Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның болашағын «Мәңгілік Ел» идеясымен байланыстырғанда, алдыңғы орындардың біріне ұлттың тарихи санасын қояды. Ұлттың тарихи жады неғұрлым терең, тарихи санасының тамыры неғұрлым берік болған сайын әрбір адамның да, қоғамның да рухани әлемі кең әрі таза болады.
Бүгінгіні танып, болашақты барлау үшін өткенді білу қажет. Әсіресе, халқының қамын жеп, ұлтының ертеңіне қалтқысыз қызмет еткен, ел тарихында аты мәңгі өшпейтін дара тұлғалардың тағылымға толы өмір жолынан үлгі-өнеге ала білу маңызды. Сондай ғұламалардың бірі әрі бірегейі қысқа да жарқын ғұмырын ағартушылық іске арнаған, қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің туғанына биылғы жылдың 4 қарашасында 175 жыл толады.
Ыбырай Қостанай облысы, Қостанай ауданында дүниеге келген. Үш-төрт жасында әкесі Алтынсары қайтыс болып, атасы Балғожа бидің қолында тәрбиеленеді. Орынбор шекара комиссиясы қазақ балаларына арнап ашқан мектепті үздік бітіреді. Дүние жүзі әдебиеті классиктері – У.Шекспирдің, И.Гетенің, Д.Байронның, А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, Н.В.Гогольдің, И.А.Крыловтың, Ә.Фирдоусидің, Г.Низамидің, Ә.Науаидің, тағы басқалардың шығармаларымен ерте таныс болады. Мектепті бітірген соң Орынбор облысы басқармасында аудармашы болып істейді.
1860 жылы Ыбырай Алтынсарин Торғай мектебіне мұғалім болып келді. Оқу-тәрбие ісін жаңа бағытта ұйымдастырды. баланың оқуға деген ынтасы мен қызығушылығын арттыруды көздеді, оқуды ана тілінде жүргізді, пән негіздерінен білім беруге тырысты. Балаларды оқытуда, әсіресе, ана тіліне үйретуде К.Д.Ушинскийдің ойларын басшылыққа алды. Ұлы ағартушы мұғалімнің атқаратын рөлін жоғары бағалайды. «Халық мектептері үшін ең керектісі – мұғалім. Тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілетін инспектор бақылауы да мұғалімге тең келе алмайды», – деуі соған дәлел.
1876 жылы Ы. Алтынсарин Петербург, Қазан қалаларына барып орыстың ағартушылық жүйесін, ағартушыларының еңбектерін зерттеді. Одан соң ол Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне тағайындалады. Бұл оның ағартушылық қызметінің кең өріс алуына мол мүмкіндік береді. 1879-1883 жылдар аралығында Торғай облысының төрт уезінде (Торғай, Ырғыз, Троицк, Ақтөбе) жаңа мектептер ашады. 1887 жылы Елек уезіне қарасты Бөрте болысынан, Қостанай уезінің Обаған және Жітіқара болыстарынан қазақ балалары үшін 25 орындық интернаттары бар бір сыныптық мектептер құрылады.
Ұлт зиялысы оқулық мектептегі білім мен тәрбиенің басты құралы деп қарайды. Орыс-қазақ мектептері үшін арнаулы оқу құралдарын шығару қажет деп санап, кітаптарды қазақтың өз тілінде басып шығару керек деп білді.
Ы. Алтынсарин – кириллица таңбалары негізінде қазақ әліпбиін тұңғыш құрастырушы екені белгілі. 1879 жылы Орынбор қаласында жарық көрген «Қазақ хрестоматиясы» соның мысалы болады. Зайырлы білім беру мектебінің алғашқы оқулығы. Сол жылы Орынборда шыққан «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» – мұғалімдерге арналған тұңғыш оқу құралы болды. Екі оқулық та К.Д.Ушинскийдің педагогикасы мен оның «Балалар әлемінің», Л.Н.Толстойдың, И.И.Паульсонның, Н.А.Корфтың және басқалардың оқу құралдарын басшылыққа ала отырып, қазақ ауыз әдебиеті мен салт-дәстүрлерінің озық үлгісіне негізделген. Бұл кітаптардағы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, еңбекке, имандылыққа тәрбиелейтін үлгі-өнегеге, ғибратқа толы шығармалары ешқашан да өзінің маңызын жоймайды. Олар балалар мен жастарды талаптылыққа, сабырлылыққа, мейірімділікке, рақымды болуға, обал мен сауапты танып-білуге, әлсіздерді ренжітпеуге тәрбиелейді. Сол секілді шешендікке, батырлыққа, халық қамын ойлап, қорғаны бола білуге баулиды. Сонымен қатар, ол шығармалар иманды, шыншыл, жомарт болуға шақыра отырып, ойланып сөйлеуге, кәсіпкерлікке, тазалыққа, әдептілікке, қанағатшылдыққа, әділдікке, жинақылыққа, өтірік айтпауға, надандықтан аулақ болуға, жамандықтың өзіне жақсылық жасауға, қонақжайлылыққа, тәкаппар болмауға, жан-жануарға қамқорлық көрсетуге үндейді және үйретеді.
Ұлы ағартушы халықты білімге, ғылымға шақырды, оқу-білімнің тек ізденіс, еңбекпен табылатынына назар аударды. Ұлт ұстазы «Қазақ хрестоматиясы» туралы: «Бұл кітапты құрастырғанда мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш рет шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қабат, жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім...» деп атап көрсеткені осы ойымыздың бір дәлелі болса керек.
Ы.Алтынсарин ескішіл әдет-ғұрыптармен күрестің бір жолы ретінде қазақ қыздарын оқыту ісін қолға алады. Бірақ, бұл маңызды бастаманы іске асыру кезінде ол патша өкіметі тарапынан жасалған кедергілерге тап болды. Халық ісіне табандылық, қажыр-қайрат көрсетеді, сөйтіп 1887 жылы Ырғызда арнайы құралдармен жабдықталған тұңғыш қыздар мектебін ұйымдастырады. Онда қазақ қыздары орыс тілін және арифметиканы оқыды, оқу пәндері тігіншілік өнерін меңгеруге арналады.
Ыбырай – жастарға кәсіптік білім берудің маңыздылығын терең түсінген тұлға. Қазақ жастарын оқу, өнер, техниканы игеруге үндейді. 1883 жылы Торғай қаласында ол ашқан қолөнер мектебі қазақ даласындағы тұңғыш кәсіптік-техникалық оқу орны болды. 1888 жылы Орскіде бастауыш мектептер үшін қазақ жастарынан оқытушылар даярлайтын мұғалімдер мектебі ашылады. Өзінің мал-мүлкін Қостанайда ауылшаруашылық училищесін ашуға жұмсауға өсиет етуі де Ыбырайдың азаматтық-ағартушылық тұлғасын биіктете түседі.
Ы.Алтынсарин – жазушы, ғалым, этнограф, жазба қазақ әдебиетінің негізін қалаушы. Ыбырай өлеңдері мен әңгімелері – халықты білімге, ғылымға шақырған, жастарды еңбексүйгіштікке, рухани-адамгершілік құндылықтарға үндеген, өз елі, жері, табиғатын жырлап, сол арқылы өскелең ұрпақ бойында табиғатты, Отанды сүю сезімдерін тәрбиелеуге бағытталған көркем әдебиет жауһарлары.
Ұлт ағартушысы – қазақ әдебиетіндегі тұңғыш аудармашы. К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстой, И.А.Крылов, И.Паульсон шығармаларын қазақ тіліне тәржімалап, демократтық, гуманистік әдебиеттің үлгісін әкелді, оның дамуына жол ашты. Ол – қазақ баласына қара танытқан, ұлттық құндылықтар арқылы тәлімді тәрбие берген ұлы ұстаз,
Кеңес үкіметі тұсында Ы.Алтынсарин туралы кейбір тәрбиеге байланысты мақалаларда ол атеист, мұсылмандар дініне қарсы деген пікірлер айтылып қалып жүрді. Бұл не қара немесе ақ деп түсіндіретін коммунистік идеологияның кесір-кесапатынан деп білеміз.
Ақиқатына келсек, медреселерде ислам дінін насихаттап сабақ беретін молдалардың заман талабына сәйкес зайырлы білім беруге қабілетсіздіктеріне көзі жеткен Ы.Алтынсарин қазақ-орыс мектептерін ашу арқылы қазақ жастарына білім беріп, кәсіпке үйретуді алдына мақсат етіп қойды. Сондықтан ол мұсылман дініне қарсы болды, хрис-
тиан дінін таратуға күш салды деп қорытынды жасау шындыққа жанаспайтын, жаңсақ пікір.
Керісінше, ол жүрегінде иманы бар, өзін мұсылман санап өткен ұстаз екенінде дау жоқ. «Жаз» деген өлеңінде «Құдайға шүкір етер жас пен кәрі, Бердің деп жаңға рахат мұндай дәрі» десе, тағы бір өлеңінде «Жаратты неше алуан жұрт бір құдайым, Тең етті бәрімізге күн мен айын», - дейді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. 1884 жылы дін сабағын беретін мұғалімдерге арналған «Мұсылманшылықтың тұтқасы. Шариат-ул-ислам» оқулығын жазып, Қазан қаласында араб әрпімен бастырып шығаруы да сөзіміздің бір дәлелі.
Ы.Алтынсарин орыс-қазақ мектептерінде дін сабағы оқылатын кезде қазақ балаларына жеке діни тәрбие берілуі қажеттігі жөнінде талап қойды. В.В.Катаринскийге жазған бір хатында: «Сізге өте бір қайғылы хабар білдіруіме тура келіп отыр. Біздің Бессонов Александр Григорьевич, сірә, есінен айрылған болар деймін. Өйтпесе, оның өз оқушыларына істеген сорақылықтарын басқаша түсіне алатын емеспін.
…Бақсам, ол оқытушылар мектебінің 3-және 4-кластарында, оқытушылардың қарсы болуына қарамастан, бір ай бойы інжіл мен оның парыздарын уағыздай бастапты. Осының нәтижесінде, бір жағынан, ол оқушыларға өшігіп, қатал қарай бастайды да, екінші жағынан, оқушылар оқудан бас тарта бастапты...», дейді.
Сондықтан да Ы.Алтынсариннің еңбегіне баға бергенде, солардың ішіндегі еліміз үшін ең маңыздысы – оның халыққа білім беру жолындағы зайырлы мектептер ашу, ауыл балаларын оқыту, оларды кәсіпке үйрету, қазақ қыздарын сауаттылыққа баулу болғанын естен шығармауымыз қажет.
Қазақ халқының асыл перзенті, Ы.Алтынсаринді мәңгі есте қалдыру мақсатымен оның есімі отанымызда 51 мектепке, 1 колледжге, 1 педагогикалық институт пен Білім академиясына берілген. Тұңғыш-педагог атымен бірқатар елді мекен, көптеген көше аталған, мұражайлар ашылған. Білім беру саласының үздіктері үшін «Ы.Алтынсарин» медалі тағайындалған.
Бүгінгі күні Ы.Алтынсариннің 175 жылдығы қарсаңында, оның білім саласын дамытудағы тарихи рөлін сараптай отырып, дәстүр мен инновацияның сабақтастығының маңызын аса терең сезіммен түсінеміз. Осы сабақтастық әруақытта академия қызметінің негізін құрап келді. Ол ең алдымен, білім жүйесін әдістемелік қамтамасыз етуге, барлық деңгейдегі оқудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын жасауға және енгізуге бағытталған.
Академия шағын жинақты мектептерді (ШЖМ) қоса есептегенде, жалпы білім мектептерінің педагогтарына оқу-тәрбие ісінде көмектесетін оқу-әдістемелік материалдар әзірлейді. Жыл сайын «Қазақстан Республикасының жалпы білім беру мектептерінде білім беру процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы» нұсқаулық-әдістемелік хат дайындалады. Қызметкерлері Байқоңыр қаласының қазақстандық мектептері үшін өтпелі оқу бағдарламаларын әзірлегенін айта кетсек деймін. Білім ордасы өз сайтында барлық ғылыми-әдістемелік материалдарды орналастыра отырып еліміздің ұстаздар қауымдастығымен үнемі тығыз байланыс жасап отыр.
Академия қызметінің негізгі бағыттарының бірі – білім саласындағы ғылыми зерттеулер. Тек кейінгі үш жылда 9 ғылыми жоба орындалды. Олардың барлығы Ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы тарапынан жоғары балл алды. Зерттеу жұмыстарының нәтижелері практикаға енгізілуде.
Жасалған жобаларға келер болсақ: бірінші, «Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері», «Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беруді дамытудың тұжырымдамалық тәсілдемелері», «Инклюзивті білім беруді ұйымдастыру туралы ереже»; екінші, педагогикалық білім беруді жаңғырту және педагогтарды тәуелсіз сертификаттау; үшінші, ШЖМ-де білім сапасын арттырудың жол картасының; төртіншіден білім саласындағы алғашқы кәсіптік стандарттар.
Бүгінгі күні академия қызметкерлері білім саласындағы біліктіліктің салалық шеңбері және педагогтың кәсіптік стандартын жаңарту бағытында жұмыстар жүргізуде. Білім берудің жаңартылған мазмұнын республиканың 30-ға жуық пилоттық мектебінде, 41 мектепте деңгейлік оқулықтарды және қазақ тілі бойынша оқу-әдістемелік құралдарды сараптамадан өткізудің басталуына байланысты (Назарбаев зияткерлік мектептері тәжірибесін тарату) академия тиісті мониторингті зерттеуді жүргізу үстінде.
Жүйелі деңгейдегі жұмыстар Қазақстанның жоғары оқу орындарының ғалымдарын, мұғалім-практиктерді және халықаралық сарапшыларды шақыра отырып, әлемдік тәжірибенің негізінде атқарылады. Академия 2013 жыл мен 2016 жыл аралығында 25 шетелдік университет (Англия, Германия, Ресей, т.б.) және халықаралық ұйымдармен (ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ, т.б.) меморандумдар және келісімдер жасады. Ынтымақтастық шеңбері аясында соңғы 3 жылда 9 халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді; 400-ге
жуық ғылыми жұмыстар жарияланды, оның ішінде 3 халықаралық ұжымдық монография (Ресей, Германия, Гонконг), импакт-фактор журналдарында 6 мақала жарық көрді. Тоқсан сайын үш ғылыми журнал жарияланады. Академияның мерейтойлық кітабы шығарылды. Ғылыми қызметкерлер академияның бұрынғы басшыларының барлығымен дерлік сұбхат жүргізіп, мұрағат материалдарын, ардагерлер естеліктерін жинады, ардагерлермен академия тығыз байланыста.
Ы.Алтынсариннің 175 жылдық мерейтойына орай академия «Ы.Алтынсарин және заманауи білім» атты халықаралық конференция өткізуге дайындық үстінде. Ұлттық білім академиясы өзінің қызметінде өткен жылдардағы тәжірибелерді ескеріп отырады. Оның тарихы 95 жылды құрайды. Білім ордасы бастауын 1921 жылы Орынбор қаласында қазақтың таным мен рухани күмбезінде темірқазықтай орны бар ғұлама Ахмет Байтұрсынұлының басқаруымен Қазақ Халық ағарту комиссариаты жанынан құрылған академиялық орталықтан (Акорталық) алады. 1933 жылы педагогикалық ғылыми-зерттеу институты құрылды, 1951 жылы ол педагогика ғылымдары ғылыми-зерттеу институтына айналды.
«Ыбырай Алтынсариннің 125 жылдығын тойлау» туралы Үкімет қаулысы негізінде педагогика ғылымдары ғылыми-зерттеу институтына Ыбырай Алтынсарин есімі берілді. 1993 жылы ғылыми-зерттеу институты базасында Ы.Алтынсарин атындағы білім мәселелері институты құрылса, Елбасының қолдауымен 1998 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы деп аталды. Ол 2008 жылғы 18 сәуірдегі Үкіметтің № 365 қаулысымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта жасақталды.
Академия өзінің бүкіл тарихи жолында, оның ішінде ұлы ағартушы-педагог атын алған 50 жыл бойы, білім берудегі игілікті міндетін іргелі істер арқылы жүзеге асырып келеді. Ұлттық білім академиясының Ыбырай Алтынсарин атында екендігін біз мақтан тұтамыз, әрі зор жауапкершілікті сезінеміз.
Жанбол ЖЫЛБАЕВ,
Ы.Алтынсарин атындағы
Ұлттық білім академиясының президенті