Ресейдің халық әртісі, Ресей Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Борис Эйфманмен сұхбат
Борис Эйфманның мемлекеттік академиялық балет театрының өнері әлемнің көптеген елдеріне мәлім. Енді, міне, 40 жылдық тарихы бар санктпетербургтік Б.Эйфман балеті ұжымы гастрольдік сапармен Астанаға арнайы ат басын тіреп отыр... Театр сахнасындағы «Реквием», «Чайковский», «Карамазовтар», «Қызыл Жизель», «Менің Иерусалимім», «Орыс Гамлеті», «Дон Жуан немесе Мольерше құштарлық», «Мусагет», «Анна Каренина», «Шағала», «Евгений Онегин», «Роден» сынды спектакльдер жалпы қазіргі заманғы балет өнері мәнерін тың стильмен толықтырған сирек туындылар қатарына жатқызылады. «Шебердің қолы – ортақ...» демекші, Б.Эйфманның Қазақстан театрларындағы қойылымдары да көрермен тарапынан зор қошеметке ие. Оның хореографиялық жетекшілігімен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында «Роден» модерн-балеті, ал Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Анна Каренина», «Қызыл Жизель» балеттері сахналанған болатын. Борис Эйфман театрының Қазақстанға гастрольдік сапарына орай «Астана Опера» театрында өткен брифингте театрдың көркемдік жетекшісі отандық балеттің жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы әңгімелеп берді. – Борис Яковлевич, ел Огюст Роденді ұлы мүсінші ретінде қабылдады және ол өнер рухының ғаламат күшін өн бойына сыйғызған керемет ірі тұлғаға айналды. Бұл бейне сізді несімен қызықтырды? – Мұнымен танысу арқылы өнердің беймәлім қырларын аштым. Өз-өзімді танып-білуге құштарландым. Адам баласы кейде өзін-өзі танып-білмей өтеді. Өмір дегеніңіз бірнәрсені табудан, яки жоғалтудан тұрады. Аңсаған алтынымызды бір сәтте уыстан шығарып алатынымыз тағы бар. Пенде де мәңгілік емес. Ал енді құндылықтың құны қанша? «Роден» балетінде мен сол сұраққа жауап іздеуге тырыстым. Мұны бұрынғы классикалық қалыптан мүлде бөлек, көне дәстүрге ұрынбай модерн үлгісінде ұсындым. Роден мен Клодель туындысының кереметі сондай, оған қаншама адам таңдай қақты. Бірақ олардың бәрі бірдей сәуледей жарқын бейнелердің өз идеялары жолында жандарын қиып кете алатынын ұға бермейтін еді. Өмір жолы тақтайдай тегіс деп кім айта алады? Осы күйлерді бастан кешпей ешкім мұның сырын біле алмайды. Балетте осы жағына баса мән берілді. – Мұны Огюст пен Клодельдің өмірбаяны дедіңіз бе? – Мен, негізі, мұнда тарихи шындықтан алшақ кете қойғаным жоқ. Балет атақты мүсінші Огюст Роденнің шәкірті Камилла Клодельдің психикалық күйзелістен ауруханада жатқан сәтінен басталады. Жас әрі талантты Камилланың маңдайына осы машақат жазылса, амал бар ма? Жаратқанның әміріне қарсы тұру – әбестік. Махаббатта үшінші адам – артық. Осы артық адам – Камилла, яғни трагедиялық кейіпкер. Құштарлық, өшпенділік, қызғаныш, кәсіптік тұрғыдан жолы болмау – жас қыздың сағын сындырып, жеме-жемге келгенде оның өмірі есі ауысқандардың ауруханасынан бір-ақ шығаратын жалғыздықпен қайғылы аяқталады. Роден шығармашылығы жолында өзінің ең қымбат нәрселерін жоғалтады. Махаббаттан бас тартады. Бірақ ол адамзат үшін мәңгілік құндылықты қалдырды. Роден мен Клодельдің жауһарларына әлі күнге дейін миллиондаған адам таңдай қағумен таң атырады. Жүзім жинайтын көркем сәттер, «Канкан» биі аталған балеттің тағы бір ерекше қыры деу лазым. – Өзіңіз осы еңбектеріңіздің қайсысын көбірек сүйесіз? – Екеуі де жаныма жақын. Ашығын айтайын, «Астана Опера» театрының балет труппасымен тонның ішкі бауындай бауырласып кеткенім рас. Мені олар өзіндей жақсы көреді. Мен де оларды жатсынбаймын. Жалпы, мен бейтаныс, белгісіз тұлғалар туралы балет жаза алмайтын адаммын. Және қойылымдағы кейіпкеріммен міндетті түрде белгілі бір метафизикалық байланыста боламын, яғни туыстық жібі жібермейді. Роденнің уайым-қайғы мен күдіктен жүдеген жаны, әсіресе оңашада қатты аңғарылады. Маған оның тынысы, тура тап жанымнан демі сезілетін. Өйткені, кейіпкерім өзіммен бірге өмір сүрді. Күнде он сағат дамылсыз жұмыс істедім. Қарапайым жандардың басындағы қуаныш-шаттықтан кейде біздер осылай мүлде ада өмір сүретініміз бар. – Огюст Роденді екі бірдей әйелдің өмірін ойрандаған адам деуге бола ма? – Иә. Алайда, бұл Роденнің өмірінің бір ғана қыры болатын. Ол басқаның қайғысынан ләззаттанатын безбүйрек, опасыз адам болған емес, және жамандықты әдейі жасаған жоқ. Роденмен байланыс Камилланы шаршатып, есінен адастырып, түбіне жеткені сөзсіз. Алайда, осы байланыс Клодельге шығармашылық қуат сыйлап, ұлы жұмыстарын жасауға шабыт берді. Сол себепті олардың одағы ерекше ғашықтар оқиғасына айналады. Яғни ғашықтық пен өшпенділік, махаббат пен ажал аралас оқиға. – Роден Камилланы көре алмай ма? – Роденнің оны көре алмағаны анық. Алайда, бұл шығармашылық, кәсіби тұрғыдағы қызғаныш еді. Ұлы суретші Камилланың қабілет-қарымын бағалай алмай қалған жоқ. Менің ойымша, Роденнің санасында, осы бір жас қызға «моцарттікіндей» ерекше қабілет берген тағдырдың әділетсіздігіне деген қынжылыс бар еді. Осы тұста, Моцарт пен Сальериді еске алған жөн болар. Алайда, Роден, әрине, Сальери емес. Бұл жерде оны шығармашылық оймен азаптанған Бетховенмен салыстырған орынды-ақ. – Неге Роденді таңдадыңыз? Балетті жазуға не себеп болды? – Адамның сезім әлемін пластикамен бейнелеген суретші – Роден туралы балет жазу кез келген хореограф үшін заңды құбылыс, оның үстіне бұл санамның түбінде көптен бері жүрген ой болатын. «Роден» балетін жазуға атақты мүсіншінің өмірбаянымен және оның музасы әрі оқушысы Камилла Клодельмен қайғылы қарым-қатынасымен танысуым түрткі болды. Ғашықтық дерті, шығармашылық одақ жайындағы сюжет көңіліме бірден қона кетті. – Роден бейнесі дүниетанымыңызға қаншалықты жақын? – Мен оның бәрінен бұрын өнерге шексіз берілгендігін ұнаттым. Өзінің шығармашылық миссиясы үшін басындағы бақытын қия алатындығы тәнті етті. Мен кемеңгер мүсіншімен өзімді ешқашан қатар қоя алмаймын. Алайда, бұған бір жылдан астам уақытым кеткендіктен, мен оның жан сырын ұқтым, түсіндім деуге толық құқым бар. – Балеттік спектакльдің кейіпкерлерінің бәрі бақытсыз ғой. Бұл күй адамды өмірден түңілтеді деп қорықпайсыз ба? – Жоқ, олай деу қисынсыз. Өйткені, олардың өмірі шынайы махаббатпен, шығармашылық ерлікпен биік тұр. Өмірге қайғылы оқиғалар мен қақтығыстардың қайнаған қазаны ретінде қараймын. Біреулер мұны, әрине, жанға бататын әрекет деп ұқса, өз еркі. Алайда, мен үшін ол – адам жаны өмірінің құпиясын түсінудің кілті. – Балеттің костюмі мен декорациясы туралы айтып берсеңіз. – Балет декорациясына Зиновий Марголин, костюмдерге Ольга Шаишмелашвили тер төкті. Бұл екеуі спектакль авторының шығармашылық идеясының мәнін терең меңгеріп, сол ойды одан әрі қарай жарқын үнмен жалғастырып кете алатын тамаша суретшілер. Сценографиясымен жұмыс жасағанда басты мақсат – Роден дәуіріне ұқсау емес, автордың балет кейіпкеріне деген көзқарасын бейнелейтін жол іздеу болды. Марголин мен Шаишмелашвили осы мақсатқа қол жеткізді. – Тағы қандай еңбектеріңізге көңіліңіз толады? – Екі бөліктен тұратын «Реквием» балеті мен үшін ерекше. Олардың бірі А.Ахматованың аттас поэмасының желісі бойынша қойылған, музыкасы Шостаковичтікі. Бұл шығармада ұлы сотталып кететін ақын әйелдің басынан кешкен нәубеті баяндалады. Спектакльдің екінші бөлігі Моцарттың музыкасына қойылған ескі «Реквием» балетінің негізінде жазылды. – Қазақстанға қай туындыңызды алып келдіңіз? – «Евгений Онегин» балетін әкелдік. – Оған театрдан қанша адам қатысады? – Халықаралық ІІІ «Жібек жолы» фестивалі аясындағы шараға санкт-петербургтік театрдан өнер көрсетуге 40 балет бишісі келді. – Жалпы, еншіңізде бас-аяғы қанша спектакль бар? – Елуден астам спектакль қойдым. – Қазақстандық балет жұлдыздарынан кімнің есімін айрықша бөліп айтар едіңіз? – Басты партияны сомдаған Әйгерім Бекетаеваның шеберлігін өте жоғары бағалаймын. Ол біздің шақыруымызбен Қазақстан тарапынан Санкт-Петербург театры құрамында алғаш рет өнер көрсеткен жұлдыз. «Роденде» Камилланы сомдайды. Осы солиспен біздің театр Лондонға барып өнер көрсетті. – Астанаға алғаш рет қашан келдіңіз? – Бұл күнді ешқашан ұмытпаймын. 2012 жылдың қаңтары болатын. Бейбітшілік және келісім сарайының сахнасында «Анна Каренина» балетін қоятын кезде мені Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен марапаттады. Осы сәт маған әрдайым қымбат. Екі ел арасындағы мәдени байланыстың нығаюына үлес қосу үлкен абырой емес пе?! – Бұл жолғы сапарыңыздан қандай үміт күтесіз? – «Евгений Онегин» – шоқтығы биік балеттердің бірі саналады. Сондықтан, спектакль қазақ көрермені жүрегіне жол табады деген сенімдемін. Және мұндай театрлар байланысы Қазақстан мен Ресей арасын рухани жағынан жақындастыра түседі деген үміттемін. – Мұндағы әріптестеріңізге айтатын тілегіңіз бар ма? – «Астана Опера» театры сахналық өнердің нағыз әлемдік ордасына айналсын деп тілеймін. Ол үшін мұнда барлық мүмкіндік жасалған. Ғимарат қажетті техникалармен жабдықталған. Ұжымның ұйымшылдығы ұнайды. Мұндай тамаша театрда болу бақыт қой. Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»Қасым-Жомарт Тоқаев Валентина Матвиенкомен кездесті
Президент • Бүгін, 13:28
Шерзат Болаттың әкесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Қоғам • Бүгін, 13:05
Мереке күндері ХҚКО қалай жұмыс істейді
Қоғам • Бүгін, 13:00
Қарағандыда күдікті 14 млн теңге ұрлап, құмар ойынға жұмсаған
Оқиға • Бүгін, 12:39
Ақмолада вейп саудасы тоқтатылды
Оқиға • Бүгін, 12:36
Шавкат Рахмонов UFC рейтингінде жоғарылады
Спорт • Бүгін, 12:17