«Өмір дегенің бір жарық сәуле екен ғой» (Мұқағали Мақатаев) десек, сол бір жарық сәулені сезу жаны сергек жандарға ғана тән қасиет болса керек. Бір жарық сәулені мәңгі сәулемен шатастырып жүргендер де жоқ емес. Осының бәрін қаршадайынан ми таспасында қорғасындай қорытып, қағылездікпен өзіндік өрнегін қалыптастырған, қазір сексеннің сеңгіріне келсе де ұлтым, халқым – сенің кәдеңе жарап, қадіріңді арттырсам болды деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген, ми таспасы техниканың өзін телміртіп қоятын (теледидарға түсіргенде) қазақтың ұлыларын ұлықтап, өзі болмаса да сөзін, дауыс ырғағын, аталы ақылын, үлгі өнегесін, шалт қимыл, шарықтау сәттерін көз алдыңа әкелетін – бір өзі бір театр, көрнекті сатирик-жазушы, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, халықаралық сықақшылар байқауының жеңімпазы Мыңбай Рәш еді. «Айтушыдан тыңдаушы күшті болсын», деп Абай айтқандай, қазір сол айтушы табылғанмен сөз құнын түсінетін, қасиетін жанына түйетін, орайы келгенде өрекпімей кәделі сөзге тоқтайтын құйма құлақтар азайып бара жатқаны рас. Есесіне айтылған сөздің мән-мағынасын түсініп, түйсінбесе де дабыраны даңғазаға айналдырып, көзге түсіп, көрініп қалуға құштар, азды-көпті көпірте түсіп, бір қиырдан бір қиырға ала қашатындар баршылық. Сондайларға ол сабақ алсын деп өзінің туындысынан гөрі Алаш арыстарының үлгісін сахна төрінде тереңнен қозғап, тебіреніп тұрып төгіп-төгіп жібергенде адамды ойландырып тастайтыны анық. Қарттықты қайырып тастап, ол шіркін, жігерленсем ығып кетеді деп, ұлттық рухты ұран еткен ақын ағамыз осыдан біраз бұрын Астанаға келіп, қалың жұртпен жүздесті.
– Астана әсем үйлерімен көз тартқаны жөн, бірақ зиялы қауым өкілдері айтып жүргендей, рухани орталық та болуы керек. Ұлтты да, жұртты да өлтірмейтін – рухани құндылық. Халқың жүз жерден көп болғанмен, рухың сөнсе біткенің. Мен кешегі ұлы тұлғалардың біразын көрдім. Жақын жүрдім. Ол жағынан келгенде өзімді бақытты жандар қатарына қосатыным бар. Олар кеңестік саясат буып тұрғанда да тіл, діл, халқым деді. Қазір бәріміз ауыздан тастамай, қуат-мият тұтатын керемет мұралар қалдырды.
– Тілдің тірегі, дәстүрдің мәйегі, ұлтқа ұйытқы болғандар да солар емес пе? Ауыл мен биліктің арасына алтын көпір болып қаламгерлер жүрді ғой.
– О, не дегенің. Ол да бір дәурен еді. Ондап, жүздеп ауылға баратынбыз. Жұрттың сөзбен сусынын қандырып, ән-күймен сарайын ашатынбыз. Жас ұрпақпен қауышатынбыз. Олардың арасындағы таланттарды қатарға тартатынбыз. Құдай-ау, газет-журналдың, кітаптардың таралымы бірнеше жүз мыңға жетіп, қияндағы елді мекен тұрғындарымен пікір алысқанда, олар өзіңді жаңылдыратын. Өтті, кетті – ол дәуір. Мен жасым келді, жантайып жата берсем болады деген емеспін. Бойымдағы барымда халқыма арнай беруге пейілмін. «Бір өзі – театр» деген атпен ұйымдастырылған кештің де бастамашысы өзім. Ешкім Астанаға барып өнеріңді көрсет деген жоқ. Рас, бұл қадамымды Президенттік мәдениет орталығының басшысы, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбеков, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Парламент Мәжілісінің депутаты Уәлихан Қалижан, өзге де азаматтар қуана қолдады. Шалдың мұнысы ерлікке пара-пар десті. Мен сол кезде олардың есіне 97 жасында Мәскеуге барып жыр толғаған Жамбыл жәкемді салдым. Алланың берген сыйы, қуаты шығар, сексенге келсем де естігенімді, көргенімді өмірі ұмытқан емеспін. Оның бәрін әлі күнге дейін сағаттап айта беремін. Өз өлеңдерімді де жатқа оқимын.
– Мынауыңыз екінің бірінің басына бермейтін керемет қасиет қой. Бұл сіздің балалық шақтағы мидың «тазалығынан» шығар.
– Мүмкін. Ол кездегі баланың қиялы көкті шарлайтын. Бүгінгідей барға телмірмейтін, өзі ізденетін. Оның үстіне қазақы қасиет те бөлек еді. Бұзыла қоймаған. Алты жасымда әкем соғысқа кетті. Шешем өмірден озды. Әке майданнан оралмады. Мені ағайындарым балалар үйіне тапсырды. Ол жердегі тауқыметті кейінгі ұрпақтың басына бермесін. Жазғы каникулда колхозға барып шөп шабысып, егін оруға қатысамыз, мал бағысамыз (Қазір еңбек майданының ардагерімін). Осылайша өмір өзі ширықтырды, пісірді. Әдебиет пәнінің мұғалімі жақсы адам еді. Кітабы көп болатын. Сол кісіден жыртпаймын, бүлдірмеймін деп латын әрпімен жазылған дүниелерді алып оқимын. Тек оқып қана қоймаймын, жаттап аламын. Олардың қатарында «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», Қажым Жұмалиев пен Жұбан Молдағалиев аударған қырғыздың «Манасы» бар. Кейін бұл жырдың біраз тұсының қырғызшасын да жаттап алған едім. Осы арада мынандай бір оқиға еске түсіп тұр. 1960 жылы қазіргі Бішкек қаласында үлкен өнер жиыны өтті. Қазақстандықтарды Ғабит Мүсірепов бастап барды. Қырғыз жұрты әлімсақтан «Манасты» әспеттейді. Жырды бала манасшы, жігіт манасшы, шал манасшы – бірінен-бірі асырып жырлап жатты. Бізден Мұқаш Байбатыров деген халық ақынын дайындаған, бірақ ол кісі денсаулығына байланысты келе алмай қалыпты. Бұл қалай болды деп Ғабең (Мүсірепов) жан-жағына қарап кейіді. Сонда оқығаны көп, білімді азамат Қайнекей (Жармағанбетов) «Айтатын адам бар», деп мені көрсетті. Ғабең сыздана қарап: «Көреміз...» деді. Әр жыршыға бес минуттан уақыт беріліпті, менің қызып кеткенім сонша оңайшылықпен тоқтай қоймай, арындап кеткенімді байқаған Ғабеңнің: «Мына Мыңбай қайтеді-ей!» деген кербез дауысын құлағым шалып қалды, жалт қарасам, қаламгер Қырғыздың орталық партия комитетінің хатшысы Разақов екеуі риза көңілмен бір нәрселерді айтып отыр екен. Қорытындысында иығыма ақ шапан жауып, басыма ақ қалпақ кигізіп, «Қазақ елінің бұлбұлы Мыңбай Рәшевке қырғыз достарынан» деп жазылған қомуз сыйлады. Ол қомуз әлі күнге дейін үйімде, құнды заттардың қатарында тұр. Жас кезіңде көп оқып миыңды дамытсаң, жаттап алсаң ол өмір бойы жиған қазынадай ойыңда алтын қор секілді сақталатынына қазір көзім жетіп жүр.
– Сіздің болмысыңыздан әртістік қасиет те айқын көрініп тұрады. Оны қайдан үйреніп жүрсіз?
– Асқар Тоқпанов деген қазақтың ұлы режиссері болған, сол үйретті. Асыл туған Асекең бізге, бұрынғы ҚазПИ-де, бүгінгі Абай атындағы университетте мәнерлеп оқудан дәріс берді. Бұл 1946 жыл болатын. Менің курстастарым Нығмет Ғабдуллин, Баламер Сахариев, Айқын Нұрқатов... көп еді. Қазір олардың көбі бақилық болып кетті. Бір жолы Асекең Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңін мәнерлеп оқытқаны бар. Замандастарым зуылдатып жатыр. Арамыздағы ерке қызымыз Шәмшиябану Сәтбаева да оқыды. Асекеңнің қабағы ашылмады. Жетім бала тұтқыш болады ғой. «Сен оқы, Рәшев!» деді Асекең. Асықпай, әр сөзді нақтылап, бабына келтіріп оқыдым. Ұстазымның қабағы жадырады. «Пәлі, сен мұнда қаңғып неғып жүрсің, ей, мен консерваториядан театр кафедрасын ашып, талантты жастарды жинап жатырмын ғой. Сен бізге кел, нағыз әртіс болатын бала екенсің!» – деп қолқа салды. Бірақ бармадым. «Тағы қандай өлең білесің? Қасымның (Аманжолов) өлеңдерінен хабарың бар ма?» деді. «Білемін», деп күмілжідім. Ол кезде Қасым, Қалижан Бекхожин, тағы басқа адуынды ақындарға қара күйе жағылып, саруайымшыл, ұлтшыл, феодалшыл деген айып тағылып жүретін, тіпті өлеңдері де басыла бермейтін. Асекеңнің кереметтігі сол, қаймықпай: «Қасымның өлеңін білесің бе?» деуі мені қанаттандырып жіберді. «Әй, Мыңбай, Қасымның «Нартәуекелін» білсең айтшы, қане?!» деді. «Нартәуекел, құлаш ұрдым қиынға, Қайрат, шіркін, алып шықса қиын ба. Бұл сапарда сүрініп те қалармын, Сонда достым мені айыпқа бұйырма...» деп өлеңді оқып біте бергенімде, Асекең қырандай шаңқ етіп: «Қасымның қадіріне жетпеген бұл қазақ, кімнің қадіріне жетеді дейсің!?», деп сәл тұрды да өзі Қасымның өлеңдерін бірінен соң бірін оқып, «Міне, өлең деп осыны айт!» деп бәрімізге жыр жампозының құдіретін танытып еді. Кейін көрген жерде аяулы Асекем: «Ей, Нартәуекелім, ой, айналып кетейін, халің қалай?», дейтін. Қара нардай қайыспай ұлтым, жұртым деген ол өмірден озғанша мені Мыңбай демей, «Нартәуекелім» деді.
– Басынан сөз асырмайтын, айтарын айтып өткен бір адам болса, ол – Асекең еді-ау!
– Рас, әділдіктің қарауылы болды Асекең. Қарау басқандарды қағып тастайтын. Текті адам, бетті адам, таза адам солай болады. Тексізге бәрі бір. Асекең өзің айтқандай, сөздің атасын өлтірмей кетті. Атағың дардай, қызметің таудай демейтін. Көңіліне жақпасаң, найза сөзбен түйреп, түте-түтеңді шығаратын. Шешендігі шексіз еді. Абайды жатқа айтатын. Қыңыр-қисыққа ұлы ақынның өлеңдерін үлгі етіп, мақалдап-мәтелдеп кеткенде ешкім қарсы келе алмайтын. Талайды улы тілмен «талдырып» түскеніне куә болдық қой.
– Басқаны айтпағанда, кейде Алаш алыптарының бір шоғыры «Көзден кетсе көңілден болады ұмыттың» күйін кешіп жатқандай көрінетіні бар. Сізге қалай?
– Күдігіңді теріс дей алмаймын. Әркім өз заманының мықтысы болып, алдыңғы толқынды қағыс қалдырып жатса, бұл – ұлт үшін де, ұрпақ үшін де қауіпті. Ұрпақтар сабақтастығын ұлттық дәстүрмен ұштастырған ләзім. Дегенмен, тарих деген «ғұлама» кімнің кім екенін өзі реттеп береді.
– Атақ алып, орден тағуға қалай қарайсыз?
– Бұл өте қиын сұрақ. Осы күні көп нәрсені атақпен өлшейтін болып алдық. Мұны мен уақытша құбылыс деп білемін. Сұрағыңа орай бір қызықты айта кетейін. Атақты ақын Сырбай Мәуленовке арналған кешке барғаным бар. Жүргізіп отырған адам ғылым докторы еді. Бір кезде маған да сөздің кезегі тиіп, «Мәкеңе сөз береміз», дей бергенде менен жасы кіші бір қаламдас інім кіріп келді. Ғалым: «Ойбай, Мәке, сіз тұра тұрыңыз», деп әлгі азаматты қолпаштап, сахнаға шығуын өтінді. Ол да құп көріп, киімін шешпестен төрге ұмтылды. Мәкеңнің жасы үлкен еді демеді.
– Сонда адам емес, атақ сөйлейтін болғаны ғой.
– Шындық сол. Оны айтасың, небір алқалы жиындарға, не тойға барғанда лауазым иелері, атағы барлар, аяқ астынан шөп басын сындырмай байып кеткендер 80-90-ға келген қарияларды аттап өтіп, көсіле жөнелетініне куә болып жүрміз ғой. Осы арада бір дәйекке жүгінсем деймін. Мұқтар Әуезовті салмағы үлкен жазушы ретінде де, жасының үлкендігін де ескеріп алдын Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтер қиып өтпейтін. Інілік ізеттерін білдіріп жүретін. Таланты да бар, атағы да жетіп артылатын Ғафу Қайырбеков ақын Сәду Машақовты төрге оздырып, сөздің алдын беріп, «Біз қартын қадірлеген қазақпыз!» деп күндей күркіреуші еді. Сол үлкенінің алдын қиып өтпеген атам қазақтың үлгісін мына сұр заман жұтып қойса, сыйластығымыздың сиқы кетпей қоймас.
– Осы арада «Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр, Сұрамсақтар нәпсісін тыя алмай жүр, Сәлем – борыш, сөз – қулық болғаннан соң, Қандай жан сырттан сөз боп, сыналмай жүр», деген Абай өлеңі ойға оралғанын қараңызшы.
– Дәл төбесінен түстің. Абайдың: «Жарлы емеспін, зарлымын, Оны да ойла толғанып», деуі де осындай кейістіктерден туған болу керек. Ақын-жазушы қашанда халық жағында. Иә, биліктің де тілек-талабынан шет қалмаймыз. Жасыратын несі бар – КСРО-ны әспеттедік. Өлең жырымызды өлшеусіз арнадық. Айтқанын екі етпей орындадық. Бірақ тәуелсіздік тұсында да Абайдың өсиетін орындауға келгенде арқасына ыңыршақ батқан өгіздей қайқаңдайтынымыз бар. Соған қарағанда, біз Абайды толық түсіне алмай келе жатқандаймыз. Түсінсек, бойымыздағы жаман әдеттен арылсақ керек еді. Бұрын бәрін Мәскеуге жаптық. Ендігі кемшілігіміз өз мойнымызда қалады. Соны ескерейік, ағайындар!
– Домбыра тартасыз ғой?
– Кішкентай кезімнен қара домбыра серік болып келеді. Қара ағаштан жасатқан кішкентай қара домбырам бар. Қайда барсам да жанымнан тастамаймын. Ішегі – мысықтың ішегі. Одан үн керемет шығады. Құрманбай деген шал қартайған мысық өлген соң ішегін кептіріп, домбыраға ішек етіп тағатын. Бұрынғы заманнан қалған дейтін ол. Домбыраның жылайтыны, зарлайтыны содан дейтін. Әлгі қара домбыраны 1946 жылы Ахмет Жұбанов Романенко деген шеберге жасаттырып беріп еді. Бойтұмардай көремін, өлсем көрге бірге қойыңдар деп жүрмін. Талантты күйші інім Секен Тұрысбеков қолқа салған еді, бермедім. Үйге қонаққа келгенде Нұрғиса Тілендиев те сұрады. Қалағаныңды ал деді. Келіспедім. Қазір үйімде бес домбыра, жоғарыда айтқандай, қырғыздар берген қомуз сақтаулы.
– Сіз сөз арасында 1943 жылғы ақындар айтысын көрдім деген едіңіз...
– Әкем майданда жүріп Алматыда тұратын Дүйсенжан деген ағайынымызға хат жазып, «Менен бір тұяқ қалып еді, тауып ал», депті. Ол кісі мені Алматыға алдырды. Мен Алматыға келгенде ақындар айтысы өткелі жатқанын Дүйсенжан аға айтты. Барып көрсем дедім. Меселімді қайтармады, апарды. Ол ағамыз да көп кешікпей майданға кетіп, қайта оралмады. Сол жерде мен қазақ әдебиетінің алыптары Мұхтар Әуезовті, Сәбит Мұқановты, Ғабит Мүсіреповті, әнші Күләш Байсейітованы, өзге де мықтыларды алғаш рет көрдім. Сахна төріне жыр алыбы Жамбыл шығып: «Алатаудан, Арқадан, Ақындарым келіпсің. Тілдеріңнен бал тамған, Жақындарым келіпсің, Ертіс, Еділ, Іле, Сыр, Бас қосқалы келіпсің, Жүрген жерің думан жыр, Сендер елге көріксің. Шаршы топта төгілген, Сөздеріңді сағындым!», деп жыр нөсерін төкті. Жұрт керемет қол соқты. Бұл маған жауға атылған оқтай, көрсеткен сестей көрінді. Халықтың рухын бір серпілтті. Театрда тыңдаған айтыскер ақындардың мақамын, өлеңін үйге келгенде домбыраға қосып, қайталап айтқанда Дүйсенжан аға таң қалатын. «Мұның бәрін қалай жаттап алдың?», дейтін. Сол үрдіс өмір бойы жалғасып келеді. Ақындар айтысы үш күнге созылды. Нартай, Нұрлыбек, Қалқа, Шашубай, Кенен – несін айтасың өрен жүйріктер сөз сайысын құрып, бірін-бірі ала алмай, батырларша тірескені әлі күнге дейін көз алдымда, үндері құлағымның түбінде тұр. Бұлар тума таланттар ғой, сөзге тоқтайтын. Қысқа-нұсқа жауаптасып айтатын. Сағыздай созып, малтадай езіп отырмайтын. Бір мысал келтірейін, Нартай мен Нұрлыбек айтысатын болды. Бірінің қолында – домбыра, екіншісінің қолында – сырнай. Менің бүйрегім Нұрлыбекке бұрады. Бұл жершілдікті қойсаңшы. Ол да, мен де Семейденбіз ғой. Оның үстіне Нұрекеңді Мұхтар Әуезов келістіріп мақтады. Нұрлыбек айқаймен бастаса, Нартай сырнаймен сызылтып, өз мақамынан ауытқымады. Бір тұста Нұрлыбек: «Кекесін күлкіменен күлімдейсің, Бейнебір менің, Нартай, пірімдейсің, Соза тартып сырнайды жөнелгенде, Сырғақтаған сынаптай білінбейсің. Мақтайсың Сыр бойында күрішіңді, Бейнебір өзің жалдап еккендей-ақ, Айтасың ылғида сен кірісіңді, Бірақ та айтпай қойдың, ақын Нартай, Кемшілік пен қаптаған шығысыңды. Айтпадың жыртығың мен қуысыңды, Нартайым, қойшы енді далбасаңды, Кезекпен менің сөзім жалғасады, Көрместер түйені де көрмес деген, Әлемге аты мәшһұр болып кеткен, Семейде атағы шыққан ет комбинат, Кәнсерві, шұжығы мен кәлбасадан», – деді. Колбаса деген сөз Нұрлыбекті жеңіліске ұшыратты. Нартай оның осы сөзін іліп алып: «Нұрлыбек, сен де қойшы далбасаңды, Менің де айтар сөзім жалғасады, Доңыздың майы ішінде өріп жүрген, Текке берсең жемеймін кәлбасаңды. Айтыс деп кімдер сені қыстап отыр, Қоқайған кәлбасаңды мақтай берсең, Қос қолдап, кәлбасаңды ұста да отыр», деді... Нұрлыбек жеңілгенін мойындап, ілтипат жасап орнынан тұрып кетті. Міне, текті ақындар осындай болған. Қазір де айтыс бар. Бір кездері дүрілдеп шықты, енді саябырсып қалғандай ма, қалай? Мен өзім сыйлайтын бес-алты жақсы ақын топ жарып жүр. Көбісі сөз нарқына мән бере бермейді. Ұйқас қуады, жаттағанын айтады, айтыс ақынының әр сөзі мірдің оғындай болуы тиіс. Ол үшін талант керек, Құдай саған ақындықты сыйлауы тиіс. Жоғарыда айтқан айтыс алыптарының әр сөзі бір ділдаға татиды.
– Сіз Сәбит Мұқановтың өзін сынаған көрінесіз, соны есіңізге түсіре аласыз ба?
– Неге түсірмеймін, ондай жағдай болған. Ол заманда әдебиетті ардың ісі дейтінбіз. Әлі есімде, Сырбай Мәуленовтің «Жұлдыз» журналына бас редактор болып келген кез еді. Бір күні мені шақырып алып, «Әй, сен өзің сатириксің, «Ара» журналында істегенсің, сын жазуға төселіп алғансың. Қаламгерлердің оқырман көңілінен шықпай жатқан жинақтары туралы өлеңмен астарлап сын айтсаңшы. Өлеңге қарай суреттерін салып шығаралық. Анау Орталық комитет деген шақырып алып, сын жоқ, болса да аз деп қысып жатыр», деді. «Онда, Сыраға, мен Сәбеңнен бастағым келіп тұр», дедім. «Сәбит болмақ түгіл, Мұхаңнан бастасаң да жаз!», деді Сырбай. «Жазғанымды бұзбай шығарасыз ба?» деймін. «Басым кетсе де басамын!», деді ол. Содан Сәбеңнен бастап тағы басқа бір топ ақын туралы өлеңдетіп, сын жазып әкелдім. Сәбең сол жылдары екі рет Еңбек Ері атағын алған Нұрмолда туралы «Алдабергенов туралы аңыз» деген поэма жазып шығарған еді. Көркемдігі көңілге қонбады. Оның үстіне ұлы қаламгердің «Сұлушаш», «Ботагөз», «Мөлдір махаббат», өзге де айтулы туындыларына қанықпыз. Ал мына поэма бізді екіұдай ойға қалдырды. Сол шығарма туралы мен мынандай төрт жол өлең жаздым: «Қаламын күн көзіне шынықтырып, Сәбең отыр денесін тынықтырып. Мынауыңыз дастан ба, очерк пе? Қиын болды айыру ұғып, біліп», деп түйіндедім.
– Қай қаламгер сыныңызды дұрыс қабылдады?
– Ұлының аты ұлы ғой. Сәбең бірден құп алыпты. Бір күні Жазушылар одағына келе жатыр екен, «Апыр-ай, не дер екен!», деп тайсақтап тұрмын. Қолда таяқ, баста бөрік. «Әй, сенің сыныңды оқыдым, ей, жарайсың өзің. Ағаңды жақсылап тұрып сынапсың. Сынды өрістете бер. Тәйт демесе, адам есіріп кетеді ғой!» – деп жатыр. Міне, арыстар қандай! Мен Астанада өткен кеште Мұхтар Әуезов сынды ғұламаны, «Мен сендердің өгіздеріңмін, сендер арта беріңдер, мен тарта беремін», деп ағынан жарылатын ақеділ Сәбеңді, музыканың білгірі, Құрманғазыны мәңгіге тірілткен Ахмет Жұбановты, әр сөзі сом алтын, мінезге бай Ғабит Мүсіреповті, қазақтың даласындай дархан Серке Қожамқұловты, жүздеген театр тарландарын дайындаған ұлы ұстаз Асқар Тоқпановты, бітім болмысы бөлек, үні өр Сырбай Мәуленовті сахна төрінен «сөйлеттім». Жазушылар одағының съезінде Мұқаң драма туралы баяндама жасады. Сол сөз әлі күнге дейін менің жанымда жаңғырып тұрады. Елордадағы кеште соны жұртшылықтың есіне салдым. «Пәлі, бүгін мынау Абай атындағы театрда ине шаншыр жер жоқ. Тайлы таяғымен келіп отыр жұрт. Драматургиямыз бар ғой, өрен жүйрік поэзиямыз бар ғой. Өздеріңіз білесіздер, майда қоңыр Ғали, ағыны қатты Әбділда, сырлы-мұңды Қасым, қырғи тілді Асқар, өз алдына бөлек Сырбай, ізденгіш те тапқыш Хамит... поэзиямыздың өрен жүйріктері. Ал осы поэзия жанрымен қатар үзеңгі қағыстыруға жарап қалған драматургия бар. Драматургияға келгенде бар ғой, ең алдымен алабөтен бөліп алатын бір адам бар. Ол Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов. Өңгені былай қойғанда, эпос, ауыз әдебиеті үлгісінде, ғашықтық жырлары негізінде жазылған «Ақан сері – Ақтоқтының», «Қозы Көрпеш-Баян сұлудың», «Қыз Жібектің» өзі неге тұрады», деп мақтай келіп: «Пәлі, Ғабит, сен менің мақтағаныма даңдайсыма. Амангелдіге шамаң келді деп айта алмаймын. Ұлт-азаттық көтерілісінің көсемін көрейік деп тайлы-таяғымызбен драма театрына келгенде кімді көрдік. Ағаш атқа мінген ағаш батырды көрдік... Қайнауы жетпеген шикі шығармаға тап болдық», деді. Ал Ғабиден Мұстафин Сәбеңнің көлем қуып кететінін, кітаптарының кірпіш секілді болатынын айтты. Көрдіңіз бе, ұлылар бірін-бірі қалай сынайды. Бірақ олар аз-кем дауласқанмен, көрместей болып жауласпайтын, қайта бірін-бірі көтермелеп жүретін. Ғабит Мүсіреповтің Мұхтар Әуезовті «Біздің ұлы жазушымыз» деуі соған дәлел.
– Сіз «Ара» журналында біраз жыл қызмет атқарғансыз. Сол кезде «Араның» сынына жұрт, биліктегілер қалай қарайтын еді.
– Ол бір бақытты күндерім еді. Сынды халық та, билік те қатты ескеретін. «Араның» редакторы Ғабит Мүсірепов сынды қазақ әдебиетінің классигі болған тұстағы сынның азуы алты қарыс болды. Алысқанды алып жықты, жұлысқанды жұлып түсірді. Бұл Ғабеңнің арқасы еді. Ол кісінің беделі Орталық комитет хатшыларынан кем болмады. Газет-журналдың бет-беделі редактордың абыройына, қалам-қарымына тікелей тәуелді. Ұлы Ғабең бір тілшінің телпегін қисайтпады, мұртына «балта» сілтетпеді. Қолдан келгеннің бәрін жасады. Билікке жалпақтау, жақсы көріну деген бізде болған емес. Мынандай бір қызық оқиғаны айтайын, Ғабең сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Қарынбаев туралы фельетон жазуды тапсырды. «Араның» тілшілеріне қайда барса да жол ашық, фактілерді жинап алып, «Денсаулықты сақтамау министрі» деген фельетонды жарқ еткіздім.
– Сіз жазған фельетон оларды маса болып шағатын ба еді?
– Шаққаның не, мұрттай ұшыратын. Менің фельетоным аз болғандай, «Қарынбаевтың қара шыбыны» деп Асқар Тоқмағамбетов сын жазды. Мен мына бір нәрсені баса айтқым келеді, ол кездегі фельетондар әжуа емес, шырылдаған шындыққа құрылатын. Тақырып көзге ұрып тұрсын деп атын ойнатып, айқайлатып қоятынбыз. Сондықтан да болар, біздің жазғандарымыз кімді де болса жалпасынан түсіретін. Ол кезде мақаланың ішінде иненің жасуындай ақиқат айтылса, жауапсыз қалмайтын. Содан да болар, сол тұстағы журналистердің беделі биік, абыройы жоғары болды. Бір жолы Ғабең Қазақ КСР-ның жоспарлау комитетінің төрағасы Браченконың өрескел қылықтарын жазуды тапсырды. Ол Ленинградтан келген адам болатын. Өзімен бірге оншақты қызметкерді сүйреп жүріпті. Олар мемлекеттің жұмысын былай қойып, өздері Мәскеу мен Ленинградтағы үйлеріне бару үшін сылтауратып іссапарға шыға беретін көрінеді. Бірінші фельетонымның аты «1000 күннен асып кеткен командировка» деп аталды. Одан кейінгі дәйектерді жинастыра келіп, олардың Мәскеудегі отбасыларына мемлекет ақшасын шығындап барғаны жайлы «1001 түн» хикаясын еске салып, «1002 түн» деген фельетон жаздым. Не керек, соңында төраға келген ізімен кетіп, орнына қазақтың ардақты ұлдарының бірі, төрағаның орынбасары болып жүрген Ілияс Омаров отырды. Тағы бір мысал айтайын, «Қазақфильмге» бастық болып Пястолов деген келеді де, онда істеп жүрген көнекөздерді қырғи тигендей жұмыстан шығара бастайды. Олардың қатарында айтулы жазушы Ілияс Есенберлин де бар екен. Ол кісі Ғабеңе келіп, «Мынаның қуғыны қазақты есеңгіретіп барады. Не істеуге болады?», дейді. Ғабең ол туралы фельетон жазуды тағы маған тапсырды. Барсам, әлгі сабаз «иди, щенок» дегені. Артымда Ғабеңдей алып Алатау тіреп тұрғанда неден қорқамын: «Мен күшік болсам, сен төбетсің!», деп шығып кеттім де, материалдарды толық жинастырып алып «Қараңғыда қыз ойнақ, күндіз емес, түнгі ойнақ» деген фельетонды жарқ еткіздім. Онда әлгі сабаздың қызға қырындайтын тұстары айтылған еді. Пястолов көп кешікпей қызметтен кетті. Ол кезде ұлт, ру дегенді білмейміз. Тек қоғамға қызмет ету бірінші кезекте тұратын.
– Шығармашылығыңыз туралы не айта аласыз?
– Мен осы сұраққа жауап берердің алдында мынаны айта кетсем деймін. Жоғарыда сын туралы азды-көпті әңгіме қозғадым. Қазір ондай сын әдебиет үшін емес, жеке адамдардың бір-бірінен өш алуы, кек қайтаруы немесе барды жоқ деп көрсетуге бейім тұратын пиғылына бет бұрған секілді. Бұл ұлтты оздыратын емес, тоздыратын қылық. Қазір тәуелсіз елміз, осыны пайдалана алмасақ, жұдырықтай жұмылмасақ, үлкеніміз үлкендей, кішіміз кішідей болмасақ, бүгінгі, ертеңгі ұрпаққа ауыр тиеді, зиян жасайтын боламыз. Бұрынғы кінә мен күнәнің бәрін Мәскеуге жауып, абыройымызды арашалап алдық. Енді ондай жымысқы жат қылық жасасақ, ол өзіміздің басымызға таяқ болып тиері сөзсіз. Енді сұраққа көшетін болсам, мен осыған дейін 42 кітап шығардым. Солардың ішінен іріктеп, үш томын ғана оқырманға ұсынып отырмын. Мұндай үлгіні Ғабең де көрсеткен еді. Бірінші том – сатиралық шығармалардан, екінші том – дастандар, ұлы адамдар жайлы жазбалардан, үшінші том – өлеңдерден тұрады. Өмір болып жатса, тағы да жазармыз, айтармыз. Қазірше осы жеткілікті деп білемін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.