05 Тамыз, 2016

Тулаққа айналған тері

417 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
05.08.16-koi kyrku Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан Аграрлық саясат жөнінде арнайы кеңес құрылғанан естіп, бір қуанып қалдым. Бұрын министрліктегілер өз білгенімен жүрсе, енді агроөнеркәсіп кешені саласының дамуын алқалы отырып шешуге бағыт ұстапты. Құптарлық жәйт. Әрине, «келісіп пішкен тон, келте болмайды». Енді біздің жанайқайымыз комиссиядағылардың бірінің болмаса бірінің құлағына жетіп, ой салар, шешілуіне себепші болар деген үміттеміз. Менің айтайын дегенім, тек Маңғыстау малшыларының ғана емес, барлық мал­бегілердің мұңы, халықтың көкейінде жүр­ген мәселе деп ойлаймын. Еліміздің қой шаруашы­лығында қылшық жүнді қой тұқымдарының алар орны ерекше. Басым бөлігі құйрықты етті-майлы және қаракөл қойлары болса, оларды жылына екі мәр­те қарқып, көктемде – жабағы, күзде – күзем жүн аламыз. Әрине, қылшық жүннен өңделіп, өндірілетін өнім түрлері санаулы, бірақ оның ішінде халық­тың қажетін өтер аса керектілері жетіп артылады. Ал енді мал терілеріне келетін болсақ, қазір аса сұранысқа иелері сиыр мен қой терілері. Оларды өңдеп, өндірілетін халық тұтыну тауарларын саусақпен санап тауыса алмайсың. Жүн мен тері, қаракөл елтірі­сін қос­пағанда, мал шаруашы­лығының қосалқы өнімдері болып табылады. Себебі олар мал иесінің қалауынсыз да өндіріледі және жеңіл өнеркәсіп үшін халық тұтынатын тауарлар өндірісінде таптырмайтын аса құнды шикізат. Бірақ, осы шикізаттарды елімізде халық игілігіне жарату өз дәреже­сінде ме? Қазір бізде бір бас қойды қырқу­ға қырықтықшыға кемінде 200 теңге төлесек, жылдық шығыны 400 теңге, ал бір бастан алынатын жылдық жүн өнімі физикалық салмақта 2,3-2,5 кг. шамасында. Мал иесі оның килосын алыпсатарларға (көбісі Қытайға, не Ресейге өткізеді) пұлдағанда орта есеппен 30-40 теңгеден өткізеді, сонда 1 бастан жылына көретін шығыны 320-340 теңге көлемінде. Олай болса, осы өнімін кім сонау Ақтөбеде немесе Таразда орналасқан өнім өңдеу орнына тапсырады? Түйе жүнін де пұлдағанда 600-700 тең­геден өткізеді, ал оны күзеу азабы айтпаса да түсінікті. Сатылатын өнім көлемі жалпы өндірілген өнімнің 10-15%-нан аспайды, қалғаны кез-келген жерде желге ұшып, күнге қақталып жа­тыр. Осының салдарынан күзем алуды тоқтатқандар қатары да жыл санап көбейіп келеді. Ал мұның малдың денсаулығы мен өнімділігіне келтірер зиянымен қатар, қыс айларында түрлі пара­зитар­лық аурулардың (қотыр, бит, т.с.с.) етек алуына себепкер болады. Енді мал терісіне келетін бол­сақ, жылқы мен түйе терісін қазір ешкім қабылдамайды, қой терісін де алыпсатарлар 500-700 теңгеден ғана алады, онда да негізінен Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында. Сатып алушылар да ақымақ емес, одан пайда табатын болғасын ел кезіп, жүн-жұрқа жинап жүр. Демек, сұ­раныс бар. Олай болса, шикізатымыз «ұстағанның – қолында, тістегеннің – аузында» кетіп жатыр. Сонда біздің елімізде жылқы мен түйе терісін пайдаға жарататын технология жоқ па? Жоқ болса, Ауыл шаруа­шылығы министрлігі, құрамында аты дар­­­дай «ҚазАгроИнновация» акционерлік қоғамы бола тұра, ғалымдарымен бірлесіп осы мә­селені неге шешпей отыр деген орынды сұрақ туындайды. Кеңес Одағы кезеңінде осы терілер ғана емес, малдың сүйегі мен тұяғы да пайдаға жаратылды емес пе? Қалай болғанда да, мал жүні мен терілері толық өңделіп, пайдаға жаратылуы тиіс. Ал бұл мәселені күні бүгін кәсіпкерлік субъектілерінің күшімен шешу ұзаққа созылатыны сөзсіз. Сондықтан, мәселені тездетіп мемлекет қаржысы есебі­нен шешкен дұрыс болар еді. Біз­дің әрекетсіздігімізден шаруагер қауым зиян шегуге, ал халық қол­жетімді отандық тұтыну тауарынан шеткері қалуы тиіс емес. Біз мәселе күрделене түссе, шешкіміз келмесе «заңға келмейді» деп құтыла салу­ды әдетке айнал­дырып барамыз. Заңды өзіміздің қазақстандық депутаттар қабыл­дайды және барлық заңдар халық­тың игілігі үшін, мәселесін әділ шешуге бағытталады. Олай болса, сол «болдырмайтын» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізелік! Халыққа не керек? Әри­не, бірінші кезекте денінің саулығы, қарнының тоқтығы мен киімінің бүтіндігі, тыныштық керек. Ал қарнын тоқ, киімін бүтін ететін тек қана ауыл шаруа­шы­лығы. Осы екеуі болса, денсау­лық­қа да көп нұсқан келе бермейді. Қорыта айтсам, бірінші кезекте, елі­міздің барлық аймақтарында жүн мен мал терілерінің барлық түрлерін қабыл­дайтын дайындау орталықтары ашылуы тиіс. Және де, тауар өндірушіден өнім­ді сатып алу бағасы да кө­ңіл­ге қонымды, шығынын толық ақтап, аз да болса шаруа­гер пайда табатындай деңгейде болғаны дұрыс. Одан әрі қарай, осы өнімдерді толық өңдеп, халық игілігіне жарату керек. Дайындалған тұтыну тауарының өзіндік құны қымбатқа шығып, тауар халыққа қымбатқа түсетін болса, сатып алған шикізаттың құнын субсидиялау жолымен ішінара арзандатуға мүмкіндік бар. Субсидияны кім алмай жатыр? Оны қандай қаржыға, қалай ұйымдастырады, ол министр­лік пен жергілікті атқару орын­дары­ның бірлесіп «басын ауыртатын» мәселесі. Еліміздің «қалтасында» ақша жоқ емес, бар. Соны көзін тауып, халықтың мұң-мұқтажын шешуге бағыттасақ болды. Қолыңда барды ұқсатып, қажетіңе жарата алмау – барып тұрған мүжәлсіздік. Қалдыбай ЕРҒАЛИЕВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Маңғыстау облысы