Кеше елордадағы Ұлттық музейде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Теңге – Тәуелсіз Қазақстанның валютасы» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Қазақстан Ұлттық банкі ұйымдастырған бұл шарада төл теңгеміздің тарихы, оның мән-маңызы кеңінен сөз болды.
Теңгенің Тәуелсіз Қазақстан үшін маңыздылығын, қоғамдағы рөлін, сондай-ақ, оның тарихын жұртшылыққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға Ұлттық банк басшылары, қоғам қайраткерлері, Халықаралық банкноттар қоғамдастығының, ақша белгілерін өндіру саласындағы шетелдік компаниялардың, қаржы ұйымдарының өкілдері, студенттер мен нумизматтар қатысты.
Жиынды ашқан Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Дина Ғалиева бірінші кезекте аталған шараның ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткізіліп отырғанына тоқталды.
– Қазақстан тәуелсіздік жылдарында көптеген сынақтардан сүрінбей өтіп, өзінің әлеуетін арттыра түсті. Қазіргі таңда Қазақстан халықаралық қоғамдастықтан лайықты орнын алып, өзінің оң бастамаларымен танылуда. Таяуда біздің еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне қабылданды. Бұл әлемнің біздің бейбітсүйгіш мемлекетімізге деген құрметін білдірсе керек. Қазақстан жаһандық саяси және экономикалық шараларға белсенді қатысып келеді. Соның көп дәлелдерінің бірі ретінде еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, Ислам ынтымақтастығы ұйымына, Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткенін атап өтуге болады, – деді Д.Ғалиева.
Одан әрі Ұлттық банк төрағасының орынбасары еліміздің 2015 жылы ДСҰ-ға қабылданғанын, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тиімді жұмыстар атқарып жатқанын жеткізді.
Сонымен бірге, Д.Ғалиева төл теңгеміздің тәуелсіз еліміздің басты белгілерінің бірі екенін, оның маңызды рөлін сөз етті.
– Қазақстан өзінің ұлттық валютасын қиын-қыстау шақтарда жасап шығарды. Нақтылай айтқанда, ұлттық валютамызды шығару сындарлы кезеңге – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық байланыстар үзіліп, өндіріс орындары тұралап жатқан тұста қолға алынды, – деді ол. Оның айтуынша, Қазақстанның өз валютасын шығару күн тәртібіне қойылған кезде осы іске қатысты барлық шаралар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бақылауында болды.
Сонымен қатар, Д.Ғалиева теңгенің бүгінгі өміріміздегі рөлін, оның мүмкіндіктерін кеңінен әңгімелеп берді.
Бұдан кейін конференция жұмысы сессиялар бойынша жалғасты.
І сессия бойынша Қазақстан Ұлттық банкі Банкнот фабрикасы директорының орынбасары Андрей Шевченко «Қазақстан Республикасындағы банкнот өндірісінің тарихы» тақырыбында баяндама жасады.
А.Шевченко өз баяндамасында Банкнот фабрикасының тарихын, қазіргі рөлін, оның заманауи талаптарға сай жабдықталуын, көптеген ірі байқауларда төл теңгеміздің үздіктер қатарынан көрініп жүргенін сөз етті.
– Теңгеміздің алғашқы партиясы Ұлыбританияда басылып шықты. Бұл еліміздің алдында өз теңгемізді өзімізде басып шығару міндеті тұрғанын анық аңғартты. Содан 1995 жылы 19 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстанның Банкнот фабрикасы іске қосылды, – деді А.Шевченко.
Одан әрі Қазақстан Теңге сарайының директоры Фарит Туғанбаев «Қазақстандағы теңге өндірісінің тарихы» және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Қаржы» кафедрасының профессоры Дәуренбек Мәжитов «Тәуелсіздігіміздің 25 жылындағы Қазақстанның қаржы жүйесінің қалыптасуы мен дамуы» тақырыптарында хабарлама жасады. Олар өз баяндамаларында теңгенің алғашқы қолданысқа енгізілген сәтіндегі оқиғаларды айта келіп, ұлттық валютамыздың бүгінгі беделі, оның заман талабына сай шығарылып отырғаны жөнінде сөз қозғады.
Конференцияның ІІ және ІІІ сессияларында Халықаралық банкнот қоғамдастығының, ақша белгілерін шығару бойынша әлемдік бренд саналатын «De La Rue», «SICPA SA», «KBA-Nota Sys», «LandQart», «Grane Currency», «Giesecke & Devrient», «Oberthur Fiduciaire», «Fedrigoni» сынды компаниялардың өкілдері хабарламалар жасап, төл теңгеміз тұрғысында әңгіме өрбітті. Олардың сөздеріне қарағанда, Қазақстанның теңгесі барлық талаптарға сай шығарылуда. Олардың қорғаныс қабілеті, дизайны озық үлгіде жасалған.
Айта кетейік, конференция шеңберінде қатысушыларға Қазақстан банкноттарының және елімізде шығарылған коллекциялық монеталардың көрмесі ұсынылды.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»