17 Қыркүйек, 2016

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығы №108

274 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
2015 жылғы 19 ақпан,   Астана қаласы Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау қағидаларын бекіту туралы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-2-бабының 10-10) тармақшасына сәйкес бұйырамын: 1. Қоса беріліп отырған Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау қағидалары бекітілсін. 2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен: 1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін; 2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген соң күнтiзбелiк он күн ішінде мерзімдік баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануын; 3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін. 3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау салаға жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін. 4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Министр Е.ДОСАЕВ Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 ақпандағы №108 бұйрығымен бекітілген Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау қағидалары 1. Осы Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң)  10-2-бабының 10-10) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының тұрғын үй қорына кіретін тұрғын үйлерде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау процесінде туындайтын қатынастарды реттейді. 2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: ғимаратты (құрылысты, жабдықты, коммуникацияны, тұрғын үй-коммуналдық мақсаттағы объектілерді) ағымдағы жөндеу – ғимараттың (құрылыстың, жабдықтың, коммуникацияның, тұрғын үй-коммуналдық мақсаттағы объектілердің) жарамдылығы немесе жұмыс қабілетін қалпына келтіру, нормативтік және техникалық құжаттамада белгіленген көлемде шектелген номенклатураның құрамдас бөліктерін ауыстыра немесе қалпына келтіре отырып, оның ресурсын ішінара қалпына келтіру үшін орындалатын жұмыс; ғимаратты (құрылысты, жабдықты, коммуникацияны, тұрғын үй-коммуналдық мақсаттағы объектілерді) күрделі жөндеу – ғимаратты (құрылысты, жабдықты, коммуникацияны, тұрғын үй-коммуналдық мақсаттағы объектілерді) қажет болған жағдайда конструктивтік элементтер мен инженерлік жабдық жүйелерін ауыстыра отырып, оның ресурсын қалпына келтіру, сондай-ақ пайдалану көрсеткіштерін жақсарту мақсатында жөндеу; жер учаскесі – тұрғын үйге (тұрғын ғимаратқа) Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен бекітіліп берілген жер аумағы; кондоминиум объектісін күтіп-ұстау – кондоминиум объектісін басқару органымен жасасқан шартқа сәйкес сервистік қызмет субъектісі іске асыратын ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар жиынтығы; кондоминиум объектісін басқару органы – кондоминиум объектісін басқару жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға; мердігер – жұмысты немесе көрсетілетін қызметтерді мердігерлік шарт және (немесе) мемлекеттік келісімшарт бойынша орындайтын жеке немесе заңды тұлға; ортақ мүлік – дара (бөлек) меншіктегі үй-жайлардан басқа, кондоминиум объектісінің бөліктері (абаттандыру элементтерін және ортақ пайдаланылатын басқа да мүлікті қоса алғанда, кіреберістер, баспалдақтар, лифтілер, төбелер, шатырлар, жертөлелер, пәтерден тыс не үйге ортақ инженерлік жүйелер мен жабдықтар, абоненттік пошта жәшіктері, жер учаскесі); сервистік қызмет субъектісі – кондоминиум объектісін күтіп-ұстау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға. 3. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауды сервистік қызмет субъектісі кондоминиум объектісін басқару органымен жасасатын Заңның 10-2- бабының 10-6) тармақшасына сәйкес кондоминиум объектісін басқару органы шартының үлгілік нысанына сәйкес жүзеге асырады. Шарт жасау алдында үй-жайлардың (пәтерлердің) меншiк иелерi сервистік қызмет субъектілерінің кандидатураларын жалпы жиналыста қарайды және Заңның 10-2-бабының 9) тармақшасына сәйкес үй-жайлардың (пәтерлердің) меншiк иелерiнің үлгі нысанындағы хаттамасына сәйкес сервистік қызмет субъектісін айқындау туралы хаттама жасайды. 4. Кондоминиум объектісін басқару органы құрылған күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде әрбір кондоминиум объектісіне екінші деңгейдегі банкте ағымдағы шот ашады, оған үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелерінің осы кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға және ағымдағы жөндеуге жұмсалатын жарналары (төлемдері) аударылады және осы кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын сомаларды жинақтау үшін екінші деңгейдегі банкте жинақ шотын ашуға міндетті. 5. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау: 1) ағымдағы және күрделі жөндеуді құрылыс нормаларына, экологиялық талаптар мен нормативтерге, санитариялық-техникалық қызмет көрсету жөніндегі іс-шараларға сәйкес жүргізу; 2) коммуналдық қалдықтарды жинау орындарында экологиялық қауіпсіздік нормаларын сақтау; 3) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін, үйге ортақ инженерлік жүйелер мен жабдықтарды, жер учаскесін ағымдағы техникалық, санитариялық күтіп-ұстау; 4) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстар сметасын есептеу; 5) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін не оның жекелеген құрылыс конструкцияларын, үйге ортақ инженерлік жүйелер мен жабдықтарын күрделі жөндеу арқылы жүзеге асырылады. 6. Кондоминиум объектісін басқару органы мен сервистік қызмет субъектісінің арасында шарт жасалған кезде көрсетілетін қызметтердің тізбесіне мынадай жұмыстарды кешенді орындау қамтылады: 1) кондоминиум объектiсiнің конструкциялары мен инженерлік жабдықтарының техникалық жай-күйін жоспарлы және жоспардан тыс тексеріп қарау (газ, лифт жабдықтары мен қоқыс жинағыштарды қоспағанда, оларға тиісті ұйымдармен жеке шарттар жасалады); 2) қоқыс жинағыштарды, үй маңындағы аумақтарды санитариялық тазарту, қоқысты әкету (кәрізі жоқ үйлерде – ауладағы дәретхананың қазылған шұңқырларын тазарту, жинау және әктеу); 3) көгалдандыру; 4) жертөлелік үй-жайлар мен ортақ пайдаланылатын басқа да орындарды дезинфекциялау, дератизациялау, дезинсекциялау; 5) көктемгі-жазғы және қысқы маусымдарға дайындық; 6) аварияларды жою; 7) желдеткіш арналары мен түтіндіктерді тазарту; 8) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін ағымдағы жөндеу; 9) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеу; 10) ортақ пайдаланылатын орындарда орталық жылыту, сумен жабдықтау, су бұру, электрмен жабдықтау, желдету жүйелеріне қызмет көрсету. 7. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарнаның мөлшері үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелерінің жиналысында бекітіледі. 8. Үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері: 1) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін, сондай-ақ жер учаскесiн пайдаланады және басқарады; 2) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінің сақталуы мен қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етеді; 3) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінкүтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға қатысады; 4) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге қаражат жинақтау үшін ай сайын кондоминиум объектісін басқару органының жинақ шотына үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелерінің жиналысында айқындалатын мөлшердегі, бірақ тұрғын (тұрғын емес) үй-жайдың пайдалы алаңының бір шаршы метріне арналған есеппен республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына арналып белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 0,02 еселенген мөлшерінен кем болмайтын соманы енгізуге міндетті; 5) кондоминиум объектісінің жер учаскелеріндегі жасыл екпелердің сақталуын және өздерінің күштерімен не шарт негізінде мамандандырылған кәсіпорындарды жалдау арқылы оларға тиісті күтім жасауды қамтамасыз етеді; 6) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін реконструкциялауды, қайта жоспарлауды, қайта жабдықтауды және конструктивтік шешімдерді өзгертуді оған рұқсат беру құжаттары болған жағдайда ғана жүргізеді; 7) кондоминиум объектісін басқару органына жеке және заңды тұлғалармен кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарын орындау жөнінде шарттар жасасуды тапсырады; 8) үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелерінің тексеру комиссиясына кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау және жөндеу жөнінде орындалған жұмыстардың сапасын бағалауды жүзеге асыруды тапсырады. 9. Жинақ шотында жинақталған ақшаны жұмсау жалпы жиналыстың осы кондоминиум объектісінің үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданған және жиналыстың хаттамасында бекітілген шешімі бойынша ғана жүзеге асырылады. 10. Жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй инспекциялары кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеудің жекелеген түрлерінің тізбесін, кезеңін және кезектілігін айқындайды. 11. Үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелерінің жиналысында кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге арналған шығыстар сметасы бекітілгеннен кейін мердігерлері кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуді немесе оның жекелеген түрлерін жүргізуге кіріседі. Тұрғын үй инспекциялары кондоминиум объектісін басқару органы ұсынған, тұрғын үй көмегінің қатысуымен қаржыландырылатын кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізуге арналған шығыстар сметасын келіседі. 12. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеу бойынша орындалған жұмыстарды қабылдау үшін кондоминиум объектісін басқару органының,үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелерiнiң,мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары мен тұрғын үй инспекциясы өкілдерінің қатысуымен комиссия құрылады. 13. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстаған кезде жалпы жиналыста үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелерінің көпшілік дауысының шешімі бойынша тұрғын үйге (тұрғын ғимаратқа) іргелес жатқан аумақты мақсаты бойынша пайдаланбауға және ағаштар мен бұталарды қайта отырғызуға немесе шабуға рұқсат етіледі. Үй-жайларды (пәтерлерді) өзгерткен (қайта жабдықтаған, қайта жоспарлаған) кезде тұрғын үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінің жалпы санының кемінде үштен екісінің міндетті жазбаша келісімі, мынадай: өзгерістер тіреуіш конструкцияларын қозғаған; өзгерістер ортақ мүлікті қозғаған жағдайларда талап етіледі. Жоғарыда аталған өзгерістер өзгертілетін үй-жайлармен (үй бөліктерімен) жапсарлас басқа да үй-жайлар (үй бөліктері) меншік иелерінің ғана мүдделерін қозғаған жағдайда, тек аталған адамдардың ғана жазбаша келісімін алу талап етіледі. 14. Қайта жоспарлауды және қайта жабдықтауды қоса алғанда, меншiк иесiнiң үй-жайды ортақ мүлiкке қауiп төндiретiн немесе оны нашарлататын жұмыстар жүргiзумен байланысты өзгертуiне тыйым салынады. 15. Үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері тікелей қызмет көрсетушімен не кондоминиум объектісін басқару органымен жасалған шарттың негізінде үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелерінің жалпы жиналысы кондоминиум объектісін басқару органының қызмет көрсетушімен осындай шарт жасасуы туралы шешім қабылдаған жағдайда, үйге ортақ мұқтаждарға пайдаланылатын коммуналдық қызметтер үшін шығыстарды көтереді. 16. Үйге ортақ мұқтаждарға жұмсалатын коммуналдық қызметтер саны үйге ортақ есепке алу құралдары көрсеткіштерінің негізінде, ал олар болмаған жағдайда – белгіленген қуат бойынша не табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар саласында басшылықты жүзеге асырушы мемлекеттік орган бекіткен тұтыну нормалары бойынша айқындалады. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 26 наурыздағы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №10528 болып енгізілді.