Мен оны алғаш Мақтай Рамазанұлы Сағдиевтің қасынан көрдім. Атақты Зілқараның ұрпағы, алғыр қайраткер, сері жігіт Мақтайдың қасында кез келген адам жүре бермейтінін, оның жолдас, дос таңдай алатынын білетін менің жаңа танысқа көз тіге қарағаным есімде. Бурыл тарта бастаған шашы арыстанның жалындай төгілген, өзі де арыстан келбетті жігіт екен. Кең иықты, кеудесі шалқақ біткен, ұзын бойлы азаматтың тұлғасы да «Ешкімге ешқашан илікпеймін, тізе бүкпеймін» деп тұрғандай, тәкаппар көрінді. Мақтай оны «ескі досым» деп таныстырды. Ол «Рымбек Жүнісов» деп аты-жөнін айтты. Кешікпей ол бізді – Мақтайдың достарын қонаққа шақырды. Таяуда ғана көшіп келген екен. Бәйкен-аға Әшімов, Сағадат-аға Нұрмағамбетов, Сағындық-аға Кенжебаев, ішінде біз бар – танысып, біраз отырып, әңгімелесіп қайттық. Рымбектің отбасын, тегін білдік. Қарағанды облысының Ақтоғай (бұрын Қоңырат атанған) ауданының тумасы болып шықты. Бұл – Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев сияқты Алаштың арыстары шыққан өлке болатын. Алашордашыларға, олардың ұрпағына, жерлестеріне кекшілдікпен қараған кеңес өкіметі олардың еліне де көп жылдар қағажау көрсетіп, ауданның дамуына көңіл бөлмеген. Сөйтіп ол үнемі «алыс, артта қалған» аудандар тізімінде жүрген. Өмір бойы ол елден шыққан адамдарға сенім көрсетілмей, бірен-саран өз қабілетімен көзге түскендердің үстінен ылғи арыздар жазылғанын да білетінбіз. Ақтоғай аудан болғаннан бері 60 жылдың ішінде ел басшылығына өз ішінен бір адам ұсынылмай, кадрды ылғи сырттан тасығанын да жергілікті жігіттер өкпе қып айтып жүретін. Сол әдет «қайта құру» кезінде бұзылып, аудан еңбекшілері аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына өздері сайлап алған тұңғыш жергілікті жігіт осы Рымбек болған екен.
Рымбектің еңбек жолының өзі – бір адамның өміріне жетерлік, әрі қызғылықты, әрі аз күнгі адами тіршілікті қалай құруға болатыны жайлы тәжірибеге ұқсас. Оның өмірден алған сабағы мен көңіліне түйген сыры көп. Текті жігіт жастайынан ұлттық өнеге дәстүрлердің көңілге қонымды жағын екшеп бойына сіңірген. Жаңаны да танығыш, бірақ көрсеқызарлық танытпай, абайлап, ой елегінен өткізіп барып қабылдаған. Қазақы тіршілікті бұзбай, сабақтастыра пайдаланған. Осыған азаматтың ел сүю, жер сүю сезімдерін, ұлттық мақтаныш пен намысын биік қоятынын, аруақтар мен үлкендерді сыйлай білуін, алға қараушылық, болашақты болжағыш қабілетін, бойына біткен қайратты қосыңыз. Рымбектің ізденімпаздығын, кісілігін тәрбиелеген ұғымдардың осылар болғанын оның өмір жолымен танысқан адамның бәрі де түсіне алады. Ол осынысымен, азаматтық ұлағатымен ірі көрінеді.
Рымбек алғашқы қызметін ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп келіп, совхозға агроном болудан бастапты. Әр нәрсені білуге құмар, талапты, пысық жас жігітті аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы көріп, оны партияға алғызыпты. Әрі онымен әңгімелесіп, болашағына жол сілтепті. «Бұл оқуың аздық етеді. Келешегің үлкен сияқты. Оқуыңды жалғастыр», деп ақылын да айтыпты. Содан Рымбек Алматының ауыл шаруашылығы институтына түсіп оқыған.
Содан кейінгі оның өмірі елдегі ауыл шаруашылығы саласындағы еңбегімен жалғасқан. Совхозда бас агроном, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін істеп, «Қызыл арай» атты совхозға директорлыққа тағайындалған. Осы жылдары ойшыл жас жігіт ауылдағы тіршілікті, шаруашылықты басқару жүйесін толық зерттеп, ойлана бастайды. Ауыл шаруашылығындағы олқылықтарды көреді. Іске жауапсыз қарау, өтірік айту, жалған мәліметтер берудің өріс алғанына күйінеді. Енді билікке келгенде, жұмысты неден бастау керек екендігіне мән бере қарайды. Сөйтіп, ол совхоз директоры болып істеген 8 жыл ішінде өз ұғым-түсінігімен шаруашылықты жаңаша басқаруға ұмтылады. Кадрларды ауыстырмайды, тек оларға жаңаша істеу талабын қояды, жауапкершілігін күшейтеді. Елден жасырып, «біреу көріп қоймасын» деген ұғыммен жұмыс істеудің қылмысқа апаратынын айтып, не істесең де ашық, елге көрсетіп істеуді тапсырады. Осының өзімен шаруашылықта бар мүмкіндіктерді алға шығарып, мал басы мөлшерін молайтады. Совхозда мемлекетке ет тапсыру 525 тоннадан 800 тоннаға, қой басы 22 мыңнан 38 мыңға, сиыр 2800-ден 4000-ға, жылқы 475-тен 850 басқа дейін өседі.
Ауылдың әлеуметтік тіршілігін де жақсартуға жол ашылады. Совхоз орталығына он жылдық жаңа мектеп салдырып, тұңғыш балабақша ашады. Ауданда бірінші боп «Қызыл арайға» телефон жүйесі келеді, теледидар қабылдауға қол жеткізеді. Аудан мен совхоз арасына көтерме жол салдырады. Сол жолмен екі араға автобус қатынасын ұйымдастырады. Сол 70-жылдары алыс Ақтоғайдың бір ауылында іске асқан осындай жаңалықтар бір ауданды дүрліктіруге жарайтын еді. Елдің бәрі «Қызыл арайға» қарайды. Аудан басшылары олардың тәжірибесін пайдалану үшін көрші ауылдардан кісілер жібереді. Жас директордың есімі де әр жерде атала бастайды.
Сөйтіп ол әуелі ауданға ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, одан соң аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы сияқты лауазымдарға көтеріледі. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне сайланады.
Рымбек Ақтоғай ауданына басшы болған жылдары Горбачевтың демократияны дамыту жөніндегі идеясы жер-жерге тарай бастаған еді. Қазақстанда да жекелеген ұжымдар өз басшыларын өздері сайлап ала бастады. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы кетіп, жаңа бастық сайлау кезінде жергілікті коммунистер дауыс көтеріп, «Партия Ақтоғайға кадрды өмір бойы сырттан тасумен болды. Біздің адамдарға сенім көрсетпеді. Енді өз басшымызды өзіміз сайлап алатын күн туды» деп, Рымбек Жүнісовты ұсынып, балама негізде бірауыздан сайлайды.
Жас басшыны алдымен облыс орталығынан алыс орналасқан ауданның артта қалып отырған жағдайлары ойландырады. 1986 жылды аудан 6 млн. рубль қарызбен аяқтапты. Табысы малдың төлімен, жүнімен, сүтімен, етімен бағаланатын ауданда бұл көрсеткіштер тым төмен екені белгілі. Ол шаруашылықтарда болып, мемлекетке берешек қарызды жою, табысты ұлғайту, ол үшін әр ұжымның өзін-өзі ақтауы мәселелерін ақылдасады. Біртіндеп қаржыландырудың жаңа принципіне көшудің қажеттігін көтереді. Осы саладағы бетбұрыс ақтоғайлықтарды экономикалық реформаға жетелейді. Мұндай жолдың пайдалы екеніне халықтың көзі жете бастайды. Сөйтіп, 1987 жылы сайланған жас басшы ауданның бұрынғы қарызын өтеп, 1988 жылдың 2 млн. рубль табыспен аяқталуын қамтамасыз етеді. Аудан бойынша арендалық қатынастарды дамытудың мүмкіндіктері ашылады. 1989 жылы аудан 5 млн. 886 мың рубль пайда табады.
Сөйтіп түп тамыры тереңге кеткен бірыңғай шаруашылық көрсеткіштерін енді экономикалық тұтқалар батыл алмастыра бастайды. Арендалық, мердігерлік әдіс кең өріс алады. Екі жыл ішінде аудан шаруашылықтарынан 93 бригада арендалық қатынасқа көшеді. Ауданда мал ұстаудың жылдар бойы қалыптасқан бір жақты еңбек әдісіне өзгерістер жасаудың қажеттігі көріне бастайды. Жартылай шөлейт аймаққа орналасқан ауданда жайылымдар мен шабындықтардың жұтаң тартуы, топырақ жамылғысының мал тұяғымен тозуы, ақшаңдақтарға айналуы оны пайдаланудың жаңа әдісі жайлы ойландырады. Оларды қалпына келтіру жұмыстарымен бірге, арнайы мал бордақылау алаңдарын жасау мәселесі қозғалады. Аудан бойынша екі жылдың ішінде 4 мың қой, 500 ірі қара семіртетін 5 мал бордақылау алаңы іске қосылады.
Осындай бастамалар негізінде ауданның экономикалық жағдайы үлкен өзгеріске ұшырайды. Ақтоғай басшы орындардың назарына ілігеді. 1988 жылдың қорытындысы бойынша, аудан КОКП ОК-нің, КСРО министрлер кеңесінің, кәсіподақтардың бүкілодақтық орталық кеңесінің, БЛКЖО ОК-нің құрмет дипломын жеңіп алады. Бұл – өмір бойы артта қалып келген Ақтоғай ауданының алғашқы жеңісі еді.
Осының бәрі бір адамның еңбегі еместігі айқын. Бірақ елді ұлы істерге бастап, ұйымдастыра білетін басшының рөлі ешуақытта да жоққа шықпайды. Рымбек бас болып, аудан жігіттеріне, мамандарға ой салды, жігер берді, жастардың іскерлігін, шеберлігін, басқа да қабілетін ашуға көмектесті.
Көмек алудың да жолы көп. Рымбек әрбір сапарында Алматыда, облыс орталығында болған кездері республиканың басшы қызметкерлерін ауданға шақыратын мінез шығарды. Оларды ауданмен таныстырып, еңбекшілердің мұң-мұқтажын айтады. Сөйтіп көмек алады. Байланыс министрі Ульянов оған теледидар, телефон жүйесін сыйласа, Автомобиль жолдары министрі Ш.Бекболатов жолды жөндеуге көмек берді. Тұтыну қоғамының бастығы Ө.Сәрсенов үлкен сауда орталығын салып берсе, С.Құбашев Балқаш өндірісінің ауданға көмектесуіне жәрдем жасады. Ала білу, ұйымдастыру – бұл да өнер.
Рымбектің кезінде Ақтоғайда еңбек адамдарының тұрмыс күйіне, жастардың оқып білім алуына, мектеп, мәдениет сарайы, кітапхана, кино қондырғы, аурухана, емхана, сауда, тұрмыс қажетін өтеу, байланыс мекемелерінің жұмыстары жолға қойылды. Музыка, спорт мектептері ашылды. Ойын-сауық аттракционы орнады. Бұрын жоғарғы білімді маман кадрлары аз аудан жастарын қолдап, шаруашылықтар есебінен оқуға жіберу практикасы іске асты.
Осындай жағдайда 1990 жылы ауданның ұйымдастырылғанына 60 жыл толуы атап өтілді. Рымбек оны өзі басқарып, үй тігу, ас та төк жасап, байлықты бәсекемен көрсету жолын емес, ауданның бүгінгі келбетін таныту жолын таңдады. «Аудан тарихы өте бай, бірақ оның қағазға түскені жоқ» деген ол аудан өмірі жайлы теле, радио хабарлар жасатты. «Ақтоғай – алтын бесігім» атты кітап шығарды. Оларда ар жағы Қараменде би мен Жидебай батырдың, бер жағында Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақпаев сияқты Алаш арыстарының, Нарманбет Орманбетов, Шашубай Қошқарбаев, Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, Мағауия Хамзин тәрізді әдебиет пен өнер тарландарының, Ақжан Машанов, Қайдар Арыстанбеков, Рақымжан Шаяхметов, Әлихан Мусин сияқты қоғам және ғылым қайраткерлерінің отаны жайлы қызықты әңгімелер қамтылды.
Республикада халық депутаттары сайлауы өткен кезде Рымбек көппен бірге сол сайлауға қатынасты. Сайлау тағдыры үш аудан (Ақтоғай, Шет, Приозер) сайлаушыларының қатысуымен шешілді. Ақтоғайда Рымбек атқарған жұмыстар көрші аудандарға да белгілі болып қалған кез. Сондықтан олар да еліне ортақ азаматты шын көңілдерімен қолдады. Сөйтіп «Қазақ КСР халық депутаты» деген атаққа ие болып, Жоғарғы Кеңестің ХІІ сессиясының жұмысына қатысты. Осы депутаттық мандатымен ол 1991 жылы еліміздің егемендігін жариялауда, Н.Назарбаевты Президент етіп сайлауда, егемен елдің заңнамалық құжаттарын қабылдауда белсенді жұмыстар жасады. «Отан» (кейін «Нұр-Отан») партиясының алғашқы мүшелерінің бірі болып, партияның саяси кеңесінің құрамына сайланды. Үшінші шақырылған Парламентке осы партия атынан ұсынылды.
Кейін Астанаға орналасып «Ақмола-бетон» зауытын басқарғаннан бері де еліне көмегін жалғастырып келеді. Астананың он жылдығы тұсында қарағандылықтар орнатқан орталық цирк алаңындағы тұғырларды салуға керек бетонды осы зауыт берді. Ақтоғай ауданының орталығындағы кәсіптік-техникалық училище оның әрқашан да қамқорлығына ие болып келеді. Азаматына риза ақтоғайлықтар Рымбекті «Ақтоғай ауданының құрметті азаматы» етіп сайлады. Ел тәуелсіздігіне қосқан осындай үлесі үшін ол «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды.
Азаматтың жүрген жолы қай кезде де тегіс болмаған. Өмірдің қиыншылықтарына қоса, көре алмаушылар, қызғанышпен қараушылар да болған. Рымбектің жолы да осындайлардан құр емес. «Көптің көңілінен шығып, сәл биіктей бастасаң, көре алмаушылық басталады, – дейді ол. – Сырттан келмесе де, өзіңмен бірге жүрген, қолынан түк келмейтін дәрменсіздердің пиғылынан туатын жайттар барлық жерде кездеседі. Жаман болмай, жақсы қайдан шығады? Ақ пен қара қоса жүрсе, жаман мен жақсы да солай жүреді. Қазір ойлап отырсам, сол арыздардың көп пайдасы тиген екен. Біріншіден, сақтанасың, ойлау қабілетің күшейеді. Екіншіден, тексеріп келген кісілермен танысасың, өрісің кеңейеді. Адалдыққа көзі жеткеннен кейін олар қол ұшын береді, қолдайды, қорғайды». Осы бұралаң, тайғақ жолдармен Рымбек тізесі бүгілмей, табаны таймай, сүрінбей өтті.
Бүгінде құрметті демалысын алып, аздаған бизнесін күйттеп жүрген азаматтың ісі мен ойында тыным жоқ. Ол тәуелсіз елінің тіршілігі жайлы ойланады. Жақсысына қуанып, сәтсіз қадамдарына сын көзімен қарап отырады, оның девизі – «қай жасқа келсең де, еліңе пайдаңды тигізу. Тіпті қолыңнан ештеңе келмесе, тілекші бол. Бастық болу міндетті емес. Қандай жұмыс атқарсаң да, пейіліңмен істе, артыңда із қалсын. Ата аруағына сыйынып күн көруге болмайды, менің әкем ғұлама болған, бай, болыс, батыр болған дегенді айтудың өзі күлкі». Ол Қазақстанның жетістігіне қуанады.
Рымбектің ойлары да, істері де көпке танымал. Оның «Көңілге түйгендерім» (2000), «Тоқырауын тоқырамасын» (2007) деген кітаптары бұл күндері оқырмандарын тапқан. Осыларды оқу біраз жылдан бері танысып, табысқан ініме деген менің құрметімді оятқаны жасырын емес. 20 жылдық таныстық, туыстық сезімдер оның кең мінезді, кісіге жақын жүретін, адам танитын, үлкенге кіші, кішіге аға бола білетін азамат екенін көрсетті. Осы мерзім ішінде мен оның азаматтық бейнесін толық көз алдыма келтіріп, жан дүниесін танығандаймын. Дос-інім туралы екі-үш ауыз сөз айтуға бекінуім де осыдан.
... Қарқаралы тауларының ең биік шыңдары – Қызыларай мен Ақсораң, суы елге береке әкелген, жағасы ну Тоқырауын Рымбектің азаматтық бейнесін де, елінің табиғатын да көз алдыңнан өткізіп тұр. Ерді ел туғызады, тәрбиелейді.
Серік ҚИРАБАЕВ.