Шалқар көлі. Батыс Қазақстандағы бұл табиғат сыйы қазір мүшкіл халде. Жабайылық пен иесіздіктің үлгісін көремін десеңіз, осында келіңіз. Бір қынжыларлығы – соңғы 15-16 жылдың төңірегінде облыс тізгінін ұстағандар негізгі қызметтеріне дендеп кіріспей жатып Шалқар көлі маңайын абаттандыруды қолға аламыз, оны шетелдік туристер мен демалушылардың үлкен сұранысын туғызатындай деңгейге жеткіземіз деген сарындағы құрғақ сөзден бастаған. Сөйтіп, бастамай жатып тастаған. Осылайша, іс пен сөз қабыспай, оның соңы сиырқұйымшақтанып, су аяғы құрдымға кетіп тынуда.
Тіпті, осыдан екі-үш жыл бұрын Шалқар көлі аумағын Бурабай деңгейіндегі курорт жасау жөніндегі жобалар жасалып жатқандай күй кешкеніміз де рас. Сол кезде облыс басшылығында болғандар Шалқар көлін 2050 жылдарға таяу халықаралық деңгейдегі сервистік қызмет өте жоғары дамыған баламасы жоқ туристік орталыққа айналдырамыз деген. Осындай сипаттағы әңгімелер жергілікті БАҚ-тарда бірінен соң бірі беріліп жатты. Бірақ нәтиже болмады.
Рас, жаз кездерінде Шалқар көлінің жағасында орналасқан Сарыөмір ауылының тұрғындары демалушыларға арналған киіз үйлер тігіп жүр. Бұған күнкөрістің қамы дегеннен артық ештеңе айта алмаймыз. Өйткені, әлгі киіз үйлерде ең қарапайым деген санитарлық ережелер мен нормалар сақтала бермейді. Дәретхананың жай-күйі бұдан да сорақы. Оның өзі тұрғындарға жетпейді. Ілуде біреу-ақ.
Оның үстіне соңғы жылдары Шалқар көлінің суы бұрынғы таза, мөлдір күйі мен келбетін жоғалтып, үнемі ластанып тұрады. Әсіресе, көлдің жағалауы күлгін-жасыл түске еніп, қоюланып, лайланып тұратыны оған демалуға келген ел-жұртты біраз абыржытуда. Мұндай көрініс соңғы жылдары қалыпты үрдіске айналды десе де болғандай. Әрине, су құрамында бактерия мен микробтар, адам денсаулығына қауіп төндіретіндей өзге де зиянды қалдықтар кездесті деген жаманат хабарды әзірге ести қойғанымыз жоқ. Естімей-ақ та қояйық. Дегенмен, көл суының өзінен өзі лайланып, ластануына, су ішінде мың сан жіңішке талшықтар қаптап жүретініне экологиялық тұрғыдан тиісті баға берілгені жөн демекпіз.
Өткен аптада бүгінде Германияда тұрып жатқан қандастарымыз Шалқар көліне шомылуға барған екен. Осы кезде олар жоғарыда айтылғандай көріністерге куә болғаннан кейін, бірден шошынып, суға түспек түгілі, сол сәтте көліктерінің басын кері бұрыпты. Тағы бір айтайын дегеніміз, 90-жылдары Шалқар көлі аумағындағы оң және теріс экологиялық құбылыстарды бақылап отыратын арнайы эколог штаты тағайындалып, ол өзіне тиісті міндеттер мен талаптарды атқарған болатын. Кейін бұл қызмет түрі жойылып кетті. Басқасы басқа, экологиялық ахуалы ұдайы назарда болатын Шалқар көлі секілді халық жиі әрі көп келетін табиғаттың қайталанбас мүйісінде эколог штаты қысқартудың қамытына киліккені орынсыз-ақ. Бұдан ұтылмаса ешкім де ұтпайды дер едік.
Биылғы наурыз айының аяқ шенінде Президент Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметіне Алтай Көлгінов тағайындалды. Облыс басшысы өзінің жаңа қызметіне кіріскеннен кейін өңірге инвестиция тарту мәселелеріне баса көңіл бөле бастағаны, осы орайда алыс және таяу шетелдердегі инвесторлармен кездесіп, олармен келісім жасағаны өңір тұрғындарының көңілінен шығып отыр. Соған қарағанда, Шалқар көліне қатысты да инвестициялық жобалар қолға алынуы ғажап емес.
Қайткенде де аталған мәселеге қатысты тұрғындарға орындалмайтын уәде бергеннен гөрі, бұл істі үнсіз, дабырасыз, айқай-ұрансыз тындырғанның өзі артық болса керек.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы,
Теректі ауданы,
Сарыөмір ауылы