23 Қыркүйек, 2016

Сібе көлдері Қазақстан туризмін дамытуға үлес қосады

2644 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
sibe-01Шығыс өңіріндегі тұмса табиғаттың тағы бір інжу-маржаны – Сібе көлдері. Бұл көлдер Ертістің сол жағалауынан аса қашық емес, Қалба тауларының қатпар-қатпар құйма тастарынан қаланғандай жоталарының арасында орналасқан. Тау табанындағы тостағандардай бес көл кімді болса да таңдандырмай қоймайды. Тереңіндегі малта тас көрінетін тұнықтығы, желмен жеңіл дірілдейтін керімсал көркі – Сібенің сәні мен салтанаты. Қалмақтың «себын» сөзінен шыққан көл атауының түп-төркіні «сабынды көл» дегенді білдіреді. Шынында Сібенің суы сабындай жұмсақ тиіп, тән мен жанды сергітеді. Облыс орталығына жақын орналасқан бұл көлдердің жағалаулары бос болған емес. Соған сәйкес, кәсіпкерлердің табыс ошағына айналған көлдерге соңғы жылдары халықтың емін-еркін кіруі мұң болған. Аттап басқаныңыз – ақша. Әлекедей жаланған демалыс базаларының қызметшілері көк қағазсыз маңайына жолатпайды. Барлық жағалауларда – шлагбаумдар. Бұл бейбастақ әрекеттер енді өткен күннің еншісі болып қалмақ. Облыс әкімі Даниал Ахметов Сібе көлдерінің халыққа қолжетімді демалыс орнына айналуына көңіл бөліп, тиісті мекемелерге кешенді тапсырма жүктеді. Айталық биыл өңір басшысының қолдауымен Өскемен қаласынан Сібе көлдері мен Самар ауылы бағытындағы жолдарға 2 миллиард теңге бөлініп, күрделі жөндеу жүргізілді. Әрине бұл жолдар жағалауды жалға беріп жүрген кәсіпкерлер үшін салынған жоқ. Қара­пайым өңір тұрғындарының демалысына және туристік әлеуетті дамытуға қолайлы жағдай жасау мақ­сатында жөнделді. Жуырда Ұлан ауданы­ның әкімдігі Сібе көлдеріне баспасөз турын ұйым­дастырып, аудан әкімінің орынбасары Дулат Қажанов жағалаудың қазіргі жағдайы мен келешегі туралы әңгімелеп берген болатын. Сібе көлдерінің реттік саны һәм жекелеген атаулары бар. Мәселен, №1 көл Садыркөл аталады. Қазіргі кезде облыс әкімдігі осы көлмен аттас кондоминиуммен бірлескен жұмыс тобын құрып, заң талаптарына сәйкес келмейтін демалыс үйлерін айқындады. Садыркөлдің суды қорғау аймағында 26 үйдің заңсыз орналасқаны анықталды. Бұл үйлердің заңды өрескел бұзғаны жөнінде арнайы хаттама толтырылды. Демалыс үйлерінің қожайындары хаттама талаптарын орындауы қажет. Таяуда облыс әкімдігінің кеңейтілген кеңесінде өңір басшысы Д.Ахметов көл жағалауындағы жер телімдерін 20 жыл бұрын әлдекімдер алып алғанын, олардың заңды өрескел бұзып қана қоймай, көлді де меншіктеп алуға тырысқандарын, ең алдымен жағалауға баратын жолдағы шлагбаумдарды алып тастау қажеттігін қатаң ескертті. №2 – Төртқара көлінің жағажайына тиесілі 40 гектар жер телімі бар. Оның 8 гектарына «Үлбі метал­лур­гиялық зауыты» АҚ, «Казцинк» ЖШС кәсіп­орын­дарының демалыс базалары орна­лас­қан. Әзірге бұл демалыс кешендерінің көрік­тен­­дірілуі мен абаттандырылуы және қызмет сапа­сы көңілге қонымды. Сондай-ақ Төртқара жағ­а­лауы­нан жеке тұлғаларға аудан әкімдігінің қау­лы­сы­мен 81 жер телімі беріліпті. Алайда бұл телім­дер­дің біреуі­не ғана ғимарат салынған. Осы мәселе жөнін­де аудан әкімдігі тарапынан тексеріс жүр­гізіліп, жер инспекциясына алдын ала хат жіберілді. № 3 көл – Шалқар көлі. Мұнда келесі жылы муни­ципалды жағалау ашылмақ. Шалқарда бұған дейін аудан әкімдігінің рұқсатымен сая­жай­ға арналған жер телімдері берілген. Көлге жақын аумақта 342 саяжай орналасқан. Оның төртеуіне жерді мақсатсыз пайдаланғаны үшін алдын ала ескерту хаты жіберілді. Бұдан басқа Асу­бұлақ орман шаруашылығы қорынан алған екі жер телімінде жеке кәсіпкерлердің демалыс базалары орын теуіпті. Бір қуанарлығы, Шал­қар көлі жағалауының басым бөлігі жеке мен­ші­кке берілмеген. Енді жағалаудағы бос тұрған алаң­қайға ешқандай демалыс үйлері салынбайды. Муниципалды жағалау жобасының жалпы сомасы – 220 миллион теңге. Мұнда медициналық бекет, құтқарушылар қосыны, түрлі ас мәзірі мен кәдесыйлар ұсынатын этноауыл болады. №4 көлдің атауы – Қоржынкөл. Бүгінде оның жағасында жергілікті кәсіпкердің жеке инвестициясы арқылы ірі туристік жоба жүзеге асырылуда. Біз барғанда, жағалауда құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатты. «Жібек жолы» аталатын демалыс кешенінде заманауи қонақ үй, мейрамхана мен коттедждер бой көтереді. Ұлан ауданының тумасы, кәсіпкер Болат Бағадаев аталған нысанға 1 миллиард теңге қаражат құйып отыр. 2015 жылы басталған құрылысты келер жылы аяқтап, пайдалануға беру көзделген. Ал №5 – Қаракөлде С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми-зерттеу базасы орын тепкен. Онда ғылым саласындағы ізденушілер мен студенттер өздерінің табиғат ортасындағы зерттеулерін жүзеге асырады. – Туризм – ауданымыздың экономикалық дамуының негізгі бағыттарының бірі. Осы орайда ауданда туризмді дамыту бойынша арнайы жоспар жасалды. Биыл Сібе көлдеріне 15 мыңнан астам турист келді. Оның жартысына жуығы – көрші Ресейден келген туристер. Бұл біріншіден, өңіріміз табиғатының сұлулығы болса, екіншіден, туристік саланың жыл өткен са­йын ілгерілеп, дамып келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан Сібе көлдерінің сәні мен салтанаты артар күн алда, – деді Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Дулат Қажанов. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы