немесе үйішілік зорлық-зомбылықты болдырмау хақында
Отбасындағы зорлық-зомбылық құлаққа жат естілсе де, амал не, қазақтың босағасынан аттап, төрінен орын алғалы қашан.
Статистика бойынша өткен жылы 308 адам зорлық-зомбылық салдарынан көз жұмған. Бұл жалпы кісі өлтірудің үштен бірі көрінеді. Бас Прокурор Жақып Асанов тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы бойынша ведомствоаралық кеңесте сөйлеген кезде осы мәселе туралы ашық айтты. Адамға адамның зорлық-зомбылық көрсетуі бір басқа болса, сол зорлық-зомбылық тартқан адамның өз-өзіне қол жұмсап өмірден баз кешуі бір басқа жағдай дейді.
Мәселен, құзырлы орган басшысының келтірген мысалына сай «Күйеуім, қайынағам, атам 11 жыл бойы ұрып-соқты» деп, Шемонаихада бір келіншек кішкентай үш баласын өлтіріп, өзі де дарға асылған. Рас болса, мұндай жағдайдың орын алып жатқанын қоғам сезбеді дейсіз бе? Жергілікті билік қайда? Ал Түркістанда үй иесі алты адамды – анасын, әйелін, 5 жасар қызы мен ұлын, екі бауырын өлтіруге ұмтылған. Шешесі мен ұлы тірі қалып, төртеуі қаза тапты. Байқасаңыз, кісі өлтірушілердің шектен шыққан шексіздігінде есеп жоқ. Астанада бір жігіт ағасы бұрынғы әйелінің үстіне бензин құйып, өртеп жіберген. Соның салдарынан төрт бірдей өрімдей бала көздері жәудіреп жетім қалды.
Оны айтасыз, Қызылорданың Жосалы кентінде бір ер адам айтқаныма көнбеді деп, әйелін байлап, атпен сүйреп өлтірген. Алматыда қызы мен күйеу баласының үнемі ұрып-соққанына шыдамаған бір кейуана дарға асылып қалды. Кім кінәлі? Баяғы, билік айтатындай, адамдардың өздері ме? Тек биылдың өзінде 316 әйел өзіне өзі қол салған. Сол сияқты кісі өлтіруден еш тайынбайтындығын танытқан әйелдердің дені, яғни 300 әйел отбасындағы жанжал кезінде адам өлтіргені үшін түрмеде жазасын өтеп жатыр. Қаншама шаңырақ шайқалып, кереге сөгілді, жазықсыз балалар жетім қалды.
Ал енді осындай жантүршігетін жағдайларға не себеп? Әрине себеп көп. Бұл мәселе ұзақ жылдар айтылмай келді. Тіпті әлеуметтік проблема ретінде де қаралмады. Бұл әр адамның өз шаруасы, өз қотыры болып саналды. Билік отбасы мәселесі әр адамның жеке шаруасы деген көзқарасты ұстанды. «Жабулы қазан жабулы күйінде қалсын» деді. Ал енді бұл бұрыннан келе жатқан әдет қанымызға әбден сіңіп кеткендей көрінеді.
«Зомбылықтың ең сорақысы – жәбірленуші мен жәбірлеуші үнемі бірге, бір шаңырақтың астында өмір кешеді. Бұзақының қабағына қарап, әр күнін қорқынышпен өткізген бейшара жан әрдайым күйзелістен өксік жұтады», дейді Ж.Асанов. Енді зорлық-зомбылықтан қалай қорғану керек? Қандай жолдары бар? Бұл сұраққа жауап алқалы жиындардың бірінде Бас Прокурор Жақып Асановтың сөйлеген сөзінен табылады:
«Зомбылық – жеке проблема емес, ол – қоғамдық мәселе. Жұмыссыздық, қылмыстар, өзге де келеңсіз жағдайлар отбасындағы ахуалға тікелей қатысты. Сондықтан оған мемлекет мән беріп, нақты қадамдар жасау керек. Тұрмыстық зомбылықтың алдын алу үшін 7 жыл бұрын арнайы заң қабылданды. Бұл заң жәбірленушілердің құқығын қорғау үшін полицияға 5 мүмкіндік берді. Мұны әрбір қазақстандық білгені жөн. Біріншісі – бұзақымен арнайы әңгіме жүргізу. Екіншісі – үйінен алып кетіп, учаскеде оның үстінен хаттама толтыру. Үшіншісі – қорғау нұсқамасын беру. Ол дегеніміз, жәбірленушіні мазалауға, сөйлесуге, басқа да жолмен байланысуға тыйым салу. Оны бұзса, 5 күнге дейін қамау. Төртінші құрал – сот арқылы зорлықшыға ерекше талаптар белгілеу. Бұл да қорғау нұсқамасы сияқты, бірақ оның 30 күндік емес, бір жылдық күші бар. Бесіншісі – зорлықшыны 48 сағатқа қамауға болатын. Бірақ, кейін ол 3 сағатқа қысқартылды.
Ал 2014 жылы Парламент заңға түзету енгізіп, тағы бір құрал берді – сот арқылы зорлықшыны үйінен шығарып жіберу. Мейлі, үй кімдікі болса да. Мұның барлығы Әкімшілік кодекстің шеңберінде дегенімізбен, егер қол жұмсаған адамның әрекетінде қылмыстың белгісі болса, онда қылмыстық заңнама іске қосылады. Оның ішінде, 72 сағатқа жабу, үкім шыққанша қамау. Заңның осы тетіктері, әрине, көмегін берді. Бірақ, олар жеткілікті ме? Меніңше, жеткіліксіз», дейді Бас Прокурор.
Міне, осы орайда бұл мәселелердің түйінін тарқату үшін Жақып Асанов бірқатар оң ұсыныстарды дайындағандарын алға тартады. Ол қандай ұсыныстар? Нақты айтқанда, зорлық-зомбылықтың, адамды адам өлтірудің алдын алу мүмкін бе? Ол үшін қылмыстық кодекс бойынша терең талдау жүргізілген екен. Енді соған назар аударайық.
Мәселен, бұрын ұрып-соқса немесе денсаулыққа жеңіл зиян келтірсе, онда полиция бір-екі күнде қаулы толтырып, сот 24 сағатта шешім шығаратын. Осыдан 2 жыл бұрын бұл әрекеттер Әкімшілік кодекстен Қылмыстық кодекске ауыстырылды. Не өзгерді? Өзгергені сол, енді зорлық-зомбылық болғанын жәбірленуші өзі дәлелдеуі тиіс. Сотқа жүгіну, сараптама өту, куәлерді іздеу, қажетті қағаздарды жинау, адвокат жалдау – мұның бәрі жәбірленушінің өз мойнына артылды. Бұл міндеттен полиция толық босатылған. Демек, «Ашығын айтсақ, жазаны күшейтеміз деп, керісінше, бүлдіріп алған сияқтымыз. Оны ресми мәліметтер де растайды.
Өткен жылы ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру бойынша бар болғаны 627 адам сотталған. Бұл бұрнағы жылға қарағанда 37 есе аз (23 417). Шын мәнінде зорлық-зомбылық кеміген жоқ, оны дәлелдеу қиындап кеткен соң жұрт сотқа жүгінуді қойды. Бір сөзбен, ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиянды Әкімшілік кодекске қайтару керек болып тұр. Әйтпесе, зорлық-зомбылық жасасам, мені ешкім жауапқа тартпайды деген түсінік қалыптасып келе жатыр», дейді Бас Прокурор. Мүйіз сұраймын деп, құлақтан айырылу деген осы-ау, ә?
Сол сияқты ол Қылмыстық кодексте өзіне өзі қол жұмсауға жеткізгені үшін жауапкершілік көзделгенін айтады. Бірақ, онда кімді өлімге жеткізді – ересек адамды ма, әлде баланы ма, ол жағы ажыратылмаған ғой. Жаза барлығына бірдей. Демек, келешегі алда, ой-санасы толық бекімеген баланы өлімге жеткізсе, неге жаза бірдей болуы керек? Керісінше, ол қатайтылуға тиіс. Сондықтан Бас прокуратура осы бапта балаға қатысты арнайы жаза белгілеуді ұсынады. Сонымен қатар, қылмыс баланың көзінше жасалса, бұл жазаны ауырлататын мән-жай ретінде бағалануы дұрыс болар еді.
Неге? Өйткені, ол сәбидің психикасына үлкен зиян келтіреді, жан дүниесіне жазылмас жарақат салады. Осындай өзгерісті Қылмыстық кодекске де (54-бап), Әкімшілік кодекске де (73-бап) енгізсе нұр үстіне нұр болмақ. Бұған қоса, аборт жасауға мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу қажет екен. Себебі, бұл қыз баланың денсаулығына зор қатер, ал қазір ол үшін ешкім жауап бермейді. Бұл норма Еуроодақтың конвенциясында бар екен, демек сол біздің заңнамаға енгізілсе, оның пайдасын ғана көрмекпіз.
Енді Әкімшілік кодекс бойынша айтқанда, 2015 жылдан әкімшілік қамау 48 сағаттан 3 сағатқа қысқарған. Бұл уақыт өте аз. Не себепті десеңіз, мұндай қысқа уақыттың ішінде бұзақының ашу-ызасы басылмайды екен, ол не істегенін түсінбеуі де мүмкін көрінеді. Керісінше, тез босап, өшін алуға тырысады. Сондықтан қамауды 3 сағаттан бұрынғыдай 24 немесе 48 сағатқа ұзарту қажет. Бұл норма 23 жыл жақсы жұмыс істеп келген. Өйткені, осы мерзімде бұзақы сабасына түседі, есін жинайды, полиция болса материалды дайындап, сотқа жіберіп үлгеретіндігін айтады Жақып Қажыманұлы. Бұзақы мас болса, оның мастығын анықтайтын сараптама керек. Ал өңірлерде наркодиспансерлер жеткіліксіз. Шығыс Қазақстанда бүкіл облысқа небәрі 5-ақ наркодиспансер бар екен. Оған алыстағы ауданнан келу үшін кемінде бір тәулік керек. Бұл тиімсіз. Сондықтан бұзақы мас па, мас емес пе, оны анықтау құқығы ауылдық фельдшерге де берілсе, бұл амал бұзақының теріс қылығын тез арада дәлелдеуге көмектеседі. Бірақ теріс қылық дәлелденгенімен әлгі отбасының шырқын бұзған адамға салынған айыппұл, бәрібір, сол отбасына салмақ болып түседі. Қамалса – бюджетке шығын. Осындайда не істеген жөн? Әрине, одан да бұзақыны қоғамдық жұмысқа тарту әлдеқайда тиімді екендігін дәлелдеп жату артық болар.
Енді бұл мәселені Азаматтық процестік кодекс бойынша қарағанда да үлкен өзгерістер керек екендігі байқалыпты. Мәселен, ерлі-зайыптылар мүлікті бөлеміз деп, талап арыз бергенде мемлекеттік баж төлеуге тиіс. Оның көлемі – мүліктің 1 пайызы ғана. Бірақ қазіргі күні қай үйді алсаңыз да оның пәленбай миллион құны бар. Оны төлеу оңай емес. Адвокат жалдауға да ақша керек. Жұмыс істемей, өмір бойы үй шаруасында жүрген әйел ондай қаржыны қайдан тапсын? Сондықтан мемлекеттік бажды сот шешімі шыққаннан кейін кінәлі тарап төлесе деген ұсыныс бар, дейді Бас Прокурор.
Иә, айтса айтқандай, біздің қоғам зорлық-зомбылыққа тым кешіріммен қарайды. Біреу түнде музыканы шулатып қойса, көршілер жетіп келеді. Тыныштық сақтауды, музыканы өшіруді талап етеді. Ал күйеуі әйелін сабап жатса, ешкім тырп етпейді. Айқайлап, көмек сұраса да полиция шақырмайды. Санамызда қатып қалған бір стереотип бар: біреудің отбасына араласпау. Яғни, ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі дейміз. Сөйтіп, айқай-шу, төбелес болса, ол үйдің ішкі шаруасы деген теріс түсінік қалыптасқан. Әйелін ұрғанды кейбіреулер тіпті дұрыс деп санайды. Алайда, біле білсек, бұл біздің дәстүрімізге, ұлттық мәдениетімізге жат нәрсе ғой. Халқымыз бұрыннан қыз баланы қадірлеген. Сондықтан қыз-келіншектердің, әйел-ананың қоғамдағы рөлін биікке көтеріп, отбасылық құндылықтарды халықтың санасына сіңіруіміз қажет екендігін Бас Прокурор тағы бір айқындап берді. Сонда, мүмкін қоғамымызда жаппай орын алған заңсыздықтар мен зорлық-зомбылық, оған жол беретін шенеуніктік кемшіліктер жойылатын, сөйтіп, қылмыс түпкілікті тыйылатын шығар деп ойлаймыз. Ол үшін тек жоғарыда айтылған амалдарды іс жүзіне асыра білу қажет.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»