03 Қыркүйек, 2016

Көлем қуғанның несі керемет?

376 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ERA_5661+Таяуда Шымкентке жол түсті. «Скат» әуе компаниясы ұшағының «Аспан» деген борт журналынан бір қызық деректі көзіміз шалды: Шымқала аумағы жөнінен еліміздегі алғашқы қатардан орын алатын шаһар деп қуана хабарлаған екен әріптестер. Рас, көне шаһар кешегі кеңес заманында да халқының саны жөнінен Қазақстанда алғашқы үштіктен түскен емес: Алматы, Қарағанды, Шымкент іркес-тіркес аталса, қазір де солай: Алматы, Астана, Шымкент. Ал көлемге келсек... Ырысы кетпеген Оңтүстік өңірдің бас қаласы тәуелсіздіктің ширек ғасырында көп өзгерді, жаңарды, түледі, әсіресе, Асқар Мырзахметов басқарған тұста мектеп, аурухана, мәдениет ошақтарымен қатар жаңа әкімшілік орталық бой түзеп, құрылыс қарқыны еселеп артты. Елбасының ұйғарымына сәйкес, Шымкент агломерация орталығына айналатын еліміздегі стратегиялық маңызы зор 4 ірі қаланың қатарына қосылды, оның аумағы 40 мың гектардан 117 мың гектарға дейін ұлғайды. Бұл әрине үлкен жауапкершілік – әсіресе, қала әкімдігінің міндеті бұрынғыдан да еселеп өсе түседі. Сондықтан да болар, көне де алып шаһарға орталық билік буындарында шыңдалып, тәжірибе жинақтаған, жас та болса үлкен мектептен өткен Ғабидолла Әбдірахимовтың басшылыққа келуінен шымкенттіктер үлкен үміт күтті. Әлеуметтік желілерде көш бас­тап, қала көшелерін шайтан­арбамен (велосипед) аралап жүрген жас әкім тұсында шаһар көлемімен ғана емес, мазмұны, ерекшелігі, өзіндік келбетімен, бастамаларымен де алға түседі деген үміттеміз. Себебі, Шымкент дәл бүгін көлем қуғанымен ешқандай артықшылығымен, үлгісімен, үйлесімімен ерекшеленіп отырған жоқ. Қайта қала бюджетіне салмақ түсіретін көптеген әлеуметтік проблемалардың да қатарын қалыңдатып алған сияқты. Қала шеңберінде бір-біріне ұқсамайтын жер үйлер қаптап кеткен, екі қабатты еңселі ғимарат жанында уақытша салынған, көзге қораш көрінетін, кепеге ұқсайтын тұрғын жайлар көрші қонған. Жол төселмеген, көшеге жарық жеткізілмеген. Тіпті, қала орталығындағы бәсірелі аймақ саналатын коттедждер қалашығы – «Тараз» шағын ауданда жұртшылық үй салып орналаса бастағанына жеті жылдай уақыт өтсе де, әлі күнге дейін көшелерге асфальт төселмеген, жарық жүргізілмеген. Жедел жәрдем көліктері осыдан жиырма жыл бұрынғы дағдарыс кезеңіндегі тас-түнек түндерді еске алып, қап-қараңғы көшелермен адасып жүреді екен. Құрылыс қарқынын арттыру, жаңа ғимараттар салу, қыруар қаржыны игеру – үлкен мегаполис басшыларына мұндай ұсақ-түйектермен, көзге іліне бергізбейтін инфраструктурамен айналысуға мұрша бермейтін де шығар?! Дегенмен, театр киімілгіштен бас­талатыны сияқты, қала мәдениеті жарықтан, жылудан, көгалдандырудан, үйдің әсемдігінен, жайлылығынан, қоқыс жәшігінен құралмай ма? Қала коммуникациялардың күретамыры емес пе? Қала маңындағы жерді бей-берекет үлестіріп, инфрақұрылым жасауды назардан тыс қалдырсақ ол қала емес, шет-шегі көрінбейтін сүреңсіз, сиықсыз үлкен ауылға айналады ғой... Міне, қазіргі Шымкент сол таусылып бітпейтін – бір шеті Сайрамға, бір шеті Ленгірге жететін, енді аздап ұмтылса, тіпті Темірланға дейін қанат жаятын алып шаһар. Бірақ алыпты игеру де, басқару да оңай емес, осы жағын да естен шығармасақ. Мәселен, біз жоғарыда сөз еткен Елбасымыздың бастамасымен қолға алынып жатқан агломерация бағдарламасын жүзеге асыруға 2020 жылға дейін 730 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, 680 шақырым жылу жүйесі жаңғыртылуы тиіс. Қыруар қаржы, қыруар жұмыс. Түнеу күндері Астанада жер мәселесіне байланысты мемлекеттік комиссия жұмыс істеген сәтте үй салуға он сотық жер берілсін деген өктем үн де естілген. Бірақ үлкен қалалардың басшылары бұған үзілді-кесілді қарсы болды. Өйткені, қала территориясы үрлесе өсе беретін шар емес. Жер берген соң инфрақұрылым жасау керек, оны жасай алмасаң мұқтаждарға, әлеуметтік әлсіз топтарға жалға берілетін пәтер ұсын. Қазақтың жері жетеді ғой, елдің иесі өзіміз ғой, деп ағайынға қала маңынан жер үлестіре берсек біз онымен мәселені шешпейміз, қайта жылдар бойына қордаланатын үлкен проблемаларға килігеміз. Бұл тек Шымкент қаласына ғана емес, еліміздегі ірі шаһарлардың бәріне тән, күрмеуі қиын мәселе. Бірді айтып бірге кетпейік, әңгіме «Скат» әуе компаниясының ұшағынан, сондағы журналдан басталды ғой. «Скаттың» бас кеңсесі Шымкент әуежайында орналасқан, ал әуежай қазір тұрғын үйлердің құрсауында қалған. Ту бас­та ол шеткері, оңаша аймақ болса керек, қазір бұрынғы Тельман бөлімшесі Шымкентке қосылып кеткен. Бұл өзі Қазақстандағы ең ескі, ең ұсқынсыз, ең кішкентай әуежай. Ал Шымкенттің халқы кеңес заманында да аз болмаған. Сол әуежайдағы жүк беретін, бес-алты адам әзер айналатын бөлмедегі айналма лентаның шиқылдаған үнін естіген сайын мен жанымдағыларға «мынау жүк бөлмесі Рамазановтың көзін көрген ғой» деп әзілдеймін. Ал А.Рамазанов жетпісінші жылдары осында обкомның бірінші хатшысы болған. Оңтүстіктен өрген талай өрен биліктің биік буындарында отыр, осы өңірден шыққан аса ірі кәсіпкерлер де қаншама, ал әуежай әрдайым көңіл құлазытады. Айтпақшы, әлгі аспанда оқитын «Аспан» деген журналда Шымкенттің аумағы Парижден үш еседей үлкен деп жазылған екен. Парижден, үш есе үлкен... Енді біз мақтануға себеп табамыз ғой... Еркін  ҚЫДЫР, «Егемен Қазақстан»