12 Наурыз, 2011

ПАРЛАМЕНТ

410 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстанның» арнаулы беті

Бауыржан атамызды да биіктетейік,

Сабыр атамыздың да даңқын асырайық

Келесі жылдың 25 қаңтарында қазақ елінде дүние есігін ашып, өзбек нағашысының қолында өскен, кешегі сұрапыл соғыс қаhармандарының бірі, қазақтан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Рақымовтың туғанына 110 жыл толады. Амангелді МОМЫШЕВ, Мәжіліс депутаты. Осыған дейін Өзбекстанда ұлттық батыр ретінде дәріптеліп келген генерал Сабыр Рақы­мов­тың Ташкенттегі ескерткіші сы­рылып, Өзбекстанның барлық жерінде атаулары алып таста­луына байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында ұлты­мызды алаңдатқан мәселеге орай батырымыздың атын асқақ­та­тып, елімізде ескерткіші қойы­луы талап етіліп жатыр. Өзбектің зиялы қауымы сын­ға алып, батырдың анасы өзбек қызы, бізге бөтен емес деген соң, ескерткіш Ташкент қаласындағы Ғафур Ғуламов атындағы сая-бақ­қа қайта қойылды. Біздіңше бұлай істемеген жөн еді. Ал болар іс болған соң енді батыры­мыздың рухын өзімізде асқақ­та­тып, туын желбірету үшін нақты шараларды қолға алуымыз керек. Біз ел арасына жік салу үшін емес, достық байланысты ны­ғайта түсуге ынталы екенімізді кім-кім де түсінеді деп ой-лаймын. Сабыр Рақымовтың есімін ардақтауды енді Қазақстан жан-жақты қолға алғаны жөн. Өзбек ағайындарымыздың өзі бас тартып жатса, енді олар еш­қандай қарсылық танытпайтыны және түсіністікпен қарайтыны анық. Кезінде Бауыржан Момыш­ұлы Сабыр Рақымовтың артында қалған сүйген жары Құралай Натуллаеваны (Сабырова) Ташкенттен Алматыға бірнеше рет көшіріп әкелген екен, өзағаңдар қайыра алып кетіп отырған. Құ­ралай апай бұл турасында да, ері­нің ұлты құжатта «кездейсоқ» «өзбек» болып жазылып кеткенін де, батырдың соңғы арманы ресми түрде қазақ болып өлу болғанын да, осы жолда өзінің көрген талай теперішін де баяндап кеткен. Батыр өзімен бірге майданда болған жұбайы Құралайға «Ме­нің арманым – қазақ болып өлу» деп үнемі айтып жүреді екен. Сол батырдың аманатын орын­дау мақсатында қазақ екенін дәлелдеу үшін Құралай апай 50 жыл бойы сандалып, бармаған жері, баспаған тауы қалмаған.  1946 жылы кірмеген есігім қал­маған соң, ақыры әбден күйін­дім де, радиокомитетке барып, Сабырды да, өзімді де «қазақ­пыз» деп жариялап жібердім. «Сабыр – Суан руының баласы Мәмбетбек датқаның немересі» деген сөзімді естіп, Өзбек­стан­ның қауіпсіздік ұйымының қыз­мет­керлері келіп, мені бір түнде жүк машинасымен алып кетті», – деп Құралай апа кезінде айт­қан еді. Сабырды қайта қазақ ету үшін жарты ғасыр бойы ары-бері шапқылап, ақырында жо­ғар­ғы әскери училищенің мұра­ғат бөлімінен Сабыр Омарұлы «қазақ» деп жазылған құжатын тапқан. Сонымен бірге, Сабыр­дың туған жері Қазығұрттағы мұ­рағат қорында «қазақ» деп анық жазылған туу туралы куә­лігі сақталыпты. Қағынан жеріген құландай Өзбекстан үкіметі әйгілі батыр­дан сырт айналып жатқанда, бұ­рынғыдай халықтар достығына сызат түседі деудің енді реті қал­ған жоқ. Біз өзбектің ұлы жазушылары, шығыстың классик философтары Фирдауси, Низами, Науаи, Хафиз, Сағди, Айни есімдерін әр уақытта қадыр тұтамыз. Ал қалаларымыздағы Наманған, Ташкент, Өзбек, Ән­діжан көшелері не мағына береді. Соларды өз батырларымыз бен қоғам қайраткерлерінің есім­деріне өзгертуіміз керек. Өз бауырымызға шындап тартсақ, ердің де, елдің де мерейін асқақ­татар іс болмақ. Әзірге Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шым­кент республикалық әскери мек­теп-интернаты (бұрынғы Суворов мектебі) мен  Шымкент қа­ла­сындағы көше аты ғана берілгенін ескерсек, бұдан былай да Рақымовтың атын асқақтату ісі барлық өңірде жалғасын таба беруі керек деп білеміз. Алдағы жылы 25 қаңтарда туғанына 110 жыл толатын Са­быр Рақымовтың мүшелтойына байланысты Үкімет мемлекеттік комиссия құрып, тез арада іске кірісуі қажет. Осы орайда батыр есімінің өшпеуі, қандас­тары­мыз­дың жүрегінде сақталуы үшін нақты шаралар: есімін қас­терлеу, бірнеше бағыттағы кітаптар шығару, деректі фильм түсіру, мектеп оқулықтарына енгізу және т.б. жүзеге асырылуы тиіс. Елді мекен, аудан атауын берсе де артықтық етпейді. Жо­ға­ры оқу орындарына, әскери академия, әскери бөлімдердің атауын беріп, оларда батырдың ерен ерліктері насихатталуы тиіс. Сабыр Рақымовтың туған жері Қазығұрт тауына еңселі ескерткішін тұрғызып, елшiлiк арқылы Ташкент мұрағатындағы Рақымовтың жәдiгерлерiн толық қайтарып алу қажет-ақ. Қазақ­станда қоғамдық қор құрып қа-ражат аудару үшін арнайы есеп-шот ашу керек. Бауыржан Момышұлындай туған халқы үшін қайталанбас тұлғаның қатарында қазақтың тағы бір алыбы иық тірестіріп тұрса, қандай ғанибет! «Таулар­ды да биіктетейік, даланы да асқақтатайық» дейтін Олжас ақын­дай айтар болсақ, Бауыр­жан атамызды да биіктетейік, Сабыр атамыздың да даңқын асырайық!

Фотокүнделік

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.