жүйесінде жаттық жоқ
Бастапқыда, көне көшпенділік кезінде қалыптасқан, бастапқы «жеті ата» жүйесі не ұйғарды, қандай әлеуметтік-экономикалық құндылықтарды, басымдықтарды ұстауды дұрыс деп санады? Әзірге көпшілікке белгілісі – жеті атасын білген текті, жеті атасын білмеген жетесіз... Шындығында, Тек атаны білу дегеніміз – Жеті ата жүйесі қалыптастырған әлеуметтік-экономикалық құндылықтар мен талаптарды басшылыққа алып, мүлтіксіз орындау. Жеті ата жүйесі өз кезегінде көне көшпенді дәуірінде белгілі түрде қалыптасқан, даму үстіндегі әлеуметтік-экономикалық өмірді қамтамасыз етуге бағытталған қоғам тұтастығы, оны қамтып түсіну үшін: біріншіден, оның (ары қарай, қазіргі тілмен айтқанда) еңбек ресурсын қалыптастыруда қыз алысып, қыз беріспейтін, екі ұлдан кем емес, әрқайсысының есептелу реті өзіңнен басталатын, жеті ата буыны мен жеті ұрпақ буыны екенін, олардың арасындағы туысқандық үш жұртты (қыз жағынан болатын жиен жұртты қоспағанда) қамтитынын; капитал ресурсын қалыптастыруда, төрт түлік малды шөп дайындамай, қора салмай тебінділік қалпында (жылдың төрт мезгілінде) ұлғаймалы ұдайы өндіре алатынын;
екіншіден, оның әлеуметтік қатынасы, ұлдың жеті ата туысқандығының сегізінші буынынан бастап жекжатқа, жүрежатқа, жұрағатқа (елде туысқандықтың басқаша атаулары болуын, олардың мәндерінің біркелкілігіне байланысты ескермесек), одан соң ру, тайпа, жүз, халыққа ауысатынын;
үшіншіден, жеті ата жүйесінің экономикалық қатынаста, «төрт түлігі сай болуының»; ұрпақтарының бөлінетін, бөлінбейтін енші институты биiгін төмендетпей, «сегіз қырлы, бір сырлы», «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар», «тура биде туған жоқ», т.б. қағидалармен өмір сүретінін ақылға қондырып ұғыну абзал.
Қыз алысып, қыз беріспеу жүйесі өзіңнен басталатын жеті ата, жеті ұрпақ тізбесін қамтиды. Жеті ата тізбесінің бір нұсқасы: Өзің – бірінші ата, әкең – екінші ата, әкеңнің әкесі – үшінші ата, төртінші ата – арғы ата, бесінші ата – баба ата, алтыншы ата түп ата, жетінші ата – тек ата.
Жеті ұрпақ тізбесі: бірінші ұрпақ – өзің; екінші ұрпақ сенің балаң – бала; үшінші ұрпақ – немере; төртінші ұрпақ – шөбере; бесінші ұрпақ – шөпшек; алтыншы ұрпақ – немене; жетінші ұрпақ – туажат. Бастапқы жеті ата, жеті ұрпақ қалыптасу (өмір сүру) мерзімі, орта есеппен әр буынның алмасуы, Адам Смит заманынан қалыптасқан буын алмасу туралы, 25 жылдың орнына шамамен 20 жыл десек, жеті ата, өзіңді қосқанда, айналсоқпасы (циклы) – 140 жылды, өзіңді қоспағанда (бір адамды екі рет есепке алмау үшін) туажат ұрпағыңа дейін 120 жылды қамтиды. Жеті ата жүйесінің жалпы айналсоқпасы – жеті ата (140 жыл) және жеті ұрпақ (120 жыл) қосындысы 260 жылды қамтиды. Бастапқы жеті ата жүйесі қалыптасқаннан кейін, әрбір өмірге келген нәресте жаңа жеті ата жүйесін бастаушы, қалыптастырушы екенін білген, сол үшін кем дегенде екі ұлды өмірге келтіру жауапкершілігін анасының ақ сүтімен жадына сіңірген, орындаған, соның арқасында қазақ халқы қалыптасқан.
Туысқандықтың үш жұрты өзіңнен басталады: өз жұртың (қыз алысып-беріспейтін); қыз алысып-берісетін нағашы жұртың мен қайын жұртың (олардың отырықшы болуының мүмкіндігі зор), олардың әрқайсының бірге туған бауырлары және олардың жеті ұрпағы.
Әлеуметтік сыйластық қатынастың маңыздылары мыналар: өз жұртындағы туысқандар атауының бір нұсқасы (ескерту: әр жерде әртүрлі аталуы мүмкін, жеткізетін мәндері бірдей): бірге туғандар – емшектес туысың, әкеңмен бірге туғандар – өз туысың, атаңмен бірге туғандар – немере туысың, арғы атаңмен бірге туғандар – шөбере туысың, баба атаңмен бірге туғандар – шөпшек туысың, түп атаңмен бірге туғандар – немене туысың, тек атаңмен бірге туғандар туажат туысқандарың болып келеді.
Нағашы жұртың да, қайын жұртың да (әр жерде әртүрлі аталуы мүмкін), дәл өз жұртыңдағыдай өзара сыйластық, туыстық қарым-қатынаста болуы табиғи жай.
Үш жұртыңның туысқандық атау тізбегі қыз алысып-беріспейтін туажаттан кейін қыз алысып-берісетін сегізінші буындағы – жекжат, тоғызыншы буындағы – жүрежат, оныншы буындағы – жұрағат туыстармен жалғасады. Осылардың бірлестігі «рулық» туысқандыққа әкеледі. Одан кейінгі туысқандық бірлестіктің аты «тайпа», «жүз», «халық». Осылардың арасындағы қарым-қатынастың да негізгі қағидасы – сыйластық.
Қыз алыспайтын дәстүр құндылығы қазақ халқы қалыптасқанға дейін де болған. Ол туралы 1015-1070 жылдары өмір сүрген ғұлама бабамыз Жүсіп Баласағұн: «Әйел алсаң – төрт рудан алысты ал, Ол болмаса – ей, азамат, қалыс қал», – дегені белгілі.
Осы «туыстық арада жеті ата толғанша жастарға бір-бірімен некелесуге болмайтынын», тіпті, «бұл дәстүрді бұзған адам ұлттық қорғаныс тетігіне нұқсан келтіруші» екенін; оны бұзғандарға, тұңғыш Қазақ мемлекеті қалыптаса бастағандағы Жеті жарғыда, өлім жазасын бұйырғанын; ел қамын, ұрпақ болашағын ойлаған даналар қыз алыспау заңдылығының қылдай ауытқымауын әрі қырағылықпен, әрі қаталдықпен қадағалағанын бағамдаймыз.
Қыз алысып, қыз беріспеу құндылығымыздың мүлтіксіз сақталуы ұрпақты аздырмауға қол жеткізуіміздің ең тиімді жолы екендігі туралы халық даналығын, бүгінгі «генетика», «ұрпақты жақсарту», «евгеника» ғылымдары растай түседі. Қан араласуын бұзуға байланысты белгілі бір үрім-бұтақты қуалап, ауысып отыратын 1000-нан аса ауру түрлері бар екендігі де осыған айғақ.
Сегізінші буыннан кейін басқадан қыз алып, қыз берісуге рұқсат етілген. Нағашы, қайын, жиен жұрттары «...руаралық қатынасқа жол ашып, өзінен-өзі жалпақ қазақтың этностық тұтастығына ұласады. ...Қазақ арасында әрбір адамның өзін жалғыз сезінбеуі – исі қазақ арасынан туыс табатынына сенімді болуын», олардан сыйластық қарым-қатынас табатынын меңзейді.
Қазақта: «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан», – деген де ұғым бар. Жоғарыда келтірілгендей, жеті атаның ұрпақтар алмасуы 140 жыл десек, елу жылда, тіпті, жеті ата туысқандығы да жаңармайды, сонда ол нені меңзейді? Сұрақтың жауабын жеті атадан кейінгі буындарды қуалай туысқандыққа берілетін «жекжат», «жүрежат», «жұрағат», «ру» атау логикасынан іздесек, мынандай заңдылықты байқаймыз: жеті ата – 7-ші буынмен аяқталады; «жекжат» – 8-ші буын; «жүрежат» – 9-шы буын; «жұрағат» – 10-шы буын; ал, 11-ші буыннан (әр жерде әртүрлі буын саны болуы мүмкін) ары қарай туысқандық «ру» бірлестігіне ұласып, елуінші буында ру бірлестігі, туысқандықтың жаңа атауы – «тайпа» қалыптасады. Қазақтың елу жыл дегені – елуінші буын дегені болса керек. Сәйкесінше, жүзінші буында тайпалар бірлестігі, туысқандықтың жаңа атауы – «жүз» қалыптасады. Ол «жүз жылда – қазан» – дегенге балама болса керек. Жүз туыстығы ары қарай жүз бірлестігі – «халық» атауына ұласады да, туысқандық атауының жаңаруы тоқталады, сол себепті, жүзінші буыннан кейінгі кезең «қазан» деп аталса керек. Ары қарай халықтық сезімді дамыту басымдыққа айналады. Қазақ мемлекеттігін қалыптастырушылардың бірі Төле би бабамыздың: «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін», дегені осы біртұтас халықтық сезімді оятудың қамымен айтылса керек. Бұл құндылық бүгін де өзінің өрелі биігінен үн қатады.
«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан», деген ұғымның шын мәні «елу буында ел жаңа, жүз буында – қазан» екенін тарихта 1105-1225 жылдар шамасында ғұмыр кешкен қазақ халқының төбе биі, әйгілі бабамыз Майқы Төбейұлының тайпа бірлестіктерінің бастарын қосып, Қазақ шалдың үш ұлынан тараған тектеріне қарай Ақарыс (Ұлы жүз), Бекарыс (Орта жүз), Жанарыс ( Кіші жүз) атауларын бекіткен деген дерек растай алады. Егер, қазақтың ұрпақтарының шамамен тайпадан жүзге айналу мерзімі – 2000 (100х20) жылдан Майқы би Төбейұлы бабамыздың ғұмыр кешкен жылдарын шегерсек (2000-1105) – (2000-1225): біріншіден, Қазақ бабамыздың шамамен ғұмыр кешкен кезеңі б.з.д. 105-225 жылдар [есептеу тарих ғылымының кандидаты, ҚазҰУ доценті Құсайынұлы Қайсардың кеңесімен жүзеге асты] болғанын табамыз; екіншіден, оның үш ұлының аты, шын шежіреде аталғандар екенін орнықтырамыз; үшіншіден, жеті ата жүйесінің белгілі алгоритммен (жеті ата әулетінен басталып, румен, тайпамен, жүзбен жалғасып, халықтың пайда болу сатыларымен) дамығандығын байқаймыз; төртіншіден, 550 жылдығын тойлаған хандық құрылып, Қазақтың алғашқы ханы болып Керей жарияланғанда, олар өздерінің Қазақ деген бір адамнан тарағанын куәландырғанын түсінеміз.
Жеті ата жүйесінің туыстықты ұйытатын мәйек-құндылығы – Абай хакім айтқан: «Сыйласарлық тектінің, Кім танымас нұсқасын», дегеніндегі – «сыйластық». Бабаларымыз «сыйластықпен» түсіністікке, ортақ мүддеге, береке-бірлік басымдығына қол жеткізетінін бек түсінген. Жеті буынды әулет ауылының ажырамас тұтастықта көшіп-қонып жүріп, ұрпақты «сыйластықпен» сусындатуы, «төбедегі төртеудің» [ескерту: төбедегі төртеу – өз жұртың, нағашы жұртың, қайын жұртың, жиен жұртың («қыз туса өрісің» дегеннің сыры), олардың сыйластығы] түгел болуын мүлтіксіз қамтамасыз еткен. Бұл құндылыққа дақ келтіру «ауыздағы алтаудан айырылуға әкелетінін» (өзіңнің үш жұртың мен жиеніңнің үш жұрты) ескеріп, әулетте қалыптасқан құндылық дағдысын рулық, тайпалық, жүздік, халықтық қарым-қатынастарға да жалғастырып, қоғамды тұтастықта ұйытатын мәйек-құндылыққа ұластырған.
Көнеде қалыптасқан «сыйластығымыз» Қазақстан халқы Ассамблеясында қалыптасқан береке-бірлігімізбен, әлемге танылған бренд-бейнемізбен сабақтасып, жалпыхалықтық мемлекеттігіміздің нұсқасына айналды. Бұл құндылығымыз – Украинадағы сияқты алауыздық қасіретке жібермейтін, адамзаттың сыйластыққа негізделген әлеуметтік-экономикалық бірлестігімен астасатын қазақстандық нұсқамыз.
Жеті ата жүйесі қалыптастырған тағы бір феномен – ұмытыла бастаған, бөлінетін және бөлінбеген енші институты. Бөлінетін енші отау құрған жас жұбайлардың еншісі болса, «бөлінбеген енші – кез келген қазақ отбасының жолаушылап келген қонаққа беретін сый-сыбағасы (тамақ, жатын-орын, малының жем-шөбі)». Осы дәстүрді марқұм Ақселеу Сейдімбек ары қарай былайша саралайды: «Бөлінбеген енші, яғни қонақтың еншісі қазақтың дәстүрлі өмір-салтында және сол өмір-салтымен орайлас қалыптасқан ру-тайпалық жүйеде ел-жұрттың біртұтас этножаралым (этноорганизм) болуын ойластырудан туындаған айнымас әдет, бұлжымас қағида, қатал тәртіп», сонымен қатар: «...кез келген қазақ жолаушысы кез келген қазақтың үйінде бөлінбеген еншім бар деп, сеніммен босаға аттай алған. Ондай жолаушыдан тамақ ақы, жамбас ақы, мініс көлігіне берілетін жемшөп ақы алынбаған. Керісінше, жолаушы түскен үйінен оң шырай, ықыласты күтім көре алмаса, ол жолаушы биге жүгініп, сол үйден айып-шам алуға хақылы болған», – дейді ғалым.
«Сегіз қырлы, бір сырлы» болудың ұрпақ қабілетіне (жоғары, орташа, төмен) байланысты екендігін білген бабаларымыз оларды жарыс, бәсекеге машықтандыратын «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар», «Тура биде туған жоқ» қағидаларымен баптаған. Әулет, ру жүзден жүйрікті, тайпа мыңнан тұлпарды анықтап, бұқара жамағатқа жақсылығың да ортақ, билігің де бірдей әділ болсын деген аманатпен, ұрпақтарын әулет, ру, тайпа билігіне ұсынған. Туысқандары, өз жағынан, «жүйрік», «тұлпарларына» сөз келтірмеу, ұятқа қалдырмау, обалына қалмау үшін оларға салмақ салудан аулақ болуды дұрыс санаған. Бастапқы жеті ата жүйесінде қазіргі кездегі қоғамның парақорлық, жемқорлық, сыбайластық, т.б. дерттері мүлдем болмаған. «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылының 2015-2025 жылдарға арналған жаңа бағдарламасында осы тәжірибе ескерілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Көшпенділердің «бір сырлы» ұғымы – өзінің кім екенін ұмытпай, ұрпақтан ұрпаққа мүлтіксіз жалғастыратын құндылығы, адамзаттың бәріне ортақ, көне грек ғұламаларының пайымдаған бес анығы. Яғни, адам белгілі бір ұлтқа, халыққа тән екендігін айқын сезінуі үшін бес түрлі шартты: сол ұлттың тілін жақсы білуі; сол ұлттың дінін терең меңгеруі; сол ұлттың дәстүрін толық бойына сіңіруі; сол ұлттың тарихын бес саусағындай білуі; сол ұлт мекендеген жерінің ой-шұңқырын жақсы білуі парыз дегені.
Елімізде жеті ата жүйесін өрбітуге дайын институттар жетіп-артылады: балабақшадан бастап, мектеп, орта, жоғары, тіпті, өмір бойғы оқыту жүйелері де, ұлттық тәрбие кафедралары да, журнал, газеттер, тағы басқа ұзақ тізімді мүмкіндіктер баршылық. Тек олардың бағдарламаларына жеті ата жүйесінің құндылықтары мен қағидаларын, заманауи талаптарға сай, басымдық беретін биікке көтеріп, мыңдаған жылдар бесігін тербетіп қалыптастырған тектілігімізді жаңаша қалпына келтіріп, Ұлы Даланың Мәңгілік Ел ұғымын Қазақстан халқының айбындылық формуласына айналдырып, «нұрлы жолмен» сапарымызды болашаққа бағыттауымыз сәтті болғай.
Болат БОЛСАНБЕК,
Тұрар Рысқұлов атындағы Жаңа экономикалық университеттің доценті, экономика ғылымдарының кандидаты
АЛМАТЫ