23 Қараша, 2016

«Биатлонға біржола бет бұрдым»

293 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
arina– дейді жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Арина Пантова Қарашаның 25-і күні Норвегияның Бейтостолен қаласында IBU Кубогының бірінші кезеңі өтуімен биатлонның жаңа маусымы ашылғалы тұр. Аталмыш додада ел намысын қорғайтындар қатарында 17 жастан енді асқан павлодарлық Арина Пантова да бар. Биылғы жыл басында жасөспірімдер әлем чемпионатында алтын медаль алып, Олимпия ойындарында қола жүлдегер атанған ол осы жолы ересектер арасындағы жарысқа алғаш рет қатыспақшы. Біз болашағынан көп үміт күттіретін биатлоншы қызбен әңгімелескен едік. – Ересектер тобындағы бірінші сайысқа дайындығыңыз қалай? – Дайындық әлі біткен жоқ, ол жарыс басталғанға дейін созылады. Соңғы кезеңде жүрміз. Жеке жаттықтырушыларым (олар – өзімнің ата-анам) мен құрама бапкерлері ақылдарын айтып бағуда. Жарыс барысында қобалжысаң, бар еңбегің зая кетеді. Сондықтан «сынып» кетпеуіміз керек. Үлкен­дермен халықаралық аренада тұңғыш рет сынға түсетіндіктен, ептеп үрей мен қобалжу бар. Оның бәрі жарыс­қа шыққан сәтте-ақ ұмытылып кетеді деп ойлаймын. – Ересектер мен жастар арасындағы жарыстарды қатар алып жүру қиын болмай ма? – Қай жарысқа қатысатынымызды құрама жаттық­тырушыларының штабы шешеді. Біздің мақсат – барынша сәтті өнер көрсетіп, артылған сенімді ақтау. Өткен жылы да өзімнен бірнеше жас үлкен қарсыластармен сайысқа түскенмін. Мен үшін бәрібір. Өзімнің дайындығым дұрыс болса – жетеді. Бір жылға есейдім, қателіктерді жібермеу жолында біраз жұмыс жасадым. Бұрын ату алаңына келгенде демді дұрыс алмай, уақыт өткізіп алушы едім, ол олқылық жойылды. – Сіз биатлонмен кәсіби түрде айналысатын отбасыдан шықтыңыз. Әкеңіз бен анаңыз – осы салада жаттықтырушы болса, ағаңыз Антон ұлттық құрама сапында тәуір өнер көрсетіп жүр. Десе де, биатлон мен Аринаның егіз ұғым екенін қашан сездіңіз? – Бала күнімнен бұл спорттан алыс кетпейтінімді білдім, кетуге мүмкіндік те жоқ еді. Себебі, ағам мен әке-шешемнің жатса-тұрса ойлайтыны биатлон болатын. Басында жай хобби түрінде айналысатынмын, тек былтыр жастар арасындағы Румынияда өткен әлем чемпионатында жеңіске жеткен соң ғана онымен кәсіби тұрғыда айналысуға шешім қабылдадым. – Жеңістің дәмін татқан соң қызығушылық арта түскен ғой? – Иә. Әлемдік деңгейдегі жарыста биік тұғырда тұрып, сен үшін еліңнің туы биікке көтеріліп әнұраны шырқалғанда, ерекше сезімде болады екенсің. Саған қолдау білдіріп, тілеуіңді тілеп отырған жанкүйерлер мен жаттықтырушылардың еңбегі ақталғаны көзге еріксіз жас әкеледі. – Қарсыластарыңыз өзіңізден 2 жас үлкен болса да, мәреге бірінші жетіп, әлем чемпионы атандыңыз. Сол кезде қандай күйде болдыңыз? – Шынымды айтсам, қарсыластарымның жасына мән бермедім. Бар ойым ату алаңына келгенде көп қателеспесем деп ойладым. Мәреге бірінші болып жеткенде, ата-анамның үмітін ақтағаным үшін өзімді бақытты сезіндім. Сол кезде өзіме келешекте ересектер арасында әлем чемпионы атанып, Олимпиадада медаль аламын деп сөз бердім. – Өткен жылғы маусым сіз үшін сәтті болды. Биылғы жоспарлар қандай? – Әлем чемпионы атанған соң өзіме жүктелген жүктің ауыр екендігін сезіндім. Жанкүйерлердің менен жоғары нәтижелер күтетіні анық. Басты мақсатым – психологиялық тұрғыдан өз-өзімді дайындау. Моральдық тұрғыдан да­йын болсам, басқасы оңай болатынын сеземін. Сондықтан, былтырғы маусымда көрсеткен биік межені биыл асыра орындауға тырысамын. – Биатлон бір ғана жарыстан тұрмайды. Спринт, із кезу секілді қысқа-ұзын қашықтыққа жүгіру кезеңдері бар. Өзіңіз қайсысын ұнатасыз? – Нақты айту қиын. Ұзақ қашықтыққа жүгіруді ұнатамын. Қуалап жетуге мүмкіндік көп. Алайда, спринт те өте ұнайды, өйткені, онда екі ату кезеңі ғана бар. – Биатлондағы піріңіз кім? – Менің басты үлгі тұтар адамым – ағам. Ол – мен үшін әркез нөмірі бірінші. Оның айтқан ақылы, аға ғана емес, спорт маманы ретіндегі кеңестері мен үшін маңызды. – Биыл мектеп бітіретін жылыңыз. Спорт пен оқуды қатар алып жүру қиын емес пе? – Жоқ. Ұстаздарыма мың алғыс. Барлығы түсіністікпен қарап, қаталдық көрсете бермейді. Облыстың, Қазақстанның намысын қорғап жүргенім – олар үшін мақтаныш, сондықтан бағаларым жаман емес. – Бос уақытыңызда немен айналысасыз? – Бос уақыт көп бола бермейді, қолым қалт еткенде тоқыма тоқып, сурет салғанды ұнатамын. Кітап оқимын. Әр адам өзін жан-жақты дамыту керек. Спорт пен ақыл қатар дамыса, үлкен байлық сол деп ойлаймын. Әңгімелескен Айдос РЫМҚҰЛОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті АСТАНА
Соңғы жаңалықтар

Құтты мекен – Түгіскен

Руханият • Бүгін, 08:25

Ән аламаны әуеледі

Аймақтар • Бүгін, 08:12

Тобыл өңіріндегі тазалық акциясы

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:10