12 Қазан, 2016

Өткір жанрдың өгейсіп тұруы қалай?

745 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
berik-sadyr-foto1Оқырманнан келген ойлы хаттың журналистерді орамды ой-пікірге жетелейтін кездері аз емес. «Хат» демекші, қазіргі мына өзгерген заманда бір кездердегі редакция қоржынына конвертпен топырлап келіп жататын хаттар легінің азайғанына түсіністікпен қараймыз. Десек те, өз ой-пікірін электронды пошта арқылы жолдап отыратын оқырмандарымыз баршылық. Соның бірі – Екібастұз қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Серік Жақсыбаев: «Бүгінде баспасөз бетінде «фельетон» деп аталатын сыни-сатиралық жанр неге жоқ?», – деген сұрақты төтесінен қояды. Сондай-ақ, оның «Өткен ғасырдың 60-жыл­дарына дейін республикамыздың барлық өңірінде қазақ тілінде шығатын газеттердің беттерінде күнделікті өмірде болатын кейбір зиянды, атышулы оқиғалар мен кемшіліктерді «фельетон» айдарымен өткір тілмен мінеп жазатын мақалалар басылатын. Мысалы, ХХ ғасырдың 40-жылдарының соңында Павлодар қаласында шығатын облыстық «Қызыл ту» газетінің бір санында жарық көрген жемқорлар туралы «Дөңбек өткен өңештер» деген фельетон мақаланың сюжеті әлі күнге дейін осы жолдар авторының есінде сақталып қалыпты. Шындығын айтсақ, фельетон – сынның бір түрі. Сондықтан қазақ «Сын түзелмей, мін түзелмейді», деп тегін айтпаған шығар», деп өз ой-пікірін қысқа-нұсқа қайыруын құба-құп қабылдадық. Өйткені, сатираның фельетон жанрын бұл күндері баспасөз беттерінен ит қосып іздесең де таппайсың. Ал жалпы сатира жанрларының жілігін шаққан сыншы Темірбек Қожакеев өз еңбектерінде бұл жанрға ерекше мән бергенін де білеміз. Яғни, өткір жанр туралы академик-ғалым: «Әдебиет пен баспасөз тәжірибесінде жамандыққа жаны қас, жақсылықты ғана іздейтін, азулы да айбынды бір жанр бар. Ол – фельетон. Фельетон жат мінез, жайсыз қылық, кемшілік-мінді көрсе-ақ айырын ала салып, оны түйрей қояды, жұрт алдына сүйреп шығарып, қағып-сілкіп, масқара етеді» дейді. Расында, сол кездері фельетон сатираның, жалпы, газет атаулының өтімді де өткір жанры болған. Кезінде сатиралық «Ара» журналының ең өтімді жанры болған фельетон бүгіндері ұмытылған. Оспанхан Әубәкіров: «Ара» – ара болады, шаққан жері жара болады», деп баға берген журнал бетіндегі фельетонның «басты кейіпкерлері» жылы орындарынан алынып, биліктің қатаң жазасына ұшырап отырған. Қоғамның талай мінін түзеген «Ара» журналы туралы көрнекті сатирик Ғаббас Қабышев: «Ол кезде «Ара» журналына есімі іліккен адам міндетті түрде тексеріліп, лайықты жазасын алып жататын. Журналда қызмет етіп жүргенімізде, келеңсіздіктерді айтып дөй-дөкей тиісті орындарға дейін шыққанбыз. Сол кезде үш бірдей министрге кінәсін мойындатқызып, қызметінен де босатқанбыз» дейді. Ол сатираның бүгінгі күні әлсіз көрінуінің себебін «оның еленбеуі мен лайықты баға берілмей жүргендігінде» деп түсіндіреді. Сатираның ең бір мықты жанры фельетон болатын. Бұл жемқорлар мен парақорларға қарсы таптырмас құрал еді. Өкінішке қарай, фельетон әдебиет пен сын-сықақ сахнасынан аластатылды. Қазір сыналған адам емес, сынаған адам сүйкімсіз болып жатады. Осылайша, фельетонға қақпақ қоюшылар пайда болып, сатириктер, тілінің уыт-ебі бар, қаламының желі бар журналистер бұл жанрға жазуды қойды. Осы біз сатирадан емес, фельетоннан айырылып қалдық десек дұрыс болады-ау. Бір кездердегі фельетон жанрының қай басылымнан болса да көрінбей кеткені рас. Өйткені, бұл жауынгер жанр нақты деректерге құрылып, мысқылмен сынай отырып, әжуалауды мақсат тұтқандықтан, күрделі әрі күрмеуі қиындау күй кешіп қалды. Бұдан сынау-мінеуді нысана етіп алған фельетон жанры бүгіндері мүлдем жазылмайды екен деген түсінік қалыптаспауы тиіс. Өйткені, «фельетон» деп айдар тағылмаса да, жарияланып жүрген бірен-саран «атышулы» сын материалдар осы жанрдың міндет-мақсатын атқарып жүргені анық. Ал сын тұрғысында жазылған материалдардан қорытынды шықпақ түгіл, аты аталып, түсі түстелген мекеменің былқ етпей, жабулы қазан жабулы күйі қала беретіні тағы шындық. Біздің айтпағымыз – сатираның атышулы фельетон жанры қылышын сүйретіп, ортамыздан ойып тұрып орын алса екен, оның өміршең де өзекті болуы үшін қоғамымыз сын-шын материалдардан тиісті жауап талап етіп, ең негізгісі – елең етер соқтықпалы материалдың соңында қорытынды шығып жатса дейміз. Мұхтар Әуезов: «Күлкі – өлмес елдің өшпес күші», дейді. Иә, ешқашан өшпейтін мұндай мықты жанрға мән берілсе, сатира – ұлттық идеологияға, ортақ мүддеге қызмет ететін айбынды қаруға айналып, сатириктеріміз тосырқауды сілкіп тастап, бір кездегідей белді буып, оң-солын таныған жас буыннан да әзіл-оспақтың әжептәуір жастары да шығар еді... Айтпақшы, «Ойлы хат – оқырман олжасы» демекші, бұл күндері өгейсіп тұрған өткір жанр туралы тарқатыңқырап пікір білдіруімізге себепші болған қаламгер Серік Жақсыбаевқа ризашылығымызды білдіре отырып, оқырман­дарымызға «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде жүйелі түрде жарияланып келе жатқан «Хат қоржынға» ат салыссаңыздар дегіміз келеді. Берік САДЫР, «Егемен Қазақстан»