26 Тамыз, 2016

Құрылыс саласын қағазбастылықтан құтқарады

331 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Юлия ЯкупбаеваЕлбасының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында құрылыс саласындағы барлық рұқсат беру рәсімдерін «бір терезе» қағидаты бойынша реттейтін бірегей нормативтік құжат қабыл­­­данатындығы айтылды. Біз осы мәселенің мән-жайын білу үшін «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Юлия ЯКУПБАЕВАҒА жолыққан едік.  – Юлия Константиновна, құрылыс саласында рұқсат бе­ру рәсімдерін бір жүйеге топ­­­тас­­тырудағы «бір терезе» қа­ғи­­да­тына кеңірек тоқталып өтсеңіз. – Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 15-бап, 2-бөлімінде «Кәсіпкерлікті мем­лекеттік реттеу процесінде кәсіп­керлік субъектілерінің мемле­кеттік органдармен байланыс­тарын шектеу мақсатында норма­тивтік-құқықтық актілерде «бір терезе» қағидатын қол­дану көз­делуге тиіс, бұл ретте мемлекеттік органдардан бар­лық қажетті келісулерді ведом­ство­аралық өзара іс-қимыл жасау тәртібімен мемлекеттік орган­дардың өздері алуға тиіс» делінген. Бүгінгі таңда «бір терезе» қағидаты инвестиция тарту мақ­сатында жүзеге асуда. Мы­салы, аталған кодекстің 282-бабында былай дейді: «Инвес­ти­циялар жөніндегі уәкiлеттi ор­ган инвесторлар үшiн «бiр те­резе» құру және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету арқылы инвестор­лармен өзара iс-қимыл жасайды». Инвестор үшiн «бiр терезе» қағидаты дегеніміз инвес­тор­лардың құжаттарды жинау мен дайындауға қатысуын барынша азайтуды және олардың органдармен тiкелей байланысын шектеудi көздейтiн, инвесторларға көр­сетiлетiн мемлекеттік қызметтер­дi ұсынуда инвестициялар жөнін­дегі уәкiлеттi орган тарапынан көмектің орта­лықтандырылған түрі болып табылады. «Азаматтарға арналған үкі­мет» мемлекеттік корпорация­сының құрылуына байланыс­ты заң жобасына Елбасы қол қой­ған­­­нан кейін, жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін қажетті мем­­лекеттік қызмет­тер­дің сапасы артып, деңгейі көтері­летін бо­лады. Бұл ретте қазақ­стан­дық­тар «бір терезе» қағи­даты­ның арқасын­да көптеген мем­лекеттік қызмет­пен қам­тамасыз етілмек. – Бұл қағидаттың халық­аралық тәжірибедегі рөлі қан­дай екендігін айта кетсеңіз? – Жоғарыда айтып өткенімдей, «Азаматтарға арналған үкі­мет»­ мем­лекеттік корпорациясын құ­руға бастама жасаушылардың ай­туы бойынша, халықаралық тә­жірибенің озық үлгілері оның негізіне алынған. Оның ішінде Канада елінің тәжірибесі бар. Осы елдің Canada Service бірыңғай құқықтық жүйесі мемлекеттік қызметтің барлық түрін көрсетеді, яғни құжатты қабылдау, өңдеу және беру жұмыстары толығымен бір жерге топтастырылған. Және осыған ұқсас Австралияның Cen­­trelink тәжірбиесі де ескері­ле­тін болады. Канадалық тәжі­ри­бе өтініш беруден бас­тап оның нәти­жесін алғанға дейінгі ара­лықты түгел қамтитын то­лық­­тай авто­маттандырылған және үзіксіз бірізді үдерістерді қам­тиды. Авс­тра­лиялық үлгі бойын­ша, он­­дағы мемлекеттік қызмет көр­се­ту­дің негізгі жетіс­тігінің кілті олар­дың сапалы қызмет көр­се­ту үшін ақпараттық және ком­му­ни­ка­циялық технологиялар­ды нә­тижелі қолдануында болып отыр. Сондай-ақ назарға алатын дұ­рыс және озық үлгі ретінде Ұлы­­британия, Германия мен Оң­­­түс­тік Корея елдерінің тәжі­рибесін атауға болады. Осы айтыл­ған мем­лекеттерде қызмет көрсе­ту­дің негізгі қағидаттары қалып­тас­қан. Мысалы, мемле­кеттік қыз­­меттердің есеп беру­шілігі және ашықтығы, аза­маттарға тиім­ділігін бағдарлау, жұмыстың мөл­дірлігі мен деректердің қор­ғалуы, қоғамның қатысуын ұл­ғай­ту, тұрақтылық пен инновация, нәтижелі IT қолдау секілді тетік­тер олардың басты назарында. Осылайша, халықаралық тәжі­рибеге жүргізген талдау көрсетіп отырғандай, мемлекеттік қызмет көрсетудегі қазақстандық жүйе ұлттық ерекшеліктерді есепке ала отырып, әлемдік тен­ден­ция­лар негізінде даму үстін­де. БҰҰ рейтингі бойынша Қазақ­стан электронды үкімет индек­сінде 28-орында. Бұл өте жақсы көрсеткіш деуге әбден болады. – Жалпы алғанда, «бір терезе» қағидатын енгізу осы са­ладағы қандай кедергілерге тосқауыл болмақ? – Бұл сауалға жауап беру үшін, бірінші кезекте, құрылыс са­ласындағы ретті кезеңдерді атап өту маңызды. Құрылысты бастау кезінде алғашқы әрекеттердің бірі бастапқы рұқсат құжаттарын жинау мен ресімдеу екендігі баршаға мәлім. Ал екінші кезеңде жобалау жұмыстары тұрса, содан соң жобаның сараптамасы, құрылыс-монтаж жұмыстары және соңғысы пайдалануға беру болып табылады. Және ғимарат қо­жайынының құқығы бо­йын­ша жүзеге асыруға болатын әртүр­лі бағыттар қарастырылады. Мы­салы, ғимараттарды қайта құру (қайта жобалау, қайта жаб­дық­тау), нысанның функ­циялық тағай­ын­дауларын өзгерту, жер учас­келерінің мақсаттық тағайын­дау­ларын өзгерту немесе бұзу жұмыстары. Айтылған әр сатылардан өту кезінде кәсіпкер лауазым­ды тұл­ға­лармен арада қағаз­басты­лыққа бой алдыратыны рас, күшей­тілген талаптар, уақыттың созылуы мен құжаттардың көптігі секілді қиындықтарға тап болады. Толықтай айтқанда, ква­зи­мемлекеттік сектордағы ай­мақтық ұйымдар мен көптеген орталықтар және 33 мемлекеттік орган, сондай-ақ монополистер өз ережелерін ұсынады. Осы себептен де құрылыс салу бойынша «бір терезе» қағидатын жаппай енгізу барысында тек қана оң нәтижелерге қол жеткізіп, оны қолданудың арқасында көптеген әкімшілік кедергілер санының азаюына және лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік қызмет алушылар арасындағы тікелей байланыстың болмауына жағдай жасалады. – Сіздердің тараптарыңыз­дан осыған орай атқарылып жат­қан іс-шаралар жөнінде білсек? – Өткен жылы жаз айында Ұлт­тық палата мен «Қа­зақ­стан­ның құрылыс салушылар қауым­дастығы» ЗТБ базасында құрылыс саласындағы барлық рұқсат беру процедураларынан өту үде­рістерін реттейтін Бірыңғай нормативтік құжатты даярлау бойынша жұмыс тобы құрылған болатын. Аталған құжат негізінде мемлекеттік органдарға келуден бастап, нысанды пайдалануға беруге дейінгі құрылыс үдерісінің толық нормативтік реттелуі, уәкілетті органдар және ведом­о­ствоаралық ұйымдардағы құжат қараудың нақты мерзімі, «бір терезе» қағидатының жүзеге асуы, мем­лекеттік қызметшілер мен кәсіпкерлік субъектілер қаты­насының азаюы және квази­мем­лекеттік сектордағы өкіл­дер­дің және көптеген ЖШС, АҚ, РМК секілділермен байланы­сын шектеу, жекелеген мемле­кеттік стандарттар мен регла­менттерді біріздендіру мен бар­лық процедураларға жалпы бір ғана ереже белгілеу, артық жә­не қосарлама құжаттарды тізім­нен алып тастау жұмыстары қарас­ты­рылады. Жұмыс тобының құрамына ҰКП, ҰЭМ Құрылыс істері, ТКШ және жер ресурстарын басқару жө­ніндегі комитет, әкімдіктер мен құрылыс ұйымдарының өкіл­дері кірді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Құрылыс сала­сын­дағы құрылыс салуды ұйым­дас­тыру және құрылысқа рұқсат беру рәсімдерінен өтудің жетілдірілген қағидалары қабылданды, дегенмен жұмыс тобы әлі жұмысын жалғастыруда. Біздің тараптан жер учас­ке­лерін ұсыну мен ресімдеу процеду­ра­ларын оңтайландыру жұмыс­тары жалғаса бермек. Келесі бағыт бойынша ҰЭМ-мен ке­лісім негізінде Қала құрылы­сы кодексі жобасын жасау жұ­мыстары қолға алынбақ. – Ұлт Жоспарында көрініс тапқан нормативтік құжаттың маңызы неде екендігіне және оның қабылдау мерзімі мен тиімді тұстарына тоқтала кет­сеңіз? – Ұлттық палата өткен жылы құрылыс саласының мәселелерін талқылау бағытында 40-қа жуық отырыс ұйымдастырып, құрылыс жүргізу қағидаларының бірнеше нұсқасын талқылаған болатын. 30 желтоқсанда құжаттың соңғы нұсқасы Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекіт­ілді. Ұсынылып отырған құ­жатта құрылыс жүргізуде қолда­нылып жүрген қағидалар мен жос­парлауға қажетті негізгі мәлі­мет­терді ресімдеу және құжаттардың берілуіне қатысты ережелер, сондай-ақ жаңа құрылыс нысанын салуға және нысан (ғимараттар, олардың кешендік құрылыстары және т.б.) құрылысына өзгерістер енгі­зуге арналған рұқсат беру рәсімдерінің қағидалары енгі­зілген. Аталып отырған норма­тивтік-құқықтық актілердің қағидаларын біріктірумен қатар, құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдері қайта қаралып, оңтайландырылды. Нәтижесінде, бастапқы материалдарды ұсыну мерзімі 91-ден 15 жұмыс күніне дейін, яғни 6 есеге қысқарса, эскиздік жобаны келісу бойынша жұмыс күні 30-дан 10 күнге дейін қысқарды. Және жоба сараптамасының аясында сыртқы желілер жобасын келісу де көзделуде, осылайша аталмыш процедура 30-60 жұмыс күніне қысқарды. Жекелеген процедуралар «бір терезе» қағидаты бойынша біріктіріледі. Сонымен қатар осы қағи­далар енгізілгенге дейін орташа ста­тистикалық құрылыс кезең­дерінде 50 рұқсат беру құжат­тары мен 260-тай қол қою­лар талап етілетін және оның мер­зімі 3-5 жылға созы­латын. Қарап отырсақ, осы қа­ғи­далар­дың арқасында бұл мә­селелер әлде­қайда жина­қы­лана түспек. Ол да болса елі­міз­дегі құрылыс сала­сын­дағы ке­дергілерді кемітуге сеп болмақ. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Эльмира МӘТІБАЕВА