Күршімдік ағайынға ортақ бір арман болса, ол – Бұқтырма су қоймасына салынуы тиіс көпір шығар. Таяуда Күршім ауданында Көкжал Барақ батырдың тойына арналған айтыста ақындардың аузынан түспеген көкейкесті мәселе де осы болды. «Нұр Отан» партиясының «Ұлы Дала елі» жобасы аясында өткен айтыстың жеңімпазы, қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан Күршімге көпірмен келетін күн тусын деген көпшіліктің көкейіндегі сөзді тап басуымен де жұртшылық ықыласына бөленген болар, бәлкім. Расында, күршімдіктер үшін көпірмен өтетін күн қашан туады? Бұл әзірге үлкен сауал күйінде қалып отыр.
Ілкіде, осыдан үш жыл бұрын оңтүстіккореялық компаниямен келісімшарт жасалып, көпір құрылысының негіздемесі даярланып, уақыт кестесі де белгіленген сияқты еді. Бөркімізді аспанға ерте атып қойдық білем, сол жоба сиырқұйымшақтанып кетті. Ал соңғы кезде құрылысқа қытайлық инвесторлар атсалысуы мүмкін екені де айтылып жүр.
Бұқтырма – еліміздегі ең ірі су қоймаларының бірі. Күршім ауданының облыс орталығы және басқа аудандармен бөліп тұрғандықтан, жергілікті жұртшылық жазда пароммен, қыста мұз үстімен қатынауға мәжбүр. Қазір мұнда күнделікті екі паром қызмет көрсетеді.
Таңнан кешке дейін жүзетін қос паром күніне шамамен 300-400 көлікті тасымалдайды. Алайда, дауылды күндері паром қызметі де қауіпті. Шетел жаңалықтарынан паром, баржалардың апаты орны толмас қайғы-қасіретке душар ететінін естіп, көріп жатамыз. Әмсе, апаттан сақтасын. Бірақ, «сақтансаң – сақтайды» деген де сөз бар. Биыл қыста айдынның ортасында бұзылып қалған паромдағы жұртты төтенше жағдай қызметкерлері дер кезінде құтқарып қалғанын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Ал қыстыгүні немесе көктемге салым мұз жарылып, күршімдіктердің талай көлігі су астына кетсе-дағы бұдан басқа баламалы қысқа жол жоқ болғандықтан, жергілікті көлік жүргізушілер бастарын үнемі қатерге тігіп келеді. Зайсан ауданы арқылы келетін айналмалы жол өте ұзақ, қаржы шығынымен қоса уақытты да жоғалтады.
Сондықтан, Бұқтырма көпірі күршімдіктер үшін бірінші мәселе. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің жылдың басындағы өңір тұрғындарымен өткен есептік кездесуінде күршімдіктердің көпір құрылысы қашан басталатынын тағатсыздана сұрауы бекер емес. Өңір басшысы өз сөзінде 2016 жылдың алғашқы жартыжылдығында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысына байқау жарияланатындығын айтқан еді. Оның құны 23,7 миллиард теңгені құрайды делінген. Еуропа Қайта құру және даму банкімен, өзге де шетелдік инвесторлармен жұмыс жүргізіліп жатқаны сөз болған. Әрине, облыс басшысына бұл мәселе етене таныс. Соның алдында Күршім ауданына жасаған жұмыс сапарында көпірдің керектігіне көз жеткізген Д.Ахметов күздің қара суығында паром үстінде берген сұхбатында бұл нысанның жұртшылық үшін де, осы өңірдің экономикалық өсіп-өркендеуі үшін де маңызды екендігін атап айтқан. Өйткені, Ертістің оң жақ жағалауында пайдалы қазбалардың мол кені бар. Көпір құрылысы тұрғындарға жеңілдік жасауымен бірге сол байлықты игеруге жол ашады. Аталған кеніштерді игеру мәселесінің кешеуілдеуін инвесторлар қаржылық дағдарыспен сабақтастырып отырғанымен, оның арғы жағында олардың көпір мәселесінің шешімін күтуі де ғажап емес қой.
Аймақ басшысы бұл мәселеге «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының жүзеге асырылуы туралы БАҚ өкілдерімен өткізген баспасөз мәслихатында тағы тоқталды. Болжам бойынша бұл нысанға жұмсалған қаржы 15 жылда қайтарылады. Оның жалпы ұзындығы 1,360 шақырым, ені 13 метр болады деп жоспарланған. Яғни, еліміздегі ең ұзын көпірлердің бірі болмақ. Әрине, жоба жақсы, мін жоқ. Бірақ жүзеге асырылуы кешеуілдеген сайын күршімдіктердің де көңілі күпті бола түсуде.
– Бұл бұрыннан қойылып келе жатқан мәселе. Осы жайт бойынша аудан, облыс әкіміне түрлі деңгейде бірнеше рет сұрақтар қойдық. Сонан кейін қоғамдық кеңеске енгізіп, ауданымызда өткен көшпелі отырыс барысында талқыладық. Осы салаға тікелей қатысы бар мекеме жетекшілері келіп, халықпен кездесті. Қазіргі кезде билікпен тығыз әріптестік орнап келеді. Жергілікті халықтың көптен күткен жобасы кешікпей шешімін таба ма деген ойдамыз, – дейді Күршім ауданы қоғамдық кеңесінің төрағасы Советхан Исқаков.
Ал паром меңгерушісі болып жұмыс істейтін Бақытбек Нұрсейітов бір паромның өзіне күнделікті 1,6 тонна жағармай жұмсалатынын, көпір салынса паром жұмысы жеңілдейтінін айтты.
Таяуда облыс әкімдігіндегі кеңейтілген мәжілісте Елбасы Жолдауын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жарқын Мұсағалиев өңірдегі инвестициялық климаттың артуы жөнінде баяндама жасады. Алайда, облыс басшысы басқарма өкілінің баяндамасында нақтылы жұмыс көрінбейтінін айтып, сын тезіне алды. Шын мәнінде, бұл баяндамада халық күткен көпір мәселесі сөз болмады. Облыс әкімі айтқандай: «Қаншама миллиардтаған келісімдерге қол қойылса да, ештеңеден хабарсыз, жұмыс жүргізе алмайтын басшылармен бірге Еуропа Қайта құру және даму банкі, өзге де даму институттары және мемлекет-жеке меншік әріптестігімен жасалған келісімдерді қалай жүзеге асырамыз?».
Бір сөзбен айтқанда, қалың қағаз қашанға дейін қайық болмақ?!..
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы