04 Қазан, 2016

Атажұрт аңсары

631 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

03-naz25 ЖЫЛДЫҢ 25 СӘТІ

Президенттің баспасөз қызметі мен  «Егемен Қазақстанның» бірлескен жобасы

«Егемен болмай ел болмас» деген. Бодандық байлауындағы басқа бақ қонбасын бабаларымыз баяғыда-ақ білген. Азаттық үшін ата жауларымен жан аямай айқасқан. Соның арқасында соңындағы ұрпақтарына ұлан-ғайыр жерімізді аманатқа қалдырды. Оның әр сүйемін сүйіспеншілікпен қорғап, көз қарашығындай сақтау – біздің борышымыз. Отаршылдықтың озбыр саясаты сан ғасырлық тағылымды тарихы бар халқымыздың басына зар заман орнатты. Ел басына екіталай күн туғанда бас сауғалаған бауырларымыз басқа жақтарға босып кетті. Десі жүрген державалар шекара тартып, шеп түзегенде белінде бесік тербетіп, берекелі тірлік кешкен құтты қоныстарымыздың кейбір құйқалы пұшпақтары жат жұрттардың аумағында қалып қойды. Кешегі сталиндік қуғын-сүргіннің тұсында қаншама қандастарымыз жыраққа қоныс аударды. Содан соры қайнаған ағайын бір-бірінен ұзақ уақытқа ажырағаны белгілі. Қиыр кетіп, шет жайлаған қандастарымыздың аңсаған атажұртымен қайта қауышуына Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана жол ашылды. Осы орайда 1992 жылдың 29 қыркүйегінде Алматыда өткен Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы үлкен маңызға ие. Бүгінгі әңгімеміз ойдағы-қырдағы қазақтың қағанағын қарқ, сағанағын сарқ қылған сол күндердің сәулелі сәттерін еске түсіруге арналмақ. Тәуелсіздігімізге мың тәубе!

Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ

1992 жылы Алматыда дүрілдеп өткен Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш  Құрылтайы тәуелсіз еліміз тарихындағы ең елеулі оқиғалардың бірі екені анық

Санадағы сағыныш

Адам атамекенін аяламай тұра алмайды. Алыс кетсең аңсайсың. Тіпті, ақарлы-шақарлы Астананың төрінде отырып, анау бұйрат құмдардың арасындағы  бұйығы ауылыңды қараптан қарап сағынатыныңды қайтерсің. Есті жанды еріксіз селт еткізер ерек сезім бұл. Орыстар оны «зов отечества» дейді. Ұшқан құс, жүгірген аң да солай. Қыран қанатын қағып қалықтар қияға құштар. Қорадағы қой өрісіне қарап маңырайды. Айыр өркешті аруана бошалап барып, үйренген жайылымына боталайды. Бақа батпағында бақылдайды. Аталарымыз айтқандай: «Шеңгел де өз жерінде дүрілдейді». Осындайда ойға оралады. Ілгеріде журналистік іссапармен Тбилисиге барғанымда Грузияның өнер мұражайын тамашаладым. Тұнып тұрған тарих. Талай экспонаттармен таныстық. Таңдай қағып тамсандық. Әсіресе, атақты Тамара патшаның асыл тастармен апталған алқасы әдемі әсерге бөледі. Соны көрсетіп тұрған музей қызметкері көкейге қонымды көшелі сөз айтты. «Бәз-біреулер бізден ұлттық мақтанышымызға айналған осынау жақсының көзіндей жәдігердің қаржылай құнын сұрап қинайды. Өз басым ондай өресіздерге сыпайылап қана былайша жауап қайтарамын: «Айнам, сіз маған аспандағы айдың, көктегі күннің бағасын айтып бере аласыз ба? Мынау сонша тұрады! Әңгіменің астарын аңғарғандары әрі қарай қазбаламайды». Иә, толғауы тоқсан тіршілікте ақшаға сатылмайтын құндылықтар болады. Мәселен, кіндік кесіп, кір жуған киелі жұртың, ақ сүтін емізіп асыраған анаң, бауырыңдағы бала-шағаң, шығарда жаны басқа шын достарың, тағысын тағылар... Қазақ атажұртын айрықша қадірлейтін халық. Баласына батырлар жырын жаттатып, ертең өскенде елін қорғайтын ер болуға баулиды. Отанды сатуды опа­сыздық санайды. * * * Тарихтың асау толқындары қарға тамырлы қазақтың баласын қақпақылдап қай қиырларға әкетпеді. Кімнің сүйегі қайда қалмады? Қазіргі таңда қазақтардың үштен бірі өздерінің тарихи Отанынан тысқары жерде түтін түтетуде. Олардың жатжұрттыққа айналуының әрине әртүрлі себептері бар. Қаракөз бауырларымыздың басым бөлігі өздерінің ежелден өсіп-өнген топырағында тұрып жатыр. Бірақ бұл өңірлер басқа мемлекеттердің құзырына бағынатындықтан амалсыз шетелдік атануға мәжбүр. Қылышынан қан тамған Қызыл өкіметтің кезінде қазақтар көп қиянат көрді. Кедейді байға теңемек, жарымаған жалшы-жақыбайлардың аузын аққа тигізбек компартия көсемдері халықты аштан қырды. Алаштың ар-намысы жолында атқа қонып, қалың бұқараның қамын жеген қайраткерлерімізді аттырып жіберді. Қаншама ұлтжанды азаматтар қамауға алынып, Қыр-Сібірге айдалды. Ту ұстар тұлғаларымыздың әйел, балаларына дейін зардап шегіп, запыран құсты. Жазықсыз жапа көрушілердің көз жасы көл боп ақты. Қайғыдан қабырғасы қайысқан қайран Міржақыптың: «Тұманға кірді қалың біздің қазақ, Алды жар, арты тұйық – бұл не ғажап!» деп жүрегі қас айырыла өлең арнайтын аласапыран уақыттың улы дәмін татпағандар тым аз-тұғын. Еңірегенде етегі жасқа толған әлеуметтің «Ебі кеткен ел болды, Енді қайда мен барам?» (Дулат Бабатайұлы) деп аяқ жолынан адасардай аңырып, тығырыққа тірелгені әмбеге аян. Таландары тарылып, бастарын тауға да, тасқа да соққан сорлы қазақ Советтердің ұшпаққа шығармасына көздері әбден жеткен соң алабөтен қимастықпен арттарына қарайлай-қарайлай арғы бетке асты. Барған жерлерінде бұлардың бас­тан кешкен азаптары жеңілдей қойған жоқ. Өйткені, кісідегінің кілті аспанда еді. Бөтеннің босағасында бүгежектеп күн кешу қайдан оңай тисін. Есігінен енгенді төріне бірден кім оздырсын. Сондықтан ауғындардың соқтықпалы-соқпақсыз жолдардан өтулеріне тура келгені жасырын емес. Солардың бәрінің санасын сарғайтқан сағыныштың аты – Атажұрт аңсары. Басқаша баламасын білмеймін. Қараорманы – Қазақстанына қайта алмай өмірден өксіп өткендері қаншама. «Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне».

Елге қарап елеңдейді

Еларалық аралас-құраластық артқанын пайдаланып, күнкөріс қамымен шартарапты шарлаған, қызмет бабымен, отбасылық жағдайымен өзге мемлекеттерге табан тіреген отандастарымыз да жетерлік. Алыстағы ағайындарымыздың арасында айналасынан ат оздырып, абырой-беделге бөленгендері де аз емес. Жырақта жанған сол жұлдыздардың кейбірімен сұхбат құрып, қалам тербегенімізді қалайша ұмытайық. Атақтары аспандап тұрғанымен көңілдерінде бір жетімдік барын байқадым бағы артқан бауырларымыздың. Елу жылға жуық Мәскеуді мекен еткен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, әйгілі баскетболшы Әлжан Жармұхамедовтың ағынан жарыла ақтарған жан сыры әлі күнге есімнен кетпейді. «Мәскеу маған бәрін берді. Атақ-даңқым басымнан асады. Бірақ мен өзімді бұл қалада өгей сезінемін. Бес батпан беделімді салып бірнеше мәрте ұмтылсам да жете алмаған қайран Алматы! Айналып табар қазығымды қаға алмай кеткеніме қатты өкінемін. Жас ұлғайған сайын алтын бастауларыңды іздейді екенсің. Амал қанша...». Көрдіңіз бе, қандай құрметке бөленсе де, алпысқа толған мерейтойында Ресей президенті Путиннің өзі құттықтап, омырау­ына орден тақса да көкемнің көкейінде бір мұң бар. Аяулы ағамыздың арманы әзірге орындалмай тұр. Сарсүйек Санкт-Петербургте поляр академиясын ашып, он жылдан астам уақыт ректор болған Азургет Шәукенбаевамен жолығуға келісті кеңсесіне кіргенімізде аузынан алғаш шыққан сөзі «Как там наша Астана?» болғаны жадымызда жиі жаңғырады. «Аққудай сыланған Алтынайдың биін сахнадан тамашалауға саңымыз талай ауған. Сапарлап Санкт-Петербургке бар­ғаны­мызда қадірлі қарындасты шарқ ұрып іздеген едік. Тым болмаса телефон арқылы тілдесіп қалуға тырыстық. Сәті түспеді. Астанаға ат сабылтып арнайы шақы­ру­мен күн құрғатпай келіп-кетіп жататын құрметті қонақтардың арасынан да оны кездестіре алмай жүрміз. Сірә, біреудің қаңсығын таңсық қылуға құмар біздің «миллениумшылардың» миына ондай ой келмейтін болуы керек. Әлде... Шынымен-ақ «өзі болған қыз төркінін танымай» кетті ме екен?..» Бұдан біразырақ бұрын «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде осылайша ой толғаппыз. Құдай сәтін салып, кезінде әйгілі Мария театрының прима балеринасы атанған Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова ақыры Астанаға ат басын бұрды. Таяуда оны Елбасы елордамызда отау тіккен Хореография академиясының басшысы етіп тағайындады. Чувашияның экономика министрі міндетін атқарған Гүлмира Акимова жай­ын­да да мақала жазғанымыз бар. Содан назарға ілігіп, қатарынан екі рет Құрыл­тай­ға қатысты. Өзі Орынборда туып-өскен, Сара­товта оқыған, көзін ашқалы Қазақ­стан­ды көрмеген замандасымыз қаны­на тарт­пай қоймады. Астанадағы Ресей Фе­де­рация­сының сауда өкілдігінде қызмет істеді. Ресейдегі Том облысының вице-гу­бер­наторы Шыңғыс Ақатаевпен кездес­кені­мізде жерұйық – Жетісудағы ағынды Ақсу бойында туып, айдынды Алакөл жағасында түлегенін мақтанышпен айтты. Қанының да, жанының да қазақ екенін, сондықтан Қазақстанның қарышты қадамдарына, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатына сүйсініспен қарайтынын жеткізді. Ал қаһармандық пен қайсарлықтың үлкен үлгісін көрсетіп, Ресей Батыры жоға­ры атағын алған жерлесіміз Серік Сұл­танғабиевті қазақстандық әріптестерімнің ішінде бірінші болып Балашиха қала­сындағы әскери госпитальға арнайы із­деп барғанымда, ол да өзінің Қостанай облысындағы туған ауылын, әке-шешесін, сыныптас достарын елжірей еске алып, Ресей мен Қазақстан достығының баянды бола беретіндігіне сенім артты. Сырттағы сырттандарымызды түгендей берсек ұзаққа сілтеуіміз мүмкін. Менің бір қаламдас досым «Басқалар­дың бағына жаралған немелерді несіне дәріптейсің? Бұ­лардан бізге не пайда?» деген сыңайда базына білдіреді. Әрине, әркімнің пікірі әр­қалай ғой. Әйтсе де қазақтың қайда жүрсе де қазақ екенін, ұлтымызды төрткүл дүниеге танытуға осындай өнегелі ұл-қыздарымыз қомақты үлес қосатынын ұмытпағанымыз жөн-ау.

kuryltayҰлыстың ұлы жиыны

Қазақстан тәуелсіздік ала салысымен-ақ тағдырдың жазуымен жан-жаққа тарыдай шашыраған қандастарымызды бауырға тарта бастады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың 31 желтоқсанында алыстағы ағайындарға сөз арнады. «Қымбатты отан­дастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!» делінген болатын онда. Осының өзі-ақ көп нәрсені аңғартса керек. Егемендіктің елең-алаңындағы қап­таған қиындықтарға қарамастан әлемнің әр бұрышындағы қазақтардың басын қосу бағытындағы қауырт жұмыстар қолға алынды. Көп кешікпей Дүниежүзі қазақ­тарының құрылтайын өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитеті құрылып, оның төрағалығына республика Премьер-Ми­нистрінің орынбасары Мырзатай Жол­дас­беков тағайындалды. Тым қысқа мер­зімде қыруар іс тындырылды. «Міне, соның нәтижесінде Президент бастап, біз қостап 1992 жылы қыркүйектің 29-ы күні Алматыда дүниежүзі қазақтарының құрыл­тайын өткіздік. Біз сол шақта тілмен айтып жеткізгісіз керемет күндерді басымыз­дан кештік. Әлі есімде, жан-жақтан келген ағайындарды әуежайдан қарсы алғаны­мызда, ұшақтан түсе сала жата қалып жерді сүйген қандастарымызды көргенде, бәріміз де егілдік. Ұмытпасам жер-жерден үш мыңнан аса адам келді. Ағайындар, бауырлар үйді-үйге бөліп әкетті» деп еске алады Мырзағаң елжірей отырып. Алғашқы құрылтайға қатысты материалдармен танысу барысында айдай әлемге сауын айтылған алқалы жиынның оңайлықпен өтпегенін байқадық. Іргелі істің басы-қасында болған азаматтардың естеліктерін оқығанда кешегі күннің елестері көз алдымызға қайта тіріліп келе қалғандай болды. Әсіресе, меймандарды әуежайда қарсы алу рәсімі үлкен-кішіні қатты толқытқан тәрізді. Сол қуанышты қауышуды қағазға түсіріп, репортаж жазған «Егеменнің» ерен тілшісі Қыдырбек Рысбекұлы айтулы оқиғаның ортасынан жаңа ғана оралғандай әсерлене әңгіме шертеді: – Алып ұшақ ішін тартып, азынап алып, мама қаздай мамырлаған бойда қалың әлеуметті көлденеңдей тоқтады. Ұшақ үнімен бірге бауырларымыздың ұзақ жылғы өксігі, күрсінісі, сағынышы жеткендей болды құлаққа. Жан-жүйкеміз алабөтен шымырлап, ұшақтың терезелеріне үздіге қараймыз. Оймақтай-оймақтай әйнектер жасаурап тұрғандай көрінді бізге. Атажұртты аңсаған арғымақ сезім алып ұшақты кернеп, лықсып барады-ау, сірә, тағатын тауысқан күтуші жұрттың жүздері алабұртып, толқып тұрды. Кілем жабылған көшпелі саты ұшақтың иық тұсындағы есіктің аузына тіре қойылғанда, сеңдей соғылысқан халық сілтідей тына қалды. Көк жүзін тіліп «Елім-ай» қалықтады. Қазақтың отаны ойран, жұрты сойқан болған заманының зары үркіншіліктен  үдере көшіп, телім-телім тентіреген – бұл күнде атажұртқа сағыныштан басқа қайғысы жоқ қарындас-қауымды, алыстағы ағайынның қолын қысқанша жан таппай тұрған баршамызды бір күрсінтті... * * * Сонымен Алатаудың баурайында Ұлыстың ұлы жиыны болды. Құшақтасып табысқан құрылтайшылар мәнді мәжіліс құрмаққа Республика сарайында бас қосты. Құрылтайға алыс және жақын 30-дан артық шет мемлекеттерден 800-ден аса делегат келіпті. Алқалаған әлеуметті ақжарылқап күнмен шын жүректен құттықтаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тамыры тым тереңге тартқан арғы-бергі тарихымызды қозғап тағылымды баяндама жасады. Онда адамзаттың ақыл-ойына асыл қазына ретінде қосылған ірі еңбектердің иесі Әл-Фараби, Қорқыт ата, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыр секілді ғұламалардың, кейінгі дәуірлердегі Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов сияқты кемеңгерлеріміздің есімдері ерекше ілтипатпен аталды. Ерлік пен бостандық жолындағы күресіміздің байырғы скиф, ғұн, оғыз, сақ, үйсін, қаңлы, қыпшақ замандарынан басталатынына баса назар аударылды. Тарихымыздың аяусыз бұрмаланғаны алға тартылды. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанды әлемдік қауымдастық танығаны, еліміз бірқатар беделді халықаралық ұйымдарға мүшелікке қабылданғаны, ғарышқа қазақ жігіті ұшып, ұлттың мерейін бір көтеріп тастағаны, жаңадан Елтаңбамызды, Туымызды белгілегеніміз, аяулы ана тілімізге мемлекеттік мәртебе берілгені, елді мекендердің бұрынғы атаулары қайтарылып, тұғыры биік тұлғаларымыз ардақталып жатқаны желпініспен жеткізілді. Қазіргі таңдағы ең басты міндет Қазақстанның егемен ел ретінде қалыптасуы мен дамуының негізгі бағыттарын дәл айқындау мақсатында аянбай еңбек ету екендігі ескертілді. Салмақты сөз сабақтаған Нұрсұлтан Әбішұлы ойын былайша қорытындылаған еді. «Шүкір, ел орнында, жер орнында. Жерге жетер ештеңе жоқ, жерден өтер байлық жоқ. Жер болса – ел болады, ел болса – ер болады. Осындай жеріміз барда, еліміз барда, өздеріңіздей еріміз барда біз ешкімнен кем болмаймыз. Бұйыртса, бүгінгі Құрылтайға қатысқан қадірменді қонақтарымыздың өзі туған Қазақстанымыздың гүлдеп-көркейгеніне таяу жылдарда-ақ куә болады деп кәміл сенеміз». Көреген Көшбасшымыздың айт­қандары айдай келді. КСРО-ның астаң-кестеңі шыққан кеңістігінде қайта тү­леген Қазақстан төрт құбыласы тегіс мойындаған мықты мемлекетке айналды. Сайын Сарыарқаның төсінде самаладай Астанасын салды. Ендігі мақсаты – ең озық отыз елдің қатарына ену. Туысқандық пен татулықты ту еткен халқымыздың қалауы – тыныштық пен тұрақтылық. Парасатты Президентіміздің бейбітшілік жолындағы берік ұстанымдары адал ниетті адамзаттың ізгі мұраттарын айшықтайтын бағалы бас­тама ретінде әлемдік қоғамдастық тарапынан қызу қолдау табуда. Алар асуларымыз әлі алда.

«Ең жаман қазақ сірә, мен шығармын»

Құрылтай қорытындысында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Оның Төрағасы болып Қазақ­стан Пре­зи­д­енті Нұрсұлтан Назар­баев сайланды. Сөйтіп, әлемнің әр шалғай­ын­дағы қазақ диаспорасымен жұмыс істей­тін іргелі ұйым шаңырақ көтерді. Бұл жақсылықтың белгісі болатын. Құрылтай мінберінен небір ділмәрлар сөйлесе де халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының серкесі Ол­жас Сүлейменов пен Ресейдегі Кемер об­­лысының губернаторы Амангелді Тө­леев­тің тапқырлығы тәмам елді тәнті етті. Әдетте орысша ойқастайтын Олжекең қазақшаға да қара жаяу еместігін танытып, талайларды таңдандырғанын мойындауға тиіспіз. «Біз атом жарылысын тоқтаттық, енді саяси жарылыстарға жол бермеуіміз керек. Қазақстанды жарылыстан Құдай сақтасын! Әумин» деп отырған орнына қарай беттегенде қошемет білдірген қол соғыстан зал іші жарылып кете жаздады. Ал енді Сібірдің көмірлі өлкесіндегі қырық құрау халықтың бір бұрауын тауып, қазірге дейін тағынан түспей отырған Аман­гелді еріңіз ананы-мынаны сылтаура­тып ақталып жатпады. «Ана тілімді білмеуім себепті сірә, жер жүзіндегі ең жаман қазақ мен шығармын» деп қасқайып қарап тұр сабазың. Қазақтың ең жаманы Амангелді аға­мыз­­дай болса, айымыздың оңынан туғаны да.

Тарихымызды таразылады

Абай атындағы опера және балет театрында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда да көпшіліктің көкейіндегі мәселелер көтерілді. Академик Әбдуәли Қайдаров «Ана тілі азбасын, Атамекен тозбасын» деп толғанса, тарлан тарихшымыз Манаш Қозыбаев «Ата тарихымыз туралы» тереңнен тебіренді. Білікті заңгер ғалым Сұлтан Сартаев «Қуат-күшіміз – бірлікте» екенін тағы есімізге салды. Қазақ руханиятының қабырғалы өкілі Өзбекәлі Жәнібеков «Ата-баба мұрасы: Уақыт пен өмір талаптары тұрғысынан» тақырыбында өзекжарды өткір ойларын ортаға салды. Осынау мәдениет ордасының ішінде орналасқан көрмеге этнографиялық элементтерге бай, көркемдік жағынан көз қуантарлық бейнелеу және қолөнер туындылары қойылды. Алаша, кілем, ағаш астау, күміс ер, сәукеле, алтын-күміс әйел­дер әшекейі, бүрме етек көйлек, қы­нама бел қамзол дейсіз бе, әйтеуір бағ­зыдан жеткен мүлік-мүкәмал, киім-кешек, ыдыс-аяқ, ат әбзелдері бәрі-бәрі қаз-қатар тізіліпті. Қазақтықтың қай­мағы бұзылмаған өлкелерден келген қандас­тарымызға бұлар таңсық емес. Оның есесіне «мазмұны социалистік мәдениет» рухында тәрбиеленіп, ұлттық құндылықтарымыздан мақұрым қалған қалалықтар әжептәуір сауат ашу сабақтарын алғаны анық.

Қазақстанды танып қайтты

Қандастарымыздың Қазақстанмен жақынырақ танысуына барлық жағдай жасалды. Пойызға мінген бір топ Мағжанша мақамдасақ «Екі дүние есігі, Ер Түріктің бесігі» қасиетті Түркістанға аттанды. Олар мұндағы мұсылман дүниесінің ғұламасы Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне, сол маңайда жерленген әулие-әнбиелердің, Абылай бастаған хандарымыздың, билері­міздің, батырларымыздың басына барып зиярат етті. Қонақжай оңтүстік жұртының сый-сияпатын көрді. Ұшақпен Жезқазғанға жеткен екінші топ жол-жөнекей жергілікті тұрғындармен жүздесіп, Ұлытауға барып ентіктерін бас­ты. Күмісбұлақ басында күтіп алған ел ағалары «Хан ордасына» қарай жол бастады. Көне жұртты күңірентіп Халифа Алтай атамыз құран оқыды. Тау қойнауындағы табиғаты тамаша мүйісте ойын-сауық ұйымдастырылды. Ән әуелеп, күй күмбірледі. Аламанға аттар шауып, айтыс ақындары арқа қоздырды. Алматы төріндегі Іскерлік ынты­мақтастық орталығында қоныс тепкен «Ауыл» арқылы ту-туден келген туыстар Қазақстан облыстарының экономикалық әлеуетімен, мәдени деңгейімен, өнер өрісімен, басқа да жетістіктерімен танысуға мүмкіндік алды. Солайша бүкіл елімізді аралағандай болып қайтты. Аймақтардан әкелініп тігілген ақшаңқан үйлерде Сырдың күріші, астықты Ақмоланың нан, тоқашы, Атыраудың балығы, Алтайдың балы ағайынға жайылған ақ дастарқанға қойылды. Сондай-ақ, Қарақалпақстаннан, Таулы Алтайдан, Байөлкеден киіз үйлерін ала келгендер де тойшыл қауымды төрлеріне шақырды.

Ақ тілектер ақтарылды

Несін айтасыз, қазақтың «өлгенде көрген бір тойының» қызықтарын тілмен жеткізу қиын. Қазақияның қара шаңырағында шалқи отырып ақтарылған ақ тілектер теңіздей толқыды. Кейбірін келтіре кетейік. Сонда қандастар сөйледі: Нарманбет Кемеңгеров (Омбы): Қазақстанның іргесіндегі Ресейдің Шарбақты ауданында тұрып жатсақ та көңіл-күйіміз мұхит асып келген қазақтардан кем болмады. Бұл шамасы ата-баба мекеніне, қара шаңыраққа деген сағыныштың құдіреті болса керек. Бәшір Жаналтай (Лондон): Қазақ­стан­ның тәуелсіз тірлігіне қатысты қуанышты хабар естіген сайын төбем көкке жеткендей боламын. Тарихи отанымның әлемнің нарқасқаларымен үзеңгі қағыстырып, қатар жүрер күннің тезірек тууын тілеймін. Есім Теңелбай (Иран): Келдік, көрдік, атажұрт орнында екен. Қаншалықты дүрбелең өтсе де, осыншалық ұлан-ғайыр даланың бір сүйеміне дейін шашау шығармай ие болып қалған қазақ – шынында да ұлы, ақылды ел  екенбіз. Баяндүр Ваб Ласло (Мажарстан): Өзімнің қыпшақтың ұрпағы болғаныма, тұла бойымдағы қан тамырым қазақпен қатар жаралғанына қуанамын, соны мақтаныш тұтамын. Ескендір Күшімов (Татарстан): Ендігі біздің мақсатымыз – тәуелсіздік туын көтерген Қазақстан Республикасына еңбек ету, оның өсіп-өркендеуіне шамамыз келгенше жағдай жасау. Әкраз Кәделұлы (Байөлке): Сырт жайлап жүрсек те Қазақстан деген мемлекетіміз бар деп көңіл жұбатамыз. Береке дарыса, дүние таныған ел боларлықтай екенбіз. Дәлелхан қажы Жаналтай (Түркия): Ақыры армандаған тәуелсіздікке қол жетті. Бірақ бұл үлкен жолдың басы ғана. Мемлекеттігімізді, елдігімізді нығайту жолында ұлы қызметтер тұр. Соны бірлесе, қауымдаса атқарайық. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Жоға­ры­дағы арнасынан асқан, арман-тілектердің дені бүгінде орындалды десек артық атқандық емес. * * * Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта рес­пуб­ликамызға 263 913 отбасы немесе 964 465 этностық қазақ көшіп келіпті. Қазір­гі қоғамда олардың сегменті 5,5 пайызды құрайды. Амандық болса, атажұртқа қарай әлі талай көштің бет бұрары ақиқат. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан»