02 Тамыз, 2016

Ортаң толсын, орта тап!

2238 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
тап-2 Әлеуметтік стратификация жүйесінің маңызды бөлігі саналатын қоғамның салмағы басым осы тобы бүгінде қай елде болмасын көптігімен ерекшеленеді. Тұрмысы жоғары және төмен тұратындардың ортасындағы белсенділер – орта таптың азаюы ел экономикасының құлдырауымен тікелей байланысты болады екен. Айтар болсақ, біздің елде орта тап туралы түсінік әлі де бол­са лайықты сипатқа ие болмай отыр­­ған сыңайлы. Себебі, елі­міздегі жағдайы жақсы деген тұр­ғындардың шын мәнін­дегі тұрмыс деңгейі шетел азамат­тарының төменгі табының кри­терийлерімен сәйкес келуі әбден мүмкін. Жалпы, орта таптың әр ел­де әралуан болатындығын ес­керу қа­жет. Және де қоғамның әлеу­­­меттік құрылымын сөз еткенде оның құрылым жағынан бір­дей болмайтынын, адамзат тұр­мысының арасында қашанда теңсіздік болатынын да ескеру маңызды сияқты. Сондықтан да олар­дың жіктелуі ғалымдар үшін ылғи да күрделі мәселе болып келді. Десек те, әлеуметтанушылар аза­­мат­тардың білімі, табысы, мате­риалдық жағдайына байланысты бірнеше жіктерге бөліп қарайтын стратификациялық мо­дельдерді ұсы­нады. Олардың қатарына жо­ғары тап, орта тап, жұмысшы та­­­­бы және төменгі тап жатады. Қар­жы және өнеркәсіп магнаттары, жоғары билік элиталары жататын жоғары тап туралы әңгіме қозғаудың жөні басқа. Тап солай табысы тұрақсыз, жұмыссыз, әлеу­меттік аз қамтылғандар жайын да бөлек әңгімелемекпіз. Бұл ретте ауқымды топ – орта тап­­­тың қоғамда алар орны ерекше екендігі осыдан бірнеше ғасырлар бұрын-ақ белгілі болған. Осы орай­да ұлы ойшыл Аристотель: «Кез келген мемлекетте үш топ бар. Біріншісі – байлар, екіншісі – ке­­дейлер. Ал үшіншісі – ең жақ­сылары», деген екен. Тіпті, өткен XX ғасырдан бас­тау алған орта тап­тың ортасын көбейту мәселесі қашанда маңыздылығын жоймай келеді. Оған көптеген себептер де жоқ емес, әрине. Бірінші кезекте қоғамдағы әлеу­­меттік тәртіп пен тұрақты­лық­­­тың және экономиканың тірегі орта тап өкілдері екендігін ескере кеткен жөн. Сондай-ақ, қоғамның негізгі интеллектуалдық күші мен жоғары мамандарынан тұратын тобының кез келген мәселеде бел­сенділік таныта алатыны тағы бар. Бүгінде ға­лымдар, жазушылар, су­ретшілер, дін қызметкерлері, оқытушылар, дәрігерлер, орта және шағын кәсіпкерлер мен ма­манданған жұмысшылар жататын орта таптың заман талабына сай өзіндік өмір сүру дағдысы бөлек және экономика мен саяси бағытта тәуелсіз екені белгілі. Халықтың неғұрлым көп бөлігі ауқатты болған сайын, қоғамның тұрақтылығы да нығая түсетіні дәлелденген. Яғни, қандай да бір меншікке ие азамат өзіне тиесілі игіліктердің сақталуына мүдделі. Бұл тұрғыда Мемлекет басшы­сы Нұрсұлтан Назарбаев ел тұрғындарының арасында орта тап өкілдерінің санын арттыру мәселесіне ұдайы назар аударып келеді. Осы туралы өткен жылы «Нұр Отан» партия­сының кезекті XVI съезі барысында орта буын қа­зақ­стандық ұлттың негізі ретінде қарастырылуы тиіс екендігін баса айтқан болатын. «Еліміздегі орта тап кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастырудың көзі ретінде қарастырылуы керек. Бұлар на­ғыз заңның салтанат құруына мей­лінше мүдделі, мемлекеттің халыққа есеп бе­руін қалайтын, ел­­дегі тұрақтылық үшін барымен күре­сетін үлкен күш», деді Елбасы сонда. Президенттің орта тап өкілдері­не берген сипаты бойынша, елі­міздегі орта тап тұрғындары – бұл өзінің баспанасы, автокөлігі, бизнесі мен жалақысы қалыпты, отбасын асырап отырған, балаларын оқытуға, қыдыруға жағдайы толық келетіндер. Бұл ретте Елбасы дәл осы тап тұрақтылықтың мей­лін­ше жақтаушысы екендігін, Гер­манияда ұлттық байлықтың 90 пайызын орта тап өкілдері құрап отырғанын атап айтқан болатын. Әлемнің ең дамыған жетекші ел­дерінде орта тап халықтың 60-80%-ын құрайды. Кем дегенде бұл көрсеткіш жартысына жуықтауы керек. Басылым беттеріндегі деректер бойынша, мем­лекетімізде орта буынның қатары аза­йып келе жатқаны айтылуда. Соңғы жылдары теңге бағамы өзгергенге дейін олардың көрсеткіші 25-30% болса, қазіргі таңда 10-15%-ды құрайды. Мұның өте аз көрсеткіш екендігі белгілі. Және де алдағы уақытта олар­дың артатынына күмән да жоқ емес. Тіпті, бірқатар сарапшылар біздің елде орта тап туралы айтуға әлі ерте деп есептейді. Кейбірі мем­ле­кетіміздегі орта таптың ұзақ уақыт бойы қалып­тасу кезеңінде болатынын тұспал­даса, тәуелсіз мамандардың пікірі бойынша, елдің орта тап өкілдерін шетелдікімен салыс­тыруға келмейді. Сондай-ақ, елде қоғамның орта буындарының саны басым екендігіне және оның жылдан-жылға ұлғаятынына сенім білдіретін сарапшылар да жоқ емес. Десек те, бүгінгі таңда тек біз­­дің елде емес, бірқатар мем­лекет­терде алаң­­­датарлық ахуалға ай­на­лып отырған бұл мәселе көптеген шараларды қолға алуға итермелейді. Себебі, жаһандық сипат алған дағдарыс, мұнай ба­ға­сы­ның құлдырауы әсіресе, экономиканың белін бүктіргені рас. Осы ретте оның салқыны бір­қатар бизнес өкілдері мен кәсіпкерлердің жұмысын қиын­датып, айтарлықтай соққы берді. Орта тап өкілдерінің нағыз ядросы саналатын бизнесмендердің саны кеміп, орта таптың пайызы да азайып қалды. Кез келген елдің экономикасы­ның негізі шағын және орта кәсіп­­­керлік екендігі бүгінде бар­шаға аян. Дамыған елдердің тә­жірибесіне сүйенетін бол­сақ, шағын және орта кәсіпкерлікті қалыптастыру мен дамыту елдің экономикасын көтеруде үлкен маңызға ие. ШОБ-ты дамыту ар­­қылы салалық және өңірлік мо­нополизмді жоюға, нарықта тауарлар мен қызметтерді көбейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін пайдалануға, қоғам тұрақтылығының кепілі болып табылатын орта тап қалып­тастыруға үлкен мүмкіндіктер бар. Сондық­тан да, елдегі кәсіпкерлік саласын дамытуға басымдық бере отырып, оны дамытудың тиімді шараларын қолға алу қажет. Ал бұл тұрғыда елімізде қоғам арасында орта тап өкілдерінің санын арттыру барысында көп­теген жұмыстар жүзеге асып, мем­­лекеттік бағдарлама­лар ен­гізіліп жатқанын айта кеткен аб­­зал. Бизнеске тұрақты әрі қо­лайлы жағдай жасалып, же­ңілдетілген салық жүйесі, кепілді, субсидияландыру мен жеңіл­дік­пен несиелендіру секілді мем­лекеттік қолдау шаралары енгізілуде. Дей тұрғанмен, әлі де болса экономикаға тәуелді болып отырған осы мәселенің мән-жайын толыққанды тексеріп, ШОБ өкілдеріне бұдан да тиімдірек жағдайларды жасау қажеттігі туын­­дайды. Сондай-ақ, салық кө­лемін одан әрі қысқарта түсудің маңызы да айрықша. Миннесота университетінің өткен жылғы зерттеулері бойынша АҚШ-та орта таптың үлесі 42-55% аралығында екендігі белгілі болды. Бұл көрсеткіш бұрнағы жылдармен салыстырғанда бірнеше пайызға кеміген. Яғни, 2015 жылы Америка тұрғындарының тек жартысына жуығы ғана өздерін орта таптың өкіліміз деп есептеген. Ал бұл тұрғыда дамыған елдің орта тап туралы критерийлерінің өзгеше екендігін ескерген жөн. Мысалы, «Business Insider» журналында орта тапты сипаттайтын мынадай анықтамалар беріліпті. Онда жылдық табысы 25 пен 76 мың долларды құрайтындар өздерін орта таптың өкілі ретінде санайды. Мысалы, Нью-Йорк пен Калифорния үшін адамның бір жылдық табысы 30 мың доллардан жоғары болуы қажет. Яғни Нью-Йорк тұрғыны айына 3000 доллардан кем табатын болса, он­да ол төменгі таптың жанына жай­ғасады. Сонымен қатар, «Независимая газета» басылымы көрші Ресейде орта таптың азайып келе жатқанын жазған. Яғни экономистер мен әлеуметтанушылар елде орта тап­тың орны ойсырап қалғанын айтады. Олардың айтуы бойынша, Ресейдегі ресми деректер көрсетіп отырған орта таптың 20-25%-дық көрсеткіші, шын мәнінде 7%-ды құрайды. Ал Ресей ғы­лым ака­демиясының Әлеуметтану инс­титуты тұрғындардың 20%-ын орта тапқа жатқызуға болатынын айтады. Шетелден деректер келтіре отырып, олардың қоғамы, құрылымы және тұр­мысының біздікінен бөлек екендігін айттық, бұл ретте әр елдің өзіндік ұстанымдары бо­латынын да ескеру қажет. «Әр елдің салты басқа, иттері қара-қасқа» екенін бабам қазақ баяғыда білген. Себебі, бағзы заманнан қанағатпен қарын тойғызып, шүкірлік ету арқылы шаруасын жа­сап жатқан исі қазаққа осы жөнінде сұрақ қояр бол­саңыз, міндетті түрде «өзін орта тапқа жат­қызатыны» жөнінде жауап аласыз. Бұл туралы шетелдік сарапшылар да адамзаттың өзін-өзі рухани тұрғыда орта тапқа жат­қызуын орта тап сипаттарының бірі деп есептейді. Ал осыған қатысты өткен жыл­­­­­­ғы «Қазақстандағы орта тап ұлттық эконо­миканың қозғаушы күші ретінде» атты конференцияда Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Рамазан Салықжанов тұшымды пікір айтқан болатын. Оның айтуы бо­йынша, ең бірінші, орта тап өкілдерін та­бысымен алып қараған дұрыс емес. Екіншіден, әр ұлттың, қоғамның өзіндік танымында ерекшеліктері бар. Мәселен, біздің елімізді алар болсақ, қазақ халқына «шүкіршілік», «тәубешілік ету» тән. Соңғы зерттеулеріміздегі «Сіз өзіңізді қалай сезінесіз?», «Өзіңізді қай тапқа жатқызасыз?» деген сауалдарға халықтың басым бөлігі өзін жақсы сезінетінін, өзін орта тапқа жатқызатындығын айтқан. Ал ауылдағы орта тапқа жататын азамат пен қаладағы орта тап өкілі және Батыстың орта тап өкілдері арасындағы табыстары, көңіл-күйлері әртүрлі болып келеді, дейді ғалым. Демек, орта тап өкілі деген кезде нақ­ты ел-жұрттың, қоғам­ның, эко­но­­ми­калық және саяси жағ­дайдың ерек­шеліктерін ескеру қажет. Оның айтуынша, орта тап өкілдері мәселесінің күн тәртібіне шығарылуы қоғамдағы тұ­­рақтылық жағдайына байланысты. Орта тап неғұрлым көп болған сайын қоғам тұрақты дамып, биліктің жүргізіп отырған бағыты дұрыс деген түсінік қалып­тасады. Яғни елдегі орта тап өкіл­­дері санының көбеюіне мемлекет мүд­делі. Сонымен қатар, Р.Салықжанов қазіргі таңда еліміздің орта тап өкілдерінің нақты саны белгісіз екенін айтады. Тіпті, оларды анық­тайтын нақты өлшемдер де жоқ. Ал, орта тап өкілдеріне басында баспана­сы, астында көлігі бар, бала-шағасы мен туған-туысына қарайласуға жағдайы жететін азаматтарды жатқызуға болады, дейді. Десек те, дамыған елдермен иық тірестіріп дамушы көшке адымдай ілескен соң, елдің орта табын көбейту және олардың тұрмыс сапасын көтеру де мемлекеттің және кез келген азаматтың міндеті деуге болады. Себебі, біреуден кеш, біреуден ілгері келетінімізге қанағат ету өз алдына, «Бұдан да жаман күнде тойға барғанбыз» дегенді «Бұдан да жақсы болу қа­жет» дегенмен алмастыру заман талабына сай болмақ. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан»