12 Қазан, 2016

Фемида феномені

568 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

narikbaev-1Он екіге он үшті қоссаң, неше болады?..

Қазақ есте жоқ ескі заманның өзінде санды дерекке ерекше ден қойған халық. Сондықтан да ұлттың ұғымында қасиет қонып, кие дарыған дейтін сандар аз емес. Өйткені, уақыт өлшемі мен жыл мезгілдерін табиғат құбылысына қарап, бажайлап отырған. Әрине, күн, ай, апта ұғымдары мен жалпы күнтізбеге қатысты атаулар адамзаттық қажеттіліктен туындап, қолданылған десек те, біз бүгін қазақи есеп-қисаптағы жұп сан мен тақ сан қосындысынан шығатын теңдеудің түйінін тарқатуға тырысып көрмекпіз... Қазақша жыл қайырудың төркіні он екіге байланады. Ал байырғы күнтізбе бойынша адам өмірінің алғашқы он үш жасынан кейінгі кезеңдегі әрбір он екі жыл – бір мүшел деп есепке алынады. Қараша халық арасында «он екі қанат ақ орда» деген тіркес болса, осыған орай, ертедегі ел аузында қалған «он үште отау иесі» деген де сөз бар. Осылайша, он екі мен он үш сан ына қатысты сөз тіркестерін терсең, ойлы өрнектер құрауға болады. Яғни қазақ аспанынан осыдан нақ он екі ай бұрынғы он екінші қазанда құйрықты жұлдыздай ағып түскен «Қазақ гуманитарлық заң университеті» АҚ президенті, заң ғылымдарының докторы, профессор Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаев туралы ой толғау еді. Ал біздің осы мақалада айтпағымыз дара тұлғаның жүріп өткен жолындағы айшықты он екі дерекке негізделген.

Судья болғың келсе, ғылыммен шұғылдан...

Мыңдаған шәкіртке қадірлі ұстаз болып, жастарға жігер берген, бірнеше кітап пен 150-ден астам түрлі ғылыми-танымдық материалдарды тасқа басқан тау тұлғаның артында өшпес із қалды. Оны танып, біліп, қажетке жарату келер ұрпақтың еншісінде. Ал өнегесін үлгі етіп, дара жолын ұлықтау зерделі замандастарымыздың мыңнан бір парызы болғандықтан, Мақсұт Сұлтанұлының кісілік келбетін ашып, іскерлік қабілетін айшықтай түсуге тырыстық. Мақсұт Сұлтанұлы – Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда еліміздің сот саласының дамуына қомақты үлес қосқан жандардың бірі. Мұны біз Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың оған орасан зор сенім артқанын 60 жылдық мерейтойында Құрмет грамотасын өз қолымен тапсырып тұрып: «Тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарындағы сындарлы шақта қоғам­дық қызметтегі серіктестерімнің ішінде менімен бірге Мақсұт Сұлтанұлы да болды» деп атап өтуі бекер емес. Мақсұт Сұлтанұлы – елімізде судья­лар­­ды ғылымға тартқан тұңғыш тұл­ға. Бұл сөзімізді әркез оның жаны­нан табылып, әріптес інісі болған, бүгінде Мәжіліс депутаты, Ұлттық ғылым академия­сы­ның корреспондент-мүшесі Бақытжан Әбдірайым да растайды. Ғылым нәрі­мен сусындаған адамның ішкі әлемінде ізгілік сайрап тұратындығын тап басып таныған сол кездегі Жоғарғы сот төр­ағасы М.Нәрікбаев судьялық қызметке үміт­керлерді іріктегенде ілім-білімге құш­тар жастарға басымдық берген. «Соның бірі мен болдым. 29 жасымда Мақсұт Сұлтанұлы­ның ұсынуымен Жоғарғы сот судьясы атан­­дым. Мені сол сәтте облыстық сот судьясы етіп таға­йын­даса да қанағат тұтар едім. Кейіннен ұстазымнан сұрағанымда, ол менің ғылымға қызығушылығымды бай­қап, қолдау білдірген екен» дейді Бақытжан Жарылқасынұлы. Елбасының «Қазақстан Республика­сын­­дағы құқықтық реформаның тиім­ділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар туралы» Жарлығына сәйкес Президент жергілікті соттардың судьяларын, ал Жоғарғы соттың судьяларын Парламент Сенаты тағайындау құзыры енгізілді. Сөйтіп, еліміздің тарихында алғаш рет судьялар тұрақты мерзімге бекітілетін болды. Бұл құқық қорғау органдары арасында судьялардың әлеуметтік мәртебесін және тәуелсіздігін мемлекеттік тұрғыдан қамтамасыз етудегі алғашқы әрі үлкен жетістіктердің бірі ретінде бағаланды. Әрине, бұл істің ұшар басында Мақсұт Нәрікбаевтың жүргендігі жұртқа мәлім. Сонымен қатар, 2000-жылдардағы Президенттің «Сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту шаралары туралы» Жарлығы елімізде сот жүйесі өзінің мазмұны мен ма­териалдық жағынан да толық тәуел­сіз болуына жол ашты. «Енді елімізде тұңғыш рет Судьялар одағының құрылуына қатысты бір дерек келтірсек. 1996 жылдың мамыр айында Алматыда ЮСАИД-тың арнайы бағдарламасы аясында ұйымдастырыл­ған мәслихатта Судьялар одағы туралы ұсы­ныс ортаға тасталды. Себебі, біздің Конс­титуциямыз бойынша судья саяси партия мүшесі болып, өзге ұйымдарға да қосыла алмайды. Әр мекеме мен еңбек ұжымында құрылатын кәсіподақтың мақсат-міндеті болса тіптен бөлек. Мұның сыртында тоқсаныншы жылдардың басында сот жүйесінің бір бөлігі Әділет министрлігіне, бір бөлігі Жоғарғы сотқа қарайтын. Бұл да сот жүйесі қызметінің толыққанды жүзеге асуына үлкен кедергі болды. Жиын соңында Мақсұт Сұлтанұлы маған судьялардың қауымдастыққа бірігуінің мүмкіндіктерін зерделеп, ұйым­ды құрудың дайындық шараларымен айналысуға тапсырма берді. Бірден іске кірісіп, Одақ жарғысының жобасын әзір­ледім. Кейін бұл құжаттар сол жылы алғаш өткен Судьялар одағының бірінші съезінде Елбасының қолдауымен қабыл­данды. Одақ төрағалығына Жоғарғы сот төрағасы ретінде Мақсұт Нәрік­баевтың өзі лайық деп танылды», – деп ойын түйін­деді Б.Әбдірайым. Сондай-ақ, Жоғарғы сот судьялары­ның мәртебесін көтеру жолында Мақсұт Сұлтанұлы жүзеге асырған ерен еңбек куәгерлерінің бірі – Жанайхан Мұқтар осы күндері судьялар киіп жүрген ман­тия­ның қабылдану тарихынан былайша сырт шертті. «1993 жылғы қаңтарда Жоғарғы Соттың пленарлық мәжілісінде әлемдік тәжірибені негізге ала отырып, төраға Мақсұт Сұлтанұлының ұсыны­сымен судьяларға арналған мантия үлгісі бекітілді. Мантия бір түсті болды. Өйткені, бір түстілік сот үкімінің алалаудан ада екендігін, оның тәуелсіздігі мен мәртебесін білдіреді. Бір айта кетерлігі, кейіннен мантиямен барлық деңгейдегі судьялар да қамтамасыз етілді», – дейді 1994-2000 жылдар аралығында Жоғарғы сот аппаратының басшысы қызметін атқарған Жанайхан Ахунұлы.

Үш тас үш бидің мүсініне айналды

1997 жылдың 18 қазаны. Астанамыз Ақмола болып жарияланған кез. Қоғам арасында құзырлы орган делінген немесе мүйізі қарағайдай министрліктердің бар­лығы дерлік Алматыны қия алмай, айнал­соқтап жүргенде, Жоғарғы сот алғаш­қы­лар­дың бірі болып Арқа төсіне қо­ныс аудар­ды. Осынау іргелі істің басы-қасын­да ең алдымен Мақсұт Сұлтанұлы жүрді. «1997 жылы астананы Ақмолаға ауыс­тыру туралы шешімді қолдап, жоғары­дан келген пәрменді бұлжытпай орындап, жаңа елордаға көш түзеген Жоғарғы соттың сол кездегі төрағасы М.Нәрікбаев еді. Екі ай ішінде Жоғарғы соттың төрт алқасының бірін көшіріп үлгердік. Осы көште төрағамыз жаңа астанаға деген ыстық ықыласын бізге патриоттық тұрғыда көрсете білді. Келген бетте орналасқан ғимаратымыздың алдындағы қоршауын алып, ауланы әрлендіру үшін ескі талдарды бұтай бастадық. Айналаны тазартып жатқанда әлгі ну ағаш арасынан керемет үш қойтас шықты. Үшеуі де жартылай жерге кіріп, топыраққа көміліп тұр екен. Біріншісінің үлкендігі қазіргі Қаржы министрлігі ғимаратының алдындағы домалақ шардай, екіншісі одан сәл кішірек, ал үшіншісі одан да кіші. Өздері әдейі жонылғандай сол жұмыр тас­тарды тура ғимараттың алдыңғы жақ оң қанатына қойған едік. Кейіннен оларды жуғызып, маңайына гүл еккенде ауланың ажары арта түсті. Бір күні біздің жағдайымызды біліп, жұмыстарымызды тексеруге келген төрағамен терезе алдында әңгімелесіп тұр едік, оның көзі іргедегі үш қойтасқа түсіп: – Мынау қайдан келген тастар? – деді. Мен мән-жайды айттым. – Ендеше, осы қазақтың үш биінің орны болсын. Өздері де соған келіп тұрған сияқты емес пе? – деді. Ә дегенде, ағамыздың ойын іске асы­ру­­ға кірісіп кеттік. Көп ұзамай Астана­дағы талай ескерткіштердің авторы – мүсін­ші Мұрат Мансұровқа эскизін жасатып, хат дайындап, Мақсұт Сұлтан­ұлы Елба­сына кіргізді. Елбасы бірден Нәрі­к­баевтың ұсынысын қолдады. Кейіннен, Қарағандыдағы Курыцин деген бір маманның цехында Мұрат Мансұровтың өзі билердің мүсінін құйып шықты да, ол ескерткіш 1998 жылы қала күнінде Елбасының қатысуымен ашылды», – деп еске алды Жанайхан Мұқтар.

Шоқ жұлдыздар шоғыры

Егер тап бүгінгі күннен табаны күректей қырық жылдан ары асып, сонау алпысыншы жылдарға дейін кері шегінсек, сол заманның жастарын өз дәуірлерінің шоқ жұлдыздарына теңеу­ге болатындай. Немесе Л.Н.Гумилев тұжырымымен айтқанда, қоршаған орта мен өзін-өзі өзгертуге қабілетті адамдар легінің қалыптасу кезеңі осы ма дерсің. Шоқ жұлдыздар шоғырынан бұрын, енді әңгімемізге арқау болатын пассионар­лық қасиет туралы аз-кем айта кетсек. Латынның «passio» сөзін қазақшалағанда «әуесқойлық», «құмарлық», «ынтықтық» деген мағынаны білдіреді екен. Ендеше, шоқ жұлдыздар шоғырына баланған пассионарлық тұлғалардың бірі ретінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың жанындағы сенімді серігі әрі адал досы бола білген Мақсұт Сұлтанұлын қоссақ жарасым табатындай. Өйткені, түйдей құрдас қос азаматтың еңбекпен есейген жалынды жастық шағы, ел үшін төккен тері мен қажымас қайраткерлігі – бәрі-бәрі егіз ұғымдай астасып кеткен. Осындай жан-жүректерінің жақындығы нар тұлғалардың өзара түсіністігін тереңдете түскендей. Соның нәтижесінде олардың студенттік жылдардағы белсенді іс-әрекеттері өз замандастарына үлгі, ал қызметке араласқан жылдарындағы ерен еңбектері ерлікпен тең. Бұл кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етерліктей тағылым. Мысалы, М.Нәрікбаевтың мемлекеттік істерге араласуы оның мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетті. Ол қызмет жолындағы мол тәжірибесін өз замандастарымен және кейінгі толқынмен еркін бөлісуге ұмтылды. Әсіресе, болашақ жастардың қолында екендігін ескеріп, оларға бойындағы барын сарқып беруге жанын салды. Оның мұндай қасиеті Жоғарғы сот төрағалығынан өз еркімен бас тартып, жоғарғы оқу орнына ректорлыққа келуінен де айқын аңғарылады. Университет басқарып жүргенде жасының жетпіске келгеніне қарамай, 4 мыңнан астам шәкіртімен бірге «Билейік бірге, Қара жорға!» атты патриоттық акцияның бел ортасында жүруі оның ерік-жігерінің молдығын, әлеуетінің зор екендігін паш етті.

Өлімді өмірдің шегі деп санамаған

«Мақсұт Сұлтанұлы өлімді өмірдің шегі деп санамады. Арда азаматымыз мұндай ойды ауыр науқасқа шалдыққанға дейін де көңілге түйген еді. Тіпті бойында айықпас дерті барын білгенде, өмір­ге құштарлығы мен сүйіспеншілігінің арқасында сырқатын жеңе білді, – дейді заңгердің замандасы, дипломат Сағынбек Тұрсынов. – Олай демеске лажымыз қайсы. Көп адам өзінің ауру екенін білгенде іштей уайымдап, боркеміктікке салынып, морт сынады. Мен білетін Мақсұт олай еткен жоқ. Керісінше, қатерлі ісікке қарсы күресіп, қайтпас қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Оның «Қатерлі ісікті жеңудің 20 жолы. Табиғи, рухани және медициналық емдеу тәсілдері» деп аталатын орыс тіліндегі кітапты жарыққа шығаруы көпшілікке күш-жігер сыйлағаны сөзсіз. Осылайша, ол өз дертімен өзі ғана күресіп қоймай, талайдың жанын жалмаған жаман ауруға қарсы тұрып, өмірді сүю құштарлығын қалыптастырып кетті». Ал Мақсұт Нәрікбаевтың байырғы әріптесі, генерал-полковник Қайырбек Сүлейменов болса, оның көзсіз ерлікке бара алатын батыл әрекетін зор батырлыққа балайды. «74 жасында парашютпен 4 мың метр биіктіктен секіруі оның ерік-жігерінің орасан зор екендігін байқатты. Осындай жасында тепсе темір үзетін кейбір жігіттер жасай алмайтын ерлікті еркін еңсерген Мақсұт Нәрікбаев кейінгілерге әманда үлгі болуы тиіс. Мақсұтқа ұқсап бой түзеген балаларымыз елі мен жерін шексіз сүйіп, аянбай еңбек етуі керек деп ойлаймын», – деп толқыды генерал-полковник. «Тау алыстаған сайын биіктей түсе­ді» деген тәмсіл рас екен. Оның бүкіл саналы ғұмыры желкілдеп өсіп келе жат­қан жеткіншек жастардан бас­тап, біраз өмір белестерінен өткен біз­дерге дейін өнеге. Мақсұт Сұлтанұлы өзі­нің сүрлеу-соқпағын қарапайым тер­геу­шіліктен бастап, онысын даңғыл жолға айналдыра білді. Сот пен прокуратура сияқты салмақты екі саланың заңғар шыңына, зау биігіне шығып, әділеттің ақ туын желбіретті. Егемен еліміздің құқықтық реформаларының аса маңызды қағидалары бекіп, қанат жайып жатқан тұста ол мемлекетімізде заңды­лық пен әділ сот төрелігінің үстемдігін орнық­тырудың басы-қасында болып, оған орасан зор еңбек сіңіргені бәрімізге белгілі», – деп тебіренеді Парламент Сенатының депутаты Рашид Түсіпбеков. «Жалпы, Мақсұт ағамыздың ғылым­дағы ізденісінің ізі сонау 1970 жылдардың қойнауында сайрап жатыр. Онысын студент кезінен бері «Правовая охрана детства» деген тақырыпта ұзақ жыл үздіксіз зерделеп, тап сол атаумен 70-ші жылдары кітап шығаруы оған нақты дәлел бола алады. Сирек кездесетін сол кітаптың бірі бүгінде менде сақтаулы. Оны аз десеңіз, бекітілген бір тақырыпты індете зерттеп, кандидаттық пен докторлығын қорғауы ағамыздың табандылығының айғағы», – дейді Жанайхан Мұқтар. Әрине, жетпіс бес жыл ғұмыр кешкен Фемида феномені өмірінің жарты ғасыры заң ғылымының қия жолында өткені белгілі. Біреуге бұл аз болар, бәлкім, көп те шығар. Бір анығы – Мақсұт Сұлтанұлының ғылымда жүріп өткен жолы мен ерен еңбегі ел Тәуелсіздігін нығайтуға жұмсалды. Әңгіме әлқиссасында оқырманға «он екіге он үшті қоссаң неше болады?» деп сауал тастап, сөз бастаған едік. Шексіз санның шетін шығарып, теңдеудің бір түйінін қарапайым ғана жолмен тарқатсақ – жауабы жиырма бес болады. Ал биыл ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Ендеше, осы ширек ғасырдың үшеуін жасаған арда азаматтың ашылуы тиіс сырлары ұшан-теңіз. Біз бүгін он екі дерекке негіздей отырып, оның бір шетін ғана қаузадық. Ел игілігі үшін өлшеусіз еңбек етіп, Отанға деген адалдығымен ерекшелене білген Мақсұт Сұлтанұлы өнер адамы, әділ би, ғалым, жазушы, академик, мемлекет және қоғам қайраткері һәм дара тұлға. Яғни, оның тау тұлғалы азаматтық келбеті халық жадында мәңгі сақталады.  Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»