21 Маусым, 2016

Ауылыңызда мал дәрігері бар ма?

2108 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Мал даригери-2Мені байырғы мал дәрігері маманы ретінде қазір елімізде осы саладағы жұ­мыс­тарда орын алып отырған олқылықтар алаңдатады. Жасым 68-ге жетіп зейнеткер болғаныммен де осы жұмыстан әлі де алыстай қойғаным жоқ. Зейнеткерлікке шығысымен 2-3 жыл ветсанотрядта жұмыс істедім. Қазір Үр­жар ауданының Мақаншы ауылын­да мамандығы мал дәрігері ұлым Қайыртайдың 2002 жы­лы ашқан малдәрігерлік дәрі­ханасында өткен жылдан бері жұмыс істеп жүрмін. «Алаңдайтындай, риза болмайтындай, пікір айтатындай бұл кім өзі соншама?» деп ойлай­тын боларсыздар. Мен жастайымнан малдәрігерлік жұмыстың жанында жүрдім. Туған нағашым мал дәрі­гері болған еді. Өзім 1972 жы­лы Семейдің мал дәрігерлік- зоотехникалық институтын бітір­­геннен бері осы саладан бір күн қол үзбей істеп келдім. Әкемнің мамандығы зоотехник, партия қызметкері, совхоз директоры болды. Маған да колхоз, совхозға басшы болудың реті талай келсе де мен оның бәрінен бас тартып, мал дәрігерлік жұмысымда қала бердім. Бұрынғы Семей облысының Аягөз, Ақ­суат аудандарында 1972-1980 жылдарда бөлімше, совхоз мал дәрігерлігінде еңбек еттім. 1980 жылдан бастап Мақаншы ауданының бас мал дәрігері, 1998 жылдан бері Үржар ауданының бас мал дәрігері, бас мемлекеттік ветинспекторы болып, 2011 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін қызмет еттім. Өткен өмір жолдарыма, бірыңғай тек мал дәрігерлік қызметпен айналысқан жылдарыма арнап «Мал дәрігері мамандығым, мақтанышым, мехнатым, махаббатым менің» атты көркем-әдеби, публицистикалық кітабым 2001 жылы жарық көрді. 2000 дана таралыммен шыққан осы кітапты мал дәрігерлер қауымы алып оқып танысты. Оның аздаған толықтырулармен орыс тіліндегі аудармасы: «Вете­ринария: приз­вание, страдания и страсть моя» деген атпен 2011 жылы шықты. Қазақ тілінде шыққан бірінші кітаптың тұсаукесері 2001 жылы Семейдің Шәкәрім атындағы университетінде өтіп оқушы, оқытушы және ғалымдар қауымының жоғары бағасына ие болды. Үржар ауданының мал дәрі­герлер қауымымен жиі кездесіп тұрамын. Сонда бәрінің айтатыны: «Қазір жұмыста береке қалмады, қағазбастылық болып, басымыз қатып кетті, басқа жұмыс болса ауысып кетер едік, жұмыс жоқ, алып қойған несиеміз бар, шарасыздан жүрміз», – дейді. Оның үстіне алып отырған айлығымыз да мәз емес. Айлық көлемі – 56000 теңге, қолға тиетіні – 51000 теңге. Кейбір ауылдық округ дәрігерлерінің айлығы 38000 теңгеге дейін түсіп кетіп, олардың жұмыстан бас тартқандары бар. Қыста келісімшарты бітті деп, 2-3 ай мандытып ақша төлемейді. Мақаншы ауылында шекара отряды бар. Олар 2 айдай кезекті еңбек демалысын алады. Оның үстіне оларға демалыста болып істемеген 2 айдың еңбекақысы тағы төленеді. Мал дәрігерлерінің жұмысы әскерилерден ауыр болмаса, жеңіл емес. Неге біз жыл бойы тұрақты еңбекақы алмаймыз. Бұдан гөрі бұрынғыдай лицензиямен істегеніміз қайырлы еді», – дейді. Мал дәрігерлерінің айтып жүрген қағазбастылықтары малдың қанын бруцеллезге зерттеуге алғаннан кейін оған ведомость жасайды, ол ведомосты әрбір мал түрінің жыныстық, жастық топтарына байланысты жеке-жеке жасау керек. Бір табын ірі қараның немесе бір отар қойдың қанын алу үшін бірінші сиыр мен саулықтың қанын алып, одан соң бұқа мен қошқардың, одан соң теке, шыбыш, тоқты, бұзау-тайынша дегендей кете береді. Осы көп қағазды жасау үшін еңбекақыларынан жырып тағы кісі жалдайды немесе өз араларындағы компьютерге икемі бар бір мал дәрігерін жұмыстан босатып отырғызады. Мал дәрігерлері таң бозынан қырға шығып, қыстаққа не күзекке барады. Табында 150-180 бас ірі қара, отарда 500-700 бастай, тіпті, 1000-ға жуық ұсақ мал бар. Оларды ұстап беретін адам жетіспейді. Қаптаған қа­лың малдың ішінде сиыр мен құнажынды ажырату оңай емес, ал дене бітімдерінде көп ауытқу жоқ, тұтас жүн басқан саулық қой мен тұсақты, ісекті ажырату, сөйтіп, оларды рет-ретімен ұстап қан алу оңайға соқпайды. Мал дәрігерлері титықтан шаршап қан алуды кешкі сағат 5-6-ларда әрең бітіреді. Одан соң үйлеріне келіп қанның тізімін бөлек-бөлек жасау керек. Ол табынға немесе отарға қаншама адам малын қосқан. Ол адамдардың төлқұжаттарының нөмірлері, ИНН-дерін ведомостқа түсіру керек. Дәрігерлердің қолында мал иелерінің дайын тұрған мағлұматтары жоқ. Оны іздеп анадан, мынадан сұрап, телефон шалып қаншама уақытын жоғалтады. Көптеген ауылдық округтерде интернет жоқ, бар жердің өзінде дұрыс істемейді. Алыс ауылдардан зертханаға әкелген қанның сынамаларының ведомостарын АЖИ базасымен салыстырып, дәлдеу үшін зертхана орналасқан елді мекенде әркімнің үйінде қона жатады, өйткені, жұмыс бір күнде бітпейді. Малдың нөмірі келмей жатады. Жасы бірер айға келмесе де, сәйкес емес деп қате табады. Мал дәрігерлері қағаз бен компьютерге шұқшиып барлық уақытын осылай өткізеді. Әр малдың жасы мен жыныстық тобына қарай ведомость жасап не қажет? Бәріне қойылатын реакция-комплементті байланыстыру реакциясы мен розбенгал сынамасы. Анау саулық, мынау қошқар, мынау тоқты, ешкі, лақ екен деп басқа реакция қойылмайды, әрқайсысына әртүрлі диагностикумдар дозасы жоқ, бәрі бірдей, тек ірі қара мен мүйізді ұсақ малдардың реак­цияға алынатын қан сары суларының мөлшері ғана бөлек. Тек қошқарларды инфекциялық эпидидимитке зерттеу үшін бөлек ведомость жасаса болады. Әрине, заман талабы ауыл­шаруашылық малдарының идентификациясын кіргізді. Онсыз болмайды. Негізі қаланды. Енді осының бәрін ұсақ-түйекке таңа берудің қажеттілігі қанша? Сырға нөмірін, жас мөлшерін (өте дәлдіксіз), жынысын, мал иесінің аты-жөнін, ведомостқа енгізсе, артынан әрбір жыныс тобының жиын санын, ведомостың аяғында көрсетсе жетіп жатыр. Ал өте дәл, жан-жақты мәліметтерді әкімдікте, басқадай қажеттіліктерде жинап, жасатса дұрыс болар еді, жанталасып қара жұмыс жасап, сіңбіруге уақыт таппай жүрген дәрігерге жүктемей. Төменгі буын мал дәрігерлерінің жұмысын көрген, білген, түсінген кісіге ол – ауыр дене жұмысы, аздаған логикасы бар қол еңбегі. Оны компьютерге отырғызып одан интеллектуал жасау мүмкін емес. Оған оның қабілеті де мұршасы да жетпейді. Ол оған қажет емес. Алайда, қатты оқыған адам­дардың қиялынан туған осы өзгерістерді күнделікті жұмысқа қайткенде де енгізу жөнінде  АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы С. Хасеновтің үстіміз­дегі жылғы 20 ақпандағы нұсқама хаты бар. Онда ол құрастырылған биологиялық материал сынамаларын қабылдау алгоритмін енгізуді қамтамасыз етіңдер дейді. Рас, алгоритмдегі термочемодан, температуралық режім, сары су көлемінің дәлдігін сақтау деген пункттері баяғыдан бар талаптар. Олар еш бұрмалауды көтермейді-ақ. Ал еш залалы жоқ сынамаларды өртеу жолымен жою, сонан соң барып сынамалар құйылған шприц пробирканы қайтару деген нұсқаулар мал дәрігерлерінің ерен еңбегін табан асты ету, барды жоқ қылу болып табылады. Олардың жан­айқайын еститін адам бар ма екен? Таяуда облыс әкімінің бір орынбасары: «Бұл – министрліктің талабы, істемесеңдер жұмыстан шығып жүре беріңдер», депті. Мал дәрігерлері ашынып: «Осы қажетсіз дүниелерді ойлап тауып отырған шетелден оқып келгендер, мал дәрігерлік жұмыстың қыр-сырын, оның бейнетін білмейтіндер, істелген істі емес, жазылған қағазды баға­лайтындар. Рас, олардың білімдері мол, жан-жақты оқыған, шетелдің жетілген технологиясына қанық, бірақ қазақтың менталитетіне мойынсұнбайтын, кең далада қалыптасқан мал бағу дәстүрін түсінбейтіндер», дейді. Шетелдің технологиясын қысқа уақыттың ішінде өмірге, өндіріске енгізе салу, әсіресе, мал шаруашылығында мүмкін емес. Аса білімді бастықтардың істеп отырғаны орыстың ұлы жазушысы Александр Грибоедовтың «Ақылдың азабы» романындағы ескі мен жаңаның жанталасқан жөнсіз жағаласуы сияқты көрінеді. Одан да бір данагөйдің «асықпай тездетейік» дегені дұрыс па деймін. Жоғарыдағы талаптарды алғашқыда ұйымдасқан ірі шаруа қожалықтарының малдарына, отырықшы мал шаруашылығы барлардан бастап енгізіп, кезең- кезеңмен дамытып, ең аяғы жыл сайын, тіпті, мезгіл сайын елдің қоспа малдарынан құралатын, біресе жоғалып, біресе табылатын ауылдағы жеке шаруалардың малдарымен аяқтаса дұрыс болар еді. Содан соң мал ауруына қарсы негізгі шараларды жоспарлағанда Кеңес Одағы кезіндегідей оларды негізінен көктем және күз мезгілдеріне қойса, арасында дегельминтизация, тоғыма секілді тағы басқа шараларды жүргізе береді. Қазіргі кезде ветеринариялық ғылым мен тәжірибенің бұрыннан қалыптасқан қағидаларын бұзу орын алып, бұл жағдай барған сайын кең тарап барады. Кей жерлерде ірі шаруа қожалықтары иелерінің қарсылығынан олардың малдарының арасынан шыққан ауруларды мойындамау орын алуда. Әсіресе, бруцеллез ауруымен ауырған малдарды олардың қожайындарының келіспей жо­ғары орындарға шағымдануы салдарынан ол малдарды бруцеллезге қайта тексеруге, сөйтіп бруцеллез жоқ, немесе мардымсыз күдікті ғана жағдай бар деп, барды жоққа шығарып жалған нәтиже алу бар. Немесе малы бұрын бруцеллез вакцинасына отырғызылған екен, сол себепті бруцеллезге оң нәтиже беріпті деген қорытынды алады. Тайталасқан тексеруге кейде ғылыми-зерттеу институттары араласады. Біз білетін, жүздеген жылдан келе жатқан ғылыми негіз бен тиянақты тәжірибе бойынша бруцеллезге бір рет болса да оң нәтиже берген мал екін­ші қайта тексерілмеуі керек. Өйткені, екінші рет тексергенде қан сынамасында оң реакция жүрмей қалуы әбден мүмкін, ол – таңданарлық жай емес. Оған ауа райы, мал бойындағы иммундық жағдай, т.б. көптеген факторлар әсер етеді. Онымен қабат қазір малды кейбір антибиотиктермен егіп тастаса, ауру жойылуы немесе әлсіреуі мүмкін. Сондықтан да баяғыдан бері бұл жолы оң нәтиже бермесе, келесі жолы береді деп, бруцеллезге өте жиі тексеру жолға қойылған. Ол мерзім мүйізді ұсақ мал үшін 15-20 күн, ірі қара үшін 20-30 күн болып белгіленген. Сондықтан да мал дәрігерлік зертхана шығарған нәтижелерге ешқандай күмән тудырмау керек. Менің қырық жылдық тәжірибемде зертхана қызметкерлерінің өз істеріне немқұрайлы қарап, оның нәтижесін біреудің мүддесіне қарай бұру деген ойларына келмейтіні, ондай ниеттерінің жоқ екендігіне әбден көзім жеткен. Олар өз істерінің адал да, нақ болуына тырысады, басқалардың араласуынан қызғыштай қор­ғайды. Жалпы, мал дәрігерлік ма­мандықты таңдайтын, өмір жолын соған арнайтын жандар қоғамда өте сирек. Олардың көпшілігі өз ісінің нағыз фанаттары. Сондықтан биылғы жылы қолайсыз пункттерден, сау деген жерлерден оң нәтиже берген қан сынамаларының нақтылығына көз жеткіземіз деп оларды да облыстық және өңірлік лабораторияларға қайта тексеруге жіберіп жатқандары мүлде дұрыс емес. Ол шаралар тек уақытты алады және қосымша шығын шығаруды қажет етеді. Мәселен, Семейдің өңірлік зертханасына Мақаншының қолайсыз пункттерінен қан жеткізу 700-750 шақырым жол жүруді қажет етеді. Қазір мемлекет бойынша үнемге көшіп жатқанда біз неге жөнсіз ысырапқа барамыз?! Қанның нәтижесі бекіп келгенше ауру малдың көзі уақытында жойылмай ауруды одан әрі таратуға себепші болады. Ауыл шаруашылығына, әсі­ресе, ветеринариядағы жаңа реформаларды, көп құжат-қағаздарды кіргізіп, артық жұмыс істетіп отырған адамдардың дені арнайы ветеринариялық білімдері жоқ, мал дәрігері болып жұмыс істеп жан қинамағандар. Олардың енгізген жаңалықтарын, реформаларын төменде жүрген мамандар құлықсыз мойындап, кейістікпен атқарады. Сол себепті олардың кейбір шын мәніндегі бағалы бастамалары да қолдау таппай обал болуы мүмкін. Олай болмауы үшін жоғарғы басшылықта арнайы мал дәрігерлік білімі, жұмыс тәжірибесі бар мамандар жүруі қажет. Ал қазір осы істің көш басында тұрғандар вице-министр Гульмира Исаева, Республикалық зертхананың бас директоры Айгүл Ахметжанова ет пен сүттің, май мен құрттың, тері-терсектің, жүн-қылшықтың, қыл-қыбырдың технологиясын оқыған мамандар. Бұл басшылар еліміздің әр жерінде салынып бітпей жатқан нысандар құрылысын неге қадағаламайды?! Біздің Мақаншы ауылында құ­рылысы басталғанына 3-4 жылдай болған жаңа мал дәрігерлік зертхананың сыртқы қабырғасы тұрғызылып, төбесі жабылды. Қалған шаруалары істелмей тұр. Мақаншыға зертхана қажет емес еді. Мұндағы малдәрігерлік зертхана ұжымы 1988 жылы силикат кірпіштен салынған екі қабатты мықты ғимаратта жұмыс істеп тұр. Соған қарамай, тағы да жаңа зертхана салуға рұқсат алған. Әйтпесе, басқа жерлерде тозығы жеткен жер үйлерде тұрған зерт­­ханалар бар. Осыны көріп жаның ауырады. Республикалық зертхананың басшысы осыған неге шара қолданбайды? Түптеп келгенде, жоғарыдағы мәселелерді қаперге алып ветеринария саласындағы өзгерістердің қажет жерлерін аяқасты, түйдек-түйдегімен емес, асықпай кезең-кезеңмен сатылап енгізу керек. Базарбай САТАЙ, ветеринария саласының ардагері Шығыс Қазақстан облысы
Соңғы жаңалықтар

Жетісудың Қызылтас аумағында экоакция өтті

«Таза Қазақстан» • 03 Қазан, 2024

Ринат Заитов: Төл өнерге төр керек

Мәдениет • 03 Қазан, 2024

Жоғарғы Сот судьясы сайланды

Сенат • 03 Қазан, 2024

Бітімгер әйелдердің саны артады

Әйел әлемі • 03 Қазан, 2024