1 326 000 000
Былтыр Индер ауданында өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі осынша теңгені құрады
Аудан әкімі Жангелді Рахметқалиевтің айтуынша, өткен жылы Индерде 1 миллиард 326 миллион теңгенің өнеркәсіптік өнімі өндіріліпті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда, 217 миллион теңгеге артық.
«BIAS TECH» ЖШС кәсіпорнында 500 тонна гипс, 2192 тонна гипс сылағы, 517 тонна гипс негізінде жікке арналған құрам және 97 тонна гипстен алынған желі өнімдері өндірілген. Қазір зауытта 78 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр екен.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.
2718
Өңірде бір дәрігер
осыншама баланың денсаулығына жауапты
Соңғы 10 жылда Қызылорда облысында демографиялық өсім жоғарылаған. Мәселен, 2000 жылы туу көрсеткіші 20,1 пайыз болса, 2010 жылы 28,9 пайызды құраған. Облыста демографиялық көрсеткіш жоғары болғанымен, медицина мамандарының жетіспеушілігі байқалады. Бүгінде аймақта 129 акушер-гинеколог жұмыс істейді. Бұл – бір бала дәрігері 2718 нәрестенің денсаулығына жауапты деген сөз. Ал заң бойынша бір дәрігер тек 800 баланы ғана емдеуі керек.
Десек те, ана мен бала өлімін болдырмау мақсатында көптеген істер қолға алынды. 2009 жылы ауруханаларға 163,0 млн. теңгеге медициналық жабдықтар жеткізілсе, 2010 жылы төрт өлшемді УЗИ аппараттары, тағы да басқа құрал-жабдықтармен толыққан.
Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда облысы.
350
Бұл – Батыс Қазақстан облысында тіркелген үкіметтік емес ұйымдар саны
Оның жүзден астамы 13 әлеуметтік бағыт бойынша белсенді қызмет атқарып келеді. Облыстағы үкіметтік емес сектор билік пен халық арасындағы байланыс қызметін атқаратын, әрі көпшіліктің талап-тілектерін жоғарыға жеткізе алатын іргелі ұйымға айналып отыр. Ақжайық аумағында жүргізілген сауалдама қорытындысына сүйенер болсақ, респонденттердің 63,6 пайызы мен тұрғындардың 48,2 пайызы ҮЕҰ қызметі қажет деп санайды.
Мұны билік те анық сезінеді. Айталық, осыдан төрт жыл бұрын облыста ҮЕҰ-ны дамытуға бөлінген қаржы тек 4 миллион теңгені ғана құраса, биыл 22 миллион 500 мың теңгеге жетіп отыр.
Темір ҚҰСАЙЫН, Орал.