08 Ақпан, 2011

Кандидаттар ұсыныла бастады

494 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың төрағалық етуімен Комиссияның отырысы болды. Отырыста төрт мәселе – Кезектен тыс Президенттік сайлауда қол қою парақтарын дайындау және Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттарды қамтамасыз ету туралы, Орталық сайлау комиссиясының 2005 жылғы 31 тамызда қабылданған №12-25 қаулысына өзгеріс енгізу туралы, 2011 жылғы 3 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауындағы шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік БАҚ-тар өкілдері қызметінің кейбір мәселелері туралы және Кезектен тыс президенттік сайлауда Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттардың сайлау қорларының арнаулы уақытша есеп-шоттарын ашудың және жүргізудің кейбір мәселелері туралы мәселелер талқыланды. Орталық сайлау комиссия­сы­ның хатшысы Бақыт Мелде­шовтің хабардар етуінше, Ортсайлауком қабылдаған қаулыға сәй­кес, сайлаушылардың президенттікке кандидатты қолдайтын рас қолдарының қажетті саны кемінде 91 010 (тоқсан бір мың он) қолды құрауы тиіс. Кандидатты қолдап қол жинауды олардың сенім білдірген өкілдері ұйымдас­тырады. Қолдарды жинайтын топ­тардың және олардың мүше­лерінің санына шек қойылмайды. Қол қою парақтарының бүлінуі мен жоғалуы мүмкін екенін ескере отырып, Орталық сайлау ко­миссиясы оларды орталықтан­дыра дайындайды және әрбір кандидатты 100 000 сайлаушылар қолы есебінен саны кемінде 5 000 данада қамтамасыз етеді. Қажет болған жағдайда қосымша қол қою парақтары берілетін болады. Ал президенттікке кандидатты қолдап толтырылған қол қою па­рақтары аумақтық сайлау комис­сияларына тапсырылады. Олар он күндік мерзім ішінде төлқұжат қызметтерінің қызметкерлерін тарта отырып, қолдардың рас­ты­ғын тексеруді жүзеге асы­ра­ды. Сондай-ақ тиісті хаттама жасап, оны Орталық сайлау комиссиясына жібереді. Қолдар­дың растығын тексеру рас қол­дардың президенттікке канди­дат­қа қажетті саны анықтал­ғанға дейін жүргізіледі. Егер азаматтардың 91 010 қолының растығы дәлелденсе, қалған қолдар тексерілмейді. Екінші мәселе – Орталық сайлау комиссиясының 2005 жыл­ғы 31 тамызда қабылданған №12-25 қаулысына өзгеріс енгізу туралы Комиссия мүшесі Ләз­зат Сүлеймен хабарлама жа­сады. Оның атап өтуінше, Орта­лық сайлау комиссиясының 2005 жылы 31 тамызда қабыл­даған «Қазақстан Республикасының Пре­зиденттігіне кандидаттың мем­лекеттік тілді еркін меңгер­генін анықтау жөнінде лингвис­тикалық комиссия құру туралы» қаулысына өзгерістер енгізіліп, оның жаңа құрамы бекітілді. Лингвистикалық комиссияның құ­ра­мында филология ғылым­да­рының докторлары, профессорлар Мырзатай Жолдасбеков, Сейіт Қасқабасов, Фаузия Оразбаева, Шерубай Құрманбайұлы жә­не Дихан Қамзабекұлы бар. Ал Ко­миссияның төрағасы болып Мыр­затай Жолдасбеков сайлан­ды. Президенттікке кандидаттың мемлекеттік тілді еркін мең­гер­гендігін анықтау рәсімі өзгерген жоқ. Ол Орталық сайлау ко­миссиясының 2005 жылы 31 тамызда қабылдаған «Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімі туралы» қаулысымен ай­қындалған. Кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үшін кандидаттан Лин­гвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көлемі екі беттен аспайтын жазбаша тап­сырманы жазу, көлемі үш баспа беттен аспайтын мәтінді оқу және ұсынылған тақырып бой­ынша көпшілік алдында 15 минөттен кем емес сөз сөйлеу талап етіледі. Лингвистикалық комиссия­ның отырысына оның мүшелері мен президенттікке кандидаттан басқа Орталық сайлау комиссия­сының мүшесі байқаушы ретінде қатысуға құқылы. Комис­сия­ның шешімі комиссия мүшелері санының көпшілік дауысымен ашық дауыс беру арқылы қабыл­данады және отырыс хаттама­сымен ресімделеді. Комиссия­ның шешімі дереу отырысқа қа­тысқан Орталық сайлау комис­сиясының мүшесіне беріледі. Ұсынылған кандидаттардың Конс­титуцияға және Сайлау туралы Конституциялық заңда қойылған талаптарға сәйкестігі анықтал­ғаннан кейін 5 күннің ішінде Ортсайлауком оларға азамат­тар­дың қолдарын жинау үшін қол қою парақтарын беруге міндетті. Үшінші мәселе бойынша Ор­талық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова хабардар етті. Оның айтуынша, кезектен тыс президенттік сайлауда шетелдік БАҚ-тар өкілдері Қазақстан Республикасының Сырт­қы істер министрлігі берген аккредиттеу туралы куәлігі болған кезде сайлауда байқауды жүзеге асыруға құқылы деп есептеледі. Сонымен бірге, халықаралық байқаушыға, сондай-ақ шетелдік БАҚ-тар өкіліне бір аудармашы өзінің жеке басын куәланды­ратын­ құжатын көрсету арқылы онымен ілесіп жүре алады. Аталған қаулымен халықаралық байқаушы сауалдамасының мәті­ні­ бекітілді, ал халықаралық байқаушыларды аккредиттеу 2011 жылға 7 ақпаннан бастап 28 наурызға дейін жүргізіледі. Ал төртінші мәселе – президенттікке кандидаттардың сайлау қорларының арнаулы уа­қытша есеп-шоттарын ашу ту­ралы Орталық сайлау комиссия­сы төрағасының орынбасары Владимир Фоос баяндап берді. Оның хабардар етуінше, президенттікке кандидаттардың сайлау қорларының шоттары «Қа­зақстан халық жинақ банкі» акционерлік қоғамында ашылып, жүргізілетін болады. Өйткені, бұл банктің филиалдар желісі еліміздің барлық өңірлерінде кеңінен жұмыс істейді. Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес президенттікке кандидат­тар­ды ұсыну 5 ақпаннан бас­талған болатын. Отырыста Комиссия төрағасы Қуандық Тұр­ғанқұлов содан бергі уақытта ұсынылған кандидаттардың аты-жөндерін атап өтті. Мысалы, 5 ақпанда Орталық сайлау комис­сиясына өзін-өзі ұсыну жолымен кандидатурасын ұсынатыны ту­ра­лы Сәлім Өтен, 6 ақпанда Уә­лихан Қайсаров, ал 7 ақпанда Мұсағали Дуамбеков өтініш берген. Бұл кандидаттардың екеуі 2005 жыл­ғы президенттік сайлау науқаны барысында өз канди­да­тураларын ұсынған болатын. Сайлау туралы Конституциялық заңның 54-бабының 2-тармағына сәйкес президенттікке кандидат­тыққа Конституция мен Сайлау туралы Конституциялық заң қоя­тын талаптарға оның сәйкестігін қажетті құжаттарды тапсырған кезден бастап бес күн ішінде Орталық сайлау комиссиясы белгілейді. Кан­­дидаттың Қазақстан Республи­касында соңғы 15 жыл тұру фактісін Әділет министрлігі мен Ішкі істер министрлігі тапсыратын де­ректердің негізінде Орталық сайлау комиссиясы анықтайды. Ал кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау рәсімі Конституциялық Кеңестің Ата Заң­ның 41-бабының 2-тармағына ресми түсіндірме беру туралы актісіне сәйкес Орталық сайлау ко­мис­сиясының қаулысымен анықталады. Отырыс аяқталған соң, Лин­г­вис­тикалық комиссияның бірінші отырысы болды. Оның жұмысы ашық және жария түрде жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ бұ­қаралық ақпарат құралдары кан­дидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсі­мінің басталуын және Лингвис­тикалық комиссияның әрбір кандидат бойынша шешім қабылдау үде­рістерін тұтастай байқауға мүм­кіндік алады. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.