02 Ақпан, 2011

Адамның бір міні – мінезсіздік

1902 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Мінез  дегеннен  шығады, АДАМ­НЫҢ мінезі өмірде көп нәрсені шешіп, өзгертіп, тіпті тағдырына, өміріне ерекше әсер етіп жататыны белгілі. Менің бір ескі танысым: – Мен қанға сіңген тік мі­незімнің тақсіретін тартып жүр­мін. Тіпті одан осы күнге дейін «таяқ жеп жүр­мін» десем де болады. Басқа­лар сияқты ойға келген пікірімді сырт­қа шығар­май, бүгіп қала  ал­май­мын, бетке айтамын. Несін жасырам, оны өзің де білесің ғой, ақты – ақ, қараны қара деп тура айтудан еш тайынған емеспін. Ол мінезім біреуге жағады, ал біреуге жақ­пайды. Менімен қызметті қатар бастаған, мінездері жұртқа жайлы жігіттер еңбек сатысымен тез-ақ көтеріліп, қазір бір-бір мекеменің бастығы болып, айдарларынан жел есіп жүр. Ал мен болсам, баяғы қызметте тапжылмай онда­ған жыл отырмын. Оған ренжисің бе, әлде ренжімейсің бе? Менің көңілге түйгенім, тік мінездік адамды алға сүйремейді екен. Тәңір сыйлаған, сүйекке сіңген мінезді өзгерту қиынның қиыны көрінеді. Сірә, енді оны өзгерте де алмаймын-ау... Өле-өлгенше сол мінез. Оған не амал бар? – деп ауыр күрсінген. – Менің білуімше, өмірде мі­нез­дің «тақсіретін» көргендер­дің бірі бәріміз білетін майдангер-жазушы Баукең, Бауыржан Мо­мышұлы емес пе еді?! Егер өзіне тән тік мінезі болмаса, ол баяғы­да-ақ генерал, Кеңес Одағының Батыры болар еді ғой. Мінезімен, бірбеткейлігімен, намысшылды­ғы­мен кейбіреуге жақпай, өзіне тиісті жоғары лауазымды қызмет­тен, атақтан, марапаттан шет қал­ған жоқ па?  Бірақ халқы оны сол өжеттігі, намысшылдығы, ешкімге басын имегені үшін, өз халқы­на, еліне деген ерекше махаббаты үшін сүйді, сыйлады, құрметтеді, ардақтады. Кеш болса да көптің тілегімен оған батыр атағы берілді. Бұл күндері оның есімімен мек­тептер, көшелер, әскери  училище аталады, бірнеше қалаға (Ас­тана, Тараз) ескерткіштер ор­на­­тыл­ды. Оның дүниеге келіп, кіндік қаны тамған Жамбыл об­лысы Жуалы ауданының орта­лығы бұ­рынғы Боранды (Бурное) ауылы қазір Бауыржан Момыш­ұлы аты­мен аталады. 2010 жыл­дың ба­сын­да Ресейдің астанасы Мәскеу қаласындағы бір мектепке Бау­кең­нің аты беріліп, «Леген­дарный Батыр» деген кітап баспадан шық­ты. Бірбеткей, шәлкес мінезіне қарамай, атқарған ісі, хал­қына деген сүйіспеншілігі, отан­сүйгіш­тігі Баукеңді елге сыйлы етті, халқы оның атын көзі тірі кезінде-ақ  аңызға айналдырды, – деп мен де әлгі танысыма мінез туралы  өз  пікірімді жеткіздім. – Жұрттың бәрі Бауыржан емес қой. Әрі ол кісінің өмір сүрген заманы басқа бо­латын, – деген әлгі кісі енді жастар тәрбиесіндегі олқылыққа қарай ойысқан. Мұны қалай айтпайсың енді деді. Онысы рас, қазіргі біраз жас­тардың білімнің қадірін бағалай алмай, дүние қууды алдарына мақсат етіп, ақша табуды ман­сапқа айнал­дыр­ғаны қынжыл­тады. Шіркіндер­дің бәрі кәсіпкер, қаржыгер болса, сонда басқа жұмысты кім істейді?  Олардың бар есіл-дерті бір теңгені екі теңгеге, жүз теңгені мың теңге­ге айналдыру. Өмірдегі құнды­лық­тың барлығы олар үшін ақшаға барып тіреледі. Рухани дүние олар үшін мүлдем керек емес. Ақша жүр­ген жерде арам пиғыл көп. Баюды ғана көздеу жақсы­лыққа апар­май­ды. Соны сезінбейтіндері, құл­қын құмар мінездері, ашқарақ пейілдері  көпшілікке  жұм­бақ  дү­ние. Тіпті, оларды тү­сі­ну  қиын, кей­де оларды  шы­ны­мен-ақ  аяйсың... Бүкіл әлемге атақ-даңқы кең та­ра­ған Александр Македонский өлер алдында: «Менің екі қолым­ды табыттың екі жағына шыға­рып кө­міңдер. Халық менің о дү­ниеге еш­те­ңе алмай, бос кетіп бара жатқа­нымды көрсін»,  депті  дейді бір аңызда. Жиған-терген мол дүниең, қабат-қабат әсем үй-жайың,  масайрап мінген сүліктей темір тұл­па­рың, сан жетпейтін ақшаң... бар­лығы, барлығы бұл жарық  дү­ние­ні­кі екенін ұққан жөн. Байлықты ешкім өзімен бірге алып кетпейді. Өмірде болып жатқан сан түрлі өзгерістер мен қоғамдық құ­бы­лыс­тар жайлы жиі ой бөлісе­тін заман­дасым, тараздық жазу­шы Несіпбек Дәутайұлы жазған «Мінез» деген әңгіме есіме жиі түседі. Ағайынды екі жігіт қу тірліктің жетегінде жү­ріп, бірін-бірімен араға 4-5 жыл салып кездеседі. Дастарқан басын­да екеуі­нің арасындағы әңгіме желісі әр адамның жеке мінезі жайлы өрбіп, «Біздің түбімізге сол... мінез жетеді» деген ағасына Хакімжан інісі өзінше ақыл қоспақ бо­лып,  әң­гімені әрі қарай тарқа­тып әке­теді. Мінездің өмір­­­де пайдасы мен зияны жайлы пікір ал­ма­са­ды, өт­кен күн­­дерді еске алады. Ымы­ра­ға, келісімге келмей қисайып, кертарт­па­лыққа бой ұру кейде адамның бо­ла­шағы­на едәуір әсер ететіні,  яғни қырсығып, қасары­сып алатын мінез, оның  кесірі  жайлы, шындық­ты айтам деп ағайынға жақпай, енді пәленбай уақыт жұмыссыз сенделіп жүрген ағасы туралы сөз болады. «Тұрып терезеден сыртқа көз салып еді. Ағасы қораның алдын­да қаздың жүнін бұрқыратып жұ­лып жатыр. «Біздің ана  өлген қаздан қан­ша айырмамыз бар», деп ойла­ды Хакімжан. Жабыла жүн­дей тү­тіп, жалаңаштап жатыр ғой. Құдай­дың құдіреті: қия баспа, дауы­сыңды шығарма. Демек, көр­сет­пе кім екеніңді. Бұғасың ба, қашасың ба, әйтеуір, өзіңді өзіңе тығып қой. Сонда өзіңе-өзің тығып қойып та өмір сүре ала ма адам? Ол қандай өмір? Несі тірлік? «Емес!» – деп күбірлеп қалды Хакімжан. – Емес! Біздің сырымыз сол еместі айдай әлемге айғай салып айта алмай, өзімізді өзімізге тығып тастап, тірі жүре беретін мінезсіздігімізде. Солай...» дейді жазушының кейіпкері. Иә, мінезсіздік, ойлап отыр­саң,  адам үшін үлкен қасірет. Адам болғаннан соң әркімнің өз ойы, өз пікірі, байламы, түйсігі болғаны жақсы. Ойсыз, пікірсіз, айтарға аузында сөзі жоқ адам айдауда  жүрген тірі жанға, тек өзі үшін тіршілік етіп жатқан қауқар­сыз жай пендеге айналады. Ой­сыз, жігерсіз, білімсіз, мүләйімсіп өмір кешіп, қор болады. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, жалпылдап, жағымпазданып, біреуге қолжаулық болып тіршілік ету нағыз бейшаралық, тіпті, мүсәпірлік деп ұққанымыз жөн. Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Тараз.