Фатима Балғаева туралы сөз
Қазақ халқының көнеден келе жатқан ұлттық саз аспаптарының ішінде ысып орындалатын, терең де толқымалы сырға толы үні бар, тыңдарманға эстетикалық әсері зор қобыздың орны ерекше. Қобыз тереңнен буырқанып шығар жан сезімін, нелер терең қабатта жататын сыр қатпарын, көңіл күйі мен сарынын қай қырынан болса да ашып бере алатын адамның табиғи дауысына ең жақын бірегей аспап. «Күй атасы – Қорқыт» деп қазақ бекер айтпаған. Қорқыттың күй сарындарын орындаған негізгі аспабы қазақтың қара қобызы екенін ескерсек, халқымыз үшін бұл аспап шын мәнінде қасиетті. Осы көненің көзіндей кенен аспаптың аяққа тұрып, оркестр құрамындағы өзінің орнын алуына ерекше еңбек сіңірген, кәсіби қобыз аспабында орындаушылық мектебінің негізін қалаған шебер орындаушы әрі ұстаз, Қазақстанның халық әртісі, профессор Фатима Жұмағұлқызы Балғаева болатын.
Ф.Балғаева – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, халық аспаптар кафедрасының тұңғыш түлегі. Ол қобыз аспабында кәсіби орындаушылық өнердің көрнекті өкілі болумен бірге өзінің барлық саналы ғұмырын еліміздің білікті музыкант орындаушылары мен педагогтарын тәрбиелеу ісіне толығымен арнаған толағай ұстаз. Жастайынан шығармашылық еңбекке қызу араласқан оның пешенесіне қазақ ұлттық қобыз мектебінің іргетасын қалау, жетілдіріп алға дамыту секілді жауапты әрі құрметті міндеттер жазылыпты.
Әкесі Жұмағұл байдың малын баққан. Сұрқай өмірдегі бар қызығы – өз қолымен жасаған қалақ домбырасын ермек қылған екен. Музыканы ерекше жақсы көргендігі де болар, қойдан айырылып қаласың деп ойнап отырған домбырасын қақ бөліп тастағанда да қайтпай, қайтадан жасап алып, өнерін тастамаған екен. Жанұядағы бес баланың екіншісі, жастайынан музыкаға бейімі осы Фатима болады. Анасы Бексұлу мен екеуі ошақ басында қосылып ән айтады екен. 1928 жылы Балғаевтар отбасы сонау Түлкібастан Алматы қаласына көшіп келеді. Фатима №38 орта мектебінде оқиды. Жастайынан еті тірі епсекті қызды көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысушы шәкірттердің орындауындағы құлаққа жағымды музыканың үні бейжай қалдырмайтын. Тумысынан зерек, естігенін лезде қағып алатын Фатима осы үйірменің домбыра жағына қабылданады. Мектеп қабырғасында жүріп ол көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі, белгілі композитор, сол кездегі көптеген көркемөнерпаздар ұжымдары мен кәсіби өнер мекемелерін ұйымдастырушы Бақытжан Байқадамовтың тәлімін көріп, мектептің мәдени өміріне үлкен ықыласпен белсенді қатысады. «Айгөлек» ансамблінде өнерін шыңдайды. Бұл үйірмеде талай талантты ұл-қыздар кейін қазақ кәсіби өнерінің белгілі тұлғаларына айналды. Солардың бірі Фатима Балғаева болатын.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде ер-азаматтар майданға шақырылып, филармония құрамында істеп жатқан ұлт аспаптар оркестрі, өзге де өнер ұжымдары білікті музыканттарға деген тапшылықты өткір сезінеді. Осындай қиын жағдайдан шығу үшін 1942 жылы арнайы жіберілген мамандар ел ішіндегі, мектеп пен орта және жоғары оқу орындарындағы оқушы, студент жастар арасынан таланттарды іздеп тауып, оларды арнайы оқу ордаларына үгіттеп тарта бастады.
Оркестрдің белгілі музыканттары Қали Жантілеуов, Лұқпан Мұхитов, Жаппас Қаламбаевтар республиканың түкпір-түкпіріне арнайы іс-сапарларға шығып, талантты балаларды өнерге сүйреді. Ж.Қаламбаев №38 мектепке барған кезінде Фатиманың ерекше қабілетін байқайды. Сөйтіп, оған аспапты меңгеруге және Қазақ мемлекеттік филармониясының әртісі болуға ұсыныс жасайды. Осылайша, 15-16 жастағы Фатима үлкен өнерге аяқ басады.
Оның алғашқы ұстаздары аттары көпке әйгілі Оқап Қабиғожин, Науша Бөкейханов болды. Кейінірек атақты Қали Жантілеуов, Лұқпан Мұхитовтардан тәлім алды, Фатима Жұмағұлқызын домбыра тарту жетістіктеріне қарап оны оркестрге ауыстырды. Бірақ, ұстаздарының ешқайсысы Фатиманың негізгі аспабы домбыра емес, қобыз болады деп болжамаған. Ол домбырашы ретінде 1944 жылы Ташкент қаласында өткен Қазақстанның өнер декадасына қатысады. Күйші, музыка зерттеуші Талап Қарашқа көзі тірісінде берген сұхбатында Фатима апай: «...Ағалардың қасында, олардың домбыра тартуына біраз қызықтым, бірақ, менің құлағыма өте жағымдысы қобыз болды» – дейді. Жас музыкант оркестрдің екінші қанатындағы қобызшылар тобына құлап, көңілі солай қарай ауа береді. Оркестрдегі қобызшылар Жаппас Қаламбаев, Гүлнафис Баязитовалардың өнеріне қызығуы ерекше болады. Оның үнемі қобыздың әуезді әсем үніне құлақ салып, осы аспапқа көңілі құлағанына жанындағы ұстаздық еткен аға-апайлары да қарсы болмайды. Сөйтіп, домбырашы болып қалыптасып қалған Фатима көрнекті қобызшы Ж.Қаламбаевтың жетекшілігімен жарты жыл бойы қобыз аспабын меңгеруді қолға алады. Зор қызығушылықпен әрі тәуекел құштарлықпен бастап кеткен ісі алға басып, жас музыкант қобыз аспабымен біте қайнасады.
1945 жылы Ф.Балғаева жаңадан ашылған консерваторияның қазақ ұлт аспаптары кафедрасына оқуға түседі. Онда ол Санкт-Петербург консерваториясының түлегі, танымал скрипкашы, ұстаз Иосиф Антонович Лесманның сыныбында кәсіби білім ала бастайды. Талантты ұстазға талапты шәкірт тап келген екен. Шәкіртінің жетістіктеріне сүйінген ұстаз қобыз аспабын игеруге арналған оқу құралын, жаттығуға арналған этюдтер, пьесалар жазып, репертуарын молайтады. Фатима қобызбен бірінші партияны, ұстазы И.Лесман скрипкамен екінші дауыста классикалық дуэт құрып, зерделі шәкірттің жан-жақты кәсіби музыкант болып қалыптасуына ықпал етеді. Композиторлар А.Жұбанов, Е.Брусиловский де арнайы шығармалар жазады. Өзі скрипкада Еуропалық скрипка мектебінің орындаушылық жетістіктерін қазақтың дәстүрлі қобыз аспабында кеңінен пайдалана отырып оқу-тоқумен өткізілген студенттік жылдар ұмытылмастай болып болашақ музыканттың кәсіби біліктілігін ұштайды. Консерваторияның алғашқы түлектері қатарында Фатима оқуды үздік аяқтап, дәстүрлі қазақ музыкасының шебер орындаушылары қатарына қосылады.
Консерваторияны осы кезде аяқтаған алғашқы түлектері ретінде қазақтың танымал музыкант-педагогтарын үлкен мақтанышпен еске аламыз. Олар: профессор, композитор, домбырашы Хабидолла Тастанов, қазақ фольклорлы-этнографиялық аспаптарын тауып, жинап зерттелуіне, қатарға қосуға ғұмырын арнаған өнертану кандидаты, профессор, Қазақ КСР өнерінің еңбек сіңірген қайраткері Болат Сарыбаев, дирижер, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шамғон Қажығалиев, П.И.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясының профессоры, Үлкен театрда дирижерлік еткен, Қазақстан Республикасының, Татарстанның халық әртісі Фуат Мансұров, тағы басқалар. Ф.Балғаева өзі оқыған, қызмет еткен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының тарихында есімдері алтын әріптермен жазылған осындай жұлдызды шоғырдан болатын. Тынымсыз еңбектенудің арқасында ол қазақтың аспаптық өнерін республика көлемінде ғана емес, бүкіл әлемге насихаттаған музыкант.
Қазақ ұлт аспаптар оркесрінің негізін қалаушы дирижер, композитор А.Жұбанов оркестр репертуарының өсуіне назар аударады. Күрделі шығармаларды орындауға, классикалық музыканы игеруге байланысты оркестрдегі дәстүрлі аспаптардың дыбыс сапасына, мүмкіндіктерін молайтуға, диапазонын кеңейтуге көп көңіл бөледі. Арнайы шақыртылған аспап жасаушының мамандармен тәжірибелік жұмыстар нәтижесі де көп күттірмейді. Осындай еңбектенудің арқасында Фатима Балғаеваның шығармашылық жолында үлкен белестерге бастайтын үш ішекті қобыз-прима аспабы дүниеге келеді. Қазақтың домбырасы мен қобызын жетілдіруге үлкен үлес қосқан аспап жасаушы шебер В.Романенконың қолынан шыққан үш ішекті, тұтас ағаштан шауып жасалған бұл аспап Ф.Балғаеваның шебер орындауында әуезді үн ерекшелігімен, саздылығымен, сезімталдылығымен сан мыңдаған тыңдарманның жүрегін жаулады.
Дипломды қобызшының алдынан күткен үлкен сынақ Берлин қаласында 1951 жылы өткен үшінші Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестиваліне баруы еді. Мәскеудегі он күн бойғы арнайы дайындықтан кейін аталмыш өнер мерекесіне қатысуы және жеңімпаз атануы жас музыканттың мерейін асырды, бүкіл қазақ үшін абырой болды. Қазақстаннан жас дирижер Ғ.Дұғашев, әнші Б.Досымжанов, қобызшы Ф.Балғаева осы өнер додасында ең мәртебелі лауреат атағын жеңіп алды. Халықаралық аренада қазақтың қарапайым көне аспабы тұңғыш рет тек өзіне тән әсем әуезімен тыңдарманын тәнті етеді. Оның эстрадалық концерттегі сансыз орындаулары қобыз-прима аспабын көркем меңгеруімен, жоғары кәсібилігімен ерекшеленді. Бұдан кейін де Ф.Балғаева халықаралық үлкен форумдарда: Жастар мен студенттердің Бухарестегі фестивалінде (1953), Мәскеуде өткен фестивальде Үлкен театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен А.Жұбановтың қобызға арналған «Көктем вальсін» орындап, лауреат атанды.
1958 жылы Мәскеу қаласында Қазақ өнері мен мәдениетінің декадасы өтті. Осы сапарға оркестр құрамында және жеке орындаушы ретінде қатысқан Ф.Балғаева ұлттың дәстүрлі музыкалық аспабының мол мүмкіндігін паш етеді. Дәстүрлі күй шығармаларынан бөлек, қазақ кәсіби композиторларының және әлемдік классикалық музыка репертуарын да еркін меңгергенін көрсетеді. Қазақ өнер шеберлерінің соңғы концерті туралы мақалада Фатиманың орындау шеберлігі жайлы: «Бұл музыка халық өмірінің терең түбінен бастау алатын сияқты. Ашық, қыздың бәсеңдеу дауысы тәрізді жіңішке өңешті скрипка – қобыз, керемет шебер аспапшы Ф.Балғаева қолында қуаныш, көктем, бақыт жайында әндетеді» («Правда» газеті. 1958 жыл, 24.12) деген жолдар бар. Мәскеудің Үлкен театрының сахнасында өткен бұл концертте Фатима Балғаева белгілі композитор, дирижер, саусағынан бал тамған домбырашы Нұрғиса Тілендиев басқарған симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен аңыратқан еді қазақ қобызын.
Тағдыр оған қобыз өнерін алғаш игеру мен дәріптеу бақытын сыйлады. Ол осындай мүмкіндікті әр кезде жоғары деңгейде пайдалана білді. Қобыздың падишасы атанған Фатима Жұмағұлқызы республиканың түкпір-түкпірінде, 20-дан аса шетелдерде концерттік эстрада сахнасында өнер көрсеткен алғашқы қобызшы-солист және қобызға арналған шығармалардың бірінші орындаушысы. Халықаралық конкурс лауреаты атағын алған алғашқы қобызшы. Үлкен театр сахнасына қобызды алғаш алып шықты. Ол консерваториядағы қобыз-прима сыныбының бірінші оқытушысы, алғашқы әдістемелік жинақтардың және оқу құралдарының, транскрипциялардың авторы, профессор атағына лайықты болған алғашқы қобызшы.
Кезінде бүкіл республикадан талантты балаларды таңдап алып оқытатын А.Жұбанов атындағы республикалық орта арнайы музыкалық мектеп-интернат ашылды. Осы мектеп-интернат қабырғасынан бастап болашақ қобызшыларды дайындауға белсенді атсалысқан Ф.Балғаева өзінің бастамасымен 1968 жылы қобыз-прима сыныбын ашты. Қазақтың талантты музыканттарының жаңа буынын қалыптастырған бұл мектептің дайындаған қобызшылары көптеген өнер бәйгелерінен оза шауып, биік белестерден көрінуде. Әрине, бұл орайда Ф.Балғаеваның еңбегі зор.
Ф.Балғаева аспапты насихаттау ісіне ерекше көңіл бөлді. Барған жерде көңілге түйген мәселелермен тұрақты ой бөлісіп, мамандардың талқысына салып отырды. Жетістіктер мен кемшіліктер жайлы консерваторияның ғылыми кеңесінде, мамандар арасында пікірін ашық білдіретін. Газет-журналдар арқылы қазақ дәстүрлі музыкасының мәселелерін ашық талқылауға кеңінен араласты. Мысалы, «Фольклорлық халық аспаптарының жандануы және оларды дамыту жолдары» тақырыбында пікірталасқа қатысқан Ф.Балғаева фольклорлық ұлт аспаптарын жинақтаушы Б.Сарыбаевтың зерттеушілік ізденісін қолдап, осы бағыттағы тәжірибені қолданысқа кеңінен енгізуді жақтайды. Бірақ, сонымен бірге, фольклорлық аспаптардың жандануы шынайы табиғатының шегінен шықпауы керек, және «жандануға жатпайтын ұлттық ырғақтың сақталуын қадағалауымыз керек» деген ұстанымына беріктігін танытады. Еуропалық скрипка музыкалық аспабына қобыздың дыбысы, орындаушылық құрылымы ұқсап бара жатқандығы алаңдататынын, дәстүрлі аспапқа өзіне тән табиғи қоңыр үнін қайтару керектігін өмірінің соңғы сәтіне дейін айтып отырды.
Ол ұлттық аспаптар кафедрасын, кейін қобыз бен сырнай кафедрасын басқара отырып, жас оқытушылар мен студенттер тәрбиесіне көп күш-жігер жұмсады. Ф.Балғаеваның педагогикалық қызметі өзі оқып бітірген консерватория қабырғасында 50-ші жылдан бастау алады. Құрметті демалысқа кеткенше республиканың түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатқан 100-ден аса шәкірт тәрбиелеп шығарды. Ол кісінің алдынан тәлім алған заманымыздың мықты қобызшылары, профессор Меруерт Қаленбаева, Зере Бейсенбаева, Ләззат Шәженова, Төрехан Кәрібаев секілді жеке орындаушылар Фатима апай салып кеткен сара жолды ұзартып, дәстүрді жалғастырып келеді. Көп жылдар бойы туыстас көрші Өзбекстан, Әзербайжан, т.б. елдердің жоғары оқу орындары тарапынан мемлекеттік емтихандар комиссиясының төрайымы болуға шақырылып тұруы оны өз ісінің шебері әрі кәсіби білікті маман деп білгендік болатын.
Профессор Ф.Балғаева 55 жыл педагогикалық салада қызмет етіп үлкен тәжірибе жинақтады. Ф.Балғаева дәстүрлі қобыздағы ойынның қағидаттарын алдыңғы қатарлы классикалық аспаптар, скрипка мен виолончель мектептерінің орындаушыға қолайлы әдіс-тәсілдерімен толықтырып, жандандырылған қобыз-прима аспабындағы ойнаудың өзіндік оқыту әдісін қалыптастырды. Оның педагогикалық және орындаушылық жетістіктерінің құпиясы – дәстүрлі мәдениеттің негізіне сүйене отырып, шығармашылық даралық пен жаңашылдыққа ұмтылуында. Себебі, оның ұстаздары қазақ өнерінің тарландары Қали Жантілеуов, Науша Бөкейханов, Жаппас Қаламбаев болды. Кейін оның орындаушылық шеберлігі скрипка өнерінің саңлағы А.Ауэрдің шәкірті, атақты скрипкашы И.Лесманның жетекшілігімен қалыптасты. Қобыз падишасы осылайша өнер шыңына жетті. Халқы Фатимадай асыл өнерпаз қызының жарқын бейнесін әрдайым сол биіктен көре бермек. Тоқсанның төрінде қалықтаған рухы шат болсын.
Шолпан РАУАНДИНА,
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті
АЛМАТЫ