Жасыратыны жоқ, алимент төлеуден жалтарып, бұқпантайлап жүргендер қазір елімізде аз емес. Олардың теріс іс-әрекеттеріне қарсы қаншалықты заң қабылданғанымен, расы керек, айтарлықтай нәтиже шығып жатқан жоқ. Демек, мұндай қоғамдық кеселге қарсы басқа да тиімді бір амалдар қолдану қажет. Соның жаңа жолдарын еліміздің құзырлы органы – Бас прокуратура тапқан сияқты. Анығында осы түйткілді мәселеге қатысты Бас прокурор Жақып Асановтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің өткен кезекті отырысында алименттерді өндіру бойынша өзекті жайларды шешу жолдары айтылды.
Кеңесте сөйлеген Бас прокурор осы мәселенің өзектілігін және оның теріс жақтарын атап өтті. Ол бүгінде 32 мыңға жуық бала мемлекеттік балалар үйінде тәрбиеленіп жатқанын, олардың 70 пайызының ата-аналары барлығын, 4 млн отбасының әр 8-шісі толық емес, яғни онда не әке жоқ, не шеше жоқ екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, 5 жылдың ішінде 200 мың отбасы немесе әрбір үшінші неке бұзылады екен. Сонда әр бесінші бала некесіз туған. Ал біле білсеңіз, 350 мыңнан астам бала өзін тастап кеткен ата-анасына ақшалай тәуелді болып отыр. Ақыры алимент бойынша қарыз 2 млрд теңгеге жуықтаған.
Осыған орай Жақып Асанов соңғы үш жылда 13 мың борышкердің құқықтары шектелгенін атап өтті. Алайда, бұл шаралар жағдайды жақсартпай отыр. Сондықтан, жоғарыда айтқанымыздай, Бас прокуратура мүдделі мемлекеттік органдармен бірігіп «Алименттер. Төлемеуге қарсы 30 қадам» жобасын әзірлепті. Оның мақсаты – балалардың пайдасына алименттерді өндірудің тиімді жүйесін құру. Жобаны іске асыру шеңберінде заңнамалық деңгейде алимент мөлшерін белгілеу тәртібін қайта қарау, мәжбүрлі жұмыс түріндегі жаңа қылмыстық жаза түрін енгізу, мемлекеттік қызмет көрсетулерді алуға шектеу шараларын арттыру ұсынылып отыр. Бұл шаралар баланың мүддесін қорғауға және борышкердің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Ал неке бұзу кезінде психолог-медиаторлардың қатысуларын көздеу, бірлескен қамқорлық институттарын енгізу ұсынылды.
Отырыста айтылғандай, алиментті төлемеудің бірнеше себептері бар. Мұндай себептерді жою үшін ортақ қамқорлық институтын енгізу ұсынылды дедік. Онда баян етілгендей, әлеуметтік зерттеулер деректері бойынша, алимент төлегісі келмеу себептерінің бірі борышкерлердің өз балаларымен араласу мүмкіндігінің болмауы көрінеді. Сонымен қатар, әкелер мен балалардың қарым-қатынасы қаншалықты тығыз болса, алимент төлемеу жағдайларының соншалықты сирек болатыны дәлелденген. Ортақ қамқорлықтың мәні – ажырасқаннан кейін баланың ата-анасымен қарым-қатынасын сақтау. Бала қайда оқиды, қайда оқуға түседі, оқуына ақшаны кім және қалай төлейді – осының барлығы жұбайлар арасында талқыланады және келісіледі. Өйткені, әлеуметтік сауалнамалар деректері бойынша, борышкерлердің 25 пайызы егер балаларын жиі көруге және тәрбиесіне араласуға мүмкіндік берілсе, алимент төлейтіндерін білдірген. Әйелдердің 60 пайызы ортақ қамқорлық институтын енгізуге оң көзқарас танытқан.
Ал Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель: «Бұл жағдайдың себептері жалпыға белгілі. Төлемеушілер арасында, теріс өмір салтын ұстанатын – маскүнемдер, нашақорлар, тұрақты мекенжайлары жоқ адамдар көп. Борышкерлердің басым бөлігі, әсіресе, ауылдық жерлердегі борышкерлер – жұмыссыздар. Дегенмен, көпшілігі – табыстары бар адамдар. Олар саналы түрде алимент төлеуден жалтарып, еңбек құжаттарын ресімдемей, жалақыны «жасырын түрде» қолма-қол алып, табыстарын төмендетіп көрсетеді. Кейбіреулері қалай да алимент төлемеуге тырысады. Тіпті өз баласы мен әйелінің өміріне де қауіп төндіруден тартынбайды. Орал қаласындағы 70 жастағы кәсіпкер алимент төлегісі келмей, өзінің 8 жасар қызы мен бұрынғы азаматтық некедегі әйелін өлтіру үшін киллерге 5 мың доллар төлеген. Полиция қылмыстың алдын алды, ашкөз әке мен оның сыбайласы 15 жылға сотталды», дейді.
Осылайша, күрделі мәселе талқыланған алқалы жиын соңында Бас прокуратура Әділет, Ішкі істер министрліктерімен, Жоғарғы сотпен және басқа да мемлекеттік органдармен алименттерді төлеу бойынша проблемалы мәселелерді түбегейлі шешуге бағытталған 30 шараны бекітті. Кеңес жұмысына Парламенттің Сенат және Мәжіліс депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің жауапты қызметкерлері, Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің және Бас прокуратураның жанындағы заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі консультативтік кеңестің мүшелері, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»