20 Шілде, 2016

Интернатта оқып жүр...

1214 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
  ин-2 «Мен бұл кезде қызметке баратын жолда астанадағы ең үлкен нан магазині бар. Ешқандай жұмысым жоқ, тамағым тоқ болса да, әлгі магазинге анда-санда бір кіріп шығамын. Нанның сондағы түр-түрін-ай. Қазақтың таба наны дейсің бе, украинның қара наны дейсің бе, қалалық ақ бөлке дейсің бе, кірпіш нан, дөңгелек нан... Магазиннің іші жып-жылы. Нанның иісі – ана сүтінің иісіндей. Осы магазиннің тұсынан өткен сайын, интернат есіме түседі... Жиі-жиі ойға қалам: іргесін боз өзен жалап жататын интернат болмағанда, интернаттың бір тілім наны болмағанда, біз осы дәрежеге жетер ме едік? Кім біледі...». Бұл – менің жазбам емес. Бұл – қазақтың қазыналы қаламгері Шерхан Мұртазаның «Интернат наны» деген әңгімесінің түйіні. Қандай шығарма жазса да, оның негізін өмірде болған, дерегі бар желілерден құрайтын жазу­шы­ның сол туындыларының бір­қа­тарын өз басынан өткен оқиғаларға сүйеніп жазғаны да белгілі. Шераға жоғарыдағы әңгі­месі­нен бөлек, «Ай мен Айша» деген романында да өзі басты кейіпкер болып жүрген қайнаған тіршілік турасында қамырдан қыл суырғандай етіп сынамалап сыр шертеді. Мұның екеуінде де өзі бала кезінде оқыған мектеп-интернат туралы қалам тербейді. Осы шығармаларға қарап тұрып-ақ біз сол замандарда мектеп-интернаттардың көптеген қазақ жастарын қалай аман сақтап қал­ған­дарын, қалай келе­шек­тің кенересіне іліктір­гендерін бай­қар едік. Кейіні­рек мұн­дай интер­наттар республика астанасы мен бірқатар облыс орта­лық­тарында бала­лар­ға қазақ тілінен сабақ беретін бірден-бір білім ошағы болып қалып, көптеген өңір­лерде туған тіл­іміздің біржола жойы­лып кет­пеуіне айтарлықтай септігін тигізді. Соның нақты мысалы 60-70-80-жылдары Целиноград қала­сын­­дағы жалғыз қазақ мектебі ретінде өмір сүрген №4 мектеп-интернат болатын. 1997 жылы ас­та­на Алматыдан Ақмолаға көш­кен­де Жамбыл Жабаев есімін иеленген осы білім ұясы ана тілінің қам­­қоры ретінде елордаға табан тіре­ген жас отбасылардың бүлдір­шін­­дерін қол бұлғай қарсы алған еді. Осындай себептер арқылы біз­дің еліміз Кеңес өкіметі құрылған алғашқы уақыттардан бері жұмыс жасай бастаған жоғарыдағыдай ин­тер­наттар жүйесіне белгілі бір дәрежеде қарыздар. Бұдан қал­ды, қазақтың кешегі өткен кезең­де маңдайалды перзенттері ретін­де танылған толымды тұлға­лары арасында мектеп-интернат­тар қабырғасынан білім алып шық­па­ған­дары кемде-кем. Кейінгі тол­қын­ның шоқтай шоғырында да кезін­де интернаттың нанын жеп, білімімен сусындап жетілгендер жетерлік. Бұлардың біріншісінде өндірдей қазақ жастарының білім алып қана қоймай, сонымен қатар, аштықтан аман қалуы мәселесі шешіліп жатса, екіншісінде ұлттық тіліміздің түбегейлі жойылып кетпеуінің жай-жағдаяты ойластырылды. Кеңес заманында жер-жерде мектеп-интернаттар ашу науқаны 1919 жылы Халық Комиссарлары Кеңесінің «Сауатсыздықты жою туралы» декреті қабылданғаннан кейін жүйелі жолға түсті. Қазақ­стан­да 1920-1921 жылдары сауат­сыз­дықты жою жылжымалы бекет­­тері түрінде құрылған бір­қатар ұйымдар кейін келе, балалар үйлеріне, мектеп-коммуналар мен мектеп-интернаттарға ай­нал­ды. Біз 1920-1923 жылдары Ташкент қаласында сондай мектеп-интернат типтес балалар үйін құруға Шығыс жастарының жол бастаушысы Ғани Мұратбаевтың қалай белсене атсалысқанын, онда қазақтың көптеген белгілі қоғам қайраткерлерінің білім алып шық­қан­дарын жақсы білеміз. Мұн­дай мектеп-интернаттар кейін респуб­ликаның барлық дерлік облыс орталықтарында ашылды. Дегенмен, қазіргі типтегі мек­теп-интернаттардың алғашқы жүйе­сін жасау ісі біздің елімізде 1957 жылдан бастап қана жүзеге асы­рыла бастады. Осы жылы КСРО Министр­лер Кеңесі мектеп-интернаттар жөнінде ереже бекітті. Соған сәйкес, мектеп-интернат бала­лардың әрі оқитын, әрі тұратын жалпы білім алу мектебі есебінде қатар­ға қосылды. Мұнда енді әке-ше­ше­лері бар бүлдіршіндер де қабыл­данатын болды. Бірақ ата-ана­лар балаларының жатып-оқы­ғандары үшін белгілі бір мөл­шер­де ақы төлейтін еді. Ал ата-ана­лары жоқ жеткіншектер толық мемлекет қарауына алынды. Жаңа типті мектеп-интернат­тар жалпы білім беретін мектеп­терден бөлек, дарынды және мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған қалыпта да бой көтерді. Мектеп-интернаттар кон­тингенті осылайша негізінен ата-аналары жоқ балалардан, соғыс және ең­бек мүгедектерінің, жеке басты ана­лар­дың, зейнеткерлердің, белгі­лі бір себептермен мемлекеттік көмекке зәру кісілердің, шалғай­дағы ауылдарда тұратын малшылар мен теміржолшылардың ұл-қыз­дарынан құралды. Өткен ғасыр­дың 70-жылдары Қазақстанда осын­дай 158 мектеп-интернат жұ­м­ыс жасап, оларда жыл сайын 50 мың­на­н астам бала тәрбие алды. Біз бұл жерде, әлбетте, көптеген ауылдардағы жалпы білім беретін мектептер жанындағы оқушылар жатақханасы түріндегі интерна­т­тарды есепке алып отырған жоқ­пыз. Мұндай жатақханалар білім мекенінен 3 шақырымнан қашық жерлерде тұратын малшылар мен егіншілердің балалары үшін ұйым­дастырылды. Кезінде сол мектеп-интернаттар нағыз қайнаған өмірдің шымырлап аққан бұлағы еді. Жасөспірім жас ұрпақ сонда жүріп, сапалы білім, тәлімді тәрбие алумен бірге, үлкен өмірге де бейімделіп шығатын. Шын мәнінде бұл олар үшін өткелі көп өмірдің алғашқы тепкішегі болатын. Осы күні ұлы Абайдың бәріміз жатқа айтатын: «Интернатта оқып жүр, Талай қазақ баласы – Жаңа өспірім, көкөрім, Бейне қолдың саласы», деп басталатын өлеңі еске түскен сайын, менің жадыма сол интернаттарда оқып-білім алып шыққан қазақтың кіл сайдың тасындай, бір өзен арнасындағы сәмбі талдай біртекті ұл-қыздары көз алдыма көлбеңдеп келе қалады. Бұл шынында солай еді. Сол ортадан қазақ зиялы қауымының көптеген озық өкілдері шықты. Байырғы интернаттар ұлттық интеллигенциямыз туып, қалыптасуына ұшан-теңіз еңбек сіңірді. Ал бұл көш­ті Қостанай қаласындағы биыл ірге көтергеніне 132 жыл толатын Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат бастап берді. Олай болатыны, бұл білім ошағы 1882 жылы салы­нып­ты. Ал 1884 жылы Троицк қала­сын­дағы орыс-қазақ мектебі Тобыл жағасындағы шаһар­ға көші­рі­ліп, осы ғимаратқа орнала­сыпты. Жаңа мекенге қоныс аудар­ған­нан кейін ол екі сыныптық Қос­та­­най қазақ-орыс училищесі деген атау алады. Оның жұмысына қазақ­тың тұңғыш ағартушысы Ыбырай Алтынсарин басшылық жасайды. Кеңес өкіметі орнауына байланысты 1922 жылы мәртебесі «Қызыл коммуна» жеті жылдық мектебі» дәрежесіне өзгерген оқу ордасы 1938 жылы қазақ мектебі болып қайта құрылып, Жамбыл Жабаевтың есімін иеленеді. Осы мектептің бүгінгі статусын алуы, яғни мектеп-интернат атануы 1960 жылы ояға келтіріледі. Сол жы­лы Қостанай облыстық атқару коми­теті­нің шешімімен оған Ыбырай Алтын­сарин есімі беріледі. Ол сол бойда облыс аумағындағы бар­лық қалалар мен аудандардан келген қандастарымыздың ана тілінде білім алатын бірден-бір іргелі оқу орнына айналады. 1990 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы лицей-интернат атанады. Арада 10 жыл өткенде, дарынды балаларға арналған мектеп-интернат мәртебесіне ие болады. Ал 2002 жылдан бері «Назарбаев зияткерлік мектептері іс-тәжірибесін тарату жөніндегі базалық мектеп» ретінде таныла бастайды. Өзінің ұзақ жылдарға созылған осындай өмір­баян жолдарында білім мекені белгілі революционер Әліби Жангелдин, тұңғыш журналист Мұхамеджан Сералин, педагог-жазушы Спандияр Көбеев, Қазақ­станның халық артистері Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Серке Қожамқұлов сынды халқымыздың даңқты перзенттерін ұясынан ұшы­рып шығарған еді. Кешегі кеңестік дәуірдің дүлей саясаты ықпалында жойылып кету­ге шақ қалған қазақ тілін сақтап қалуға ұлан-ғайыр үлес қосқан білім мекемелері қатарында Алматы қала­сын­дағы №2 мектеп-интернат та болды. Республикамыздың сол кез­дегі бас қаласында туған тілі­міз­ді ту етіп етіп көтерген ол өзінің ал­дын­дағы №12 мектептің нағыз сы­ралғы серігіндей, үзеңгілес жол­­­дасындай санатта тұрды. Екі біл­ім мекемесі де саясатта саңы­лау берген сан түрлі сапырылыс­тарда сипатын жоғалтпай, өзгермелі дүниенің өзгеріп жатқан тұс­тарын­да өздерінің табиғи ізгі қалып­тарын ұстап қалды. Осының нәтижесінде шәкірттерін тура жолдың табанынан айырмаған ұлы ұя оларды нағыз отаншылдық рухында тәрбиелей отырып, бүгінгі күнге жетті. Көк­төбе­нің баурайында орна­лас­қан, аума­ғынан «ауыл­дың арқа-жарқа қалпы мен аяулы иісі аңқып» тұра­тын сол мектеп-интернаттың осы бағытта мүдіріссіз жұмыс жасап келе жатқанына келесі жылы асқаралы 60 жыл толады. Ол 1957 жылы республикамыздың түкпір-түкпірінде тұратын малшылар қауымы балаларына арналған мектеп-интернат болып ашылған еді. 1960 жылдан бастап Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының базалық экс­перименттік мектебі міндетін де ат­қарып келді. Ал 1988 жылы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқы­татын мектеп-интернат ретінде жұмы­сын жалғастырды. 2003 жы­лы «Республикалық маман­дан­ды­­рылған дарынды балаларға ар­нал­­ған қазақ тілі мен әдебиетін терең­­дете оқытатын орта мектеп-ин­тер­нат» деген атауға ие бол­­ды. Мектеп-интернат Үкімет қаулы­­сымен 2006 жылдан Абай есімі­мен атала бастады. Бұл білім ұясы­­нан ұшып шыққан түлек­тер ара­сында да бүгінде жұрты мақтан тұтар айтулы азаматтар аз емес. Енді жөпелдемеде ойға орал­ған­дарын айтып өтсек, Қазақстан­ның халық артисі, композитор Кеңес Дүйсекеев, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов, Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев секілді тұлғалар есімдерін атаған болар едік. Бірақ, бір кездері Алматы қала­сындағы №12 қазақ мектебі сияқ­ты, бұл білім мекені тарихын­да да тағдыры қыл үстінде тұрған толғақты сәттер аз болған жоқ. Өткен ғасырдың 70-80-жылдарын­да қолдан жасалған сондай қиғаш­тық­тар кезінде мектеп орыс тілді болып кетуге шақ қалды. Сол тұс­тар­да Үкіметте сондай шешім­нің қа­был­данып кетуіне ұлты­мыз­дың Кәкімжан Қазыбаев, Олжас Сүлей­менов, Тұрсынбек Кәкішев сияқты елжанды азаматтары қас­қа­йып қарсы тұра білді. Қазақтың келешегіне қарай қол созған, халқымыздың тілін таң­дайына ұялатқан ұландарды топ­тап тәрбиелеп өсірген мұн­дай мектеп-интернаттар респуб­ли­ка­­дағы барлық дерлік облыстар орта­лықтарында қанат жайды. Сон­дай білім ұяларының бірі – Орал қаласындағы №11 облыстық мектеп-интернат өзінің негізін 1924 жылы қалады. Оның пайда болуына қазақтың аяулы ұлдарының бірі, қоғам қайраткері, ақын Сәкен Сейфуллин тікелей себепкер болған. Ол 1923 жылы Қазақ АКСР Халық комиссарлары Кеңесінің Төрағасы болып тұрған кезінде Орал өңіріне келіп, қалада таза қазақ тілінде білім беретін мектеп ашуды ұсынады. Бастапқыда жартылай панасыз балаларға арналып ашылып, «пансионат» атанған бұл мекен еліміз тәуелсіздік алғанға дейін Батыс Қазақстан облысы орталығындағы қазақ тілінде білім берген жалғыз мектеп болып келді. Аталған мектеп-интернатта қала тұрғындары арасынан ешкім оқымайтын, мұнда тек маңайдағы ауылдардан келген балалар жатып, білім алушы еді. Осы білім ордасынан қазақтың қаншама талантты жастары үлкен өмірге жолдама алды. Солардың қатарында белгілі ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева да болды. Республикада дарынды бала­ларды тауып, бөліп оқыту мәсе­лесі 70-жылдардан бастап айрық­ша назарға ілінді. Сол дүмпу­дің арқасында 1972 жылы Алматы­да О.Жәутіков атындағы респуб­лика­лық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика мектебінің іргесі қаланды. Онда оқушылар 6-сыныптан бастап қабылданып, 5 жыл бойы аталған пәндер бойынша тереңдетілген білім алды. Мектепте сабақ екі тілде жүрді. Мұнда да қазақ тілінің мерейі түскен жоқ. Мек­теп шәкірттері бірден респуб­лика­лық және одақтық олимпиадаларда топ жарып шыға бастады. Сол түлектердің арасынан кейін көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен ақын-жазушылар, өнер адамдары шықты. Бүгінгі күні біз осы қатардан Кәрім Мәсімов, Қайрат Келімбетов, Тимур Құлыбаев, Асқар Жұмаділдаев, Серікбай Нұрғисаев, Тұрсынжан Шапай тәрізді әлденеше ондаған көрнекті қайраткерлер мен танымал тұлғаларды көрер едік. Кезінде қазақ қаламгерлері арасында өзінің жеке қаржысына мектеп-интернат салдырып берген нағыз Атымтай жомарттар да кездесті. Оқырман қауымға Шы­ғыс­тың шырайы – «Мың бір түнді» қазақша тамылжытып тұрып сөйлетіп беруімен, аты әлемге әйгілі балуан туралы «Қажымұқан» атты тамаша романды ұсынуымен жақсы танымал болған жазушы Қалмақан Әбдіқадыров ауыр сыр­қатқа шалдығуына байланысты 1956 жылы Алматыдан туған жері – Шиеліге келіп, аудандық газет­тің редакциясына қызметке тұра­ды. Осында жүріп, 1958 жылы Сыр­дың сол жағалауындағы Қызыл­құм­­ның қойнауына малшылар бала­лары үшін мектеп-интернат салуға бастамашылық етеді. Ал­ғаш «Жүзбай» деген жерден бой көтер­ген ғимаратын келесі жылы орын алған су тасқыны шайып кетіп, қалам­гер­дің еңбегі еш кетеді. Бірақ сонда да алған бетінен қайтпай, Сыр­дариядан 7 шақырым жердегі «Жарты ауыл» деген мекеннен мектеп-интернат үйін салдырып, 1961 жылы есігін айқара ашып береді. Осының өзі жазушының ұлт пен ұрпақ болашағын ойлайтындығын, олардың тағдырларына алаңдаушы­лы­ғын көрсететін еді. Дәл қазір тап солай алаңдаушылық қатты керек болып тұр. Бүгінде дәл осындай мек­­­теп­терге мұқтаж ата-аналар өте көп. Бұған әрбір облыстағы білім бас­­қармаларына түсіп жата­тын арыз-шағымдар толық ай­ғақ. Себебі, алыстағы ауылдарда тұ­ра­­тын ата-аналар мектепте оқуға тиіс­ті балаларының жайына бай­ланыс­ты тұрған жерлерін, жылы ұяларын тастап, білім ошағы бар елді мекендерге қоныс аударуға мәжбүр болып жатады. Балаларын жіберіп, өздері ата-қоныстарында көз жазбай қала берейін десе, бұ­рын­­ғы кеңшарлар мен аудан орта­лық­­­тарын­­дағы мектеп жандарын­да интер­­на­ттар жоқ. Ал облыс орта­лық­­тары мен қалалардағы мек­теп-ин­тер­наттарда да орын бола бер­мей­ді. Өйткені, қайсыбір облыс­тың ор­­та­­л­ығында бар-жоғы 2-3 мектеп-ин­­тер­­наттан ғана бар. Олардың да әр­қай­­сысы 200-250 оқушыдан ар­ты­қ кон­тингентті қабылдай алмайды. Әдетте, мектеп-интернаттар не­­гі­­­­зі­нен ауылдық жерлерде тұ­ра­­тын және ерекше қабілеті бар бала­­­ларға сапалы білім беру мақ­сатын­­­да ашылады. Қазіргі таңда Қазақ­­стан­да негізгі және орта білім алуға мүм­кіндіктері жоқ ауыл­дар­дан шық­қан 16 125 баланы қамти­тын 275 мектеп жанындағы интернат­тар жұмыс жасайды. Бұдан басқа, 611 баланы қамтитын тіректі мектеп­тер жанында 46 интернат бар. Тұр­мыс­тары төмен отбасы­лары­нан іріктеп алынған 1 587 бала­ның ба­сын бірік­тіріп отырған 8 ин­тер­нат тағы тұр. Бұдан бөлек, мүм­­кін­дік­тері шектеулі, сондай-ақ мү­ге­дек ба­ла­лар­ға арналған 87 ин­тер­натта 13 219 бала оқып жүр. Ал са­н­а­т­о­рия­­­лық типтегі 16 мектеп-ин­тер­нат­­та бар­лығы 2 713 бала білім алу­да. Бұған қоса, дарынды бала­лар­­ға ар­налған 72 мектеп-интернат 14 083 оқушыға тереңдете білім беріп келеді. Әлбетте, бұлардың бәрін қазір­гі сұ­ра­нысты қамтамасыз етіп отыр деп, ешкім айта алмаса керек. Елі­мізде мектеп-интернаттар жүйе­сін жетілдіре түсуді аттай қалап отыр­ған өңірлер өте көп. Со­ның ішін­де солтүстік аймақ­тардың өтіні­мі жылдан-жылға артып келеді. Бұ­ған көп жағдайда бұл ау­мақ­тар­да­ғы елді мекендердегі тұрғ­ы­ндар саны­ның күрт азайып, бір­қатар ауыл­дарда мектептердің жабыл­ып қалып жатқаны тікелей әсер етіп жатыр. Ендеше, бұл тұ­йық­тан шы­ғу­дың бірден-бір төте де тиім­ді жолы ірі елді мекен­дер аума­ғын­дағы, аудандар мен об­лыс­тар орталықтарындағы мектеп-интернаттар санын арттыру болса керек. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»