08 Ақпан, 2011

Табалдырықтан биік тау жоқ

1987 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Біз – қазақстандықтармыз! Алматы көпір құрылғылары зауыты өндіретін құрылыс материалдары Қазақ­станда ғана емес, алыс-жақын шет елдерде де үлкен сұранысқа ие болып келеді. Өндіріс орны атының алысқа танылуын көпшілік зауыт директоры Ахметжан ШАРДИНОВТІҢ іскерлік және ұйымдас­ты­ру­шы­лық қарым-қабілетімен байла­ныс­тырады. Сонымен қатар, ол Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының ор­ынбасары, Қа­зақстан ұйғырлары республикалық этномәдени бірлестігінің төр­ағасы, «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасы басқармасының мүшесі және Алматы қалалық мәслихатының депутаты ретінде де танымал жан. Біз онымен жақында Астанаға жұмыс жайымен келген кезінде әңгімелескен едік. – Ахметжан Бәкримұлы, өткен жыл­дың қазанында Мемлекет басшысының өкімімен бірегей құрылым – Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орын­басары болып тағайындалдыңыз. Бұл сізге көрсетілген зор сенім десек, қа­те­леспейтін шығармыз. – Қазақстан халқы Ассамблеясы Төр­ағасының орынбасары лауазымы кімге де болсын, бірінші кезекте аса үлкен жауапкершілік жүктейді. Егер сол жауапкершіліктің үдесінен шыға білсең, сонда ғана өзіңе білдірілген сенімді ақтаған боласың. Ашығын айтайын, өмір жолымда, еңбек жолымда бұл мәселелерде тәжірибем баршылық. Өйт­кені, мен көптеген ұлт тату-тәтті өмір сүріп жатқан Алматы облысының Жаркент қаласында туып-өстім, сонда мектеп бітірдім. Бірқатар іргелі өндіріс орындарында еңбек еттім. Жиырма жылдан астам уақыттан бері көптеген этнос өкілдері еңбек етіп жүрген Алматы көпір құрылғылары зауытын басқарып келемін. Бүгінде елімізде 130-дан астам этностың өкілдері тұрып жатыр. Олардың басым көп­шілігінің этномәдени орталықтары мен бірлестіктері бар. Осы орталықтар мен бірлес­тіктердің барлығының жұмысын назарда ұстап, олардың қызметін үйлестіру – Қазақ­стан халқы Ассамблеясының міндеті. Бұ­лар­­дан бөлек Ассамблея аясында жүзеге асы­рылатын жұмыстар мен түрлі тақы­рып­тарды қамтитын іс-шаралар жетерлік. Оның барлығы сенен әрдайым ізденіс пен тиянақ­тылықты, уақытты тиімді пайдалана білуді талап етеді. Ассамблея Төрағасының орын­ба­сарлығы аса үлкен жауапкершілік жүк­тейді деп отырғаным сондықтан. – Уақыт демекші, сіздің негізгі жұ­мы­сыңыздан гөрі, қоғамдық негізде ат­қа­ратын жұмыстарыңыз көп көрінеді. Ол өзіңіз басқаратын өндіріс орнының эко­номикалық көрсеткіштеріне кедергі келтіріп жүрген жоқ па? – Кедергі келтірген емес. Өйткені, бүгін істелетін жұмысты ертеңге қалдыру – мен үшін жат қасиет, ата-анам бала кезден соған тәрбиеледі. Ал Алматы көпір құрылғылары зауытына келетін болсақ, онда өз кәсібінің нағыз шеберлері – тәжірибелі құрылыс­шылар жұмыс істейді. Мен оларға толық сенемін және олар мені осы уақытқа дейін бірде-бір рет ұятқа қалдырған емес. Таң­ер­теңнен түннің бір уағына дейін жұмыс істеп үйренген адамға қашанда уақыт жетпейді. Бірақ, мәселе онда жатқан жоқ. Мә­селе – қолға алған ісіңнің нәтижелі бо­лу­ында жатыр. Оған қол жеткізу оңай шаруа емес екендігін оның басы-қасында жүрген азаматтар жақсы біледі. – Ал Алматы көпір құрылғылары за­уытының қазіргі кездегі өндірістік қуа­ты, экономикалық жағдайы ойдағыдай деп айта аламыз ба? – Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, мына мәселеге қысқаша тоқталып өткім келеді. Жаһандық қаржы-экономикалық дағ­да­рысы әлем экономикасын теңселткені бел­гілі. Қазақстандықтар дағдарыс әсерін онша көп сезінген жоқ. Бұл – дәлелденген факт. Менің де, зауытта істеп жүрген 500-ден астам жұмысшылардың да осылай деп айтуларына толық құқығы бар. Неге? Біріншіден, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев­тың көрегендігінің нәтижесінде өндіріс орындары мен банктерді қолдау мақсатында Ұлттық қор мен мемлекеттік резервтен мил­лиардтаған теңге қаржы бөлінді. Екіншіден, сол дағдарыс жылдарының өзінде елімізде индустриялық-инновациялық және «Жол картасы» бағдарламаларын жүзеге асыру әрі қарай жалғасты. Сол қолдау мен де­меу­дің шапағатын бүгінде өзге өндіріс ор­ын­дарымен қатар, біздің зауыт та көріп келеді. Алматы көпір құрылғылары зауытының жайына келсек, бұл өндіріс орны кеңестік кезеңдер мен ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы қиындықтардың барлығын бастан өткерді. Қаншама қиындықтар алды­мыз­дан шықса да, ұжымдағы жұмысшылар қатары қысқарған жоқ. Кеңес одағы кезінде зауытта 500 адам жұмыс істеген болса, бүгінгі күні де осынша адам жұмыс істеуде. Бірде-бір жұмыс орны қысқармады. Қайта жыл өткен сайын зауыттың өндірістік қуаты артып, экономикалық көрсеткіштері еселене түсуде. Мысалы, өткен жылы зауыт ұжымы 30 миллиард теңгені құрайтын 40 мың текше метр темір-бетон бұйымдарын өндірді. Бұл осының алдындағы жылы өн­ді­рілген өнімнен 30 пайызға көп. Оны Мемлекет басшысының саясатты емес, ал­дымен экономиканы дамыту жөніндегі көрегенді саясатының жемісі деп білемін. – Қазіргі кезде зауыт қандай ауқымды бағдарламаларды жүзеге асыруға қаты­сып жүр? – Бүгінде Қазақстан Республикасының Кө­лік стратегиясы жүзеге асырылып жат­қа­нынан көпшілік жақсы хабардар. Қазіргі кезде Алматы көпір құрылғылары зауыты Көлік стратегиясының негізгі бөлігінің бірі болып табылатын Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай автокөлік жолы бағдарламасын жү­зеге асыруға қатысуда. Мақтанғаным емес, біздің зауыттан шығарылған темір-бетон өн­імдері өзінің сапасы мен пайдалану қо­лай­лылығы жағынан посткеңестік кеңіс­тік­те өндірілетін көпір құрылғылары өнімдері арасында алдыңғы орында тұр. Сондықтан да олар бүгінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұл – өндіріс орнына даниялық жоғары технологияларды енгізгеннің жемісі. Бүгінде зауыт өнімдерін Ресей мен Қырғызстан да кеңінен пайдаланып келеді. Ал Кеден одағының құрылып, жұмыс істей бастауы – біздің зауытқа жаңа мүмкіндіктер ашады деген сенімдеміз. – Енді Қазақстан ұйғырлары рес­пуб­ликалық этномәдени бірлестігінің эт­но­саралық жарасымдылықты нығайту ба­рысындағы іс-шараларына тоқталу­дың реті келген сияқты. – Алдымен ұйғыр тілінде білім беретін мектептерде мемлекеттік тіл – қазақ тілін оқытуға қаншалықты көңіл бөлінетініне тоқталып өтсем деймін. Қазіргі кезде елімізде аралас мектептерді қосқанда, 60-тан астам мектеп ұйғыр тілінде білім береді. Осы білім мекемелерінде шәкірттерге қазақ тілін оқытуға ерекше көңіл бөлінетіндігін атап айтқым келеді. Бұрындары ұйғыр тіліндегі мектептерде қазақ тілі пәні шет тілі ретінде оқытылып келген болса, соңғы жылдары біздің этномәдени орталықтың тікелей араласуымен ұйғыр мектептерінде қазақ тілі қазақ тілінде білім беретін мек­тептердің бағдарламасы бойынша оқытыла бастады. Сонымен қатар, ұйғыр мектептерінде әр аптаның сәрсенбі және жұма күндері қазақ тілі күні деп бекітіліп, бұл күндері оқушылар тек қазақ тілінде сөй­леседі. Шәкірттердің арасында мемлекеттік тілде өткізілген конкурстар мен олимпиадаларда жеңімпаз атанғандар да баршылық. Осының барлығы мемлекеттік тіл – қазақ тіліне деген, мемлекетті құраушы ұлт – қа­зақ халқына деген құрметтің нақты көрінісі болса керек. Осыған байланысты айтарым, Қазақстанда тұратын, Қазақстанды Отаным деп есептейтін кез келген этнос өкілі мемлекеттік тіл – қазақ тілін білуі тиіс... – Бәрекелді! Сіздің осы айтқан­да­ры­ңыз Қазақстанда туып, Қазақстанда өсіп-өнсе де қазақ тілін үйренгісі келмейтіндерге, сондай-ақ мемлекеттік тілді білмей­тін қазақ азаматтарына ой салса ғой, шіркін! – Ал Қазақстан ұйғырлары респуб­ли­калық этномәдени орталығының жұмысына келсек, елімізде тұрып жатқан этностардың өздерінің тілін, дәстүрлері мен мәдениетін дамытуға барлық жағдай жасалған. Оның ішінде біздің мәдени орталық та бар. Орталық тек ұйғырлардың мүддесіне ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың мүддесі үшін қызмет етеді. Сондықтан да орталық өз қызмет аясында достық пен ынтымаққа үндейтін мәдени-көпшілік іс-шаралардың ешқайсысынан сырт қалған емес, сырт қалмайды да. Біз, сондай-ақ қайырымдылық акцияларына да тұрақты қатысып келеміз. Мысалы, өткен жылы Қызылағаштағы су тасқынынан зардап шеккендерге 15 миллион теңгенің материалдық көмегін көрсеттік. – Ахметжан Бәкримұлы, биыл Қа­зақ­стан Тәуелсіздігіне 20 жыл толады. Еліміз бұл айтулы мерейтойды Қазақ­стан­ның осы жылдар ішінде қол жеткізген табыстарын, бағындырған белестерін қа­зақстандықтарға, сондай-ақ алыс-жақын шет елдерге кеңінен таныстыру мақса­тында қарсы алғалы отыр. – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XVI сессиясында сөйлеген сөзінде «Жақында Қа­зақстан Тәуелсіздігінің жиырма жыл­ды­ғына аяқ басады. Алдағы мерейтой Қазақ­стан тарихында айтулы оқиға болып, мемлекеттілікті нығайтуы, халықты патриоттық құндылықтар төңірегіне шоғырландыруы тиіс. Шынайы патриотизм дауыс көтере сөйлеген сөздерден емес, нақты істер мен жауапты қимыл-әрекеттерден көрінуі керек» деп атап көрсеткен еді. Үкімет Тәуелсіздіктің 20 жылдығын өт­кі­зуге арналған жалпыұлттық дайындық жос­парын әзірледі. Қазақстан халқы Ассам­блеясы жоспарды әзірлеуге белсене қатыс­ты. Менің пайымдауымша, Ассамблеяға негізінен Қазақстанның табыстарын көпші­лік­ке насихаттау, сондай-ақ таяудағы он­жыл­дық­қа арналған міндеттерді түсіндіру, кең ауқымдағы басқа да іс-шаралар ұйымдас­ты­ру жүктелмек. Ал Қазақстан ұйғырлары рес­публикалық этномәдени орталығы және оның облыстар мен қалалардағы бөлім­ше­лері Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойын еліміздегі өзге де этномәдени бірлестіктер­дің қатарында лайықты қарсы алады деген сенімдемін. Өйткені, Қазақстан – ортақ үйіміз. Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.