02 Шілде, 2016

Бұл – елдің де, Елбасының да беделі

374 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
30-06-Аккали АхметТарих ғылымдарының докторы Аққали АХМЕТПЕН әңгіме –Аққали Қабижанұлы, Қазақ­станның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануын немен байланыстырасыз? – Алдымен ескеретін басты бір жайт бар. Ол – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аждаһа апанына айналып, адамзатқа да, қоршаған ортаға да ажал оғын сепкен Семейдегі ядролық сынақ алаңын жауып, төрткүл дүниені жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстайтындай ядролық қарудан бас тартуы. Шындығында, бұл бір мемлекеттің ғана емес, барша адамзаттың қауіпсіздігін ойлаған, сөйтіп, бейбіт өмірдің қадірін жаһан жұртына ұғындыра білген кемеңгер тұлғаның ғана қолынан келетін үлгі-өнегесі мол парасатты қадам. Егер, Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдегі ең ірі державалы елдерді ядролық қарумен қорқытқысы келсе, сөйтіп, сол арқылы өзінің абыройын асырамын деген мақсатты көздеуіне болар еді. Алайда, қазақ елінің маңдайына біткен, дербестігін енді ғана алған жас мемлекетті әлемдегі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өркендеген, бәсекеге қабілетті 30 елдің бірегейі деңгейіне жеткізуді көздеген Елбасы өзінің қамын күйттейтін пендешіліктен биік тұрғанын көрсетті. Осылайша, әлемді қырғи-қабақ соғысқа бастар ядролық қарудан бас тартуға ұдайы үндеп келеді. Міне, осы тұрғыдан айт­­қанда, осынау ерекше оқи­ғаны БҰҰ-ға мүше елдер басшылары Қазақстанның, оның көшбасшысы Нұр­сұлтан Әбішұлының адам­затқа бейбіт өмір тілейтін бастамасын қолдауы деп түсіну қажет. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелікке сайлануының астарында бейбітшілікті нығайтуға, соғыстың алдын алу саясатына қосқан үлесін жоғары бағалағандық жатыр. – Қазақстанның мүшелікке сайлануын жақтап 138 елдің дауыс беруіне Елбасының «Әлем. ХХІ ға­сыр» манифесінің қаншалықты әсері тиді? – Әлемде жекелеген елдердің басшылары болмаса, бәрі бірдей соғыстың болғанын қаламайтын шығар. Рас, әлі де ядролық қарудан бас тартпай, түрлі сынақтарды жасауды көздейтіндері де табылатын болар. Дегенмен, адамзатқа үрей тудырып, тынышын алғысы келетіндер Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» мани­фесін жария еткеннен кейін мықтап ойланады деуге болады. Өйткені, мани­фестің басты мақсаты – әлемнің тыныштығы. «Әлемге тыныштық керек!» деп жар салды Елбасы. Лаң­кес­тік әрекеттер мен био­логия­лық, химиялық, ядро­лық қарулардың барша адам­зат­қа төндірер қатерін де, қаупін де санамалап берді. Елбасы манифесі бейбітшілікті сүйетін адамзатты бейжай қалдырмады. Әлемнің көптеген саясаткерлері қол­дады. Лаңкестік әрекеттердің, ядро­лық қарудың зардабын көргендер бейбіт өмірдің қадірін біледі. Қазіргі уақытта көптеген елдердің бейбіт тұр­ғындары лаңкестік шабуылдардан босқын атанды. Ал босқындардың дені Еуропа елдеріне ағылып келуде. Әлемде тыныштық орнамай, бос­қын­дардың заңсыз миграциясы ешқашан тоқтамайды. Мұны БҰҰ-ға мүше елдердің бәрі де түсініп болды. Оның үстіне Еуропа елдері болсын, не өзге құрлықтың мемлекеттері болсын, бәрі де босқындарды қабылдауға дайын емес. Бұған бірнеше себепті алға тартуға болады. Ең бастысы, босқындар өздері орныққан елдердің экономикасына да, қалыпты өміріне де елеулі өзгеріс енгізеді. Босқындар миграциясын тоқтату­дың бірден бір жолы – әлемнің тыныш­тығын қалпына келтіру. Мұны «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесімен танысқан әлем елдерінің басшылары мен сая­саткерлері түсіне бастады. Сол себептен, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуына «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің оң әсері тиіп отыр дей аламыз. – Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіп­сіздік Кеңесіне мүше болуы әлемде ты­ныш­тықты орнатуға оң әсер ете ме? – Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуы еліміздің де, Елбасының абыройын асқақтат­ты. Дұрысында, Қазақстанның аталған ұйымның Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуы үшін Елбасы орасан зор еңбек сіңірді. Бұл оқиғаны Елбасының әлемдегі абыройы-беделімен, мерейімен байланыстыру керек. БҰҰ секілді әлемдегі ірі ұйым мүшелері Қазақстанның бейбітшілікті нығайтудағы ұстанған бағытын қолдады. Енді алдағы екі жылда Қазақстан тарапынан БҰҰ-ға мүше елдерді «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі­нің басым бағыттарын іске асыруға жұмыл­дыратындай мол мүмкіндік туып тұр. Өйткені, дәл қазір әлем елдері тыныштыққа шөліркеп отыр. Сол себептен, бейбітшілікті қалайтын ел­дер­дің барлығы да Қазақстан тарапынан болатын барлық іс-қимылды қолдайды деп ойлаймын. Өйткені, Қазақстанның ұстанған бағыты – бей­бітшілікті нығайту. Араздасқанды татуластыруды, жанжалдасқанды дос­тастыруды көздейді. Сондықтан, Қазақстан жаһандық проблемаларды шешудің оңтайлы жолдарын іздестіреді. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне манифестегі ұсыныстарды ұсына алады. Қазақстанның басты мұраты – әлемде тыныштықты орнату. Демек, белгілі бір деңгейде әлем­нің тыныштығын сақтауға, кей елдер­дің арасындағы қырғи-қабақ көз­қарастардың, дау-жанжалдардың оң шешілуіне бітімгершілік миссиясын атқарады деп сеніммен айтуға болады. Әңгімелескен Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ
Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше