02 Маусым, 2016

Дирижерлік өнердің дарабозы еді

511 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
323777Бүгінгі дирижерлік жолында жүрген азаматтардың пір тұтатын ұстазы, қазақ өнеріне, қазақ оркестріне, жалпы, қазақ мәдениетіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз тұлғалардың бірі Шамғон Қажығалиев екені даусыз. Оның қазақ кәсіби дири­жер­лік мектебін қалыптастыру­ға қос­қан үлесі өз алдына бір бөлек әңгіме. Қаншама жыл кафедра басқарып, көптеген дирижерлерді дайындады. Ол кезде Құрманғазы оркестрі мемлекетіміздегі жалғыз оркестр еді. Соны қырық жылдай басқарып, үлкен кәсіби деңгейге жеткізді. Ол кезде Шамғон Қажы­ға­лиев­­тің есімін музыкалық оқу орнындағы жастардың бә­рі білетін. Шамғонның аты әйгілі, атақты еді. Дирижерлік мамандыққа енді қадам басып жатқан жас студенттер оның класында оқуды армандайтын. Мен 1973 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға түсіп, осы кісінің дирижерлік кла­сына қабылдандым. Бұл мен үшін үлкен қуаныш болды, жауапкершілік жүктеді. Шамғон аға әр уақытта қатал, талапты ұстаз болды. Айтылған тапсырманы уақытында орындауды, кешікпеуді, оркестр жұмысын уақытында бастауды, жалпы, тиянақтылықты талап ететін. Біз Шамғон ағаның ешбір сабағынан қалмайтын едік, қалғымыз кел­мейтін де еді. Оның талабы бөлек-тін. Шәкірттерінде сабаққа кешігіп келу деген болмайтын. Көп дирижерлер сахнада жүрген адамдар ұстаздыққа шорқақтау келеді ғой. Ал бұл кісі екі жағын да бірдей алып жүрді. Сахнада қандай болса, класта дәріс бергенде де сондай еді. Кейбір мұғалімдер шәкірттерін көп мақтап, орынсыз көтермелейді. Бұл шәкіртке кері әсер етіп, ізденушілігі, еңбекқорлығы азаяды. Шамғон аға мұндай емес еді. Ол әрдайым жоғары талап қойып, нағыз дирижердің қандай болуы керектігін сөзімен де, ісімен де көрсететін. Дирижер мамандығы қиын да қызықты. Элиталық мамандық. Дирижер өзі жетекші, өзі педагог, өзі психолог болуы керек. Сабақ беріп жатсаң да, оркестрді жүргізіп жатсаң да әр адамның көңіл күйін, психологиясын білуі, әрі өзінің айтқанын істетуі шарт. Сондықтан, дирижер адамға білімнен бөлек, ұйымдастырушылық қабілет қажет. Шамғон Қажығалиев ісімен де, дирижерлік шебер­лігімен де, өзінің білімімен де бізге үлгі еді, сонысымен бізді тәрбиеледі. Біздің оны сый­лағанымыз, жақсы көргені­міз соншалықты, ұстазымыздың музыканттығынан бөлек, жүріс-тұрысын, жұмысқа келіп-кетісін, адамдармен қарым-қатынасын, киім киісін үлгі қылдық. Ол шын мәніндегі дегдар, интеллигент адам болды. Нағыз дирижерлерде табиғаттан берілетін тума талант болуы керек. Шамғон сондай ерекше дарын иесі еді. Мен Шамғон ағадан кәсіби білім алдым, оқыдым. Ұстазымыз бізге адамгершілік, еңбекқорлық, кәсіби деңгей туралы көп ақыл айтатын. Мәскеу, Ленинград­қа гастрольмен барғанымызда ұстазымыздың айтуымен көп партитуралар сатып алып, дайындалатын едік. Дирижер класта ұстазының берген білімінен басқа, өз бетінше де ізденуі, қабілетін жетілдіріп отыруы қажет. Осы тұрғыда ол шәкірттерін қатты қадағалап отыратын. Ол уақытта Шамғон аға Құр­манғазы атындағы мемлекеттік халық аспаптар оркестрін бас­қаратын. Бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі еді. Бағыма орай мен ұлы ұстаздың класында сабақ алып қана қоймай, оның қарамағында жұмыс істедім. 1978 жылы консерваторияны бітірдім де, Шамғон ағаның қасында көмекші дирижер болдым, әрі осы жылдан бастап өзім білім алған оқу орнында жас ұстаз болып қызметке қабылдандым. Аға ол кезде кафедра меңгерушісі еді. Шамғон – қазақтың дарабоз, марғасқа дирижері. Кон­серваторияның алғашқы қар­лығаштарының, яғни бірін­ші түлектерінің бірі. Ол халық әртістері, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты, әйгілі дирижеріміз Фуат Мансұров және Хабидолла Тастанов, Құбыш Мұхитов, қобызшы Фатима Балғаева, ғалым Болат Сарыбаев секілді азаматтармен бірге оқып, консерваторияны 1950-жылдары бітірген. Сол кезде қазақ музыка өне­рінің басында тұрған Ахмет Жұбанов осылардың бәріне қам­­қорлықпен қарап, бағыт-бағдар берген. 1945-жылда­ры кон­серваторияның студент­тер оркестрін жүргізетін А.Жұбанов студент Шамғонды қасына көмек­ші етіп, Құрманғазы оркестріне де ассистент дирижер еткен. Шәкең «Жиырма төрт жасымда Құрманғазы оркестріне бас дирижер болдым», дейтін. Скрипкада да, домбырада да, ди­рижерлікте де оқыған Шамғон Қажығалиев өте талантты тұлға еді. Құрманғазы атындағы оркестрдің жоғары деңгейге көтерілуіне Шәкеңнің ықпалы ұшан-теңіз. Жас дирижер болса да сол уақыттың өзінде көп еңбектеніп, жоғары жетістіктерге жетті. Ол уақытта бүкілодақтық конкурстар көп болатын, соларға қатысып, көптеген сыйлықтарға ие болған. 1953 жылы Бухарест қаласында өткен дүниежүзілік жастар фестивалін Шамғон басқарған оркестр алтын медаль алған. Фестивальда Сыдық Мұхамеджановтың «Шат­тық Отанын» және басқа да шығармаларын ойнаған. Ол кезде С.Мұхамеджанов консерваторияны енді бітірейін деп жүрген жас студент. «Шаттық Отаны» оның дипломдық жұмысына жазған шығармасы екен. Қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан дара таланттар қосыны осы кезеңдерде көрінген. Кеңес дәуірінде ұлттық оркестрлер санаулы еді. Ленинградта Андреев, Мәскеуде Осипов ор­кестрлері болды, одан кейін­гі үлкен оркестр Құрманғазы оркестрі еді. Алғашында Орта Азияда ешқандай оркестр болмады, бертін келе өзбек, қырғыз, түрікмен ағайындар оркестр жасақтады. Шамғонның ерекше атап өтерлік еңбегі, ол 1958 жылдары Құрманғазы оркестріне көп өзгерістер жасап, аспаптардың мүмкіндіктерін кеңейтті. Андреев оркестрінен үлгі ала отырып, көптеген жаңалықтар енгізді, тұтастай оркестрге реформа жасады. Қазір өзімнің де ұстаз болып, сабақ беріп келе жатқаныма қыр­ық жылдай болыпты. Алдымыз­дағы ұстаздарымыздың тәлімін осы күнге дейін еске түсіріп, шә­кірттерімізге сол бағытта дәріс беруге тырысамыз. Олардың әдіс­терін, тәрбиесін үлгі етеміз. Жас маман бір нәтижеге жету үшін ұстазын үлгі тұтуы керек. Ұлт­тық оркестрдің дирижерлері өз ұлтының төл шығармаларын, мәдениетін жақсы білуі керек. Қазақтың төкпе күйін, шертпе күйін, қазақтың барлық әуендерін, күй атасы Құрманғазыдан бас­тап, барлық күйлерді жақсы білу қажет. Күйдің құрылымы, тарихы болмысында болуы, алпыс екі тамырында ағып жатуы керек. Шамғон ағаның болмысында осылардың бәрі бар еді. Құрманғазының «Ақбайын», «Көбік шашқанын», Тәттімбеттің «Қосбасарын», Дәулеткерейдің «Қыз Ақжелеңін» ойнатқанда тыңдарманды тебірентіп жібе­ретін. Шығарманың қисынын кел­тіріп қоймасаң, ол күй сияқты болмай, үзік-үзік болып қалуы мүмкін. Шамғон дирижерлік еткенде кез келген күй, Түркештің «Қарабасы» болсын, мейлі Сей­тектің «Заман-айы» болсын, бәрі біріне-бірі жалғасып, тұтас бір дүниедей ағып жататын. Оның іс-қимылы, ишараты оркестрге түсінікті және айқын болатын. Залдағы адамдарға да әсер беретін арқалы дирижер еді. Оркестрді шиырып, ерек­ше ойнатып жіберетін. Сол оркестрдің құрамы басқа дирижерде басқаша ойнауы мүмкін, Шамғонда басқаша ойнай­тын. Құрамы ауыспайды, сол зал, сол акустика, сол аудитория. Бы­лайша айтқанда, сиқырлы күші бар сияқты. Жеке домбырашының бірі басқаша, екіншісі басқаша ойнайды ғой. Күй бір болғанмен, орындаушылық шеберлігіне қарайды. Ал дирижердің қолын­да оркестр бір аспап сияқты. Қобыз­шы қобызын, домбырашы домбырасын қалай ойнатса, дирижер оркестрдегі сексен адамды солай ойната білуі тиіс. Біз осының бәрін Шамғон ағамыз­дан үйрендік. Ол қазақша сөйлегенде өте таза, мәдениетті, әдеби сөйлейтін және орысша сөйлеген уақытта да өте сауатты еді. Ол кісінің сөз сап­тауы, шешендігі де жақсы, сөз қоры да мол еді. Мүсінші мүсінді саз бал­шықтан жасаса, дирижердің ісі де сондай. Бастауы бар, шарықтау шегі бар, оны аяқтауы бар. Шамғон Қажығалиев жан-жақты терең білім алған, кемеңгер дирижер. Операны да, симфонияны да, әлемдік классикалық музыканы да меңгерген. Құрманғазы академиялық оркестр болған­нан кейін үлкен ариялар орындалды, бұл оркестрмен үл­кен ғұ­ламаларымыз ән салған. Күләш Байсейітова, ағайынды Абдуллиндер, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Кәукен Кенжетаев, Бекен Жылысбаев Шамғонның басқаруындағы оркестрмен өнер көрсеткен. Әңгіме оркестрді көп жыл басқарғанында емес, оркестр деңгейін саты-сатысымен көтергенінде. Ол жылдары консерваторияға жастар музыкалық колледжде білім алмастан келіп түседі. Сондай дайындықсыз келгендердің өзін жоғарғы деңгейге көтерді. Шамғон аға басқарған уақытта ешкім ұжымнан мін таба алмайтын еді. Мейлі Хачатурянды, мей­лі Чайковскийді, мейлі Моцартты ойнасын, оркестр жоғары деңгейде болды. 1973 жылы Польша, 1974 жылы Чехо­словакия, 1975 жылы Франция, 1976 жылы Италия, 1977 жылы Грекия сияқты шетелдерде өнер са­парларында болып, жұрт­­­ты тәнті етті. Құрманғазы оркестрінің үні ерекше ғой. Орыс оркестрлерінде ысқышты аспаптар жоқ, ал бізде бар. Біз осындай ерекшеліктерімізді дұрыс пайдаландық. Кеңес дәуірінде мәдениетті қолдау жақсы болатын. Есептік концерттермен Мәскеуге жиі баратынбыз. Шетелдерге жоспарлы концерт сапарымен шығып отыратын едік. Шамғон ағаның атағын айтпай кетуге болмайды, Құдайға шүкір, ол еңбектерінің жемісін көрді. Жиырма алты жасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атанды, одан кейін халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болды. Ең үлкен жетістігі – Кеңес Ода­ғының халық әртісі атағын ен­шілегені. Сол кездегі КСРО композиторлар одағының төр­ағасы Т.Хрениковтің өзі бізге келіп, Құрманғазы ор­кестріне сүйе­мелдетіп, өзінің шығармасын ойнаған еді. Қазақтық дирижер­лік өне­­­рін биікке көтеріп, қазақ мә­де­ние­тіне үлкен үлес қосқан Шамғон Қа­жығалиевтің өмірден озғанына да бір жылдан асып барады. Оның өзі ортамыздан кеткенімен, елі үшін еткен өлшеусіз еңбегі, жарқын бейнесі халқының жү­регінде мәңгі сақталады. Біз ұлы ұстазымыздан алған өнегемізді кейінгі ұрпаққа жеткізіп, оның салған жолын жалғастыруды өз парызымыз деп білеміз. Жалғасбек БЕГЕНДІКОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі АЛМАТЫ