21 Маусым, 2016

«Ең басты жол – Отанға бастайтын жол»

725 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

14 (3)Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Қазақ халқы  небір ал­ма­ғайып күндер­ді бас­тан кешті. Десе де, халқы­мыз «қой үстіне бозторғай жұмырт­қалаған» бү­гінгідей бақытты, бейбіт күн­ді ешқашан көрмеген болар. Бабаларымыздың ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған байтақ даласы бізге қа­лай мирас болса, осы ел мен жердің тәлейіне туған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алыс­тағы ағайынды Отан құша­ғына оралтып, қазақ тарихында алтын парақтар ашты. КСРО толықтай тарамаған, Қазақ елі тәуелсіздігін әлі жа­рия­ламаған 1991 жылдың қыр­күйек айында республика Пре­зиденті ретінде Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға ресми сапармен барған еді. Сапар аясында Ыстанбұл қаласында қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесіп, оларды көшіріп алуға уәде берді. Сол кездесуде қа­зақ диаспорасының өкілдері Ел­басынан «алғашқы кезекте жедел түрде Ауғанстаннан ауып барып, Пәкістанда, Иранда, Сауд Арабиясында және Түркияда тұрып жатқан қазақтарды елге қайтаруға қолұшын беру­ді» өтінді. Президент бұл өті­ніш­ті бірден қабыл алып, тәуел­сіз­ді­гіміз жария болғаннан кейінгі аз уақытта Қазақстаннан арнайы әуе көліктерін аттандырып, аталған мемлекеттердегі бір­қатар бауырымызды ата­мекенге жеткізді. 1991 жылдың 16 желтоқ­са­нында Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін жариялады. Президент Н.Ә.Назарбаев 1991 жылдың 31 желтоқсанында радио­дан сөз сөйлеп, алыста жүр­ген қандастарға арнап, «Алыс­­тағы ағайындарға ақ тілек» ат­ты әйгілі хатын жария­ла­ды. Атал­ған хат «Егеменді Қа­зақ­­станның» 1992 жылғы 1 қаң­­тар­дағы санында жарық көрді. Онда мынадай жолдар бар еді: «Қымбатты отандастар! Қан­­дас бауырлар! Ағайындар! Ежел­гі атамекенінен жы­рақ­тап қалған сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата­қонысына тарту мақсатында адам құқығы туралы еларалық ережелерді бас­шылыққа ала отырып, Қазақ­стан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден ауылдық жерлерде жұмыс істеуге тілек біл­діруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сон­дықтан атамекенге келемін деу­­ші ағайындарға жол ашық. Ата-баба аруағы алдарыңыздан жа­рыл­қасын!» 1992 жылы қыркүйек айында сол кездегі ел астанасы – Алматы қаласында Елбасының тікелей тапсырмасымен Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құ­рыл­тайы шақырылды. Әлем қазақтары ыстық сағынышпен, толқыған көңілмен бас қосып, ата­жұртқа аңсары ауды. Осы тол­қында алғашқылардың бірі болып Отан құшағына орал­ған әйгілі тұлға, көрнекті қай­раткер Халифа Алтай болды. Сол атамыздың 80 жасқа тол­ған торқалы тойында арнайы құттықтау білдірген Елбасымыз: «...Өзімен кеткір кешегі зоба­лаң заманда Отанымыздан ерік­сіз айырылып, алыс жерде жүргенмен, бүкіл саналы өмі­ріңіз бойы қайран елім, жерім, халқым деп қабырғаңыз қайысып, армандап-аңсаған тіле­гіңізге жетіп, туған Қазақ­станымыздың егеменді ел, тәуелсіз мемлекет екені әлем­ге әйгілі болғанда, Ала­тау бөк­теріндегі әсем Алма­тыға асыға жетіп, қасиетті қара топы­ра­ғымызды тізе бүге құ­шақтап, емірене сүйіп, жүрегіңіз қобал­жып, көзіңізге жас алға­ныңыз, алыс­тан қайтып оралған ағай­ын­дарымыздың арасында бірін­ші болып Қазақстан Респуб­ликасының азаматы атағына иегер болғаныңыз есімізде», – деп толқыған, толғамды ойларын білдірген болатын. Осылайша, Елбасы Нұрсұл­тан Әбішұлының бас­тауымен айдай әлемге жарқын жүзімен жа­рия болған жаңа Қазақ елі өмі­рінде уақыт күттірмей ше­шуді қажет ететін «көші-қон» атты жаңа өрлеу жобасы пайда болған еді. Қазақ КСР Министрлер Ке­ңесі 1991 жылғы 18 қарашада «Азаматтық құжаттандыру туралы» №711 қаулы қабылдады. Аталған қаулыдағы «Басқа рес­публикалардан және шетелдерден Қазақстанның ауылды жерлеріне жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстан Республикасына қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» деген бап талай қазақтың қанын қыздырып, делебесін қоздырды. Алғашқы көшті Моңғо­лия­дағы ағайындар екі елдің «Еңбек келісімшарты» негізінде қозғады. Сөйтіп, 1991-1993 жылдары Моңғолиядан Қазақстанға 10461 түтін қоныс аударып үлгерді. Дерек көздері ұсынған осы ресми мәліметтен тысқары өз күшімен көшіп келіп жат­қан ағайынның да аяғы үзіл­меді. Өткен ғасырдың соңғы жылдарына дейін, ондағы ағай­ын­нан шамамен 14 мың отбасы тарихи Отанына оралды. Осыдан кейін жұмыс, еңбек, оқу және туысқандық шарттармен келушілердің саны қауырт көбейді. Әсіресе, алдыңғы лекте Моңғолиядағы ағайындардың еңбек келісімшартымен түп қотарылуы ерекше дүмпу тудырды. Көш тасқыны ағытылғаннан кейін алыс-жуық елдердегі ағайындар мен Қытайдағы қа­зақ­тар да әртүрлі жолдармен ке­ле бастады. Министрлер Кабинетінің «Көші-қон туралы» 1992 жылы қабылдаған қаулысы бойынша Еңбек министрлігінің жанынан Көші-қон басқармасы құрылды. Аталған басқарма шама-шар­қы жеткенше алыстағы ағай­ын­ға ыстық құшақ ашты. Ми­нистрлер Кабинеті 1992 жылы қыр­күйектің 23-інде қабыл­даған «Шетелдегі қазақ диас­порасының өкілдерін Қазақ­стан Республикасында болған кезінде әлеуметтік-эконо­ми­калық жеңілдіктермен қамта­масыз ету туралы» әйгілі №791 қаулысы алыстан арып-шар­шап жеткен ағайынның осы топырақта өсіп-өніп, өмір сүруі­не оңтайлы жағдайлар жасады. Оралмандардың көпші­лігі үй-жай және басқалай жеңіл­діктерге қол жеткізді. Осымен бірге, олардың құ­қық­тық мәртебесі де ерекше ескеріліп, Министрлер Каби­нетінің жоғарыда аталған №711 қаулысы шеңберінде Жо­­ғарғы Кеңес 1992 жылғы 26 ма­­мырда «Көші-қон туралы» Заң қабылдап, көптеген жауапсыз сұрақтар шешімін тауып еді. Аталған заң «Шетелдерде тұра­тын қазақтар үшін тарихи Отанына емін-еркін оралу­ға» мүмкіндік берді, әрі ел Конс­титуциясының 2-бабы бойынша «Республика өзінің одан тыс жер­лерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға» кепілдік беретіндігін де ашық білдірді. Бұған жалғас Қазақ­стан Президентінің Жарлы­ғымен 1996 жылы қабылданған «Шетелдегі ағайындарға қолдау көрсету туралы мемлекеттік бағдарлама» және 1997 жылы қа­былданған «2000 жылға дейінгі көші-қон саясатының негізгі бағыттары» туралы қуатты құ­жаттар жасалды. Аталған құжаттар қазақ көшінің кедергісіз жүруіне құ­қықтық мүмкіндіктер берді. «Халықтың көші-қоны туралы» Заң ресми түрде бекумен бірге, мемлекеттік мекеме – Көші-қон агенттігі құрылды. Қордаланған мәселелер шешімін тапты. Көші-қонға бөлінетін қаржының көлемі артып, оралмандарды баспанамен қамту мәселесі де айтарлықтай ілгеріледі. 2007 жылғы 28 тамызда Қазақстан Президентінің №399 Жарлығымен Қазақстан Рес­публикасының 2007-2015 жылдарға арналған Көші-қон сая­сатының тұжырымдамасы жасалды. 2011 жылы 22 шілде­де «Халықтың көші-қоны ту­ра­лы» Заң өзгерістер мен толық­­тырулар арқылы қайта қабыл­­данды. Елбасының тіке­­лей қадағалауымен жыл сайын­­ғы этностық көші-қон кво­та­сының саны 20 мың отбасына дейін көбейіп, 2009-2011 жыл­дарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасының алғашқы кезе­гі сәтті жүзеге асырылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы 24 қарашада «Қа­зақ­стан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне – ха­лықтың көші-қоны және жұ­мыспен қамту мәселелері бой­ынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл құжат  шетел­дегі қандастарымыздың кө­шіп келуінің құқықтық жағын тағы бір  дәйектеп берді. Соңғы көш басталғалы 24 жыл өтті. Бар қазақ бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, әлем­ге әйгілі ел болдық. БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің іші­нен тек қана төрт мемлекет ре­па­трианттардың тарихи отаны­на оралуымен мемлекеттік дең­гейде айналысса, Қазақстан соның бірі және бірегейі ретінде Гер­мания, Израиль, сондай-ақ, Ре­сеймен үзеңгілес жұмыс атқар­ды. Құзыретті органдардың мәлі­метін толықтырып айтар бол­сақ, 1991 жылдан қазірге дейін тарихи Отанына шамамен 230 мың отбасы оралған. Бұл қандастарымыз тарихи Ота­нына оралып, еліміздің демографиялық ахуалын жақ­сар­туға айтарлықтай үлес қос­ты. Дін, діл, ұлттық салт-дәс­түр жағынан шоқтығымызды биіктетті. Империя бұғауынан босаған халықтың өз тегіне бет бұруына да ықпалы аз болмады. Солардың ішінде кез келген жұмыс саласында үнсіз қызмет атқарып, осы ел мен жерге деген қарызын адалдықпен өтеп жатқан қаншама азамат бар! Әрине, қандай елдің де даму, өсу барысы толқынды ке­зең­дерді бастан кешеді. Қазақ кө­шінің басынан да осындай бірде биік, бірде төмен деген­дей, өзгерістерге толы күндер өтті. Соңғы жылдары көш сая­бырсығанмен алыстағы ағайын­ның атажұртқа деген ыстық махаббаты еш суыған жоқ. «Баласы атқа мінсе, анасы тақымын қысады» демекші, Қазақ елінің дамуын ақпарат құралдарынан әр күні бақылап отырған алыстағы ағайын тілектес, ниеттес көңілмен дұға жасаудан жаңылған емес. Демек, қазақ баласы елдерге шашылғанмен, рухани бірлігінен айырылған жоқ. Елбасының алыстағы ағайын үшін, қазақ үшін айтқан әрбір жылы сөзінің өзі оларды қанаттандырып, желпіндіріп отырады. Қалай дегенмен де 1991-1992 жылдардан басталған  ұлы көш осы жылдарға дейін жалғасып келеді. Жалғаса береді де. «Елге ел қосылса – құт» дегенді қазекем осындайға қаратып айтса керек. Елбасының сарабдал сая­сатына үміт, сенім артқан алыстағы ағайын қашанда атамекен – Қазақстанды өздеріне тірек санап, марқайып жүреді. Н.Ә.Назарбаевтың: «Ең басты жол – Отанға бастайтын жол», деген сөзі олардың санасында шамдай жарқырайды. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», дегендей, өздерінің ерте ме, кеш пе осы топыраққа оралатынына да кәміл сенеді. Лайым, солай болғай! Жәди ШӘКЕНҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

АСТАНА

* 1992 жыл. 30 қыркүйек. Алматыда өткен Дүниежүзі қазақтарының I құрылтайынан көрініс