04 Маусым, 2016

Биікке бастаған баспалдақ

988 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
7 001-2Бұлақ бастаудан, жылғалардан басталып бара-бара арнасы кеңейіп, өзенге барып құяды. Өзен де жол-жөнекей мың-сан бұлақтармен молайып, айдынға барып қосылады. Кейде көпті көрген қарияға ұқсап ой түбіне батып, үнсіз жататын айдын көл жел шайқаса толқып, тебіреніп шежірелі қарттай «сөйлеп» қоя береді: ғасырлар қойнауынан ой толғап, оны айналасына толқындардың сарыл-гүріл тілімен сыр қып, жыр қып айтып жататын сияқтанады. Мен бүгінде жасы 75-ке толып отырған елімізге белгілі қайраткер Тельман Еркінбекұлы Сауранбековпен әңгімелескенде осы сурет көзіме елестеді. «Адам – сөйлескенше, жылқы – кісінескенше» дейтін аталы сөз бар қазақта. Ал әр адам – өзінше бір әлем. Сол әлемді тану, әлгі адамның кім екенін білу үшін оның өзімен сөйлесіп, сұхбаттасқанға не жетсін?! Туған жер – тұғырың Халық арасында Бауыржан Момышұлы туралы аңызға бергісіз әңгімелер айтыла қалса, оның өмірлік достары, белгілі қаламгер Құрманбек Сағындықов пен Еркінбек Сауранбековтің есімі де қатар аталады. – Осы үш азаматтың достығы туралы білгің келсе мына жолдарды оқы, – деп Тельман Еркінбекұлы Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» деп аталатын естеліктер кітабының өзі белгілеп қойған бір бетін маған көрсетті. «...– Күні бүгінге дейін бір жағдайға таңданам, – деп басын шайқап қойды атам. – Баяғыда, мен Жуалыда райкомда істеп жүргенде, Еркінбектің үйінде тұрдым.  Еркінбек Құрманбек екеумізден екі-үш жас үлкен болатын. Бірақ біздің сырлас, қимас дос болуымызға оның әсері тиген емес. Кеудемізді арман мен тілек кернеген жас кезіміз, басымыз біріксе-ақ алдағы күнімізді армандап, жорамал жасаймыз. Сонда Құрманбек «мен журналист боламын» дейді. Мен «әскери адам боламын» деймін. Еркінбек екеумізге қарап күліп қойып: «Ниеттеріңе жетіңдер, армандарың алдарыңнан шықсын, екеуің сыртта жүргенде біреуіміздің ауылда қалғанымыз жөн. Сондықтан мен осында қалып, ауылдың белсендісі болайын» дейтін. Осы  айтқандарымыз айнымай келді. Еркінбек марқұм өмірінің соңына дейін Жуалы ауданында партия, совет қызметінде болып, адал тер төкті. Құрманбек болса белгілі журналист, жақсы аудармашылығымен танылды. Өзің білесің Александр Бектің «Арпалысын» ойдағыдай аударып, қазақ оқырманына жеткізді. Үшеуміздің достығымыз ертеден басталып, талай асудан асты»... (З.Ахметова, «Шуақты күндер», А., «Жалын», 1987, 253-бет). Осы тұлғалардың дәстүрі балалары Бақытжан, Кеңес, Тельмандардың, онан өтіп немерелерінің достығымен жалғасқаны да таңғаларлық жәй. Бұл шынында да аға ұрпақтың өшпес өнегесінің жемісі. Бауыржан Момышұлымен өмір бойы дос болып, сыйласып өткен Еркінбек Сауранбекұлы ауылдағы мектепті, сонан соң Жамбыл қаласындағы мұғалімдер даярлайтын курсты, Қызылордадағы кооперативтік курсты бітіріп, мұғалім, кооператив қызметкері, аудандық милиция бөлімінің бастығы, колхоз төрағасы, мектеп директоры лауазымдарын атқарған кісі. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанған Еркінбек Сауранбеков 1943 жылы алапат шайқаста ауыр жараланып елге қайтады. 1944 жылы Жуалы аудандық атқару комитетіне жауапты хатшы қызметіне шақырылды. Бір-екі жылдан соң ауатком төрағасының орынбасары, төрағасы лауазымдарына көтерілді. Жуалы өңірінде Еркінбек Сауранбековтің азаматтығы, қайраткерлігі, елге істеген жақсылықтары туралы аңызға бергісіз әңгімелер қазірге дейін айтылып келеді. Алғашқы қадамдар Сынап сынды сырғыған уақыт сияқты өмір де үнемі қозғалыс, қимыл, жылжу, құлдилау, өрлеу үстінде өтеді. Алдан бел-белестер, асулар, қиялар кездеседі. Биіктен-биікке адам сатылап жылжиды. Тельман да тіршілік үдерісінде асқаралы асуларға өмір баспалдақтарымен өрлепті. – Ұлы Отан соғысынан ауыр жарақат алып елге оралған менің әкем Еркінбек Сауранбеков Жуалы аудандық атқару  комитетіне жауапты хатшы болған соң біз аудан орталығы – Бурный селосына көшіп келдік. Мен сонда 4 жасымда балабақшаға бардым. Құрманбек Сағындықовтың ұлы Кеңес те менімен бірге осында тәрбиеленді. Япырай, елімізде алапат соғыс жүріп жатқан осындай қиын кезде балабақшаның жұмыс істеп тұрғанына мен қазірге дейін таңғаламын, – деп бастады әңгімесін Тельман Еркінбекұлы. – Бақшадан кейін Бурный орыс орта мектебінің 1-сыныбына бардым. Ол кезде аудан бойынша жалғыз орта мектеп осы ғана, басқа ауыл мектептерінің бәрі 7 жылдық. Біздің мектепте бір мыңнан аса бала оқыды. Көпшілігі орыс, украин, неміс, чешен балалары, қазақтар санаулы ғана. Орысша оқимыз, тәрбиеміз де орысша. Бірақ, үйде қазақша сөйлеп, қазақша тәрбиеленгендіктен мен қазақы қалпымды сақтап өстім. Иә, 1957 жылы орыс орта мектебін бітірген Тельман аудандық Пионерлер үйіне әдіскер болып жұмысқа орналасты. Келесі жылы ҚазМУ-дің  филология факультетіне  түсіп, екінші курстан кейін Абай атындағы ҚазПИ-дің  сырттай оқытатын бөліміне ауысты. Отбасылы болған соң жұмыс істеу керек. Алматы қаласы Совет аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен пио­нер лагеріне тәрбиеші болып келді. Күзге салым Алматы қаласының сол кездегі Совет аудандық комсомол комитеті оны №6 мектеп-интернатқа пионер вожатый, тәрбиеші етіп жіберді. Мұнда да Тельман өз жұмысын көрсете білді. Осы сынақтан өткен соң 4-5 айдан кейін аудандық комсомол ұйымының басшылығы Тельманды Совет аудандық комсомол комитетінің мектеп, комсомол және пионер ұйымдары бөлімінің меңгерушісі етіп бекітті. Оның бұл жұмысқа қалыптасуына сол кездегі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Болат Баталовтың ұстаздық қамқорлығы көп болды. Алматы қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Ғайникен Бибатырованың ақыл-кеңесі де оны шыңдай түсті. Алматы облыстық селолық комсомол комитетіне (ол кезде селолық обком болатын) нұсқаушы, артынша бөлім меңгерушісінің орынбасары болған кезеңдерінде осы қызметте жүріп Алматы, Жетісу, Талдықорған өңірінің бүкіл атырабын аралап, жер көрді, ел таныды. «Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боларсың» дегендей, қызмет істеп, елмен араласу арқасында көргені, білгені көбейді.Үш жыл осы қызметте шыңдалған ол 1965 жылы Совет аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Бұл жұмыста қабілет-қарымы жарқырап ашылған Тельман Сауранбеков 1968 жылы Алматы қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып барды. Бұрын қаладағы бір ғана аудан аумағында жұмыс істесе, енді осынау алып шаһардағы бүкіл аудандардың, үлкен-үлкен кәсіпорындардың, жоғары оқу орындарының, мектептердің, өнер, мәдениет ордаларының жастарына тікелей басшылық ететін болды. Республика ғана емес, БЛКЖО Орталық Комитетімен де тығыз байланыста жұмыс істеді. Жалынды комсомол жетекшілері Өзбекәлі Жәнібеков пен Ғибатолла Мырзағалиевтің тәрбиесі мен ықпалы Тельманды жас қырандай түлетті. Мәскеудегі үш жыл «Адам өз бақытын өзі жасайды» деген рас сөз ғой деймін тегінде. «Жақсылық көрсең – өзіңнен, жамандық көрсең – өзіңнен» деп дана халқымыз айтқандай, шынында да, өмірде көп нәрсе өзіңе байланысты болады. Тельман Сауранбеков өз бақытын өзі тапқан, өз тағдырын өзі жасаған бірегей азамат. «Отызында орда бұзбаған қырқында қыр аспайды» дегендей, отызға келгенше талай биікті бағындырған Тел-аға өмір асуларынан тек өзінің ақыл-ойымен, білім-білігімен, қабілет-қарымымен, іскерлігімен, еңбекқорлығымен, талабымен жеткен қайсар жан. Алматы қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып  қызмет істеп жүрген кезінде Мәскеуден келген БЛКЖО Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Евгений Тяжельников Тельман Сауран­бековтің жұмысымен танысып, сөйлеген сөздерінің терең мәнін бірден танып білген-ді. 1969 жылы «Тәрбиесі қиын жасөспірімдермен жұмыстың жайы туралы» есеп беру үшін БЛКЖО Орталық Комитетіне  шақыртылған Тельман әуелі хатшы Г.Елисеевтің қабылдауына барып, есеп беруге келгенін айтқанда ол кісі мұның сөзін жүре тыңдап, ұзын дәлізбен дедектете жөнелген. Үлкен емен есіктің алдына келіп тоқтағанда байқады, бұл БЛКЖО Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Е.Тяжельниковтің кабинеті екен. Табалдырықтан аттағанда үлкен кісі мұны күлімсіреп қарсы алды. Жүзі жайдары. – Тельман Еркінбекович, біз Сізді БЛКЖО Орталық Комитетінің аппаратына қызметке алғалы отырмыз. Ертең сағат 10-да Орталық Комитеттің бюро мәжілісінде бекітіп жібереміз, – деді Евгений Михайлович сөзге келмей. Мұның есеп беруге келгенімен ешкімнің шаруасы болған жоқ, есеп жайына қалды. Бюро мәжілісінде БЛКЖО Орталық Комитеті аппаратының жауапты  ұйымдастырушысы қызметіне бекітілді де кетті. Алматыда бала-шағасы бар, Мәскеуде қалу ойына келмеген Тельман Сауранбеков елге қайтқан соң бірден Алматы қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Федор Мочалинге барып: «Жасым 28-ге келді, әйелім, екі балам бар, Мәскеуге бармай-ақ қойсам қайтеді», – деп өтініш білдірді. Ф.И.Мочалин дереу облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына телефон соқты. – Асанбай Асқарович, біздің қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Тельман Сауранбековті Мәскеуге шақырып, БЛКЖО Орталық Комитетінің аппаратына қызметке тағайындап жіберіпті. Бұл енді бармасам қалай болар екен деп отыр, –деді. «Маған келсін» деді аржақтағы дауыс. – Айналайын, мұның болмайды, – деді Асанбай Асқаров бұл келіп сәлемдескен соң. – Мәскеудегі әлгі жұмысқа қойса дөңгелетіп әкететін білімді жігіттер толып жүр. Алайда, комсомол Орталық Комитетінің басшысы партияның ұлт саясатын ұстанып, ұлт аймағынан келген сені әдейі таңдап отыр. Ол жерде Кеңес Одағы аймақтарының комсомол-жастарымен жұмыс істеу арқылы көргенің көбейеді, рухани толысасың. Ғани Мұратбаев болған жерге баратыныңды ұмытпа. Керек болған кезіңде біз өзіміз-ақ сені шақыртып ала қоямыз, – деп А.Асқаров бұған ойлана қарады. Мәскеуге аттанып кетті. Жұмысқа кірісті. Көп ұзамай пәтер алып, отбасын көшіріп әкетті, баласын – мектепке, қызын – бақшаға орналастырды. Орталық Комитет Тельман Сауранбековтің қадағалауына Ресейдің Брянск, Смоленск, Рязань сияқты үш облысын бөліп берді. Соңғы жылдары Ярославль облысы мен Чуваш АКСР-ін қосты. Мәскеуде қызмет істеген үш жылда, ұлан-байтақ Ресейдің бірталай аймақтарын аралап, елдің тұрмысын, қалалары мен деревнялардың жағдайын өз көзімен көріп, ой түйді. Ал комсомол жұмысынан үйренгені қаншама?! Қазақстан жастарының жетекшісі Бір күні Ярославльде қызмет бабымен жүрген жерінен БЛКЖО Орталық Ко­митетінің хатшысы Елисеев телефон шалды. – Тельман Еркінбекович, сені Алматыға, Қазақстан комсомолы Орталық Комитетіне хатшылыққа шақыртып жатыр. Өзің шеш, барам десең өз еркің, бармай осында қалам десең жұмысыңды істей бер, – деді Елисеев бұған ой тастай сөйлеп. – Әрине, барғаным дұ­рыс шығар,– деді Тельман Еркін­бекұлы. Бұл 1972 жыл болатын. Қазақстан  Компартиясы Орталық Комитетіне келіп еді, ұйымдастыру – партиялық  жұмыс бөлімінің меңгерушісі Оразай Батырбеков мұны бірден бірінші хатшы Д.А.Қонаевтың алдына алып барды. – Айналайын, біраз өмірді көріпсің, тәжірибе жинапсың. Біз енді саған Қазақстан комсомолы Орталық  Комитетінің идео­логия жөніндегі хатшысы лауазымын тапсырғалы отырмыз. Бұл өте жауапты жұмыс. Сенің қабілетің жетеді деп сенеміз. Ертең Пленумда бекітеді. Табыс тілеймін, – деді Д.А.Қонаев... Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы болып қызмет істеген жылдарында көптеген игілікті іс-шаралардың ұйтқысы болды. Әсіресе шығармашыл жастармен жұмыс істеу оның жанын шуаққа бөлейтін. Екі жылда бір өткізілетін жас-ақын жазушылардың республикалық семинар-кеңесіне облыс-облыстардан жас таланттыларды тауып, жинау арқылы Жазушылар одағына өлшеусіз көмек көрсетті. Көптеген талантты жастардың Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын алуына ықпал етті. «Дос-мұқасан» эстрадалық ансамблі, «Алматының жас балеті» дүниеге келіп, жас таланттардың өнер әлеміне шарықтауына жол ашты. Бүкілодақтық мәні бар әскери-пат­риот­­тық «Әкелер даңқты жолымен», ауыл мәдениетін қолдауға арналған «Комсомол. Мәдениет. Ауыл» шаралары Т.Сауранбековтің бастауымен Қазақ­станда өте белсенді және мазмұнды өтті. Партиялық шыңдалу 1976 жылы Тельман Сауранбеков қалалық партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Алматы – республиканың астанасы әрі алып шаһар. Шығармашылық ұйымдар, өнер және ғылым ордалары, жоғары оқу орындарының көпшілігі, ірі-ірі өнеркәсіп орындары осында. Білім беру, денсаулық сақтау мекемелері де жеткілікті, олардың бәрін назарда ұстау керек. Жұмысшылар мен интеллигенцияның, әр алуан ұлт өкілдерінің ең көп шоғырланған жері де – Алматы қаласы. Сондықтан  Т.Сауранбеков идеологиялық жұмысты барынша жандандыруға тырысты. Қалалық партия комитеті обкомға бағынғанымен, Қазақ­стан Компартиясы Орталық Комитетінен тікелей тапсырма алып отырады. Алматы астаналық қала болғандықтан бүкілодақтық, респуб­ликалық іс-шаралар өткізу, қаланың ме­рекелік безендірілуі, идеологияландырылуы мұның жауапкершілігінде. 1980 жылы елімізде кеңінен атап өтілген Қазақ КСР-і мен Қазақстан Ком­партиясының құрылғанына 60 жыл толуына арналған салтанатты жиынға СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Леонид Ильич Брежнев бастап, бүкіл 15 республиканың бірінші хатшылары басқарған делегациялары келді. Алматы қалалық партия коми­тетінің идеология жөніндегі хатшысы болып үз­діксіз 8 жыл атқарған  Тельман Еркінбекұлы осы жылдары қалалық партия комитетінің 5 бірінші хатшысымен жұмыс істеді. Олар: Федор Мочалин, Петр Ерпилов, Тауфик Мұхамед-Рахимов, Әнуар Жақыпов және Ақан Қойшыманов болатын. Әрине, бес басшының мінез-құлқы, адамгершілік деңгейі, ұйымдастырушылық қабілеті, жұмыс стилі бес түрлі. Бірақ Тельман Еркін­бекұлы бәрімен де тіл табыса жұмыс істеді. Жаңа белестер Горбачевтік «Қайта құру» басталып, демократияның жылымық лебі біліне бастаған кез. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті аппаратынан ашылған шетелдермен байланыс бөліміне Т.Сау­ранбеков меңгеруші болып тағайын­далды. Жаңа ашылған бөлімде жұмыс шаш-етектен. Шетелдіктермен байланыс мәсе­лелері де сан қырлы. Социалистік елдердің Үкімет басшылары бастаған делегациялар Қазақстанға ат ізін сала бастады. Шетелдік туристер көбейді. Туризмнің күрт дамуына байланысты Туризм агенттігі құрылды, шетелдік туристерге арнап «Отырар» қонақ үйі салынды. «Шетелдерден келген бірде бір қонақ ескерусіз қалмасын, Қазақстанмен таныссын, баратын облыстарына апарыңдар, тиісті жағдай жасап, қонақжайлылық таны­тың­дар» деген Д.А.Қонаевтың тапсырмасы бойынша Орталық Комитеттің Шетелдермен байланыс жөніндегі бөлімі Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігімен, туристік агенттігімен бірлесе жұмыс істеді. Сөйтіп Тельман Сауранбеков Қазақ­­станның шетелдермен байланысын нығайтуға өзіндік үлес қосқан қайраткер. КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Дін істері жөніндегі кеңестің Қазақ республикасы бойынша өкілі болған жылдары еліміздегі дін істері жаңа арна тартып, жүйеге түсті. Мәскеудің қарсылығына қарамастан сол кездегі Қазақ КСР Министр­лер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен Алматыда жаңа мешіт құрылысын бас­таса, Орта Азия мұсылмандары діни басқармасынан оған қарайтын Қазақстан қазилығын бөліп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын – мүфтилігін ашуға қол жеткізілді. Еліміз 1990 жылдан бастап президенттік басқару жүйесіне көшті де, сәуір айында Н.Ә.Назарбаев ел Президенті болып сайланды. Президент Аппараты жасақтала бастады. Т.Сауранбековке Президент Н.Назарбаев аппараттың азаматтарды қабылдау және хаттар бөлімінің меңгерушісі болуды ұсынды. «Бұрын мұндай жұмысты атқарып көрмеген едім, қалай болар екен», деп қобалжып еді, «Қазіргі уақытта бұл өте жауапты әрі керек жұмыс. Қазір партиялық органдарға ешкім шағымданбайтын болды. Мұң-мұқтаж, шағымдарын Президентке, тікелей маған жазып жатыр», – деп Елбасы салмақ сала сөйлеген соң келісімін берді. Шынында да, қабылдауға келгісі келетін азаматтар да, пошта арқылы жөнелтілген хаттар да көп екен. Нұрсұлтан Әбішұлының қабылдауға келгендерді жылы жүзбен қарсы алып, сөздерін мұқият тыңдап, тиісті ведомстволар арқылы мәселені әп-сәтте шешіп тастайтын іскерлігі Тельман Еркінбекұлын таңғалдыратын. Шешуі қиын мәселелерді министрліктерге, тиісті мекемелерге жүктейді. Т.Сауранбеков аппарат басшысымен бірге бұл мәселелердің оңды шешілуін қадағалап, өтініш иелеріне уақытында жауап жазып жатады. Президент аппаратындағы үйренген бұл жұмыс ол ҚР Парламенті Сенаты аппаратының жалпы бөлімін басқарған жылдарында да кәдеге асты. Ұстаздар ұлағаты Тельман Еркінбекұлы өмірде өзінің жеткен жетістіктерін ұстаздарымның арқасы деп біледі. Ұстаз дегенде ол әуелі Д.Қонаев пен А.Асқаровтың есімін ыстық ықыласпен еске алады. Белгілі қайраткер Өзбекәлі Жәнібековке деген құрметі де айрықша. Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен қызмет бабында аралас-құралас болған кездері ұмытыла қоймас, сірә. Десек те, әкесінің досы, өзі өмір бойы папа деп өткен, даңқты Бауыржан Момышұлы тәрбиесінің де жөні бөлек еді. Баукеңнің қатал да жігерлі тәрбиесі Тельман Еркінбекұлын адалдық пен азаматтыққа баулыды. Ұзақ жылғы ерен еңбегі ескеріліп, екі мәрте «Құрмет  белгісі» орденімен, көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Өткен жылы «Жуалы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. ...Жылдар үдерісінде бұлақ болып басталып, дарияға айналған Т.Е.Сауранбековтің өмірі – өнегелі өмір. Мырзахан АХМЕТ, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі  Алматы