.б. он­даған тұлғалардың өмірбаянына, қыз­метіне қатысты соны деректерді сөйлетті. Тарихшы-ғалым Әзімбай Ғалиев «Марат Хасанаев ғалым еді. Сол мұ­рағатқа келгенде, өзі біз білмейтін, естімеген қаншама деректерді айтып, бағыт беріп, ғылыми жетекші рөлін атқаратын. Сондай бір көңілі мырза жан еді. Кейбір деректерді зерттеушілер өздеріне жеке тақырыпқа қалдырып қоятын. Марат болса кез келген адамға, зерттеушіге өзі деректерді беріп отыратын. Кеңес дәуірінен қалған әдет, мұрағат монополиялық мекеме бол­ғандықтан мұрағат қорындағы тарихи құжаттарды мейлінше оқшаулауға тырысып, мынаған болмайды деп, мынаған рұқсат жоқ деп барлығын шектеп, тарихи үрдістің жүйесін жоғалтатындай жағдай жасайтын, яғни ғылыми жұмысқа кедергі жасау мақсатын қоятын. Ал Марат тарапынан, керісінше, қолдау болатын. Екінші жағы, ол Мараттың жеке басы­ның қайраткерлігі. Марат өзі мемле­кеттік қызметте болса да, қоғамды демо­кратияландыруға атсалысты. Біздің ең алғашқы назар аударғанымыз – өзінің жеке ізденістерімен, публицистикасымен көзге түсті. Сондай жазғыш, зерттегіш үлкен қабілеті бар еді. Алғашқы тақырыптарының бірі, ол – ашаршылық жылдарындағы адам шығыны болды. Невадовскаяның дәптерін, адамдардың өлеңдерін, суреттерін жариялаған, тағы-тағы сол сияқты еңбегі көп. Әсіресе, Алаш қайраткерлерінің дүниелерін шығаруға көп еңбек сіңірді, қандай бір тарихи, келелі проблемаларыңмен келсең, өзіңнің ойыңды кеңейтіп, алдыңа төгіп тастап, өзі соны саралап, жүйелеп беретін», дейді (Б. Құсанбек. «Бір сәт және бүкіл ғұмыр» кітабынан. Алматы, 2012). 2000 жылы қараша айында 1983-1994 жылдары Бас мұрағат басқармасының басшысы болған Сапар Байжанов ағамыздың 70 жылдығын атап өту кешінде айтылатын сөз жобасын дайындау барысында Марат Жақсыбайұлына: «Сіз Сапар ағамен біраз жылдар бірге жұмыс істедіңіз, есте қалған архив өміріне қатысты бір естелік айтып бересіз бе?» – деп өтініш жасадым. Сонда М.Жақсыбайұлы Сапар аға жөнінде мынадай естелік айтып еді: «Сапар ағаның архивке басшылыққа келген кезі әлі есімде. Ол кісінің алдында бірнеше жыл бұрынғы бастығымыз Бижамал Рамазановаға әбден үйреніп қалғанбыз. «Жаңа сыпырғыш жаңаша сыпырады» деген мақал есімізде. «Жаңа бастық келді» деп архив дүр ете қалды. Сол кездегі Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Қазыбаев өткір көзді, тақыр басты аласалау кісімен бізді таныстырды. Өз сөзінде Сапар аға: «Мен партияның жауынгерімін, қайда жіберсе, сонда қызмет істеймін», деді. Бірақ келген бастық «партократ» болып шықпады. Жұмысқа бірден құлшына кірісе кетіп, біздің көптен көзіміз үйренген кемшіліктерімізді бірден аңғарды. Оның еңбекқорлығы, ізденгіштігі бәрімізге үлгі болды. Ешқашан жазбай отырмайтын. «Архив деген қандай таусылмас қазына, оны жаңғырту керек», – деп қайта-қайта айтатын. 1986 жылдың желтоқсаны. Сағат 16-да үлкен ашық партия жиналысы болды. Сәкеңнің шырылдап, жастарды қолдап айтқан сөзі әлі есімде. «Олар біздің балаларымыз ғой. Алыстан келген жау емес олар», дей келе Сапар аға сол жылғы 1916 жыл көтерілісінің 70 жылдығын есіне алып, «Бұл жастардың ұлттық санасының оянғанының көрсеткіші ғой», деген батыл тұжырым жасады. Қазақтың ұлы зиялыларының тәрбие­сін көрген ол, сол кездегі бізге де ағалық мейіріммен, кешіріммен қарайтын. Мәскеуде жол сапарында жүрміз. Кешке «Метрополь» мейрамханасында отырмыз. МГУ-дің журналистика факультетінде оқитын ұлы да келді. Жаюлы бай дастарқан, жасыл мәрмәр колонналар. «Міне, біз де тереземіз тең, басқа ұлттардан кем емеспіз, мұның өзін бағалауымыз керек», – деп шаттана айтқан сөздері құлағымыздан кетпейді. Алдымызда не күтіп тұрғанын қай­дан білеміз. Бірақ өмір өзгере бастады. «Қайта құру», «тамыз айындағы путч», «Кеңес Одағының ыдырауы» біздің мұрағат ісіне де суық ықпалын тигізбей қойған жоқ. «Архив жөніндегі заңды қабылдап үлгеруіміз керек», – деп Сапар аға заңның алғашқы жобасын Жоғарғы Кеңеспен де бірінші оқылымда қабылдатып үлгерді. Бірақ, амал қанша, Жоғарғы Кеңестің өзі де тарап кетті. Бұл жайдың бәрі ол кісінің жанына қатты бататын. Көп нәрсе іске аспай қалды. Әдет­те­гідей, қасыңдағы адамның қадірін кеткенде ғана білесің. Өкініш лебі әлі жүректен, бірақ бәрі де есте». Өзінің алдындағы әз аға туралы осындай әсерлі әңгіме айтқан М.Хасанаев архивті басқара жүріп, Қазақ мемлекеттік университетінде архив ісі пәнінен дәріс берді, болашақ архив мамандарын даярлауға атсалысты. 1997-1999 жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде аға оқытушы болды. 1999-2001 жылдарда «Қазақстан – Сорос» қорының сарапшысы ретінде, сондай-ақ Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамында маңызды қызметтер атқарды. Архив ісінің маманы «КСРО мұрағат ісінің үздігі» (1982 ж.) белгісімен, КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің «Алтын медалімен» марапатталған. Ол 20-дан астам архив құжаттары жинағының, 200-ге жуық тарихи, құжаттық ғылыми мақалалардың авторы. Ал 2002 жылы зайыбы Ж.Нұрманбетқызынан сый ретінде қабылданған ағаның жеке архиві бүгінде Орталық мемлекеттік архивте сақтаулы. «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының әзір­леуімен М.Хасанаевтың «Парыз» атты сұх­баттар мен мақалалар жинағы 2013 жылы «Арыс» баспасынан Бейбіт Қой­шы­баевтың құрастыруымен жарық көрді. Биыл сәуір айында Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президенті архиві әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетімен бірлесіп, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне студенттер арасында архивтану олимпиадасын өткізді. Олимпиада «Ұлт Жоспары – бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасын іске асыру шеңберінде, студенттердің шығармашылық белсен­ділігін дамыту және оларға болашақта архив мамандығы бойынша жұмыс жа­сауға ықпал ету мақсатында өткізілді. Олим­пиада жүлдегерлеріне Марат Жақсы­байұлы Хасанаевтың атынан ақшалай шәкіртақы тағайындалды. Бұл еліміздің архив ісі саласындағы айтулы шаралардың бірі болып саналады. «Абай даңғылы бо­йында архив ғима­ратының тұрғанына, міне, 40 жылдан (бұл сөз 2000 ж. шамасында айтылған) асты. Мен мұнда таңертең күнде келемін, оған да ширек ғасырдан асып барады, ол маған үнемі солай бас изеп сәлем беріп тұрғандай елестейді... Кейде демалыс күндері жанынан өткенде ғимараттың терезелері мені көзімен шығарып салатындай сезімде боламын. Бұл ғимаратта 20 архив қоймасы бар, әрқайсысының аурасы әртүрлі... Архив біз бойлай алмайтын өз тереңдігінде өмір сүреді. Архивтің жанды тегеурінін, ұлылығын, даналығын сезінемін. Мен бірде осы архивтегі құжаттарды түгел қарап шығуға қанша уақыт кетеді деп математикалық есептеулер жүргіздім. Өмір жетпейді, ол анық. Біздің архив бар болғаны 4 пайызға ғана пайдаланылады екен», депті қайран ағамыз бірде. Өзінің жеке өмірін ешқашан архивтен бөле-жарып қарамаған, ғұмырының соңына дейін кәсібіне адалдығы мен та­залығын сақтай білген Марат Жақсы­байұлының өнегелі болмысы ешқашан ұмытылмаса, кейінгі жастар үлгі алып жүрсе деген ниетпен өткен күндерге осылай ой жүгіртіп, зерделеуге тура келген... Өйткені, біз ол кісінің еңбегі арқылы архивпен қалай жұмыс істеу керектігін біліп қана қойған жоқпыз, архивті қалай сүю керектігін үйрендік. Ғазиза ИСАХАН, Жанар САТАЕВА, мұрағаттанушы АЛМАТЫ