Желмаясына мініп, жерұйық іздеген Асанқайғы бабамыз «Жер жәннаты – Жетісу» деп орта ғасырда бағасын берсе, «Жетісуым жеті құт, ырыс маған» деп, Мұқағали ақын жырға қосқан Жетісудың қақ төрінде Хантәңірі тұр. Теңіз деңгейінен 6995 метр биік. Ол әлемде биіктігі жөнінен 2-ші шың болып саналады.
Жетісудың тағы бір ғаламаты ащы да тұщы суының емдік қасиеті мол – Алакөлі шалқып жатыр. Тізбелей берсек, бірінен екіншісі асқан табиғат таңғажайыптары қашан заман талабына сай табыс көзіне айналады?
Жалпы туризмнің оп-оңай атқарылатын шаруа іспетті көрінетіні анық. Ал бірақ туризмді дамыту мәселесіне келгенде кедергілер біртіндеп шыға береді. Табиғаттың таңғажайып тамаша көріністерін суретке түсіріп, көгілдір экраннан жарнамалап жіберсеңіз, ынтызары ауған жан барып, көруге асығады. Бірақ көздеген жерге жеткенше шақырымдап жол жүру керек емес пе?! Міне, сол сәтте туристік нысандарға апаратын жолдарды және сол демалыс орындарын жөндеу, заман талабына сай жаңғырту қажеттілігі туындайды. Сонымен қатар, инвесторларды тартуды және мемлекеттік қолдауды қажет ететін туризм саласындағы инвестициялық жобалардың тізімдері қалыптастырылды. Біле-білсек, бұл құдды инемен құдық қазғандай машақаты көп жұмыс. Төзімділікті, бастаған жұмысты аяғына дейін жеткізуді талап ететіні тағы бар. Айталық, Алакөлге туристерді әуе жолымен де, темір жолмен де апарып демалтуға болады деп жаздық. Ел ағылды. Жекелеген бизнесмендер жоғары пайызбен несие алып, тәуекелдің жел қайығына мінді. Біртіндеп пайда да таба бастады.
«Алматы облысы әкімінің арнаулы өкіміне сәйкес, басталған жұмысты жүйелі түрде жүргізу үшін Балқаш, Алакөл көлдерінің жағалауларында туризм инфрақұрылымын дамыту бойынша тиісті орындарға ресми хаттар жолданды. Жергілікті бюджеттен 21 млн теңге бөлініп, Алакөл ауданы, Ақши ауылынан бастап Алакөл көлінің жағалауында орналасқан демалыс орындарына дейінгі облыстық деңгейдегі автокөлік жолдары қайта жөнделуде. Келесі жылы толығымен бітіп, пайдалануға беріледі. «Жетіген – Достық – Жетіген» маусымдық теміржол қатынасын қалыптастыруға жергілікті бюджеттен 65,6 млн теңге субсидия бөлінді. Туристерді Алакөл көлінің жағалауына жылдам әрі жайлы жеткізу үшін Қорғаныс министрлігімен келісіліп Үшарал қаласындағы әскери әуежайды азаматтық авиация үшін бірлесе пайдалану мақсатында жүргізілетін құрылыстың жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамаға өткізіліп, заң талабына сай жұмыс та басталды. Сонымен қатар, ұшып-қону жолағын қайта жаңғырту, әуе қозғалысын ұйымдастыру үшін қажетті радиотехникалық және метеорологиялық құрал-жабдықтарды сатып алу, орнату мәселесі де шешілуде», деді Алматы облыстық туризм басқармасының басшысы Жанар Алчимбаева.
Әрине бюджеттен миллиондап бөлінген қаражатты жұмсау оңай. Қиыны – сол қаражаттың өз мақсатында толығымен жұмсалуына жауап беру. Рас, заңнама талабына сай тиісті құжаттар толтырылып, мөр басылар. Бірақ атқарылған жұмыс халықтың көңілінен шықты ма, сапасы қалай деген мәселе бар емес пе... Міне, сондықтан қазына қаражатының есебін тиісті орындар алып, атқарушы мекемелер жауапкершілігі сұралғанда өзге сала секілді туризмді дамыту қиындығы көрінеді. Шыны керек, күннің жылуын тосып отырған Жетісу өңіріндегі кәсіпкерлер көл жағалап пайдасын тауып, сан түрлі қиындықтан да біртіндеп өтуде. Түптеп келгенде, маусымдық туризм ауа райына тәуелді. Солай болған. Алда да сол тәуелділік жалғаса беретіні анық. Өйткені, табиғаттың аты – табиғат.
Алакөл. Негізі Қазақстанның үш облысында Алакөл атты бірнеше көл бар. Осы жолдарды жазуға өзек болып отырған Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағында орналасқан тұйық көл туралы «Атамекен» атты географиялық энциклопедияда: «Теңіз деңгейінен 247,3 м биіктікте орналасқан. Ұзындығы 104 шақырым, ені 52 шақырым. Ең терең жері 52 метр. 15-тен астам үлкенді-кішілі өзендер құяды. Алакөл суында фтор мен бром көп. Зоопланктондардың 80 түрі кездеседі...» деп анықтама берілсе, ел ішінде Алакөл суының ащы да тұщы екендігі және әр күні әртүрлі түске еніп, құдды малдың аласындай болып көрінетіндігі айтылады. Емдік қасиеті бар болғандықтан халық мыңдаған шақырымнан арнайы келіп шомылады. Тері ауруларына мың да бір ем. Жаугершілік заманда аталарымыз қылыш кесіп, найза тиген жерлерін осы Алакөл суымен емдеген. Қол-аяқтың сырқырап ауырғанын, тырысқанын да Алакөл суы жазады. Тағы бір ерекшелігі, жас балалар мен ересектердің демікпесін, жалпы адамзаттың тамақ пен тыныс жолдарын түнгі сағат 24-тен кейін Алакөлдің жағалауында серуендеп емдеуге болатынын да халық айтуда.
Суға түсу 15 маусым-10 қыркүйек аралығында жақсы. Шілде айы өте пайдалы деп саналады. Мүмкіндігінше 5 күн шомылған жөн. Жалпы, ата-бабаларымыз көктегі күн екі рет күркірегеннен кейін Алакөлге түсіп, шомылуға болатынын да айтып кеткен. Қазақта су жеті рет аунағанда тазарады, ағынды судың арамдығы жоқ деген сөз бар. Өзі тұйық көл болғандықтан әрі көлге тек өзендер суы ғана қосылатындықтан экологиялық тұрғыдан өте таза деуге толық негіз бар. Алакөл суы адамды тез сергітіп, ширатып жібереді. Табиғат-ана тартуын тиімді пайдалану мақсатында Алакөл ауданындағы Ақши демалыс аумағында 890 гектар жер туристік қажеттілікке игерілуде. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Ақши ауылында орналасқан демалыс аймақтарына жаңадан электр желілерін тарту үшін соңғы екі жылда 552 млн теңге бөлініп, электр жүйесімен толық қамтылды.Үшарал қаласында 50 жолаушыға қызмет көрсететін аэровокзал салу үшін жер телімі бекітіліп берілгені өз алдына.
Алакөл жағалауына 3,1 млрд теңгенің инвестициясы тартылып, 1200 орынды 3 демалыс кешенінің құрылысы басталды. Сонымен қатар, сауда орталығы, көлік тұрағы, жанар-жағармай және автобекет, дәріхана құрылысын салу үшін бас жоспарға сәйкес жер телімдері талапқа сай бөлініп, қауырт жұмыс жүруде. Нақтылай түссек, дәрігерлік амбулатория құрылысын салуға бюджеттен 169,7 млн теңге, ауыз су жүйесінің құрылысына 323,3 млн теңге қарастырылып, ағымдағы жылы қолданысқа берілді. Ақши және Көктұма ауылдарындағы кәріз жүйесінің құрылысына 20,1 млн теңге қарастырылды. Былтырғы жылы көл жағалауындағы 102 демалыс орнында 144 мың адам демалып, оларға 612 млн теңгенің қызметі көрсетілген еді. Ағымдағы жылы қосымша 26 демалыс орны салынды. Жалпы демалушылар саны былтырғыдан үш есеге көбейіп, демалыс үйлерінің құны 3500-6500 теңге болды. Заман талабына сай салынған демалыс орындарының құны 11 000-60 000 теңгеге дейін көтерілді. Алакөл көліне көліктік қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында биыл жазғы демалыс маусымында «Алматы – Достық» бағытында жүретін туристік пойызы аптасына 3 рет, ал «Тұран», «Жібек Жолы» пойыздары Алматыдан күн сайын келіп, кетуде. Сонымен қатар, «Алматы – Үшарал – Ақши – Көктұма» бағдары бойынша күніне 5 автобус жолаушыларды тасымалдайды. Бұл деректі бүгінде Алакөл жағалауында еш алаңсыз демалып жатқан жандар растайды. Сол ел Алакөлдің жағалауындағы облыстық деңгейдегі ішкі жолдардың жөнделіп жатқанын, ал республикалық негіздегі күрежолдың сын көтермейтінін жасырмайды.
Хантәңірі. Жетісудың тағы бір ғаламаты Тянь-Шаньның шығыс бөлігіндегі шың – Хантәңірі. Мәрмәрланған әктастан түзілген. 1931 жылы кеңес альпинистері бірінші болып көтерілген. Ең кереметі – екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт – Қазақстан жерімен тікұшақпен дәл түбіне барып, етегінде отырып демалу. Мұзтауға ашық күннің өзінде мықты тікұшақпен бетпе-бет ұшып барғаныңызбен, 5000 метрден биікке, яғни ұшар басына көтеріліп, асу еш мүмкін емес. Мұздақ пен суық леп өзіндік ықпалын тигізіп, көлігіңізді шайқалтып, басынан асырмайды. Осындай артықшылықтары болған соң Хантәңірін бір көруге ынтызары ауатын жандар жеткілікті.
Бір ерекшелігі, кей адамдар туристік және тағы басқа жолдармен бір көру үшін айшылық жерден келіп, апталап жатса да Хантәңірі көрінбей басы тұманданып тұрып алады. Тағы бір адамдарға етегіндегі Қайнар ауылынан аспан асты ашық күні көрініп тұрады. Жалпы, қасиетті Хантәңірін бір көрсетіп, құмарын басу үшін туристік маршруттарды жаңғыртып, орталықтандыру қажет-ақ. Сонда туристік фирмалар мен жекелеген қалталы азаматтар өз көздерімен Хантәңірін көріп мауқын бір басу үшін қаражат көзін ашар.
Әрине, бұл қадам туризмді дамытудың оңай жерінен өтіп, қиын тұсы – жол мәселесіне тірелетіні анық. Рас, бір жылдары Алматы облысы, Райымбек ауданының Қарқара ауылдық округінен қырғыз жері арқылы тікұшақпен Алатау сілемдерінің үстімен Хантәңірінің ту сыртын айнала ұшып етегіне дейін бару маршруты болған. Бірақ ол қосымша қаражатты қажет етеді. Қаражатты аямағаныңызбен Хантәңірінің інілеріндей болып жыпырлай көрінетін таулардың төбесінен ұшып өту адамды пәлендей рахат сезімге бөлей алмайды. Сіз қалаған көңіл шіркін тілегеніне жете алмайтыны тағы бар. Сондықтан барымызды бағалап, Алматыдан 350 шақырым жер болатын Нарынқолға дейін заман талабына сай автокөлік жолын салсақ, табыс көзін ашатын туризмнің бір мәселесін шешу арқылы шекаралық өңірдің «Егемен Қазақстан» газеті көтерген «Нарынқол тасада қалып барады» атты мақалада айтылған ел проблемасы да реттелер еді.
Алтынемел. Алтынемел мемлекеттік ұлттық табиғат бағы Қапшағай көлінің шығыс бөлігінен басталады. Жетісу Алатауының бір сілемі болып саналатын Шолақ тауы осы бақ аумағына кіреді. Тарихы тым тереңге тартқан сан алуан ғаламаттарымен көрген жанды тамсантатын Алтынемел де өңір туризмін дамытуға үлкен септігін тигізетіні анық. Табиғи һәм тарихи құндылықтарды арнайы барып көріп, алақаныңызды тигізіп, топырағын басқан сәтіңізде қайталанбас бір әсерге бөленесіз. Мүк басқан қыртыс-қыртыс шоқылары биіктеген сайын қатпарлана береді. Кей жерлерде қия-қияны қуалай қапталдай созылып, кей тұстарында белдерден тіке асатын сүрлеу жол тарам болып жатыр.
Сүрлеу жолдарды тамашалап келе жатқанымызда көлігіміз бір белеске шыға келді. Міне, ғаламат, қарсы беттегі жартас жыбырлағандай болды. Анықтап қарағанымда, таутеке үйірлі тауешкілерімен өріп бара жатқанын көрдік. Бірі керіле тастан-тасқа секіреді. Жүре жайылғандары шұнақ құйрықтарын бұлғаң еткізіп, жотадан асып барады. Үлкен қойтасқа болат тұяқтарын тіреп нық тұрған дәу таутеке сақалды иегін көтере бунақ-бунақ жұмыр мүйізінің имек ұшымен сауырын қасып алып мелшие қалды. Құдды қарақошқыл тастар арасына құйып қойған мүсін іспетті. Тым маңғаз. Іле болат тұяқтарымен тау тасын тарпып жіберіп, орғып кетті. Таутекеге ілескен үйірі де тастар тасасына тығылды.
Дәл осындай көріністер бірнеше рет қайталанған Шолақ тауы тағы бір құпиясын ашты. Біздің дәуірімізге дейінгі VII-III ғасырларда өмір сүрген Сақ тайпаларының тасты қашап үш мүйізді таутекенің, қос өркешті түйе үстінде садақ тартып отырған жауынгердің, нұрын шашып тұрған күн бейнесінің бетіне беймәлім үш нүкте қойылған суреттердің кейбірі көмескілене бастаған. Бір бөлігі көкшіл, қоңыр-қошқыл, теңбіл тастың қашалған тұстарын мүк баспапты. Қоңырқай түске әлдеқашан еніп өзгеріссіз қалған тәрізді. Бір анығы, бұл суреттердің салынғанына 500 жылдан астам уақыт өткендігі ғылымда дәлелденген. Табиғат терезесі осы Жетісу Алатауының тағы бір сілемінен ашылып, құдды қызыл мыспен қаптап, алтынмен аптағандай беттесе қып-қызыл қос шың шаншылып тұр. Дәл ортасынан қара жол өткендіктен болар, бұл жер Қызылауыз аталыпты. Қос шыңның құбыла жағындағысының ерекшелігі сол ұшар басында қыңыр өскен қарағайға ұқсап тік шаншылған тас тұр. Қызылауыз шоқысының етегіндегі тау бұлағы еліктер суатына айналыпты. Бұлақ басында бір түптен төрт бағытқа жантая әрқайсысының жуандығы атан түйенің беліндей болып төрт ағаш өсіпті. Бұл ағаштың 300 жылдан бері өсіп тұрғандығын да ғалымдар растапты.
Алтынемелдің ен жазығында шұнақ құйрықтарын тік шаншылта, бастарын төмен салып, аппақ бауырларын жаза қарақұйрықтар үйірімен құйғытып өтсе, шабан құландар пошымы есек секілді болғанымен, жылқыға тән тектілікті сақтағаны көрініп тұр. Шығыстан батысқа қарай созылып жатқан Айғайқұмның қырлана сан тарихты бүгіп жатқан жалымен жалаңаяқ басына көтеріліп зер сала қарасаңыз үңгір іспетті үлкен шұңқыр көрінеді. Бейқам, атүсті қараған жанға байқалмайды. Айғайқұмның қақ маңдайындағы сусыған құммен сырғанап төмен түссеңіз, бір ғанибет дыбыс шығады. Басқан ізіңіз жабылып қала береді. Халық әнші құм атап кеткен Айғайқұмның тағы бір ғаламаттығы – ен далада жалдана тау болып жатқан майда құмды неге жел ұшырып, жауын шайып кетпейді? Қос қапталындағы Үлкен Қату, Кіші Қату атты таулар қорған бола ма? Мүмкін жерасты байланысы бар шығар? Әйтеуір бір қасиет ұстап тұр ғой. Сол құпияны ашқысы келе ме, әлде қасиетті құмға табанын бір рет тигізуді армандай ма, шетел туристері үзілмейді.
Іле өзенінің Қапшағай көліне құяр сағасының жалпақтығы 125 шақырым болғандықтан да аққулар еркін ұшып барады. Тауында бүркіті қалықтап, арқарлары мен таутекелері бейқам жайылып, ен даласында қарақұйрығы мен құланы жайылған Алтынемел мемлекеттік ұлттық табиғат бағында туристік маршрут та қалыптасқан. Бұл – қуана құптарлық жайт.
Шарын. Ықылым заманнан бері Жетісу жерінде сан алуан құпияны бүгіп жатқан Шарын шатқалы туралы бүкіл әлем біледі деуге негіз бар. Палеоген дәуірінен келе жатқан табиғат ескерткіші туралы оқу, телеарнадан көру бір бөлек. Миллиондаған жылдардан бері жауын шайып, жел кептіріп қызғылт түске енген топыраққа табаныңызды тигізу, сол топырақтан түзілген шатқалдарды, ойдым-ойдым құздарды көру өзіндік әсерін тигізеді. Зерттеуші ғалымдар пілдердің, мастодонттардың, мүйізтұмсықтардың, қорқау қасқырдың, стенон жылқысының қаңқа-сүйектерінің қалдықтарын тапқан. Дәл осындай Үлкен каньон Американың Колорадо штатында ғана бар екені мәлім. Шарын шатқалын қақ жарып Шарын өзені ағып өтеді. Табиғат ескерткіші 1964 жылдан бері қорғауға алынған. «Жақсыны көрмекке» деп қазақ бекер айтпаған ғой. Туристік маршрут бойынша Шарын шатқалына шетелдерден жыл сайын жүздеген туристер келіп, көріп, естелік суретке түсіп жатады.
Сол туристер санын өсірудің және еліміздегі қалталы азаматтардың шетелдерге туристік сапарға асығуларын саябырлату үшін Шарын шатқалына да заңнама талабына сай ауқымды бағдарлама аясында көлік жолы, қонақүйлер салу мәселесі қажеттілік тудыруда. Ең бастысы, сол тірлік орталықтандырылса құба-құп. Сөз реті келгенде баса айтар жайт – Балқаш көлінің Алматы облысы аумағындағы жағалауына жету дәл бүгінгі күні көп қиындық тудырып отырғаны жасырын емес. Көлсай көлдері деген тағы бір ғаламатымызға шомылу, патша балығын аулау, табиғатын үшін оған жеңіл көлікпен жетудің машақаты жетіпартылады. Сондықтан жол қадірін жүрген біледі. Жалпы, еліміздегідей облысымызда да туризмді тұралатып тұрған жол мәселесі. Біртіндеп республикалық негіздегі, қалааралық күре жолдар халықаралық стандартқа сай жасалуда. Құдайға шүкір, бұл – соңғы екі жылдың жемісі.
Рас, Алматы облыстық туризм басқармасы арқылы туризм саласын дамытуға деген талпыныс бар. Ағымдағы жылы «Мұз бен қар» фестивалінде, Қытай Халық Республикасының Хубэй провинциясының басшылығымен бизнес-кездесу өтті. Берлин қаласындағы мерейтойлық 50-ші «ITB-2016» халықаралық туристік биржасында Жетісу жаһұттары таныстырылды. Көрме бағдарламасының шеңберінде «ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңындағы туризмнің дамуы» тақырыбында роуд-шоу ұйымдастырылып, Алматы облысының туристік мүмкіндіктері таныстырылды. Мәскеу қаласында «Саяхаттар және туризм-2016» халықаралық туристік көрмесіне қатысты. Облысқа келуші туристер санын арттыру мақсатында ағымдағы жылы алғаш рет Алматы қаласындағы «Туризм және саяхат» KITF-2016» халықаралық туристік көрмесінде ресми серіктесі болды. 2016 жылғы 20 мамырда туризм басқармасы Мысыр елшілігімен бірлесіп Алматы қаласында өткізілген туристік семинар соңында Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев Оңтүстік Синай провинциясының губернаторы Халед Фудамен достық қарым-қатынас орнату туралы келісімге қол қойды. Біле-білсек бұл да өңірдегі оң өзгерістің, нақтылай түссек, туризмді дамытқан үстіне дамыта түсудің қадамы емес пе?!
«Өңірдегі тағы бір ілкімді іс Балқаштың қызыл жолбарысын оралту қадамы болып отыр. Мәселені оңтайлы шешудің мәнісі былай басталды. Беделді халықаралық ұйымдарда бір кезде Орталық Азияны мекендеген тұран жолбарысын қайта оралту жобасы талқыланып, Ресейдің Қиыр Шығысынан генетикалық тұрғыдан тұран жолбарысына жақын келетін амур жолбарысын Орталық Азияға әкеліп табиғи жолмен көбейтуге тоқтам жасалған еді. Ол үшін ғалымдар Балқаш көліне Іле өзенінің құяр сағасын таңдаған болатын. Бірден Алматы облысы әкімдігінің «Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватын құруға арналған жер учаскелерін резервке қалдыру туралы» қаулысы шықты. Соған сәйкес, Балқаш ауданы, Қарой өңірінен 415 мың гектар жердің шекарасы арнаулы қаулымен бекітілді. Барлық жұмыс жүйесімен жүріп берсе, алдымен 3-5 жолбарыс әкелініп, ерекше қорғалатын аймаққа жіберілетін болады. Жолбарыс қарны тоқ болса адамға шаппайды. Жерсіндірілетін жолбарысқа бақылау жүргізу үшін мойнына арнаулы қарғыбау тағылады. Оның нәтижесі жақсы болып жатса, жолбарыспен бірге Балқаш өңіріне қызыр ауып, бұйра құмды кең даласы мен қалың қамысының арасы аң мен құсқа, суы балыққа толатын шығар», – дейді БҰҰ Даму бағдарламасының ұлттық кеңесшісі Тынышбай Досымбеков.
Қорыта айтқанда, моңғолдар киіз үйлерін жабдықтап, арабтар түйелерін үйретіп туризмін дамытып отырғаны белгілі. Ал қазаққа Табиғат-ана таңғажайыптарын тегін төгілтіп тұр емес пе?! Неге осынау тиімділікті пайдаланбасқа. Шыны керек, бұл туризмнің айтуға оңай жағы деп қиындықтан қашудың еш қажет жоқ. Қайта қиындықты жеңу арқылы шыңдалу, еш ел жасай алмайтын ғаламаттарға Табиғат-ана арқылы жетуге ұмтылу уақыт талабы деп түсінген жөн.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы
Суреттерді түсірген Жұмабай МҰСАБЕКОВ