Шошып оянды. Түн ортасында оятқан дәлізден естілген таяқ тықылы еді. Бауырындағы екі жасар қызын құшақтап, қасында алаңсыз ұйықтап жатқан бес жасар қызы да оянып кетпесе екен, – деп мазаланды. Бір кезде үйдің сыртқы есігінің ашылып, жабылған дауысы естілді де, әлгі таяқ тықылы қараңғы түнге сіңіп жоқ болды.
Қалай болып еді? Қазақы мінездің қаймағы бұзылмаған Оңтүстік өңірдегі іргелі қалада дүниеге келді. Ата-анасы қарапайым адамдар болатын. Қоңыр тіршілікпен күн кешті. Жоғарғы сыныпта оқып жүргенде мұғалімдері: – сендердің кіндік қандарың қасиетті жерге тамды, сондықтан алдағы өмірлерің мәнді де, мағыналы болуы керек, – дейтін. Бірақ осы киелі топырақтан да, қасиетсіз ұрпақтардың өсіп-өнетініне балалықпен мән бермепті.
Мектеп бітіргеннен кейін араға бірер жыл салып ата-анасы дүние салды. Өзінен үлкен екі ағасымен және інісімен әке-шешенің қара шаңырағында қала берді. Екі ағасы атамекенде тұрақтай алмай батыс өңірдегі бір қалаға жұмысқа кетті.
Алғашқы кезде ағалары вахталық әдіспен жұмыс жасағандықтан араға айлар салып келіп тұрды. Қаражаттарын да ауыстырып беріп, барынша көштен қалдырмады. Уақыт өте келе кіші ағасы сол жұмыс істеген өңірде біржола тұрақтап қалды. Естуінше, үйленіп алған көрінеді.
Ал үлкен ағасы бір күні үйге біреуді жетектеп келді. Айтуынша, – бірге жұмыс жасаған, сол жерде танысқан. Жеңгесі қазақилық жөнді көп біле бермесе де, шаруаға тындырымды, барды ұқсата білетін жан болып шықты. Қалай дегенмен де «бірге туған болса да, бірге өлмек жоқ» қой. Оның үстіне жас жиырмадан асып бара жатқасын, әрі аға-жеңгенің қолына қарап отыра берем бе деп бұрыннан көз таныс болып жүрген қалаға жақын көрші ауылдың жігітіне тұрмысқа шыға салды. Ауылда не жұмыс болсын, (күйеуі көп балалы шаңырақтан) Жамбыл қаласына қарай жұмыс іздеп кетті. Ауылға да жиі-жиі келіп тұрды. Осы аралықта мына қасында ұйықтап жатқан сәбилер де дүниеге келіп үлгеріп еді.
Өмір өз сынағын алдына тосып тұр екен. Ол сынақ – қайғылы хабар болып жетті. Күйеуі пойыздан құлап, қазаға ұшырапты. Мән-жәйі кейін анықталғандай, өзінің бір топ жерлестерімен бірге Шу алқабындағы қара сораны көрші елге өткізумен айналысқан көрінеді. Осы «еңбектері» үшін олардың қанша тиын-тебен алып жүргендерін бір құдай білсін? Әйтеуір, күнкөрістің қамы болғаны анық. Содан құқық қорғаушылардың назарына шалынып, пойызда ұсталатын жерде қашып құтылам дегенмен де, қазадан құтыла алмаған ғой...
Осы қайғыдан кейін де араға екі жыл уақыт салынды. Бір күні қолындағы ұялы телефонының интернетінен өзіне жар іздеген біреудің хабарландыруына көзі түсті. «Батыс өңірдің шөлейтті ауданында тұрамын. Үйленбегенмін, мүгедектігім үшін зейнетақы аламын, әрі жұмыс істеймін, үйім бар», – дегесін танысу рәсімі басталды да кетті.
«Тән мүгедектігі деген не? Бастысы – жан мүгедек болмау керек. Енді мен кімнің қолына қарап отырамын? Әрі мына екі сәбиге пана болар», – деп жолға шықты. Облыс орталығына пойызбен келіп, одан әрі үш жүз шақырым тағы көлікпен жол жүрді.
Қырыққа жақындап қалған болашақ күйеуі қарсы алды. Балдаққа сүйенеді екен. Жалғыз тұрады. Үйдің іші азыңқырап кеткен, бос шөлмектер де көзге түсті. «Жалғыздықтан жабырқап аздап ішетін де болар», – деп өзін-өзі жұбатып та қойды.
Екі күн өтті. Бұл алдамшы тыныштық екен. Үшінші күні күйеуінің «спектаклі» басталды. Кешке қарай кешігіп келді. Сыртқы есік жұлқи ашылды, балдақтың еденге тиген тықылы да қатты естілді. Түрі өрт сөндіргендей.
– Неғылып тұрсың, қонақтарға шәй әзірле!...Өзіне қарай сермелген балдақтың ұшы бүйірін тесіп кете жаздады. –Мама! – деп өзіне жабысқан үлкен қызы да балдақтан құтыла алған жоқ. Ал күйеуінің «қонақтары» даурығысып, қалталарындағы бөтелкелерін шығарып жатты...
Түні бойы күйеуінің даурыққан «қонақтарынан» шаршағандық болар, қатты ұйықтап қалыпты. Бөлмеден шығып күйеуін қарап еді, балдағы бір жерде, өзі бір жерде сілейіп жатыр... Ештеңе білер емес...
Сыртқа шықты. Күн едәуір көтеріліп қалған екен. Қасына қария апай жақындады. «Айналайын, көрші әжеңмін ғой, бәрін біліп жатырмыз, тағдыр ғой сені айдап келген. Біз қателеспесек, бұл үйдің есігіне сен төртінші болып кіріп отырсың. Алдыңғылар да сенің кебіңді кигендер. Кім кінәлі? Біз айта алмаймыз…»
Міне, содан бері де екі айдай уақыт өткен екен. Бүгінгі түн де соның бір жалғасы сияқты. Бала кезінде көшеде балдақты адамды көрсе аяйтын еді. Ал сол ғаріп жандар арасында да таяғын әлсіздерге «қару» ретінде пайдаланушылар бар екенін білмепті. Кері қайтудың жолы жоқ. Ол жақта енді кім күтіп отыр?! Қос құлыны ұйықтап жатыр. Балдақ үні естілмейді. Жаздың қысқа таңы да атуға жақын...
Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Батыс Қазақстан облысы,
Қазталов ауданы