Бұл заң ең алдымен ауыл шаруашылығы мен ауылды көркейтуге бағытталған заң. Өзгерістер мен өсулер уақыт талабынан туындайды десек, жер заңына өзгеріс енгізу де уақыт талабы. Ғаламдық дағдарыстар келеді, кетеді. Бірақ елдің, мемлекеттің, қоғамның дамуы тоқтамауы керек. 2050 жылға дейін дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосыламыз деп отырмыз. Ұлттық меншігіміз, ұлттық байлығымыз – кең-байтақ жерімізді ел игілігіне жаратып, тоздырмай, қуратпай, толыққанды игере алмай отырып, сол 30 елдің қатарына қалай қосылмақпыз, қалай «Мәңгілік Ел» болмақпыз?
Америка, Азия мемлекеттерін былай қойғанда, халықаралық деңгейдегі түрлі ғылыми форумдарға қатыса жүріп, Еуропаның түгелге жуық елдерінде болып қайтыппын. Қай елінде болсаң да айналаң жап-жасыл, мұнтаздай таза. Тіпті, үлкен қалалардың арасындағы шақырымдарда шаңы аспанға шығып, жабайы жатқан алақандай жердің жоқтығына таңғалып, көз алдыма ұшы-қиырсыз, ана басынан мына басына дейін қараусыз қалып, жетімсіреп, күтусіз жатқан далиған далам елестеуші еді. Әрине, Еуропаның қоңыржай климатының да рөлі зор. Ондағы халықтың алақандай жерлерін аялауға да мүмкіндіктері мол шығар.
Дегенмен, барын ұқсата біліп, елдің игілігіне жарата білу адам факторына кеп тірелері хақ. Найзаның ұшымен, білектің күшімен, ержүрек бабаларымыздың қасықтай қанының құнымен сақталынған жерімізді аялайтын алақандарға сеніп тапсырмасақ жердің тозғаны тозған, қурағаны қураған. Күтілмесе құнарлы жерлеріміздің өзі құмға айналып кетпей ме? Қай заманда болса да қазақтың жері қазақты емізуі керек. Қазақ ашықпауы, қазақ тарықпауы керек. Қазақтың жері қазаққа қызмет етуі керек.
«Шөп қорыған иттің» ұстанымымен «ойбай, жерді сатып жібергелі жатыр екен!» деп байбалам сала бермей, байыппен мәселеге бойлап көрейікші. Бос жатқан жер текке жатқанша пайда әкелуі тиіс. Пайда әкелуі үшін оған тер төгілуі керек, қаржы салынуы керек. Ол үшін істің көзін табу керек. Әрине, жер бүкіл қазақстандықтардың, қазақтың ортақ меншігі, ортақ жері, ортақ мекені. Ортақ екен деп 17 млн. халық теңдей бөліп алдық дейік. Бірақ, «баяғы жартас сол жартас» күйінде, қаңыраған жер қаңыраған күйінде қала бермей ме? Одан да жердің жағдайын, бабын білетіндер, ауылшаруашылық техникасы бар, жұмыс күшін ұйымдастыра алатындар сатып алып, қаржы салып, қаталап жатқан ен даладан су шығарып, егінін егіп, өнімін алып, елді тойдырсын, шетсіз-шексіз, сусыз қу даламыз көк майсалы көкорай алқапқа айналсын. Кәсіпорындар салынып, жұмыс орындары ашылсын. Үйсіз-күйсіз жүрген халыққа үй салсын, жаңа елді мекендер ашсын. Өлі далаға тіршілік әкелсін. Сонда ауыл-ауылда жеке шаруашылықтың көзін таппай, не қолы қысқа болып, кемпір-шалдың зейнетақысын аңдып отырған талайдың екі қолына бір күрек те табылар еді. Бірақ, мұның бәрі, әрине, заңның аясында болуы тиіс. Сатып алуын алып, әйтеуір көңілі тоқ, жеке меншігім бар деп тыр-тыр қасынып, жерді игермейтін «қожайындардан» жерді мемлекетке қайтарып алатындай да заң шығарып қою керек.
Ал енді шетелдіктерге 25 жылға жалға беру мәселесіне келсек, өз еліне симай жатқан кейбір ұлттарды қаптатып керегі жоқ. 25 жылда тамыры ажырықтың тамырындай тереңге кетіп, елді «арамшөптен» тазалай алмай қаламыз ба деген қауіп те жоқ емес. Одан да жерді жалға алып игеремін десе ТМД елдеріндегі ағайындарға берген оң болар. Өзіміз оңтүстікте тұрғандықтан өзбек ағайындардың өлермен еңбекқорлығына тәнтімін. Кез келген жерді гүлдендіріп, жайқалтып жібереді. Өйткені, диқаншылық олардың қанмен келе жатқан атакәсіптері.
Сол сияқты алыс-жақын шетелдерден, мәселен, Түркиядан, Өзбекстаннан, Қытайдан т.б. елдерден көшіп келіп жатқан оралман қандастарымыздың көбі жердің бабын білетін, ауыл шаруашылығының майын сорып, жілігін шағып келгендер. Сатып алатын ақшалары жоқ болса, оларға және «қолымнан іс келеді» деген тұрғылықты халыққа жеңілдіктермен жалға беру керек. Келешекте тірліктері алға басып жатса өздері-ақ сатып алады.
Қорыта айтқанда, ешқандай мүдде ұлттық мүддеден жоғары тұрмауы тиіс. Қатардағы қазаққа қазақтың жері қандай қымбат болса, Үкімет басындағы қазаққа да сондай қымбат деп сенемін. Жер – киелі дүние. Оны шетелдіктерге сатсақ жердің де киесі ұрады, әруақтар да кешірмейді. Шетелдіктерге сатайын деп жатқан да ешкім жоқ. Өйткені, жер біздікі, қазақтікі. Сондықтан сабыр сақтайық, ағайын.
Спандияр БЕКЖІГІТОВ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігері,
медицина ғылымдарының докторы
Оңтүстік Қазақстан облысы