Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимовтің «Фолиант» баспасынан жуырда ғана жарық көрген «Мәлік Ғабдуллин» атты зерттеу кітабы Кеңес Одағының Батыры, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, халық әдебиетінің білгірі Мәлік Ғабдуллиннің ерлік және шығармашылық жолына арналған. Онда айтулы ғалымның балалық, студенттік, аспиранттық шағы, Ұлы Отан соғысындағы қаһармандық қимылдары сөз етіліп, бейбіт өмірдегі қайраткерлік, санаткерлік істері, ұлттық әдебиеттану, фольклортану, педагогика, психология ғылымдарын дамытуға қосқан үлесі, қыруар эпистолярлық мұрасы, тұтас шығармашылық өмірбаяны мол әдеби-тарихи мұрағат құжаттары және замандастарының естеліктері негізінде тартымды баяндалады.
Қаһарман ұстаздың жақын араласып, жақсы сыйласқан жерлес інісі әрі сүйікті шәкірттерінің бірі Серік Негимовтің қазіргі мәліктану ілімінің негізін қалаушы әдебиетші-ғалым екендігін оның бұрынырақта жарық көрген «Мәлік Ғабдуллин» атты екі кітабы арқылы білеміз. Ал мына еңбек – оның ғибратты ғұмыр иесі Мәлік Ғабдуллин туралы үшінші кітабы.
«Заманалар биігінен, тарих қойнауынан әрқашан да сұңқардайын шүйілген, тұлпардайын жүйткіген, барлығымыз табынған, барлығымыз сағынған Мәлік сөзі майдан сахнасынан саңқылдап естілгендей болады. Мәлік ізі жарқырап көрінеді. Ақыл-ойға кемел, мейірім, инабат, шапағат, биязылыққа толы алтын жүзі, жібектей таза сұлу жаны, ізгі де ізетті ой жүрегі, қасиетті рухы, асқақ, бекзат бейнесі өшпейді», деп толғайды зерттеуші кітаптың алғы сөзінде.
Өзіміз де осы айтылғандардың куәсі болдық. Біз сол тұста С.М.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде сабақ берген Мәлік ағайдың терең мазмұнды дәрістерін тыңдап, өнегелі істерін, ұстаздық ұлағатын көріп өстік, шапағатына шомылдық. Кейде сабақ арасындағы үзілістерде айтатын әңгімелерінің қызығына баттық. Мұғаліміміздің әрбір дәрісі үлкен өмір сабақтарындай есте қалды.
Өткен жылы асыл азаматтың 100 жылдық мерейтойы аталып өтілгендігі мәлім. Осы мерейтой аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ректорымыз, академик С.Пірәлиевтің басшылығымен М.Ғабдуллин атындағы Тұлғатану орталығы ашылып, бас ғимараттың қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды. Халықаралық конференция өткізіліп, «Мәлік Ғабдуллин» атты екі томдық тарихи-танымдық кітап шығарылды.
Профессор С.Негимовтің жаңа еңбегі сол игі істердің заңды жалғасы іспетті.
Кітап алты бөлімнен, түйін сөз бен қосымшалардан тұрады.
«Өсу жолдары» атты бірінші бөлім әдебиетіміздің абыз ақсақалы, М.Ғабдуллиннің сүйікті шәкірті, академик Серік Қирабаевтың «Мәлік Ғабдуллин – ғылымның, соғыстың тарихында, қазақ халқының тарихында мәңгі сақталатын есім» деген сөзімен ашылыпты. Мұнда болашақ батырдың бала жастан сөз өнеріне құштар болғаны әңгімеленеді. Айталық, Мәліктің 1931 жылы (16 жасында) «Екпінді жас» журналының жетінші санында «Октябрят інілеріме» атты тұңғыш өлеңі жарияланыпты. Өзі сол жылдарда өлкелік «Пионер» газетінде, «Лениншіл жас» радио-газетінде қызмет атқарғаны айтылады. ҚазПИ-дегі ұстазы, атақты тілші ғалым Құдайберген Жұбановтың, академик Қажым Жұмалиевтің, сондай-ақ бірге оқыған курстасы, оқу-білім саласының ардагері Мырзай Алтынбекованың естелік мақалаларымен, оқу орнының тұңғыш ректоры Санжар Асфендияров, оқытушылары Сәрсен Аманжолов, Шарапи Әлжанов, Сәкен Сейфуллин, Молдағали Жолдыбаев, Телжан Шонанұлы, Мұхтар Әуезов, Митрофан Сильченко, Шайхислам Бекжанов жайлы тарихи мәліметтермен дәйектелген.
Кітапта 1935 жылғы 21 маусымда институт бітіруші 4 курс студенті Мәлік Ғабдуллиннің «Бейімбет Майлин» тақырыбындағы дипломдық жұмысын талқылау жөніндегі комиссия мәжілісінің хаттамасынан деректер келтірілген. Мәжіліске оқу орны директоры Ш.Бекжанов, Жазушылар одағынан С.Мұқанов, Халық ағарту комиссариатынан Ә.Мәметова, тіл-әдебиет кафедрасынан С.Аманжолов, М.Жолдыбаев, Т.Шонанов қатысып пікір айтқанын, комиссияның төрағасы М.Жолдыбаев болғанын осы хаттамадан аңғарамыз. Одан соң Ферғанада әскери міндетін атқаруы, кейіннен «Социалистік Қазақстан» газетінде қызметте болып, еңбек майданында тәжірибе жинақтағаны, аспиранттық кезеңі, сол кездегі жеке оқу жоспары, қазақ фольклорынан жасаған тақырыптық жоспары, «Қобыланды батыр жырының көркемдік-стилистикалық сипаты» тақырыбында ғылыми реферат жазғаны сияқты құнды құжаттар оқырман назарына ұсынылады. Сонымен қатар, кітапта берілген құжат-деректерден қазақ халқының ұлы педагогы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 100 жыл толуына байланысты Қазақ КСР Халық ағарту комиссары Төлеген Тәжібаевқа әйгілі ағартушының еңбектерін шығару және соған орай іс-шаралар ұйымдастыру жөнінде ұсыныс айтып, хат жолдаған Абай атындағы ҚазПИ-дің аспиранты М.Ғабдуллин екенін бүгінде біреу білсе, біреу біле бермеуі мүмкін.
«Майдан жылдарында» атты екінші бөлімде даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы айтпақшы, «соғыста Мәліктің жасаған ерлігі сұмдық сойқан, өрімдей болып өте батыл болғандығының куәсі боламыз». Мұны оның майданнан жазған хаттары да аңғартады. «Мен майданда немістермен қолма-қол соғысқан адаммын. Көптеген немісті атып өлтірдім. Біразын қан төбелесте бауыздап салдым. Жаудың оншақты танкісін гранаталармен қираттым», дейді Мәкең 1944 жылдың 12 қыркүйегінде елге жазған бір хатында.
Саяси жетекші Мәлік Ғабдуллиннің іс-әрекеті, әдіс-айласы, тағылым-тәрбиесі, тапқыр сөздері өршеленген жаудың үнін өшіруге, құмырсқаша қаптаған қанқұйлы жендеттердің көзін жоюға жауынгерлерді тас-түйін етіп жұмылдыруда пәрменді идеологиялық қару болды.Соның нәтижесінде олар Калинин, Новгород, Псковь облыстарында, Мәскеу маңындағы Великие Луки, Ширяево, Рыбушка, Ново-Свинухово, Старая Русса, Дубосеково, Бородино, Осташево елді мекендерінде болған қиян-кескі шайқастарда өжеттіктің, табандылықтың арқасында жеңістерге қол жеткізеді. Кітапта сұрапыл шайқастарда генерал И.В.Панфилов дивизиясынан алғаш рет М.Ғабдуллин мен Т.Тоқтаровтың Кеңес Одағының Батыры атағына ие болғандығы жайлы құжат-деректер келтірілген. Орыстың белгілі жазушысы Борис Полевойдың Мәлік туралы «Правда» газетінде 1943 жылы 25 сәуірде жарық көрген «Елдің ері» атты очеркі, «Казахстанская правда» газетінде 1943 жылы 20 тамызда жарияланған «Қазақ халқының мақтанышы» атты бас мақала да кітаптан лайықты орын алған. Мәліктің батырлығы жөнінде баяндайтын ресми құжаттар, жауынгерлік листовкалар мен гвардия подполковниктері Ахметжан Мұхамедияров, Бауыржан Момышұлы, гвардия майоры Балтабек Жетпісбаев, гвардия капитаны Мірақас Байсаров, гвардия аға лейтенанты Құрманбек Сағындықов, бөлімше командирі Бақтияр Меңдіғазин секілді жолдастарының естеліктері «Жақсыны жалғыз демеңіз, жалғыз боп туса онмен тең, он болып туса жүзбен тең, жүз болып туса мыңмен тең» дейтін халқымыздың даналық сөздерін еске түсіреді.
Бұл бөлімде Мәліктің ақылшы ағасы болған баһадүр қолбасшы Бауыржан Момышұлының рухани жақындығына, риясыз, достық қарым-қатынасына байланысты құнды да әсерлі материалдарға ерекше орын беріледі. Мәселен, мұны ер Баукеңнің афоризмдерін жазып, жинап жүрген Мәлік ағамыздың 1942 жылдың 15 қыркүйегінде жазған хатындағы:
«...Егер жазушы не ақын болсам, көк күмбезді қағаз етіп, көкала дарияны сия етіп, «Батыр Бауыржан» деген хикая да жазған болар едім», деген ой-толғамынан байқасақ, кейіннен, 1944 жылы 4 қазанда Бауыржан Момышұлының ерлік тұлғасына арнап жазған ұзақ жыр-толғауы жоғарыдағы пікірімізді тағы да бекіте түседі. Ал Баукең іні-досы Мәкең туралы: «Мәлік Ғабдуллин кешуі қиын жерден қол ұстасып, асуы биік жерден жіп ұстасып өткен жауынгер інім еді, қысылғанда ақылдасқан серігім еді», деп толғанған болатын оның алпыс жылдық мерейтойында.
1943 жылы 24 сәуірде көрнекті жазушы Сәбит Мұқановтың «...Мәлік туралы роман жазуды ойлаймын. Ол үшін Мәліктің туған жеріне бару және майданда жүрген жерлеріне бару қажет», деп Үміт Балқашевқа хат жазуы жайдан-жай емес.
Аталған бөлімде Мәліктің майдандағы іс-қимылы, Доскей Әлімбаев, Нұрпейіс Байғанин, Нұрлыбек Баймұратов, Кенен Әзірбаев, Шашубай Қошқарбаев, Қалқа Жапсарбаев, Иса Байзақов, Ғалым Малдыбаев, Ғали Жұбандықов, Шәкен Отызбаев сынды халық ақындарының жырлары, мектеп оқушыларының батырмен кездесулердегі арнау өлеңдері, естелік-мақалалар орайлы орын алған. Кітапта 1943 жылдың тамызында батырдың елге демалысқа келіп, Ақмола, Қарағанды, Алматы қалаларында жұртшылықпен, Қ.Сәтбаев, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов сынды ғалым, жазушы, өнер қайраткерлерімен кездесіп, жыр алыбы Жамбылға сәлем беруі, сондағы ұлы жыршының:
Батырым – Мәлік беренім,
Жүйрігім – озған өренім.
Халқы сүйген қалаулым,
Жырымды саған төгемін, –
деген өлең жолдары мен жауынгерлерге арнаған жыр-толғауы оқырманына жақсы әсер қалдырады.
М.Ғабдуллиннің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Жұмабай Шаяхметовке 1945 жылы 10 ақпанда жазған хатындағы «...Мен қазақпын» деген ұғымның тек-төркіні мынау: өз ұлтыма, қазағыма деген мөлдір сүйіспеншілік, өз халқымның жауынгерлік дәстүрлеріне деген ізгі құрмет, оның сан ғасырлық мәдениетіне, әдебиеті мен өнеріне деген құштарлық, оған арыммен адал еңбек ету, халықтар достығын қорғау, бауырлас, көршілес елдерге көмектесу, қажет жағдайда ортақ жауға қол ұстасып бірігіп аттану... «Мен қазақпын» деуімде өз ұлтымды басқа ұлттардан асыра мақтау емес. Мен өз ұлтымның перзенті екендігімді түсіндіру. Тамшы қаным қалғанша, өз халқымның мүддесі үшін күресуге әзірмін. Мен – халық ұлымын. Халықтың киесі бар. Жалған дүниеде ең ізгі, ең асқақ, ең таза нәрсе – өз халқыңның қызметшісі болу...», деген сөздері ер Мәліктің өмірлік ұстанымы болатын.
«Мәлік Ғабдуллин – ғылым майданында» атты үшінші бөлімде С.Негимов кейіпкерінің туған әдебиетіміз бен ұлттық фольклорымыздың тарихы мен теориясына, жалпы әдіснамалық мәселелеріне, әсіресе «Қобыланды батыр», «Едіге батыр» жырларының идеялық-мазмұндық архитектоникасы мен көркемдік мәніне ой көзімен қарап, оны асқан білімпаздықпен саралағаны туралы сөз сабақтайды. Көрнекті академик-ғалымның «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты оқулығы, қазақ әдебиеті мен фольклорына байланысты оқу бағдарламалары мен педагогика және психология ғылымдарына, қазақ әдебиетін оқыту әдістемесіне арналған танымдық тұжырымдары әңгіме өзегіне айналады.
Еңбектің «Халық қызметкері», «Мәлік Ғабдуллиннің әдеби көзқарасы және әдеби ортасы» атты бөлімдері де өз оқырманының назарын аударады. Автор Мәлік батырдың адами тұлғасына, кісілік қадір-қасиетіне байланысты әсерлі естеліктер, әдеби-көркем материалдар мен эпистолярлық мұрасы – құрбы-құрдас, әріптес-замандастарының (Ж.Шаяхметов, Н.Оңдасынов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ж.Жантөбетов, Қ.Шәріпов, С.Аманжолов, Қ.Нұрғалиев, С.Серкебаев, Ш.Мұртаза, М.Сәрсекеев, Б.Тілегенов, Р.Тоқтаров, М.Мағауин, А.Сейдімбек, т.б.) хаттары арқылы адамды алға жетелейтін, ой-санасын тазартатын, жан дүниесін дүр сілкіндіріп, қанаттандыратын ерекше күш – арман екенін, ол іс-әрекет ұштасып, ел жұртыңның мүдде-мақсатымен табысқан жағдайда ғажайып өнегелі құбылысқа айналатынын байыптайды.
Мәлік ағамыз адам мінезін, сөз мәнері мен көңіл күйін, жүріс-тұрыс, ой-аңсарын аңғарғыш, байқағыш сезімтал адам болатын. Жұрт жиылған басқосу-мәжілістерде, кандидаттық немесе докторлық диссертация қорғайтын кеңестерде, институт ғылыми кеңестерінде әзіл-қалжыңға, тапқырлыққа толы өлең жазып, ортасын күміс күлкіге толтырып отыратын.
«Жартыбайдың шәкірті» аталатын соңғы бөлім толығымен М.Ғабдуллиннің осындай фольклорлық үлгідегі шығармашылығына арналған.
Жартыбай – жыр алыбы Жамбылдың айналасында жүрген, өлең шығаруға талабы бар, Жамбылша сөз сөйлеймін, жыр айтамын деген қара жаяу, қара-байыр жартыкеш ақын болса керек. Қашанда бойындағы қабілет-қарымын бүркемелеп ұстайтын қарапайым да кішіпейіл Мәлік өлең шығару технологиясын жақсы білсе де қызық үшін өзін Жартыбайға ұқсатып, өлеңдерінің соңына «Жартыбайдың шәкірті» деп қолын қояды екен. Мұны сол кезде филология ғылымдарының докторы, профессор-жазушы Мырзабек Дүйсенов:
«...Қаламды Мәкең қолға алды, Қолға алды да толғанды. Пір тұтатын ақыны Жартыбай деген болған-ды. Жартекеңе сиынған, Сөз табатын қиыннан. Мәкең шықса мінбеге, Жұрт сөзінен тыйылған. Құлақтанып бәрі де, Бір үйге түгел жиылған...», деп жазып толықтырыпты.
Соңғы бөлімдегі шығармалар Мәлік ағамыздың ақындық өнермен қатар, астарлы әзіл мен ұтымды юморды, фольклорлық дәстүр-үлгіні жете меңгергенін көрсетеді. Мәселен, белгілі аудармашы, жазушы-ғалым Сәйділ Талжанов докторлық қорғап жатқан кеңесте Мәкең:
«Тарланындай Тарғынның, Ауыздықпен алысып, Ұшқан құспен жарысып, Дөңгелетіп жер шарын, Бұрқыратып дөң шаңын, Қос таралғы сартылдап, Дулыға күнге жалтылдап, Бес қаруы үстінде, Ағызып біреу келеді. – Мынау қандай батыр? – деп, Жиналған жұрт қарады, Тұлғасына сүйсініп, Түсіріп аттан алады, Аман-саулық сұрасып, Жақындап оған барады. Жаңағы батыр ал сонда, Бөгелместен сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: Омардың ұлы Сәйділмін, Ғылымға тартып барамын, Құдай берсе, мен бүгін, Докторлықты аламын. Алпыс бесте Қартқожақ, Батырлығын білдірген, Дұшпандарын мұқатып, Дос-жаранын күлдірген, Мен де сондай болам деп, Докторлық төрге қонам деп, Білек түрген түрім бар...», деп батырлар жырындағыдай тұтас картина, жанды сурет жасап, жыр толғаса, бүкіл саналы ғұмырын тек қана қазақ тіліндегі синоним сөздерге арнаған көрнекті тілші ғалым, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әсет Болғанбаевтың докторлық диссертация қорғаған кеңесінде:
«Уа, синоним, синоним, Сүйдім сені беріліп, Соңыңа түстім көп уақыт, Көргенім жоқ ерініп. Жатсам-тұрсам ойымды, Ғашығымдай қармадың. Бойдағы жігер-күшімді, Бір өзіңе арнадым. Міне, бүгін, Синоним, Жұрт алдына келдік біз. Бағалар деп еңбекті, Ағаларға сендік біз...», деген өлең жолдары арқылы ғылыми-зерттеу тақырыбына әбден берілген тілші ғалымның юморлық бейнесін сомдайды.
Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлы: «Мәліктің ғалымдық, педагогикалық еңбегі өз алдына, ол кешегі қан майданда ел қорғаған ер, батыр... Ол – халық батыры. Марқұм Мәлікті сыйлау ол үшін емес, кейінгі ұрпақ үшін керек», дейді. Олай болса, Кеңес Одағының Батыры, аса көрнекті педагог-ғалым, қайраткер-қаламгер Мәлік Ғабдуллиннің ғибратты ғұмыры туралы оқырманына жол тартып отырған тарихи-танымдық зерделі зерттеу қазіргі қазақ қоғамына аса қажетті еңбек деп толық сеніммен айта аламыз.
Бақтияр СМАНОВ,
Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор