«Жол мұраты – жету» дейді қазақ. Әлбетте, атты сауырға ирек қамшылап, байтақ далада барақатпен жүретін көшпенділіктің көркем күндері қалып, алып-ұшпа заманның асығыс мінезі бүрген сайын жолдың қадірі арта түскендей. Кешегі күннің пәлсапасы – аман-есен жету болса, мобилді уақыттың талабы – жедел жету. Жылдам жеткізетін ұшақ пен ұшқыр пойыздардың пұлы қарапайым жолаушыға қолжетімді бола бермейді. Сондықтан алыс жолға шыққанымыз ертегідегі ұшқыш кілемді қиялымызда үкілей жүріп, автобусқа немесе жеке автокөлігімізге отырамыз. Ұлан даладағы ұзақ жолда ой қаумалайды. Бас-басына бірден көлік тізгіндеген кезеңде ортақ игілік – жол инфрақұрылымының жан жабырқататын жадау кейпі қашан түзелмек?! Сол соқталы сауал әсіресе, шығыс өңірінің жолдарымен келе жатқан жолаушылардың жадында еріксіз бүр жаратыны бар. Еліміздегі ең ұзақ республикалық жол – шығысқазақстандықтарға тиесілі. Облыс аумағын 3414 шақырым республикалық жол басып өтеді. Ұшы-қиырсыз ұзақтығы ма, жолшылардың, жол құрылысшыларының мимырт, өнбес еңбегі ме, оларға бас-көз болған мердігер-серіктестік жетекшілерінің жауапсыздығы ма, әлде қайдан құлақ шығарам деген қазаншының (тендер бөлуші мекемелердің) еркіндегі дүние ме, әйтеуір осы жолдың жағдайы жақсарғаны некен-саяқ. Жыл сайын жөнделіп жатқан жолдың қашықтығы жөндеу көрмеген жүдеу жолдың ширегіне татымайды. Әрине, тиісті мекемелердің есебінде мұның барлығы ағымдағы жөндеу, орташа жөндеу сияқты сылап-сипайтын жұмыстардың тасасында қалып, жалпы жұмыстың жағдайы жақсы сияқты көрініс беретінін жасырмаймыз. Осы бұлтарыс-қалтарысы көп жолдың үстінде ажалмен бетпе-бет келетіндер азаймай тұр. Қазақы таныммен қайырғанда, жолдың жаманы жоқ, жаманнан аманы жоқ... Шұрқ тесік жол көлік иесін шырқыратады, асыққан жолаушының жүйкесіне батады. Оған аяғы мен қаламы асырайтын, үнемі жолда жүретін тілші қауымы болғандықтан куә-дүрміз. Жаз кезінде әманда жолға билет табыла бермейді. Қуаныш пен қайғыда бас қосатын ұлт болған соң, қалайда діттеген жерге жетуге тырысасың. Жуырда сондай сапардан қайтарда тағы билет таппай, ініміздің көлігімен жолға шықтық. Алматыдан Өскеменді бетке алдық. Жақында шығыс өңіріне жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз арасында облыс орталығына қарай даңғыл жолдар келе жатқанын айтқан еді. Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында Астана – Семей – Өскемен, Алматы – Талдықорған – Өскемен жолдары заманауи талаптарға сай толығымен қайта салынуы тиіс. «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудың хаб қағидаттары бойынша макроаймақтарды қалыптастыру арқылы іске асырылатыны мәлім. Яғни, Астананы өңірлермен күн сәулесі іспеттес магистральды автомобиль жолдары, теміржолдар мен әуе желілері байланыстырады.
Алматы – Өскемен республикалық жолының алып шаһардан Талдықорғанға дейінгі бөлігі аяқталуға жақын қалыпты. Ал одан бергі жолдың жағдайы мәз емес. Тіпті, кей тұстарда сын көтермейтін, сабырыңды сарқылтатын, санаңды сарсылтатын жүдеу жолдарды басып өттік. Әсіресе, Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарының шекарасынан Аягөз қаласына дейінгі жолдың әбден тозығы жеткен. Әрине, бұл күре жолдар Кеңес Одағы кезінде салынған көне құрылыстардың бірі. Қазіргі көлік тасқыны мен жүк тасымалы көлеміне есептелмеген. Содан да жиі сыр береді. Десе де, республикалық мәртебеге ие жолдың жыл сайын жүргізілетін ағымдағы жөндеу жұмыстарының өзінен құр қалғаны көрініп тұр. Ойдым-ойдым, апандай шұңқырлар адымыңызды аштырмағаны былай тұрсын, көлікке обал көрінді. Жаңбыр-жаңбырдың арасымен жүргендей, шұңқырларды санаған, қиралаңдаған жүріс мандымайды. Содан да әр тұста шоңқиған көліктер. Бірінің дөңгелегі жарылса, бірінің әлдебір бөлшегі сынған. Жолаушылардың айтар шағымы – жол. Даланың аптабында, желкемігінде жолда қалғанның азабы жетерлік. Көлік салонында қария мен жас сәби болса, жауапкершілік жүгі тіпті молая түседі.
– Шығыс өңіріндегі өзекті мәселе – осы шұрқ тесік жолдар деп ойлаймын. Өйткені, ауылымызға бір барып келгеннен кейінгі көлікті қайта жөндеуден өткізудің өзі қалтаға ауыр түседі, – дейді жолай кезіккен джип көлігінің жарылған дөңгелегін ауыстырып жатқан Данияр есімді жүргізуші.
Рас, бірінде болса, бірінде жоқ нарық заманы. Су жаңа сүйріктей көліктердің өзі Шығыс өңірінің жолдарына шыдас бере бермейді. Оның арасында банктен келісімшартпен несиеге алынғаны бар, көлік иелеріне әжептәуір шығын. Айталық, Өскеменге келгеннен соң көлігін тексерткен інімізбен бірге техникалық жөндеу орталықтарының арзан қызметін іздестірдік. Маркасы да, қызмет көрсетуі де нарықта орташа саналатын жеңіл көліктің салдырлап қалған жүру бөлігін қайта жөндеуден өткізу үшін орта есеппен 70-80 мың теңге қажеттігі белгілі болды. Осы көлемдегі есеп-қисап қағазын қолымызға ұстатқан техникалық диагностика орталықтары мамандарының айтуынша, елімізде қалааралық жол дәліздерінде жеке көлікпен жүргеннен гөрі ұшақ қызметін пайдаланған әлдеқайда арзанға түседі екен. Әрине, жеке адамға. Ал отбасыңызбен, басқа да сапарлас адамдар болса, бұл тиімсіз. Сондықтан, жеңіл автокөлікті таңдауға тура келеді. Осы орайда жолдың даңғыл болып сайрап жатуы мемлекетке де, оның азаматтарына да экономикалық тұрғыдан көп олжа саларын аңдауға болады.
Республикалық жолдардың күтіміне «ҚазАвтоДор» мекемесі жауап береді. «ҚазАвтоДор» кәсіпорнының Шығыс Қазақстан облыстық филиалына 11 жол пайдалану учаскесі мен 1 ағаш отырғызу учаскесі қарайды. Жүріп өткен жолдың жайын осы мекеменің облыстағы жетекшісінен сұрадық. Филиал басшысы Іңкәрбек Атабаевтың айтуынша, биыл жыл басында облыс аумағындағы республикалық жолдарды жамап-жасқауға қаражат бөлінген екен. Тіпті, 100 мың шаршы метр шұқанақты жабуға есептелген қаражаттан (636 миллион теңге) жұмыс ауқымы асып түсіп, бүгінге дейін 155 мың шаршы метрге жуық шұңқыр жамалыпты. Алайда, жамалған жолды байқамадық па, әлде жамалуы тиіс жолдың аумағы тым көп пе, жолдың жағдайы әлгідей.
– Бір мезетте жолдың барлығын жасап шығуға біздің мүмкіндігіміз жоқ. Оған кәсіпорнымыздың қуаты жетпейді. Ал Алматы – Өскемен жолының жамалмай қалуының себебі, біз асфалть-бетон өнімдерін шығаратын зауыттар арасында аталған учаскеге байқау жарияладық. Облысымыздың оңтүстік өңірлеріне жеткізілуі тиіс асфальт материалы бір ай кешікті. Оның ішінде семейлік «ГорДорСтрой» мекемесі шикізат тасымалын бір ай кешеуілдетті. Өздерінің объективті себептерін алға тартатындықтан оларға еш кінә қоя алмаймыз, – дейді І.Атабаев.
Сондай-ақ, Алматы – Өскемен тас жолындағы жамау жұмыстарының қазір 80 пайызға жуығы аяқталғанын, басқа учаскедегі бригадалардың көмекке жұмылдырылып жатқанын, алдағы 15 күнде жамау-жасқау жұмысы толық шегіне жеткізілетінін айтты. Оның ішінде көктемгі сел алып кеткен жол бөліктері де бар. Жолаушылар тасқыны жаз маусымында көбейетіндіктен, шұңқырларды жамауды күзге салымға қалдырмай ертерек жасауға болмас па еді деген ойымызды жасырмадық. Мекеме директоры мұның басты себебі, жергілікті климат жағдайына байланысты екенін жеткізді. Оның үстіне биыл жауын-шашын да қолды байлап отыр, деді ол. Тағы бір мәселе, мекеменің өндірістік қуаты жұмысты жедел жүргізуге жетіңкіремейді. Мәселен, еңбек қызған осы маусымда 536 адамды жұмыспен қамтыса, қалыпты жағдайда кәсіпорында 480 адам қалады. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алудың да машақаты мол. Құжаттар тас-түйін болғанша, кішігірім шұңқыр арандай апанға айналып үлгереді.
Әрине, өңірдегі республикалық жолдарды басқарудың ұлттық операторы – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы. Аталған филиалдың жетекшісі Серік Ақтановпен сөйлескенімізде, ол Алматы – Өскемен жолының Талдықорған – Қалбатау учаскесіне тиесілі 352 шақырым жолға жобалау-зерттеу жұмысы жүргізіліп, 102 шақырымға тең Өскемен – Қалбатау автожолының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатқанын жеткізді. Бұл бағытты займ қаржысы есебінен қайта жөндеу жоспарланып отыр. Мұндайда «Кісідегінің кілті аспанда» деген сөз еске түседі. Яғни, инвестор табылғанша күре жолды жамап-жасқап тұра тұруға тура келеді.
Республикалық ауқымдағы жолдың тағы бірі – Омбы – Майқапшағай трассасы. Таяуда ғана Зайсан ауданына барған сапарымызда жүріп өткен бұл жолдың Көкпекті ауылы мен Боғас бекетінің арасының да нашарлығына көз жеткіздік. «ҚазАвтоЖол» АҚ филиалының жетекшісі Серік Қасымбекұлы «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында Омбы – Майқапшағай республикалық автокөлік жолының «Орталық-Шығыс» дәлізінің 171 шақырымы аяқталып, пайдалануға берілгенін жеткізді. Бұл Павлодар, Семей, Қалбатау ауылы мен Өскемен қаласы аралығын жалғайды. Аталған дәліздің жалпы ұзындығы 407 шақырымды құрайды. С.Ақтановтың айтуынша, қалған 236 шақырым жол 2019 жылға дейін жөнделмек.
Аймақта көлікке қолайсыз жолдар баршылық. Жаз маусымы өңір тұрғындарының су жағалайтын кезі ғой. Бұқтырма су қоймасына апаратын жолдағы Осиновский асуының жағдайы да ағымдағы жөндеуден өткенімен аса мәз емес. Дегенмен, асуды асатын қауіпті жол аумағы болғандықтан, жол жиектеріне қарсы келе жатқан көліктерді көруге мүмкіндік беретін 15 дана айна, терең шатқалдарға сырғып кетуден сақтайтын қауіпсіздік жиектері орнатылғаны қуантты. Сондай-ақ, Алакөлге апаратын Үржар ауданындағы жолдың күрделі жөндеуден өтіп жатқанына оншақты жыл болса да әлі аяқталмаған тұстары бар. Бұл өз кезегінде ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге де кедергі келтіреді. Өйткені, тапсырыс берушілер қаржыны екі қайтара шығындауды қажет деп таппайды.
Жуырда облыс әкімі Даниал Ахметов облыстық мәслихат депутаттарына берген есебінде өңірдегі автожолдарды күтіп ұстауға жыл сайын бюджеттен 5 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалатынын айтқан болатын. Өңір басшысы күрделі жөндеуден гөрі орташа жөндеудің әлдеқайда тиімді екендігін үнемі айтып келеді. Биыл орташа жөндеу жұмыстары ұзындығы 228 шақырым болатын 16 телімде жүргізілуде. Алакөл, Сібе көлдеріне апаратын, Өскемен – Самар, Өскемен – Бобровка, Бородулиха – Шемонайха бағытындағы және Серебрянка қаласына кіреберіс жолдар жөнделіп жатыр. Сондай-ақ, облыс әкімі республикалық қазынадан «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 2,3 миллиард теңге қосымша қаржы келіп түскенін, оның бір бөлігін облыстық деңгейдегі күре жолдарды жөндеуге бағыттауды, оған жұмыссыз жүрген тұрғындарды тартуды тапсырған болатын. Яғни, бөлінген қаржы бар. Енді жұмыстың нәтижесін күту қалды.
Әрине, ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмас. Өңірде жөндеуден өтіп жатқан тақтайдай тегіс жолдар бар. Ағымдағы жылы күрделі жөндеу жұмыстары республикалық дәрежедегі Өскемен – Зырян – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары жолының Өрел мен Берел ауылы аралығын қамтып отыр. Былтыр басталған құрылыстың қазіргі кезде 19 шақырымы жөнделді. Оны келер жылы толығымен аяқтау жоспарланып отыр. Бұл Алтайдағы атақты Рахман қайнары шипажайына жеткізетіндіктен, туристік маңызы ерекше жол саналады. Дегенмен, жекеменшік нысанға жататын шеттегі шипажайға мемлекет есебінен қаржы бөлгеннен гөрі, облыс тұрғындарының игілігіне ортақ, жиі қатынайтын ішкі жолдарға назар бөлу қажеттігі байқалады. Мәселен, облыс әкімі Аягөз бен Ақсуат арасын жалғайтын жолдың жағдайын былтыр өз көзімен көрген болатын. Бұл Қарағанды – Аягөз – Боғас жолының маңызды бөлігі. Биыл осы жолдың 78 шақырымы күрделі жөндеуден өтуде. Бұл жол пайдалануға берілген кезде Алматы бағытынан келетін Зайсан мен Тарбағатай аудандары тұрғындарының осыған дейін Қалбатау арқылы айналма жолмен қатынап келген жолын екі есеге қысқартады.
Былтыр орташа жөндеу жұмыстары 216 шақырымды қамтыды. Ал биыл 105 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді. Оның біразы Өскемен мен Семей арасын қамтиды. Әрине, жол жөндеудегі сеңнің қозғалғаны қуантады. Десе де, редакцияға қоңырау шалатын тұрғындардың бір парасы Семей – Қайнар тас жолының жырына қойылар нүктені де күтіп жүргенін айта кеткен ләзім. Жол – өңірдің күре тамыры. Онымен тіршілік нәрі ағады. Сондықтан, жөнделген жолдардың жолын жүдеу жолдарымызға да берсін деген өңір тұрғындарының ортақ тілегін жеткізгенді жөн санадық.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы