06 Шілде, 2016

Бітімгерлік бедел

476 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
16-10-10– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының темірқазығы Өткен жылы 24 қарашада түріктер шекарамызды бұзды деген айыппен Ресейдің ұшағын атып түсірді. Бұдан кейін екі ел арасындағы жағдай мық­тап шиеленісті. Саяси қарым-қатынас ғана емес, эконо­ми­калық, қоғамдық байланыстар да үзілді. Бір-біріне қатқыл айыптаулар айтылды. Бұл кетісу екі жаққа да қатты тиді. Бүкіл Еуропаның санкциялық кәріне ұшыраған Ресейге Түркиядай үлкен елдің экономикасы керек-ақ еді. Бірақ қатты бет тырнас­қан соң, экономикалық байланыс тоқтаған. Сірә, бұл өзі­нің ай­тар­лықтай ішкі қоры бар Ресейден гөрі Түр­кияға қатты тигендей, өндірген өнімін шығаратын ры­но­­гы­нан, ағылып келіп жатқан туристерінен айырылды. Өткен аптаның басында Ресей және Түркия мемле­кеттері арасында біршама жылылық  пайда болып, өзара қарым-қатынас жақсаруға бет алды. Бұған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі аз болған жоқ. Бұл туралы күні кеше теле­сұх­бат берген Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып өтті. 29 маусым күні Түркия Прези­денті Реджеп Тайип Ердоған Қазақстан басшысына арнайы телефон шалып,  оған Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың арнасын қалыпқа келтіру жолында сіңірген баға жетпес еңбегі үшін алғыс сезімін жеткізді. Бірі құдай қосқан алып көрші, бірі түбі бір туыс ел тату болғанға не жетсін?! Түркиядағы Қазақстан Респуб­лика­сы Елшілігінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, Түркиядағы таралымы 140 мың дананы құрайтын «Milliyet» газеті «Бұл тұлға іске араласты: Ер­доған мен Путин әңгіме­лесті» атты мате­риал жариялады. Мұнда Қазақстан Прези­денті­нің Түркия мен Ресейдің ымыраға келуіне қосқан рөлін жоға­ры баға­лайды. Сонымен қатар, «Önce Vatan» газетінің тіл­шісі Кемал Саллы­ның қала­мы­нан туған «Сізге шексіз ал­ғыс, құрмет­ті Н.Назар­баев» атты ма­қала жарық көрді. Аталмыш мақа­ла­да Ана­долы жерін мекендеген 78 миллион «қазақ жұрты» аты­нан Елбасы Н.Назарбаевтың ұстан­ған саясаты мен еларалық дәнекерлігіне риза­шы­лық білдіріліп, Қазақ­станның қарқынды дамуы туралы сөз етіледі. Түркияның рейтингі жоғары «sondakika.com» және «haber7.com» ақпараттық порталдары болса «Ол Ердоған мен Путинді тату­лас­тырды», «Түркия мен Ресей ара­­сын­дағы сеңді бұзған», сон­дай-ақ, «Құт­тықтау және алғыс айту үшін Назарбаевқа соғылған қо­ңы­­рау» атты ма­қалаларын жария­лады. Атал­ған материалдарда «Түркі әлемінің Ақсақалы» ретінде танылған Елбасы Н.Ә.Назар­баев­тың Ресей мен Түркия арасындағы дағдарыстың басынан-ақ оны өткеру жолдарын қабыл­дағаны туралы жазыл­ған. «2016 жылдың 6 ақ­па­нын­­да Түркия Премьер-министрі А.Давутоғлуны Астанада қа­былдаған Елбасы Н.Назарбаев бұл жағдайдың Қазақстанға да зар­дабын тигізіп жатқандығын жет­кізді», – делінген. Әрі қарай Қазақ­­стан басшысының іске кіріс­кені жайлы жазылды. Қарым-қатынас ушыққан кездері ол тараптарды сабырлылыққа шақыр­ды. Дипломатиялық тәсілдерді қолдан­ды», – деп атап өтті басылым. Кейбір түрік сарапшылары Түр­кия мен Ресей арасындағы қарым-қа­тынасты реттеу Қазақстан Прези­дентінің қолынан ғана келетіні жайлы болжап айтқан. «Ankara politikalar merkezi» атты сарап­тамалық орталық директоры Хасан Қанболат «Cihan» агенттігінің сайтында 2016 жыл­дың 22 қаңтарында ағылшын тілін­де жариялаған өзінің авторлық «Түр­кия мен Ресей арасындағы шие­леніс Назарбаев басшылығымен тар­қа­тыла алады» атты мақаласында халық­ара­лық қатынастар жүйесіндегі Қазақ­станның орны мен рөлін атайды. Сонымен қатар, ол Қазақстан Пре­зи­­дентінің әлемдік аренадағы бе­де­лі әсіресе, Түркия мен Ресей ара­­сын­­­­дағы шие­леніске байланысты дәне­­­кер болу­ға мүмкіндік беретінін айтады. «Karar» газеті «Ақсақал ықпал етіп, Ресеймен қарым-қатынас­ты жақ­­сартты» атты ақпараттық мате­риа­л жариялады. «Түрік – ресей қа­рым-қатынастың қалып­қа келуін­дегі сахнадан тыс жағдай­лар белгілі болды. «Түрік әлемінің Ақса­қалы» ретінде танылған Елбасы Н.Назарбаев Түркия мен Ресей ара­сын­дағы қатынастың одан әрі ушы­ғуы­на жол бермеді» деп жазды басылым. Осылайша, Түркия бұқаралық ақ­па­рат құрал­дарының алғашқы бет­­терінде жарияланған осындай мате­риал­­дарда Қазақстан Президенті түрік – ресей қарым-қатынасының қалыпқа келтіру бастамасын көтер­гені туралы жазылған. Жалпы, тү­рік-ресей қарым-қатынасының рет­те­лу мәселесі Түркияда қызу талқылануда. Соңғы күндері Қазақстан елшілі­гіне Түркияның түкпір-түкпірінен туризм және ауыл шаруашылығы саласындағы сарапшылар мен іскер топтардың өкілдері телефон шалып, Қазақстан Республикасының Прези­денті Н.Назарбаевқа алғыс айтуда. Бұл Қазақстанның және Қазақ елі бас­шы­сының жеңісі деп бағалауда. Ал өткен аптаның соңында Украи­на Президенті Петр Порошенко Қазақ­­стан басшысына шығып, өз елінің оңтүстік-шығысында орын алып отырған дағ­дарысты шешуге қайта ара­ласып, араағайындық қыз­­метін жал­ғас­тыра беруді өтініп сұра­ды. Мұның алдында, сәуірдің ба­сын­да Таулы Қарабақта соғыс өрті кенет бұрқ ете түскенде, Ресей Пре­з­иденті­нен бөлек, сол ұрыс қи­мыл­­дарына тіке­лей қатыстары бар Әзер­­байжан мен Арменияның басшы­ларын да Ел­басы­ келелі кеңес келтіріп, бітім­герлік жасауға үндеген еді.  Осы­ның бәрі Қазақ­станның және оның Пре­зи­денті­нің алыс және жа­қын шет­ел­­дердің ара­сындағы биік беделін, арааға­йын­дық қызметінің нәти­же­лілігін көр­сететін мерейлі мәр­те­бе деп тұжырым жасауға болады. Таулы Қарабақта қанды қырғын сол күндері бірден тыйылым тап­пағанмен, біртіндеп басыла түсіп еді. Қазіргі күндері екі жақ та саябырға сабыр бекіттіріп,  бітімге беттеудің шараларын қарастырып жатыр. Оның жақын арада біржола түбегейлі шешімге келгелі тұрғанына сенім бар, күдіктен гөрі үміттің оты көбі­рек маздап тұр. Мұнда тумысынан бітім­герлік билікке жақын қазақ халқы­ның көш бастар көшелі тұлғасы ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың атқар­ған мәмілегерлік міндет-қызметі аз бол­ған жоқ. Расында Елбасының тұл­ға­сынан, болмысынан бір кездері билер бітім айтқан дала заңының дар­қан дипломатиялық дарыны кеңі­нен көрінеді. Біздің сонау Дешті Қып­шақ, Алтын орда, Жошы ұлысы, Әбіл­қайыр ордасы, Ноғайлы билігі, Қазақ хандығы дәуірлерінде қара қыл­ды қақ жарып, үкім шығарған қа­бырғалы қазыларымыздан бері қанат жалғап келе жатқан сыртқы-ішкі сая­сатымыздағы шешімнің түп мазмұны ерегісіп-жауласқан екі жақты ымыраға келтіріп, бітімге көн­діру болатын. Ал біздің бітім­гер­леріміз халық пен ханның, тайпа мен тайпаның, ел мен елдің орта­сында дәнекер, мәмі­легер, бітіс­тіруші, үйлестіруші, делдал, елші қыз­мет­терін атқарған. Сон­дық­тан қазақ «Елдестірмек – елшіден, жау­лас­­тыр­мақ – жаушыдан» деп білген. 17-04-01Бір ғажабы, Қазақстанмен етене араласып жүрген мемлекеттердің бәрінің дерлік басшылары белгілі бір аймақта немесе белгілі бір елдер арасында туа қалған әлдеқан­дай өзекті мәселелерді, түйінді түйт­­кілдерді шұғыл шешу, оған ық­пал ету керек бола қалған жағ­дай­да көбіне-көп сол ха­лықтың бүгінгі шоқтығы биік, өне­гелі өкілі Нұрсұлтан Назарбаевқа сөз салып, бұйымтай жеткізіп тұруды біраздан бері дәстүрге айналдырып келеді. Бұл біздің көзімізді Нұрсұлтан Әбішұлының әйгілі Ақтамберді жырау толғаған нағыз «қиуадан ақыл алатын, қиыннан айла табатын» тұлға екеніне жеткізе түседі. Бұған әлемдегі бүгінгі таңдағы ең қуатты держава – АҚШ-тың Президенті Барак Обаманың 2014 жылдың наурыз айынан бері Қазақ­стан басшысына бірнеше рет телефон шалып, Ресеймен арада орын алып отырған дағдарысқа байланысты кейбір мәселелерді шешіп беруге ықпал етуді сұраған өтініштерінің өзі нақты айғақ бола алады. Құрама Штаттардың лидері Украинаның оңтүстік-шығысында қалыптасып отырған ахуалға орай да сан мәрте хабарласып, осы мәселенің түйіні тиімді болып тарқатылуына үлес қосуға тілек білдірген болатын. Осы жерде ойға оралып отыр, 2014 жылдың желтоқсан айында Франция Президенті Франсуа Олланд украин дағдарысын реттеу жөнінде ақылдасу үшін Астанаға ұшып келіп, содан соң Алматыда болып, Нұрсұлтан Назарбаевпен әңгі­мелескеннен кейін әуелгі бағы­тын кілт өзгертіп, қайтар жолында Мәскеуге аялдап, Владимир Путин­мен де қабырғалы кеңеске бет бұр­ған еді. Ал 2015 жылы қара­ша айында Парижде болған кезде Фран­суа Олланд Елбасын жылы қар­сы алып, «Норманд пішіміндегі» кездесуге араағайындық жеке күш-жі­герін жоғары бағалады. Ал мұн­дай дәнекерлік деректері Елба­сы­ның мемлекет басқарудағы қыз­меті кезінде аз кездескен жоқ. Соның бірі – 2015 жылғы қазанда Қазақ­станға мемлекеттік сапармен келген Петр Порошенконың көзін елде тыныштық пен тұрақтылық­ты сақ­тауды қалыптастырмай, мық­ты мем­­лекет құрудың мүлдем мүм­кін емес­­тігіне жеткізді. Сол жылғы мау­­­сым айында Астанаға әлем және дәс­түрлі діндердің V съезіне қаты­су­ға келген Иордания королі Абдал­ла II-нің Қазақстан басшысына қара­та айтқан: «Мен үшін Сіз­бен кезде­сіп, Сіздің жер-жаһандағы ахуал­ды қайт­кенде бәріміздің күші­міз­бен жақсарта түсетініміз жайында айтатын ақылыңызды алу қашанда бір ғанибет. Мен ұзақ жылдардан бері Сіздің аймақтағы бітімгерлік мақ­саттағы, халықтар мен діндер арасын жақындатудағы әрекеттеріңізді қатты қайран қалып бақылап келемін», деген сөздеріне бас имеске болмайды. Осы жерде еске түсіп отыр, әйгілі Досбол би айтатын: «Бәрінен де сөз бастау қиын, тауып айтсаң – мереке қы­лады, таппай айтсаң – келеке қы­ла­ды», – деген қағидатты жадында мық­тап ұстап өскен халықтың өкілі Нұрсұлтан Назарбаев мұндай от пен судың оябында жүргендей бітімгерлік қызметті республика Президенті болып сайланған алғашқы кезінен-ақ бас­таған еді. Біз мұның ілкі басы жоғарыда ай­тылған Әзербайжаннан, сондағы Тау­лы Қарабақ өңірінен арна тартаты­нын да тарқатып айтып өтейік. Ақи­қаты керек, Қазақстан басшысы Әзербайжан мен Армения арасында Таулы Қарабақ үшін кенеттен көтеріліп кеткен дау-жанжалдың ең бірінші бітімгерлерінің бірі болып та­былады. Қазіргі мемлекеттер бас­шы­лары мен саясаткерлер қатарында онымен бұл жөнінен мерзім жарыс­тырып, тәжірибе салыс­тыра алатын бірде-бір тұлға жоқ. Ал аты­раптағы атыс 1988 жыл­дың ақпан айында Әзербайжан республикасы құ­рамындағы Таулы Қарабақ авто­­но­миялы облысы мен Шаумян ауда­ны­ның одан бөлініп шыға­тын­­да­рын жариялаған кезінен басталды. Бұл текетірес 1991 жылғы 2 қыр­күйекте Таулы Қарабақтың орта­лығы – Степанакерт қаласында жер­гі­лікті кеңес депутаттары автономия­лы облысты тәуелсіз мем­лекет деп жариялаған қаулы қабыл­дағаннан кейін бұрынғыдан бетер ушыға түсті. Енді барған сайын қар­қын ала бастаған қанды қырғынды сырт­тан ықпалды күштер араласып, тоқтатпаса болмайтындай күн туды. Екі жақ ымыраға келуден, бір-бірін тыңдаудан қалды. Сол кезде ынталы топ тізгінін Ресей Президенті Борис Ельцин мен Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірлесе қолға алды. Екі республиканың басшылары Баку, Степанакерт және Ереван қалаларында қыркүйектің 20-23-і күндері болып, Әзербайжан, Таулы Қарабақ және Армения рес­публикалары басшылығымен келіс­сөз­дер өткізіп, аймақта жоғары дең­гейдегі бірінші бітімшілік миссиясын жүргізді. Осыған байланыс­ты өткен кездесулер өте-мөте ауыр жағдайда өрбіді. Себебі, аймақтың сонау кеңес өкіметі алғаш құрылған кезден бері қалыптасып, бүгінге дейін әбден қор­даланып қалған, шешуін тап­паған про­блемаларын бір-ақ сәт­те, бір ұй­ға­рым­мен шеше салу әсте мүмкін емес-тін. Сондық­тан осы күндері Қа­­зақ­­стан делегациясы құрамын­да сол са­­пар­да болған «Егеменді Қазақ­стан» (ба­сылым­ның сол кездегі атауы – Е.Қ.) га­зе­­ті­нің тілшісі: «Бұрын о­р­­та­­лық та, ор­­та­лықтың ең басты тұл­­ғасы М.С.Горбачев те түсінбеген, түсінуге ты­­рыс­­паған алауыздық сы­рын табуды, оны рет­теу жолын із­деу­ді Б.Ельцин мен Н.Назарбаев бір­лесіп қолға алды», – деп ақиқатын ашық жазды. Өйткені, саяси қай­раткерлігі мен адамгершілік қа­сиеті қатар танылған Ресей мен Қа­зақ­­стан­­ның басшылары кешегі кеңіс­тік­­тің бір қиырында адам қаны төгі­ліп жатқанда, өз республикасын­да ба­­йыз тауып, тыныш отыра алмаған еді. Осылайша өз бастамаларымен араағайындық миссияны қолға алған Ресей Президенті Борис Ельцин мен Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сапарларын Әзербайжан аста­насы – Бакуден бастады. Мұнда олар Әзербайжан Президенті Аяз Мута­либов бастаған республика басшы­ларымен етене отырып, егжей-тег­жейлі пікір алмасты. Түнге дейін созыл­ған келіссөз екі Президентті бі­раз шаршатып тастаса да, олар келе­сі күні таңертең ертемен Таулы Қара­бақ­тың орталығына шұғыл аттанды. Алдымен жергілікті жұрттың өкілдері сөйлеп, өздерін толғанды­рып отырған мәселелерді жайып салды. Соңынан Борис Ельцин мен Нұрсұлтан Назарбаев сөз алып, жи­нал­ған халықты сабыр мен шы­дам­ды­лыққа, ақыл-парасат пен ұстам­дылыққа шақырды. Әңгіменің негізгі арқауы қайткен күнде де аймақ­тағы қанды қасапты тоқтатуға бағыт­талды. Қалған жайттарды кейін­гі келіссөздердің барысында біртін­деп шешіп алуға болады. Сол күні түс ауа Президенттер Арме­­нияның астанасы – Ереван қаласына ұшып келді. Бұл жердегі жиын әлемдік деңгейдегі ауқымға дейін көтеріліп кеткендей. Оны жер жүзінің көптеген елдерінен кел­ген журналистер қарасының тіпті көп болғаны анық аңғартты. Бітім­герлер мұнда тек Армения Прези­ден­ті Левон Тер-Петросянмен және оның командасымен ғана емес, соны­мен қатар КСРО Қорғаныс және Ішкі істер министрлерімен жабық есік жағдайында екі кездесу өткізіп үлгерді. Бұлардың бәрінің соңғы түйіні 23 қыркүйек күні Ресей­дің Железноводск қаласында өткен бас­қосуда шығарылды. Оған Ресей, Қазақ­стан, Әзербайжан, Арме­ния және Таулы Қарабақ респуб­лика­ларының басшылары қатысты. Оның қорытындысы бойынша «Ресей Феде­ра­циясының Президенті Б.Н.Ель­цин мен Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бітімшілік сапа­ры­­ның қоры­тын­дылары туралы Бір­лес­кен мазмұндама» қабыл­данды. Мұндағы басты түйін Әзербайжан және Армения республикаларының ішкі істеріне сырттан әлдекімдердің араласуға құқығы жоқ екенін атап көрсету болды. Осы арқылы Одақтың сол кездегі Президенті Михаил Горбачевтің бұған араласа алмайтыны ишара етіліп, мәселенің алды алынды. Не болғанда да, жағдайды тараптар өздері қарастырып, шешулері тиіс. Сол тұста КСРО Президентінің Таулы Қарабақтағы мәселені ретке келтіру мақсатында жарлық дайындап жатқаны белгілі болған. Осыған орай Железноводскіде Н.Назарбаевтың журналистер алдында «бұл жарлық­тың енді қажеттілігі жоқ» екенін айтып, «өздерінің араларында туындап отырған мәселені тәуелсіз екі республиканың өздері шешетінін» жеткізуі де үлкен батылдық пен байламды пікірдің үлгісі еді. Бұл бір шынында да өте білікті­лік пен ыжда­ғаттылықты қажет ететін аса жауапты миссия болды. Оның барысында Қазақстан Рес­пуб­ликасының бас­шысына үлкен сынақтардан өтуі­не тура келді. Солардың бәрінен Нұрсұлтан Назарбаев сүрінбей өтті. Рас, бірін­ші бітімгершілік сапарынан соң Қарабақтағы қанды қырғын бір­­ден тоқтай салған жоқ. Бірақ ол бұ­дан кейінгі осы төңіректегі барлық келіс­­­сөз­­­дердің негізгі желісін тартып берді. Ендігі жерде тараптар өз­­дері ұс­та­натын бағыттарды ай­қын­­­дап ал­ды. Арада бір жыл өткен­нен кейін Ел­ба­сы тәуелсіз Қазақ­­стан мем­лекеті­нің тұңғыш Пре­зи­­денті ретінде Ал­ма­ты­да тағы бір бітім­­гершілік жиынын өткізді. Ала­тау баурайындағы қалада 1992 жыл­ғы 27 тамызда өткен бұл кездесуде Қа­зақ­стан, Әзербайжан және Ар­­мения елдерінің Сыртқы істер ми­­нистр­­лерінің қатысуларымен үш­­жақ­ты келісімге кезек беріл­ді. Жиынды ашқан Нұрсұлтан Назарбаев тағы да өзінің туабітті бітім­­гер екенін бай­қатты. Алқалы жиын­­ды ашардағы сөзін­де ол дәл қазір мәселенің бұл теке­­­­т­і­ресте кім­нің дұрыс, кімнің бұрыс екенін анық­тауға тіреліп тұр­ма­­ғ­а­нын, бұл үшін едәуір уақыт пен күш­­тің керек бо­латынын, сондық­тан бүгінгі таң­дағы басты міндет қақты­ғыс­­­ты тоқтат­у­дың нақты жолдарын із­­дес­­­­тіру екенін атап өтті. Соңында Әзер­­­­бай­­­жан мен Армения Сыртқы іс­тер ми­­­нистрлері Қазақстан Прези­ден­­­ті­не бітім­гершілік қызметі үшін ал­ғыс­­­­­тарын білдірді. Келіссөздің қоры­­­­­тын­­­­дылары бойынша олар 1992 жыл­­­­дың 1 қыркүйегінен бастап ұрыс қимыл­­­д­арын тоқтатуға әзір екендерін мәлімдеді. Осының бәрі Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаттағы нағыз бітімгерлік беделін айқын аңғартады. Біздің Мемлекет басшысы бұдан кейінгі жылдары Таулы Қарабақта 22 жыл бойы бейбіт тір­ші­ліктің орнауына осылайша себепкер болды. Елбасы сол бітімгершілік позициясын осы жолы да танытты. Осы дәнекерлік дергейде атқарылған жұмыстардың көне Қарабақ жерінде қайтадан ты­ныш­тық орнауына тағы да үлес қо­сып отырғаны анық. Мемлекет басына келгеннен өзінің бітімгерлік және бейбітшілік сүйгіш ұстанымын айқын танытқан Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің таңы жаңа ата бастаған шақтан-ақ, қуаты жағынан әлемде төртінші әлеует болып келетін ядролық қару­дан өз еркімен бас тартуы арқы­лы да тарихта есімін қалдырды. Осы жылдарда Президент жер-жаһан жылнамасында тұңғыш рет қатарынан бес мәрте өткен әлемдік әрі дәстүрлі дін өкілдерінің конфессияаралық үн­қа­тысуы негізін қалады. Қазақ­стан Елбасының табанды түрде жүр­гізген салиқалы да салауатты сая­сатының арқасында халықаралық дең­гей­дегі аса ірі дау-шарларды шешу­ге қатыса­тын биік беделді мем­ле­кеттердің қатарына қосылды. Елі­міз осы тарапта соңғы кездері Иран­ның ядролық бағдарламасына қатысты қалыптасып қалған кереғар көзқарастар іргесін бір-бірлеріне жа­қын­датып, тұйықтан түйін тауып ке­ту­дің ақылды амалын тапты. Со­ның нәтижесінде парсы елі­нің әлем аренасындағы екінші тыны­сы ашылып, экономикалық ықпал­дас­тыққа қарай қадам басты. Еліміз­дің және Елбасының ширек ғасыр бе­дерін­дегі сыртқы істер саласындағы сарабдал саясатының ірі жеңісі – Қазақ­станның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сіне тұрақты емес мүшелікке сайлануы. Біз бүгін Қазақстан Президенті­нің ширек ғасырдан бері ел мен елдің арасын қосуға арнаған бітім­герлік саласындағы елеулі істерін тізбе­леп атап өттік. Осының өзі Жер бетінде бейбіт өмір­ді, ты­ныш­тық­ты сақтап қалу мақ­сатында бітім­гер­ші­лік жолын таң­даған Елбасының то­лым­ды тұлғасын бұрынғыдан да ас­қақ­татып, айшықтай түседі дер едік. Еркін ҚЫДЫР, «Егемен Қазақстан»