Бұл жантүршігерлік оқиғаны арада үш ай өткен соң «Известия» газеті жазған. Тілші М.Сувинскийдің 1937 жылғы 2 сәуірде жарық көрген осы мақаласын 5 сәуірде «Казахстанская правда» көшіріп басқан. Көп кешікпей одан Еуропадағы ақ эмигранттар да хабардар болған. Оған дәлел – Болгарияның Варна қаласында шығып тұрған «Русское слово» басылымындағы ақпарат. 1917 жылғы Уақытша үкімет кезінде Сыртқы істер министрі қызметін атқарған, кейін шетелге қоныс аударған князь П.Милюковтың жеке қорында сақталған жоғарыдағы газеттің 1937 жылғы 23, 24 және 29 сәуірдегі «А.И.Дутов» атты мақалада былай делінген. «...Атаман Дутовтың қазіргі кездегі көзі тірі достары оны атып тастаған (атқан деп жазылмаған –
ред.) қырғыздың (ұйғырдың –
ред.) бірі Қожамияровтың әйелі мен қызын өлтіріп, одан кек алды».
Құдай басқа бермесін дейік. Қажет кезде Кеңес өкіметінің қиын тапсырмасын қаймықпай орындаған, одан кейінгі бейбіт кезеңде бел шешпей еңбектенген жанға жоғарыдағы жағдайдың өте үлкен соққы болып тигені анық. Сұмдығы сол, ақ казактар жіберген жансыздың қолынан азапталып өлтірілген ана мен қыз денесінің жеті күн бойы жерленбеуі. Облыстағы орган адамдары келіп көргенше, міне, осындай келеңсіз жағдай орын алған. Соған қарамастан қайғылы оқиғадан кейін де бойынан өмір сүруге деген күш-қайрат таба білген Махмұд Қожамияров өзіне сеніп тапсырылған жұмыстарды қадери-халінше атқарып жүреді. Соңғы қызметі Жаркент қалалық кеңесінің төрағасы екен. Сол кезде оған қарсы тағы бір зәбір басталады. Ол халық жауы деген жала еді. Тағылған айып түрі – «жергілікті жердегі кеңес билігін басып алуға ұмтылған зиянкестік әрекет». Осындай «ұйғарыммен» Алматы облыстық НКВД үштігі 1938 жылғы 19 қазанда Махмұд Қожамияровты ату жазасына кеседі. Артында қалған жалғыз ұлы әкесі оққа байланған 3 жылдан соң соғысқа жіберіледі. Мұрағат құжаттарында ол бейбақ туралы «Хабарсыз кетті» дегеннен басқа дерек жоқ.
Ал атышулы операцияға, яғни ақ казактар атаманының көзін жоюға тікелей қатысқан үшінші адам Мұқай Байсымақов ше? Бұл қандасымыз туралы біз не білеміз? ҰҚК мұрағатында оның 1895 жылы Жаркент өңіріндегі Бұрхан ауылында өмірге келгендігі айтылады. Шала сауатты кісі екен. Архив деректері осылай десе, жергілікті өлкетанушы Нұрымбай Бекқұлиев өзіміз жоғарыда сілтеме жасаған қолжазбасында біз сөз етіп отырған жанның өмірге келген жылы 1895 емес, 1884, ал туған елді мекені Бұрхан ауылы емес, Талды қыстағы екенін айтады. Өздері Мұқай, Көдек деген ағайынды екі жігіт еді дейді. Олар әкелерінен жастай жетім қалып, әркімге жалданып күн кешеді. 1912-1914 жылдары Құлжа қаласындағы атақты көпес Үсейінбай Мұсабаевтың былғары зауытында жұмыс істейді. 1918 жылы Жаркентте Кеңес өкіметі орнайды. Бірақ мұндағы әскери гарнизон қаланы қорғауға, оны ұстап тұруға қабілетсіз еді. Орталықтан келген қызыл комиссарлар осы әлсіз, осал тұсты тез байқайды. Сөйтеді де қосымша күшті жергілікті жердегі еріктілерден өте қысқа мерзімде жасақтап, күшейтуге ұран тастайды. Сонда төңіректегі ауыл кедейлерін жинап әкеліп, шақыруға алғашқылардың бірі болып үн қосқан Мұқай Байсымақов еді. Сөйтіп ол және оның ниеттестері Қызыл армия қатарына жазылып, Яков Лаковтың қазақ атты әскер полкін құрайды. Қапал және Абакумовка үшін болған ұрыстарға қатысады. Екі рет жараланған соң Жаркентке оралуға рұқсат беріліп, осындағы милиция бөліміне қызметке алынады.
Одан кейін ағайынды Мұқай, Көдек Байсымақовтардың 1921 жылғы 6 ақпандағы операцияға қатысқаны алдыңғы тарауларда баяндалған оқиғалардан белгілі. Содан екі ай өткен соң басшысы да, қосшысы да қамтылған бір топ уездік милиция қызметкерлері Ташкентке шақырылады. Мұндағы марапат, алғыс және түрлі құрмет көрсету рәсімдерінен кейін Жетісу өңірінен келген милиция қызметкерлерінің бір тобы осында қалдырылып, Ферғана басмашыларының құрбашысы Көрширматқа қарсы ұрыстарға жіберіледі. Бұлардың қатарында Мұқай Байсымақов та бар еді. Біздің кейіпкеріміз Орталық Азиядағы ол сапардан 6 айдан кейін оралады да Жаркентке келіп, милициядағы жұмысын қайта жалғастырады.
Осыдан кейін, құрметті оқырман, Мұқай Байсымақовқа қатысты мәліметтер желісі үзіледі. Сөйтеді де оның аты-жөні 1938 жылы бір жерден қылаң беріп, қайта жоқ болады. Ол – ҰҚК мұрағатындағы куә ретіндегі жауап алу кезінде сақталып қалған дерек. Ондағы мәселе бір тақырыпты анықтауға, атап айтқанда, 1921 жылғы ақ казактар атаманының көзін жоюдың алдындағы жағдай мен операцияны жүзеге асыру кезіндегі оқиғаны куәгер сөзімен нақтылауға арналған. Мұқай Байсымақовтың сондағы, яғни 1938 жылдың 12 қаңтардағы көрсетуі бойынша мәселе былай. «Жаркент милициясының бастығы Қ.Чанышевті («сырт көз үшін») тұтқынға алардан бір ай шамасы бұрын М.Қожамияров пен М.Байсымақов ЧК-дан А.Дутовты өлтіру жөнінде тапсырма алған. Белгіленген уақытта (айда) бұлар операцияны жүзеге асыруға қол жеткізе алмайды. Сол кезде ЧК бірнеше адамды кепіл ретінде тұтқындайды да Қ.Чанышевті («түрмеден қашырып») Қытай аумағына жібереді. Шекарадан өткен соң ол («екеуін тауып алып») қайткенде де ақ гвардияшылар атаманының көзін жойып, кеңес жеріне қайта оралуды ұсынады. Өйткені тапсырма орындалмаған жағдайда олар үшін ЧК-да кепілдікке алынған 8 адам зардап шегетіні анық-тын. Бұдан әрі М.Байсымақов мынаны көрсетеді (ойластырылған операция басталады). (Сонда) М.Қожамияров пен М.Байсымақов ақ гвардияшылар генералын өлтіреді. Атап айтқанда, М.Қожамияров атаман А.Дутовты, ал М.Байсымақов оны күзетуші адамды оққа байлайды».
Демек, біздің сөз етіп отырған кейіпкеріміз 1938 жылға дейін бар екен. Оған оның жоғарыдағы НКВД өкіліне берген түсініктемесі дәлел. Ал одан кейін ше? Бұған деген жауапты біз енді мұрағаттан емес, Мұқай Байсымақовтың ұрпақтарының айтқан сөздерінен табамыз. Олардың бәрі қарапайым еңбек адамдары. Жаркенттен онша қашық емес Алмалы ауылында тұрады.
– Атамыз 1938 жылы Қытайға қоныс аударыпты, – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміздің немересі Тұралы. – Жаз кезі екен. Отбасымен өтіп барып, шекараның арғы бетіндегі Шипанзе қыстағына тұрақтапты.
– Шекара 1934 жылы жабылды емес пе? Бұл өңірдегі арғы бетке жасырын өтуге әрекеттенгендердің ең соңғы көріністері 1936 жылы тіркелгенін айтады Қорғас шекара заставасының кезекшілік журналы. Содан соң.., иә, содан соң атаңыздың арғы бетке өтуіне не себеп болған? Онда не істеп, қандай кәсіппен шұғылданған?
– Шекараның ол уақытта ашық не жабық екендігінен хабарымыз жоқ, – деп сөзге араласты осы кезде Мұқайдың екінші немересі Тұрғанбек. – Бірақ атамыздың сол жылы арғы бетке өткені рас. Туған жерден кетуіне ол кісінің бір кездері өзін білетін ЧК қызметкерлерінің азайып, арызқой аңдушылардың молайып, «халық жауы» деген қорқынышты аттан қорғап қалатын ешкімнің бел шешіп шықпағаны себеп болған. Арғы бетке барған соң дүкен ұстапты. Сауда-саттықпен айналысып күн көрген. Бұл айтып отырғандарымыз әжеміз Ақдана мен ағалы-інілі әкелеріміз Нұрмұқа, Қашқынбектің әңгімелерінен есімізде қалған деректер.
Осыдан кейін Тұралы мен Тұрғанбек бізге төмендегідей жағдайды айтты. Жаркенттен жансауғалап арғы бетке өткенде де Мұқай Байсымақовтың өмірінде тыныштық болмаған. Шипанзе қыстағындағы дүкеніне Сүйдіннің орталық базарынан зат алуға келген оны 1918-1920 жылдары мұнымен контрабандалық байланыс ұстаған ұйғыр, дүнгендердің біреуі танып қалады. Сөйтеді де 1921 жылғы ақпандағы атышулы оқиғадан кейін ол зауалдың кімнен келгенін біліп, іштен тынып жүрген ақ казактарға жеткізеді. Арғы жағы түсінікті. Сөз жеткізуші сыбыс иесі сыйлықпен аталып өтіледі. Мұқай Байсымақов «баққан малын орыс кордонындағы егінге түсірді» деген жаламен гоминдань шеріктеріне ұстатылады.
– Содан көпке дейін хабар болмапты, – деді осы араға келгенде Тұрғанбек. – 1946 жылы Шыңжаңдағы ұлт-азаттық көтерілісі жеңіске жетіп, түрмедегілер қапастан босамай ма? Міне, сол кезде Ақдана әжемізге Шерғали, Болысбек деген екі кісі келіп жолығады. Олар Үрімші абақтысында Мұқай Байсымақовпен бірге жатқанын, жендеттердің атамызды ұрып өлтіргенін жеткізеді. Ол кездері біз жоқпыз, өмірге әлі келмегенбіз. Ал 1962 жыл есімізде. Шекарадан өтіп, атамекенге оралдық. Осы Алмалы ауылына орныққан соң әжем Жаркентке барып көп ізденді. 1965 жылы Н.Милованов деген кісі келіп, атамыздың туған ұлдары, біздің әкелеріміз Нұрмұқа, Қашқынбекпен ұзақ әңгімелесті. Нәтижесі – 1967 жылы жарық көрген «Көрінбейтін майдан» жинағындағы деректі очеркке Мұқай Байсымақовтың кейіпкер болып кіруі. Әжем Ақдана сол кітаптың шыққанын көріп, 1973 жылы өмірден озды.
Әңгіме соңында үй иелерінен Мұқайдың інісі Көдек туралы сұрауды да ұмытқанымыз жоқ. Себебі ақтар атаманының көзін жою операциясындағы құжаттарда оның да есімі аталып өтетіндігі бар. Бірақ кейінгі тағдыры белгісіз-тін. Тұрғанбектің айтуына қарағанда ол кісі өте шапшаң, алғыр, керемет шабандоз жігіт ретіндегі қасиетімен ел есінде қалыпты. Өкініштісі, аурушаң екен. Үйленбеген. 1935-1936 жылдары Сарыөзек стансасы маңында өмірден озыпты. «Басқа дерек, мәліметті білмейміз», деді үй иелері.
Енді ақ гвардияшылар атаманының көзін жою жөніндегі операцияға қатысқандардың ішіндегі келесі екі адамға келейік. Олар – Ғазиз және Насыр Ушурбакиевтер. Алдымен Ғазиз туралы бірер сөз. ҰҚК мұрағатында оның 1904 жылы ұйғыр отбасында өмірге келгендігі айтылған. Жаркент қаласының тумасы екен. Шала сауатты болған. 17 жастағы жалын жігер, жас түлектің өте қауіпті тапсырманы орындауға қатысқандығы ВЧК-ның оны №6990 күміс сағатпен марапаттау туралы 1921 жылдың 6 мамырындағы №2354 куәлікпен расталады.
Ғазиз Ушурбакиевтің өзінің көрсетуі бойынша ол: «Чанышевтің (Құлжадағы) туыстарының өтінішімен Жаркентте (сырт көз үшін) «тұтқындалған» Қасымханды босатуға Қызыл армия басшыларымен жасалатын айырбас мәселелері бойынша кеңестік және қытайлық билік арасындағы хат жазысудың тасушысы болған және (кейін) Қытай аумағына өтіп, оқиға алдында сонда жүрген Чанышевпен кездескен». Сөз орайында атап айтатын нәрсе, 1921 жылдың 6 ақпаны күні таңертең операцияны: «Бастай беріңдер!» – деп Жаркенттен Сүйдінге хабар алып келген міне, нақ осы Ғазиз Ушурбакиев. Өкініштісі, осындай жігерлі, өжет азаматтың ғұмыры қысқа болған. 20-шы жылдардың ортасында үйленбеген күйі ауырып жүріп өмірден өткен. Басқа дерек жоқ.
Ал керісінше мұрағатта оның ағасы Насыр туралы мағлұмат өте көп. Ол 1895 жылы Жаркентте туған. Жасынан пысық, елгезек жігіт 1915 жылы қаладағы интендант Дубининнің қоймасына қара жұмысқа алынады. Бұл осындағы 6-шы Орынбор казак полкін қару-жарақ, оқ-дәрімен қамтамасыз етіп тұрған мекеме еді. 1917 жылғы қазан төңкерісі қарсаңында Насыр Ушурбакиев қаладағы телеграф почтасында фельдъегерь болып істеп жүрген-тін. Оның бұдан кейінгі өмірбаян жолдарын Алматы облыстық мемлекеттік мұрағаты Панфилов аудандық филиалының директоры Г.Макарованың республикалық ұйғыр мәдениеті орталығының төрағасы Р.Тохтахуновқа берген анықтамасы толықтырады. Онда: «Насыр Ушурбакиев 1918 жылдан бастап 1920 жыл аралығында солтүстік Жетісу майданында интенданттық жұмыс бойынша жеткізуші болды. Осымен бір мезгілде 1918 жылдан 1924 жылға дейін Жаркент қаласында резидент қызметін атқарды. Атаман Дутовтың көзін жоюға белсене қатысты», – делінген.
Тоқта.., тоқта! Мұндағы резидент ұғымына назар аударайық, құрметті оқырман. Бұл не сөз? Халықаралық, дипломатиялық анықтамалықтарда оған «протектораттағы отарлаушы елдің өкілі», «агентуралық желінің жұмысын бағыттап отыратын бір елдің екінші бір елдегі адамы» деген мағынадағы түсініктемелер берілген. Ал С.Ожеговтің «Орыс тілінің сөздігінде» ше? Мұнда: «Резидент – барлаудың шет мемлекеттің қандай да бір ауданындағы құпия өкілі». Демек, Насыр Ушурбакиев 1921 жылғы атышулы операция алдында Құлжа мен Сүйдін маңындағы кенттерде орын ауыстыра жүріп, байланысшы адам болған ғой. Оны Жаркент милициясының құрылуы мен қалыптасуы туралы «Право на истину» атты жинақты құрастырушы, заң ғылымдарының докторы Сарқытбек Молдабаев тапқан құжаттардағы сөз етіп отырған кейіпкеріміз туралы кездесетін «Қасымхан Чанышевтің жеке курьері», «Арғы беттегі Насыр Ушурбакиевтің хабары бойынша» деген сөйлемдер дәлелдейді. Сондай-ақ өлкетанушы Нұрымбай Бекқұлиевтің жазбасындағы деректерге де назар аударған жөн ғой деп ойлаймыз. Ол кісі Насыр Ушурбакиевпен көзі тірі кезінде сөйлесіп қалған санаулы адамдардың бірі. Сондағы әңгіме бойынша құрастырылған қолжазбада: «...Олар қорған сыртындағы серіктеріне қосылған соң Сүйдіннің тар көшелерімен шаба жөнелді. Қорған ішінен шу шығып, арттарынан қуғыншы шыққанша бұлар ұзап үлгерген еді. Халық кекшілдері түн ішінде Көкдаланың қалың құмына келіп жасырынды. Атаманның өлгендігін анықтау үшін Насыр Ушурбакиев Шипанзе қаласынан бір шақырымдай жердегі Дағыр қыстағында тұратын Насырқожаның үйіне кетті», – деген сөйлемдер бар. Осы деректер өзіміз сөз етіп отырған кейіпкеріміздің атаман Дутовтың көзін жою операциясы кезінде арғы бетте барлаушылық қызмет атқарғанынан хабар береді деп айта аламыз.
1921 жылғы жанкешті сапардан кейін Насыр Ушурбакиев резиденттік қызметін тағы 3 жыл жалғастырады да 1924-1929 жылдар аралығында Жаркент шекарашылар отрядының шаруашылық саласында жұмыс істейді. 1929 жылы «Дехкан пахталық» артелін ұйымдастырып, 1936 жылға дейін сонда ұжымшар төрағасы болады. 1937 жылы Жаркент қаласындағы МТС директорының орынбасары қызметінде жүргенде «халық жауы» атаныпты. Сөйтіп атышулы 58-баптың 10-А тармағымен 25 жылға сотталады. 1942 жылы Ұлы Отан соғысы жүріп жатқанда, Ақмола лагеріндегі «халық жаулары» бұларды еңбек армиясында жұмыс істету үшін Орскіге апарады. Насыр Ушурбакиев, міне, сондағы Никольск комбинатында десятник болып жұмыс істейді.
Бұл деректерді бізге айтқан оның кенже ұлы Ахметжан. Ол 1948 жылы сол Орскіде туған. Қазір Жаркентте тұрады. Осыдан бес жыл бұрын кездескенімізде Панфилов аудандық аңшылық шаруашылығы мекемесінің директоры-тын.
– Әкей сонда, яғни Орскіде табан аудармай жұмыс істеп жүріп, 1946 жылы Қазақстандағы отбасы мүшелерін көшіріп алуға қол жеткізеді. Сондай-ақ 1955 жылы құрметті еңбек демалысына шыққаны есімде, – деп сөзін жалғады Ахметжан. – Байқаймыз, жерлестерінің 1937 жылғы өзіне жасаған қиянатын кешіргісі келмеді ме, жоқ әлде басқа бір себеп бар ма, әйтеуір ол кісінің елге қайтуға онша құлқы болмады. Осылай тұрып жатқанымызда 1963 жылы Мәскеуден біздің отбасын іздеп жазушы Юлиан Семенов келді. Бұл кісі ол кезде аты жаңадан таныла бастаған, ал кейін «Парольдің керегі жоқ», «Көктемнің он жеті сәті», «ТАСС мәлімдеуге өкілетті...» деген өздеріңіз жақсы білетін атақты кітаптардың авторы ғой... Оның әкеймен ұзақ әңгімелескені есімізде. Қоштасып кеткен соң көп ұзамай қаламгердің «Огонек» журналының 1963 жылғы 33-ші нөмірінде «Ақтар атаманының ақыры» деген деректі дүниесі жарқ ете қалды. Онда атышулы операцияға қатысқан адамдардың бәрінің аты-жөндері өзгертіліп, шартты түрде алынған еді. Соған қарамастан жергілікті жердегі көрші-қолаң арасында бізге деген суық көзқарас байқала бастады. Бұл түсінікті-тін. Өйткені Орск қаласы Орынбор облысына қарайды. Ал ол бір кездері Александр Дутовтың ат ойнатып, ұран шақырып, ақ казактардың атаманы болып сайланған жер. Көршілеріміз солардың қалған ұрпақтары ғой. Олар жазушы Ю.Семеновтің Мәскеуден не үшін келіп, не жазғанынан жергілікті орган адамдары – өздерінің таныстарынан жақсы хабардар еді. Сөздің тоқетері, үн-түнсіз қастандық әрекеттер жасау басталды. Бір күні ауламыздағы қаз-үйректер қырылып қалды. Бір айдан кейін өрістегі бұзауымыздың іші кеуіп өлді. Мұның тегін еместігін білген зейнеткер әкем ешкімге ештеңе айтпай, он күнге жоғалып кетті. Белгісіз жаққа барып келгеннен кейін тұрған үйімізді татар құдамызға аманаттап тапсырды. Сөйтті де бәрімізді пойызға отырғызып, Қазақстанға тартты. Екі апта жол жүріп Жаркенттен бір-ақ шықтық. Содан бері осындамыз.
– Насыр аканы ел-жұрт қалай қарсы алды? Жергілікті үкімет ол кісіге оң қабақ танытып, дұрыс қабылдады ма?
– Алдымен мына жағдайға тоқтала кетейін. Жоғарыда Орскіде жүргенде әкей жоқ болып кетіп, қайта оралды дедім ғой. Сөйтсек осы Жаркентке келіп, бар жағдайды байқап қайтыпты. Содан соң туған жеріне көшуге бел байлаған екен. Ел-жұрт жақсы қабылдады. Көзкөргендердің куәлікке жүріп, ұсыныс жасауымен бір кезде өзі құрған «Дехкан пахталық», кейін Октябрьдің 40 жылдығы атанған миллионер колхоздың құрметті мүшесі болды. Аудан, облыс көлеміндегі салтанатты жиындарда сыйлы адам ретінде төрден табылып жүріп, 1986 жылы дүниеден озды.
Сөз соңында өзіміз сөз етіп отырған операцияға тікелей қатысы бар тағы екі адам – Юсуп Қадыров пен Солтанай Маралбаевқа тоқтала кетейік. Бұлардың аты-жөндері 1967 жылы жарық көрген «Көрінбейтін майдан» жинағындағы Н.Миловановтың «Қасымхан Чанышев» деректі туындысында бар. Олардың алғашқысы Юсуп Қадыровқа келсек, туған баласы Ақжол әкесінің 1890 жылы Қонақайда өмірге келгенін айтады. Ол Жаркенттен 40 шақырым жердегі елді мекен болып шықты. Шын аты Юсупахун екен. 1918 жылы уездік милицияға қызметке алынғанда Юсуп деп хатқа түсіп, ресми құжаттарда солай аталып кетіпті. 1921 жылдың 6 ақпанындағы Сүйдін операциясы кезінде бұл кісі қамал сыртындағы сүйемелдеуші топ құрамында тұрған. Оқиғадан кейін бәрі бытырай тарап, бой жасырғанда Юсуп ака жапан түздегі малшы үйін паналайды. Содан 5-6 күннен кейін шекарадан аман-есен өтіп келеді де өзінің бұрынғы жұмысы – жергілікті милиция бөлімшесіндегі қызметін одан әрі жалғастырады. 1928 жылы Жаркент ауданына қарайтын Қоңырөлең өңіріне Іле өзенінің арғы бетіндегі Қырғызсай, Сүмбе, Қарқарадан жер аударылған байлардың малдары айдап әкелініп, жаңа артельдік бірлестік ұйымдастырылады. Міне, сонда оған Юсуп Қадыров қой фермасының меңгерушілігіне жіберіледі. Сол жерде қазақ қызына үйленіп, 1937 жылы Рахматулла, 1939 жылы Ақжол, ал 1942 жылы Қасымжан атты балалары өмірге келеді. Ұлы Отан соғысы кезінде Қоңырөлең колхозы үлкейіп, одан Гвардия деген жеке шаруашылық бөлініп шығады. Сонда кейіпкеріміз ол жерге егістік бригадирі болып барады. 60-жылдары зейнетке шыққан соң балалары жұмыс істеп жатқан «Бірлік» колхозына көшіп келіп, 1974 жылы өмірден озады.
Осы деректерді айтқан Юсуп аканың ортаншы ұлы Ақжол өзінің жетіжылдық мектепті 1946-1953 жылдары Айдарлы ауылында, ал онжылдықты Көкталда бітіргенін сөз етіп, 1959-1962 жылдары әскерде болғанынан хабардар етті. Содан соң шаруашылықтан қол үзбей жұмыс істеп жүріп Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтын тәмамдап, 1970 жылдан 1990 жылға дейін «Бірлік» колхозында бухгалтер, 1991-1998 жылдары Панфилов аудандық салық инспекциясының бастығы қызметін атқарып зейнетке шығыпты. Қазір Жаркент қаласында тұрады.
Ал атаман Дутовтың көзін жою жөніндегі Сүйдін операциясына қатысушы Солтанай Маралбаев туралы айтар болсақ, әңгімені бұл кісінің мұрағаттар мен зерттеу еңбектердегі Сұлтан деп жазылған, жазылып келе жатқан есімінің дұрыс емес екендігінен бастағанымыз жөн. «Атамыздың азан шақырып қойған аты да, елдің есіндегі ныспысы да Солтанай, – дейді Алмалы ауылында тұратын немересі Молот. – Сондықтан мақалалар мен кітаптарда алдағы уақытта осылай айтылып, жазылса деген тілегіміз бар».
–––––––––––––––––––
Суретте: жазушы Юлиан Семеновтің 1963 жылы «Огонек» журналында жарық көрген мақаласы. «Ақтар атаманының ақыры» деп аталатын бұл деректі шығармада Жаркент чекистерінің жанқиярлық ерлігі одақ оқырмандарына алғаш рет баян етілген еді.
Жаркент өңіріндегі көнекөз қариялардың сөзіне қарағанда Солтанай Маралбаев өте өжет, ізшіл әрі мерген, ат құлағында ойнаған шабандоз жан болыпты. Оған бұл кісіні жақсы білетін Жайырбек деген қарияның өзіміз сөз еткелі отырған кейіпкеріміздің Иінтал сілемдеріндегі көктемде ат үстінен жерге түсіріп алған қамшысын қара күзде тауып алғанын, арғы беттегі Домбауыл деген қалмақтың көзінің ағы мен қарасына балаған бәйге атын шағын киіз үй – жаппада ұстап бағып отырғанда, оның шаңырақтан төменгі белдеуіне орай шалма салу арқылы арқанды тақымына баса төңкеріп тастап, ішіндегі қаңтарулы жүйрікті шүу деп жетекке алып елге әкелуі туралы әңгімелері дәлел бола алады. Кеңес өкіметін жасы ұлғайған кезі деуге келетін алпыстың ол жақ, бұл жағында қарсы алған ел ағасы 1918-1921 жылдары қызыл гвардияшылармен бірге жергілікті жердегі ел тыныштығын алған ақ бандыларды талқандауға қатысады. Сүйдіндегі атаман Дутовтың көзін жою жөніндегі операцияға қатысып келгеннен кейін шекара бойындағы шолғыншы топ – комотряд құрамында болады. Өлкетанушы Нұрымбай Бекқұлиевтің біз сөз етіп отырған кісі туралы жинаған деректерінде назар аударарлық бір эпизод бар. Ол осы өңірдегі колхоз құрылысының ардагері Нұрақын Рамимовтың естелігі. Куәгер былай дейді:
«1927 жылдың қара күзі болатын. Мен және ауыл тұрғындары Аманжол Ыдырысов пен Мұқажан Қорғасбаев шекарашылар отрядының қарамағындағы орман шаруашылығында еңбек етіп жүргенбіз. 7 қараша күні Ұлы Октябрь революциясының 10 жылдық мерекесі дүркіреп өтіп жатты. Осы мейрам құрметіне арналып түрлі ойындар ұйымдастырылған-тын. Соның бірі ағаш басына ілінген жамбы ату еді. Оған ешкім оқ тигізе алмады. Түс қайта оны Солтанай Маралбаев қана атып түсіре алды. Осы мергендігі үшін Қорғас заставасының бастығы Пемуров оған шекарашылар атынан әдемі хром етік сыйлады».
Өмірдің талай соқтықпалы, соқпақсыз жолдарынан өткен Солтанай ақсақал осыдан кейін де ат үстінен түспепті. Сол кездегі жаңадан ұйымдастырылған артельдік бірлестіктер жұмысына жәрдемдесіп жүріп, 1936 жылы өмірден озыпты. Зираты Алмалы ауылы іргесіндегі қорымда екен. Мұны бізге айтқан қарияның немересі Молот. Байқап қарасақ осы жерде ұстаздық етіп, ұзақ жылдан бері мектеп директоры қызметін атқарып келе жатқан бұл ағамыздың өмірде болған жоғарыдағы жағдайлардан басқа да айтар әңгімелері аз емес сияқты. Соның бірі атаман Дутовтың көзін жою операциясына қатысқан қарияның ұлы Мұса мен одан туған Еркінбай, Ауғанбайға қатысты жәйттер. Мұса есімі кезінде Жаркент өңіріне аты белгілі адам Ш.Байбатшаевтың «Бел-белестер» кітабында кездеседі. Онда автор: «1919 жылдың екінші жартысын уездік, болыстық, селолық және қалалық ревкомдар құрылған кез еді... Сондай жергілікті ревкомның бірінің председателі болып М.Солтанаев жолдас тағайындалды», деген. Сол Мұса 20-30-жылдары аталмыш өңірде әртүрлі жауапты қызметтер атқарады. Осы уақыт аралығындағы оқтын-оқтын жүргізілген үлкенді-кішілі жазалау толқындарында бес рет ұсталып, олардан әупіріммен аман қалады. Ұлы Отан соғысы басталғанда үлкен ұлы Еркінбаймен майданға бірге аттанып, кезекті бір шабуылда баласы хабар-ошарсыз кетеді де әкесі шайқас даласынан елге жарымжан болып оралады. Осылай ауыр хал кешіп жүргенде репрессияның 1948 жылғы соңғы толқынында Мұса Солтанаевтың екінші ұлы Ауғанбай ұсталып, түрмеге жабылады. Мұндай кезде назаланған әкенің қолынан келетіні іздену, арыздану, көмек сұрау да баяғы. Осындай ойман Мұса баласының ешқандай кінәсі жоқ екенін айтып Алматы мен Мәскеуге қайта-қайта хат жолдайды. Соның бірі атақты Үкімет мүшесі, Сыртқы істер министрі Молотовтың қолына түседі. Мәселеден хабардар болған ол кісі хат шекесіне: «Іс қысқартылсын!» деген бұрыштама соғады. Осы пәрменмен түрмеден босаған Ауғанбай елге келгенде әке шаңырағындағы екі бірдей қуаныштың үстінен түседі. Оның алғашқысы соғыста хабарсыз кетті деген ағасы Еркінбай Мұсаевтың Махачкаладағы бауырластар зиратындағы қабірінің табылуы да соңғысы кенже інісінің өмірге енді келіп жатуы еді. «Егер Молотовтың мейірімі болмаса ұлым Ауғанбай бостандыққа шықпас еді. Сондықтан осы Үкімет мүшесіне деген ризашылығымның белгісі ретінде кенжемнің атын Молот қоямын!» – деген екен 1948 жылдың сол ызғарлы күзінде Мұса Солтанаев ақсақал. «Менің есімімнің осындай тарихы бар», – деп сөзін аяқтады бізбен қоштасарда кешегі дала көкжалы Солтанай батырдың немересі Молот ағай.
5.Тоғызыншы, сіз кімсіз?
«Атаманның ақыры» атты атақты фильмді кім білмейді?! Бұл күнде одан бәріміз де жақсы хабардармыз ғой. Міне, осы кинокартинаның екінші сериясында бір эпизод бар. Ол Сүйдіндегі қауіпті тапсырманы жандарын шүберекке түйіп жүріп орындаған чекистер Қасымхан Чадияров пен Махмұд Қожамияровтың шекараның бергі бетіне арып-ашып әрең жеткен сәті. Іңір қараңғылығы түсе бере ескі зираттағы жартылай құлаған күмбезді паналаған оларға қастарындағы қаңтарулы аттары бөтен біреудің келе жатқанынан хабар беріп, құлақтарын қайшылай жер тарпиды. Осы сәтте: «Қасымхан! Бұл мен ғой, қарағым», – деген үстінде былғары курткасы бар жігіт ағасының даусы естіледі. Ақ шашты, бурыл мұртты ол кісі қалың шилі өзектен бері беттейді де: «Қалай, аман-есен жеттіңдер ме?» деп атынан түседі. Енді әңгімелесе бергенде шығыс жақтан жойқын ат дүбірі естіледі. Бұл атаманынан айырылып ашынған ақ казактардың қуғыны еді. Оларды алдарқатпақ болған жаңағы қарт кісі Қасымханның бас киімін өзіне ауыстырып киеді де тасадан атына қамшы баса атып шығып, жазық даламен ағыза жөнеледі. Улап-шулаған казактар соған қарай бұрылып, қуғын қаупі сейіледі. Осы мезетте қос чекист енді ешқандай қауіп жоқ дегендей атқа қонып, елге бет алады.
Фильмдегі осы бейненің, атақты суретші Әубәкір Ысмайылов сомдаған образдың прототипі кім? Ол: «Сол кездегі Жаркент милициясы бастығының орынбасары Әубәкір Жүнісов», – дер едік біз. Иә, сөз еткелі отырған кейіпкеріміз Қасымхан Чанышевпен бір мекемеде қызмет атқарған жан. Яғни, 1919-1920 жылдары аудандық милицияда біреуі басшы десек, екіншісі оған қосшы болған адам. Атаман Дутовтың көзін жою жөніндегі операция ойластырылғанда ЧК өкілдері Әубәкір Жүнісовке жауапты тапсырманы орындаушы ерекше топ мүшелерін арғы бетке аман-есен өткізу, қайтар кезде оларды күтіп алып, ықтималдылық жағдайындағы қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз ету міндетін жүктеген. Нәтижесінде сөзі салмақты, ісі тиянақты, өмірден көргені мол бұл адам тапсырылған істі тамаша орындап шыққан. Бұған оның кезінде ВЧК тарапынан операцияны тікелей жүзеге асырушы топ мүшелерімен қатар марапатталып, атқарған ісінің бір үзігі жоғарыда сөз еткен фильмде арнайы эпизодқа арқау болуы анық дәлел. Атқарған ісінің бір үзігі демекші...
Өмірбаянына үңілсек ол 1886 жылы Алматы облысының Кеген өңіріндегі Жалаңаш ауылында өмірге келіпті. 14 жасында Жаркенттегі ауылшаруашылық орыс мектебіне оқуға түсіп, оны 1904 жылы орманшы мамандығы бойынша бітіріп шығады. Екі жыл әкесі Ниязбектің тұрмыс-тіршілігіне көмектеседі. Содан соң еңбек жолын 1906-1916 жылдар аралығында түрлі істер бойынша жергілікті билікке жүгінген Петров, Нагибин, Галицкий, Исаев, Денякин дегендердің бітімгершілік соттарында аудармашы болып бастайды.
Мұрағаттанушы Зияда Ижановтың 2001 жылғы бізге берген мәліметі бойынша Әубәкір Жүнісовке қатысты деректер негізінен Алматы облыстық мемлекеттік архивіндегі 408-қордың 2-тізімдемесіндегі 468-іс пен Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивіндегі 5-қордың 8-тізімдемесіндегі 52-істе және 733-қордың 1-тізімдемесіндегі 1-істе сақталған. Сондағы мәліметтерге сүйенсек, кейіпкеріміздің 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне белсене қатысқанын байқаймыз. Осы әрекеті үшін патша үкіметі оны 6 жылға соттайды. Бірақ Қалжат пен Шарын болысының халқы оны кепілдікке алып, артынан іле-шала майдандағы қара жұмысқа аттандырып жібереді. Сөйтіп ол Ресейдің Екатеринослав губерниясындағы Ветка, Накопный рудниктерінде десятник болып еңбек етеді. Патша тақтан құлаған 1917 жылдан кейін елге қайта оралып, Жаркентте тілмаш, қалалық атқару комитетіндегі мұсылман бөлімінің хатшысы, күзет бастығы, жергілікті ЧК тергеушісі қызметтерін атқарады. 1920 жылы атаман Дутовтың көзін жою жөніндегі операция жұмысына тартылар алдында Әубәкір Жүнісов Жаркент милициясы бастығының орынбасары қызметін атқарып жүрген еді. Мемлекеттік мәні зор оқиға сәтті аяқталғаннан кейін Жетісу ЧК-сының бастығы Эйхманс басқалармен бірге біздің кейіпкеріміздің де еңбегінің ескерусіз қалмауына ерекше көңіл бөледі. Оны бұл лауазым иесінің ВЧК-ның Түркістан аумағындағы Уәкілетті өкілі, ВЦИК мүшесі Я.Петерске ұсыныс жасаған хатынан анық байқауға болады. Осыдан кейін билік орындары: «...тов. Жунусову от 134 КА. 1927 г. 1/ІV. За принятия участия над атаманом Дутовым» деген жазуы бар күміс сағат пен үш желілі винтовканы сыйлық ретінде береді.
Сөз орайында айта кетейік, кейде адам үшін құжаттардың сөйлейтіні бар. Иә, архивтегі сарғайған қағаздар кейіпкердің толық болмаса да жалпы бейнесінен кәдімгідей мағлұмат беретіні анық. Республикалық Орталық мұрағаттағы Әубәкір Жүнісовке қатысты құжаттарды қарап отырғанда біз міне, сондай әсерде қалдық. Ол бірбеткей, қайсар адам болған. Қолға алған ісіне немкетті қарамаған. Белгілі бір мәселеге қатысты өзінің кесімді сөзін айта білген. 1920 жылдан кейін Жетісу губерниялық сотының мүшесі, Алматы қалалық адвокаттар мекемесінің төрағасы қызметтерін атқарып жүргендегі кейіпкеріміздің өзі жазған қағаздар мен оған берілген мінездемелер міне, осындай тұжырымдарға негіз қалайды. Қызмет буына мастанбаған, оның құлақкесті құлына айналмаған ол бұқпай, бүгежектемей сол кездегі өмірде орын алған әділетсіздіктерге қасқайып қарсы тұра біледі. Бірде мынадай оқиға болған. Әубәкір Жүнісов Жетісудың ең шеткі нүктесі Алакөл аймағында іссапарда жүргенде тергеуші Катков дегеннің Үржар мен Мақаншы елді мекендеріндегі жергілікті тұрғындарға жасаған қиянатын әшкерелейді. Өзін талқыға салған жиналыста ұлы орыстық шовинизм дертіне ұрынған шенеунік кеудемсоқ, астамшыл әрекетін мойындамайды. Қиямпұрыс мінезіне басып Әубәкір Жүнісовті атып тастауға ұмтылады. Сол кезде өте әбжіл қимылдаған ол оның қаруын тартып алып, өзін де, өзгелерді де өлімнен аман алып қалады.
Осындай турашылдық, басқа ұлт өкілдерінің өзінің қандастарын басыну әрекетіне деген жаны төзбестік біздің кейіпкеріміздің жауларын көбейтпесе азайтпайды. Жер-жерден жәбір көргендер оны пана тұтып, айналасынан шықпайды. Ал бұл сол кездегі мемлекеттік жазалаушы органдар тарапынан Әубәкір Жүнісовке деген сенімсіздік туғызады. Сондықтан жергілікті ОГПУ, НКВД, прокуратура оның әр басқан қадамын аңдуды қолға алады. Соның салдарынан 1924 жылғы БКП (б) қатарын тазалау науқанында ол партиядан шығарылады. 1926 жылы жоғарыда біз өзіміз айтқан сыйлық – ВЧК винтовкасын Жетісу губерниясының ОГПУ бөлімі тартып алады. Осы заңсыздық жөнінде Әубәкір Жүнісов Қазақ АССР-ның ОГПУ бастығы Г.Каширин мен республика Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Е.Ерназаровқа шағымданады. Нәтиже болмайды. ОГПУ қызметкері Маркович: «Үйіңде жата бер, винтовканы іздеп жатырмыз, табылса қайтарамыз», – деп шығарып салады.
Өстіп жүргенде 1932 жыл келеді. Бұл кезде Әубәкір Жүнісов Алматы облысының Кеген ауданындағы №16 ауылда тұратын. Жала жабылып, үй-мүлкі тәркіленеді. Өзін бала-шағасымен жер аударуға шешім шығарылады. Бірақ Алматыда бұл кісіні білетін адамдар ара түсіп, Кеңес үкіметіне сіңірген еңбегі ескеріліп, аман қалады. Ал 1938 жылы... Мұрағаттанушы Зияда Ижановтың осыдан 15 жыл бұрын біздің хатымызға жазған жауабындағы деректер былай сөйлейді.
«...Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы Ыдырыс Көшкінов халық жауы деп ұсталғанда Әубәкір Жүнісов оны қорғау үшін сот төрағасына бұл адал, таза адам деп дәлелдеуге тырысады. Бірақ сот төрағасы оның сөзін қаперіне де алмайды. Ол соған ашуланып, бөлмедегі үстел үстінде тұрған сия сауытты алып ұрмақшы болады. Осы жерде бұрыннан өшігіп жүргендердің көктен іздегені жерден табылады. Сөйтіп Әубәкір Жүнісов ұсталып, 4 ай бойы тынымсыз тергеу мен адам айтқысыз азапты бастан кешіреді. Тағылған кінәларды мойындамай, бәрін жоққа шығарғанына қандары қарайған сот мүшелері есіл ерді 1938 жылғы 5 тамызда ату жазасына кеседі. Өкініштісі, асыл азаматтың Кеңес үкіметін нығайтудағы, ақ бандыларға қарсы күрестегі еңбектері мен елім, жұртым деп атқарған басқа да істері еленбеді. Тіпті ВЧК-ның Түркістан республикасы бойынша Уәкілетті өкілі Я.Петерстің: «Предьявитель сего т. Жунусов Абубакир 6-го февраля 1921 года совершил акт, имеющий республиканское значение, чем спас несколько тысяч жизней трудовых масс от нападения его банд, которому требуется по отношению к выше означенному товарищу со стороны советских властей внимательное отношение и означенный товарищ не подлежит аресту без ведома полномочного представителя» деп берген 1921 жылғы 14 сәуірдегі №1887 куәлігі де ескерілмеді. Ескерілу былай тұрсын, Әубәкір Жүнісов 1938 жылғы 14 тамыздағы үкім бойынша атылғаннан кейін өздерін қорғау мақсатында Алматы облысының сот, прокуратура, НКВД органдары 4 жыл бойы оны тірі адам есебінде бірнеше «айыптау қорытындыларын» жасап, «қайта тексеруге» жіберген болып, оның «қылмысына сай» енді 10 жылға түрмеде отыруға, 5 жыл сайлау еркінен айыруға жалған үкім шығарды. Сөйтіп Гогольдің «өлі жандарындай» өтірік «өлі құжаттар» Мәскеу мен Алматы арасында ерсілі-қарсылы үнсіз жөңкіді. Егер ол қағаздарға тіл бітсе: «Жіберіп отырған адамдарың әлдеқашан атылып кеткен жоқ па еді», – деп айтар еді-ау.
«Мұның бәрі сонда не үшін керек болған?» – деген сұрақ туады осы арада. «Мәселе мынада сияқты, – деген болатын мұрағаттанушы Зияда Ижанов жоғарыдағы хатында. – Әубәкір Жүнісовтің атылғандығы жөнінде оның отбасына хабарланбады, жасырылды. Сондықтан оның тағдыры ел-жұртына белгісіз болды. Есіл ердің туыстары, достары жер-жерге шағымданды. Олар жіберген хаттардан тек асыл азаматтың зайыбы Бопыханның 1939 жылғы 2 ақпанда Қазақ ССР прокурорына: «Менің ерім қайда? Әлі күнге тергеуде ме? Маған хабарлауыңызды өтінемін», – деген арызы ғана сақталған. Республика прокуратурасында бұл хат 1939 жылғы 17 ақпанда 2760-шы нөмірмен тіркеуден өткен. Оның шекесіне: «Дело в облсуде, сообщить об этом жалобщице», – деп 15 ақпанда қол қойған. Көрдіңіз бе, тіркеуден екі күн бұрын-ақ бастық қол қойған, әрі жарының тағдырын білмей келген Бопыханды «арызқой» етіп көрсеткен. Сол кезде өмірде жоқ, әлдеқашан атылып кеткен арыс азаматтың ісі облыстық сотта деп жалған сілтеме жасаған».
...Әубәкір Жүнісов 1957 жылы 16 тамызда ақталды. Істі 19 жылдан кейін қайта қараған Қазақ ССР Жоғарғы сотының алқасы онда қылмыс құрамы болмағандықтан, бір кездегі Алматы облыстық сотының үкімін жойды. 32 жасында 6 баламен жесір қалған Бопыхан ана жоғарыдағы хабарды естігенде көз жасына ие бола алмай ұзақ жылады, дейді көзкөргендер. Ол сол бір зауалды күндердің зары ма, жоқ әлде қиянат қияметке кетпеді деген тәубе ме, мұны енді ешкім түсіндіріп айтып бере алмайды. Қазақтың қайсар әйелі 40-50-жылдары арыс азаматтың артында қалған ұлдары Смағұл, Әнуар, Батырхан, Әсет пен қыздары София, Рузиданы жетелеп жүріп жеткізіп, олардан тараған немере-шөберелерін көзімен көріп, 1978 жылы өмірден озды.
Осы арада сөз ретіне қарай бір әңгіме айта кетейік. Кейіпкеріміздің жоғарыдағы аттары аталған балаларының ортаншысы Батырхан Әубәкірұлы Жүнісовтің мамандығы мұғалім еді. 1965-1969 жылдары Алматы облысының Нарынқол ауылындағы орта мектепте бізге орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Ұзын бойлы, зор денелі, көп сөйлемейтін, жүзі сұсты кісі-тін. Ұлы Отан соғысында артиллерист болыпты. 23 ақпан – Қызыл армия күнінде бүкіл класымыз болып С.Маршактың өлеңдер жинағын беріп құттықтағанымыз есімізде ағайымызды. Сонда үнемі қатал болып көрінетін ол кісінің жүзі сәл жылып, чекист әкесі Әубәкір Жүнісов туралы әңгіме айтқаны бар. Ал өзі қатысқан соғыс туралы: «Шайқаста пехотаға (жаяу әскерге –
ред.) өте қиын болатын. Бір атакада-ақ олардың қатары сиреп қалатын. Ал біздің артиллерия... Құдайға шүкір, расчетіміз ондайдан аман болды. Вязьмадан Берлинге дейінгі 4 жылда 4-5-ақ рет пополнение (толықтыру –
ред.) алдық», – деген сөзі есімізде.
6. Кино
«Атаманның ақыры» фильмі. Жылдар жылжып, уақыт алға озған сайын мынадай сұрақтың бой көрсетіп қалары анық. Ол: «Кеңес чекистерінің жанкешті ерлігін көрсететін осы кинокартина қалай өмірге келді? Фильм қашан, қай жерлерде түсіріліп, ондағы басты рөлдерде ойнайтын актерлерге таңдау қалай жасалды? Ал сол бір тарихи оқиға ортасында болған адамдар бейнесі ше? Олардың іс-әрекеті мен қимылы осы кинолентада қаншалықты нанымды көрсетілг